Басты жаңалықтарЭкономика

БИЫЛ ОБЛЫСҚА 1,3 ТРИЛЛИОН ТЕҢГЕ ИНВЕСТИЦИЯ ТАРТУ ЖОСПАРЛАНДЫ

Өткен жылдың қорытындысы бойынша өңір экономикасына 1,1 трлн теңге түсті. Облыс әкімі Асхат Шахаров атап өткендей, биыл облыс өткен жылғы рекордты қайталап, инвестиция өсімін 15,6 пайызға арттыруды жоспарлап отыр.

Өңірлік инвестициялық штаб отырысы барысында өткен жылдың қорытындылары айтылып, биылға жоспарлар белгіленді. Облыс әкімінің төрағалығымен өткен отырысқа облыс прокуроры Халидулла Дауешов, облыс әкімінің орынбасары Ғалымжан Елеуов, Ақтөбе қаласының әкімі Азамат Бекет, басқармалар және өңірдегі ірі кәсіпорын басшылары қатысты. Сондай-ақ аудан әкімдері конференц-байланыс режимінде қосылды.

Мемлекет басшысы инвестициялық жобаларды уақтылы іске асыруға және инвестиция көлемін ұлғайтуға үлкен мән береді. Өткен жылы ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың облысқа жасаған сапары кезінде оған өңірдің өнеркәсіптік әлеуеті және біздің өнеркәсіптік аймақты дамыту жоспары ұсынылды. Сапар қорытындысы бойынша Мемлекет басшысы маңызды және ірі инвестициялық жобаларды іске қосу бойынша барлық қажетті шараларды қабылдауды тапсырды. Индустриялық аймақта инвестициялық жобаларды уақтылы іске асырудың барлық кезеңін біз толығымен бақылаймыз. Бұдан басқа Президенттің тапсырмасы бойынша маңызды инвестициялық жобаларды прокурорлық сүйемелдеу жүзеге асырылуда, — деді облыс әкімі.

Облыстың индустриялық-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары Нұртуған Оралбаев өз сөзінде 2023 жылдың қорытындысы бойынша өңдеу өнеркәсібіне тартылған инвестиция көлемі 84,6 млрд теңгеге жеткенін атап өтті. 18 инвестициялық жоба іске асырылды, олардың іске қосылуының нәтижесінде 800-ден астам жұмыс орны құрылды.

Өңірде іске қосылған маңызды және ірі инвестициялық жобалардың ішінде ERG компаниясының Дөң тау-кен байыту комбинатында 1973 жылдан бастап жиналған шламды қайта өңдеу фабрикасын атап өтуге болады. Жоба аймақтың экологиясына оң әсер етеді. Фабриканың іске қосылуының нәтижесінде  270-тен астам жаңа жұмыс орны ашылды. Жобаның жалпы құны — 37,4 миллиард теңге. Сондай-ақ осындай жобалардың қатарында құны 4,9 миллиард теңге болатын «Қазақстандық мұнай жабдығы зауыты» серіктестігінің мобильді бұрғылау қондырғыларын өндіру зауыты және жалпы құны 726 миллион теңге болатын «Мұнайхим ЛТД» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің мұнай-химия реагенттерін өндіру зауыты да бар. Бұдан басқа ірі өнеркәсіптік өндірушілер — «Ақтөбе мыс компаниясы», ERG,  «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» өз кәсіпорындарын жаңғыртуға 200 миллиард теңгеден астам қаражат бөлді. Осы және басқа да маңызды жобалардың өңірдің дамуы үшін ықпалы зор, — деп түсіндірді Нұртуған Оралбаев.

