Экономика

Кәсіпкерлікке кедергі не?

Мұғалжарлық кәсіпкерлерді құқықтық қорғау жағынан айтарлықтай мәселе толғандырмайды. Бұл туралы аудан орталығы Қандыағаш қаласында облыстық кәсіпкерлер палатасының ұйымдастыруымен өткен жиында мәлім болды. Десек те кәсіпкерлердің алаңсыз жұмыс жасауына кедергі келтіретін жағдайлар бар.
Облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Нұрлыбек Мұқановтың төрағалық етуімен болған жиынға облыстық кәсіпкерлік басқармасы басшысының орынбасары Асқар Көкеев, Мұғалжар ауданы әкімінің орынбасары Дастан Сағыров, сондай-ақ «Даму», «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» Ақтөбе филиалдарының басшылары мен өзге де қаржы институттарының өкілдері, кәсіпкерлер қатысты.
Бұған дейін кәсіпкерлер палатасы мұндай жиынды Мәртөк ауданында өткізген. Палатаның жұмыс барысындағы жылжымалы кездесуді өткізудегі мақсаты — кәсіпкерлерді толғандыратын мәселелерді білу, олардың мұң-мұқтажын тыңдау, тығырықтан шығарудың амалын іздестіру.

Кәсіпкерлер аз шағымданады…

Қазір әр ауданда кәсіпкерлер палатасының аудандық филиалдары жұмыс жасайды. Кездесу барысында Мұғалжар аудандық кәсіпкерлер палатасы филиалының өткен 9 айдағы жұмысының есебі тыңдалды. Филиал басшысы Мирбек Құмашевтің айтуынша, есепті кезең ішінде өңірде кәсіпкерлерді құқықтық қорғау мәселесіне қатысты бас-аяғы бес арыз түскен. «Бүгінде алпыс мыңға тарта тұрғыны бар Мұғалжар ауданында 3 мыңға жуық кәсіпкер жұмыс жасайды. Аудан кәсіпкерлері үшін бұл өте аз көрсеткіш. Сонда филиалға кәсіпкерлер аз шағымдана ма?» — деген Н.Мұқановтың сауалына филиал басшысы: «Аз шағымданады» деп қысқа ғана жауап берді.
Кәсіпкерлер палатасы үш бағытта жұмыс жасайды. Бірінші бағыт — кәсіпкерлерді құқықтық қорғау. Қазір кәсіпкерлер шаруашылығына байланысты түрлі мемлекеттік мекемелер мен құқықтық органдармен тығыз байланыста жұмыс жасайды. Егер кәсіпкерлер құқықтық тұрғыда қандай да бір проблемаға тап келсе, палатаға шағымдануына болады. Соңғы екі жылда облыста палатаға 500-ге тарта арыз-шағым түскен. Оның 300-ге жуығы кәсіпкерлерді құқықтық қорғау мәселесі бағытында жазылған. Бүгінде оның 200-і оң шешімін тапқан.
Екінші бағыт — кәсіпкерлер жобасын қолдау. Нұрлыбек Мұқановтың айтуынша, облыста 200-ге жуық жобаға палата тарапынан көмек көрсетілген. Әсіресе жер бөлу, құрылыс мәселелерін реттеу ісінде кәсіпкерлерге айтарлықтай көмек көрсетілген.
Кәсіп иелеріне палата тарапынан көрсетілетін қолдаудың үшінші бағыты — іске білікті мамандарды тарту. Бүгінгі күні облыстық кәсіпкерлер палатасына әлеуметтік блок арқылы түрлі арыз-шағымдар түседі. Бұл орайда палата кәсіпорындар мен арнаулы білім беру мекемелері арасында екіжақты келісімшартқа отыруға ықпал жасайды. Яғни колледж оқушыларының теориялық білім алумен қатар, белгілі бір кәсіпорындарда тәжірибеден өтуіне, кейін жұмыспен қамтылуына мүмкіндік туады.

Касса аппаратына қаржы керек

Жиында мұғалжарлық кәсіпкерлер көтерген өзекті мәселелердің бірі — алкоголь өнімдеріне жиналатын жинақ. Бұл мәселе облыстық кәсіпкерлік палатасының Мұғалжар ауданына жасаған жылжымалы жұмыс жиынында жыл сайын көтерілетін көрінеді. «15 жылдан бері кәсіпкерлікпен айналысамын. Жеке дүкенім бар. Сауда жақсы жүріп тұр еді, бірақ биыл тауарға сұраныс азайды. Соған қарамастан, біз алкоголь өнімдерін сату үшін лицензия алуға 140 мың теңге төлейміз. Оған қосымша 100 мың теңгені касса аппаратына төлеуіміз керек. Мұндай көлемдегі қаражатты төлеуге көпшілігіміздің мүмкіншілігіміз жете бермейді…» — деген Ерғожинаның шағымын залдағы кәсіпкерлердің барлығы бір ауыздан қолдады.
Жеке кәсіпкер Таисия Калганованы да осы мәселе толғандырады. Ол 2007 жылдан бері Қандыағаш қаласында бизнесін бастаған. Өз алдына жеке дүкені бар. Жалғызбасты ана төрт балаға қамқорлық етеді. Оның үшеуі — мектеп жасындағы балалар. «Шағын ғана дүкенім бар. Сауда бірде жүріп, бірде жүрмейді. Жыл бойы жұмыс жасаймыз. Қаңтар айында сауда тұралап қалады. Салық, коммуналдық төлемдермен қатар, лицензия алу секілді өзге де мәселелерге қатысты жұмсалатын қаражатты, яғни барлығы 500 000 теңгені жыл басында төлеуіміз қажет. Әрине, біз бұл қаражатты төлеуге дайынбыз. Бірақ осы қаржыны бір мезгілде емес, бөліп-бөліп төлеу жағын қарастыруға болмас па екен?» — деген Таисияның ұсынысына құзырлы орган өкілдері бұл мәселе бойынша алдағы уақытта жұмыс жасайтындарын айтып, оң шешім шығаруға уәде берді.

КЕПІЛДІККЕ «ДАМУ» КЕЛЕДІ

Жиын барысында кәсіпкерлер тарапынан бұдан өзге де мәселелер қойылды. Бос жатқан саяжай учаскелерін пайдалануға жағдай жасау, қаржы институттары арқылы екінші деңгейлі банктер тарапынан берілетін төмен пайыз несиені аударым арқылы емес, қолма-қол алуды қалайтын кәсіпкерлер мамандардан нақты жауап алды.
Өз кезегінде сөз алған «Даму» қоры Ақтөбе филиалының директоры Жеделбек Мырзағалиев кәсіпкерлерді мемлекет тарапынан қолдаудың жаңа мүмкіндіктерімен таныстырып, несие алудың жолдарын түсіндірді.
— «Бизнестің жол картасы — 2020» — Президент Жолдауын және еліміздің 2020 жылға дейінгі стратегиялық даму жоспарын іске асыру үшін енгізілген бағдарлама. Бұл бағдарлама экономиканың шикізаттық емес секторларындағы өңірлік кәсіпкерліктің тұрақты және теңгерімді өсуін қамтамасыз етеді. Сондай-ақ бар жұмыс орындарын сақтап, тұрақты жұмыс істейтін жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді. Төрт бағыттан тұратын бұл бағдарламаның бір тармағы — егер кәсіпкер аймақта маңызы бар жобаны бастағысы келсе, бірақ оның сол жобаны кепілмен қамтамасыз етуге мүмкіндігі жетпеген жағдайда «Даму» қоры көмек береді. Яғни «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры қаржы агенті ретінде сол кәсіпкердің жарты тәуекеліне кепілдік береді, — деді ол.
Ж.Мырзағалиевтің айтуынша, бұрын «Даму» қоры арқылы екінші деңгейлі банктерден дүкен, мейрамхана ашуға несие берілмейтін. Ал қазір бұл кәсіпті дамытушылар үшін қор тарапынан рұқсат бар.

Көз әйнекке сұраныс көп

Қазір Қандыағаш қаласында екі офтольмологиялық кабинет бар. Соның бірі — кәсіпкер Гүлбаршын Матаеваның иелегіндегі нысан.
— Бұрын мен көз дәрігері болып қызмет еттім. «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры арқылы екінші деңгейлі банктен төмен пайызбен 3 миллион теңге көлемінде несие алып, бизнесімізді дамытып жатқан жайымыз бар. Бұл — Қандыағаштағы екінші офтольмологиялық кабинет. Бұдан бөлек, бұрыннан жұмыс істеп келе жатқан ескі офтольмологиялық кабинет бар. Көзәйнектер сатумен қатар, тұрғындарға медициналық қызмет көрсетемін. Тұрғындарды бір реттік қабылдау құны — 2000 теңге. Ақтөбе қаласындағы кабинеттерге қарағанда, біздегі көзәйнектің бағасы әлдеқайда арзан, — дейді Гүлбаршынның жолдасы Бисенбек Матаев.
Былтыр шілдеден бастап бизнес жүргізуді қолға алған кәсіпкер медициналық тауарларды негізінен Мәскеу, Самара қаласынан тасымалдайды. Ол үшін кәсіпкер екі аралыққа өзі қатынайды. Көпқабатты үйдің төменгі пәтерлерінің бірін жалға алып отырған кәсіпкердің бұл ісіне сұраныс бар, несиені де еркін төлейтін жағдайға жетіпті. Дегенмен бизнестің ойдағыдай жүруіне ғимарат қана тарлық етеді. Алдағы уақытта ғимаратты кеңейтуді ойлайды. Әзірге жалға алған ғимаратқа ай сайын 60 мың теңге төлеуге тура келеді.
P.S. Жиын соңында Ақтөбе қаласынан келген мобильді сервистік қызмет көрсету мамандары кәсіпкерлерге түсіндіру жұмыстарын жүргізді.

Арайлым НҰРБАЕВА,
Ақтөбе-Қандыағаш-Ақтөбе.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button