Биыл облыста жалпы құны 201 млрд теңге болатын 27 инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарланып отыр. Бұл кәсіпорындар іске қосылғанда 800-ден астам жұмыс орны ашылады. Оның ішінде құны 110 млрд теңге болатын «ERG Capital Projects» ЖШС-ның  «Хромтау 1» жел электр станциясын салу, «Казгеоруд» ЖШС-ның «Лиманное» кен орнын игеру, «ГРК Бенкала» ЖШС темір кендерін құрғақ магниттік сепарациялау зауытын салу жоспары тұр. Сондай-ақ «КазФилТех» ЖШС қой жүнінен жылу оқшаулағыш құрылыс материалдарын шығаратын зауыт салмақшы.

«Ақтөбе» ӘКК» АҚ басқарма төрағасы Әуез Тайымбетов өз кезегінде инвестициялық аймақта жүзеге асырылып жатқан жобаларға тоқталды.

Қазірдің өзінде химия өнеркәсібі, құрылыс материалдарын өндіру, логистика, ақпараттық технологиялар, қағаз және полиэтилен қалдықтарын өңдеу сияқты салаларда жалпы инвестиция көлемі 29,967 миллиард теңге болатын 15 жоба жүзеге асырылды. Құны 18,4 миллиард теңге болатын қалған 11 жоба жыл соңына дейін іске қосылады. Нәтижесінде металлургия және мұнай-химия өнеркәсібінде, газ жабдықтарын шығару, тамақ қалдықтарын өңдеу саласында 737 жұмыс орны құрылады.  Барлық 26 жоба іске қосылғанда жалпы инвестиция көлемі 48,3 миллиард теңге болады, — деді Әуез Тайымбетов.

«Қазхром» ТҰК» АҚ президенті Сергей Прокопьев компания жыл соңына дейін 113 миллиард теңгенің инвестициялық жобаларын аяқтайтынын айтты.

Отырыс барысында баяндамашылар кейбір инвестициялық жобаларға жер телімдерін бөлу мәселесінің шешімі табылмай отырғандығын, соның салдарынан өндірісті іске қосу айтарлықтай кешеуілдеп жатқандарын айтты.  Сонымен қатар  «Ақтөбе» индустриалды аймағындағы бес жоба тиімсіз болғандықтан жабылып қалуы мүмкін. Қазіргі уақытта барлығы тоқтап тұр.

Өңір басшысы жер мәселесін шешуге қолдау көрсетіп, кәсіпорындардың тоқтап қалуының себебін анықтау мақсатында тексеру жүргізуді тапсырды.

Облыстық прокуратураның қоғамдық мүдделерді қорғау басқармасының басшысы Асланбек Сәбитов жиналғандарға инвесторлардың құқығын қорғауға бағытталған «Инвесторларды қорғаудың прокурорлық сүзгісі» жобасы туралы айтты. Олар өтініш білдірген кезде кәсіпкерлерге нысанды салудан бастап мемлекеттік сараптама, сәулет-экологиялық бақылау және басқа да құрылымдарды қоса алғанда, жобаның барлық кезеңдерінде құқықтық қолдау көрсетіледі. Өңірдегі инвесторлардың мәселелерін анықтау және жедел шешу үшін «бір терезе» қағидаты бойынша прокуратурада фронт-офистер ашылған, байланыс орталығы жұмыс істейді.

Облыстық прокуратураның кәсіпкерлікті қорғау жөніндегі мобильді топтары тәулік бойы жұмыс істейді. Жыл басынан бері олар кәсіпкерлерден түскен 90-нан астам сигналды өңдеген.

53 қадағалау актісі енгізіліп, 8 лауазымды тұлға жауапкершілікке тартылып, 484 кәсіпкердің құқығы қорғалды.

Әрі қарайғы іс-қимылдарды үйлестіру үшін прокурорлар өңірге инвесторларды «Жасыл дәліз» деп аталатын аймаққа қосу критерийлерін әзірлеуді және инвестициялық жобаларды іске асыруды жеңілдету және жеделдету тетігі бар жеңілдіктердің нақты тізімін анықтауды ұсынды.

Өңір басшысы прокурорлардың бұл ұсынысын қолдады. Сол күні штаб отырысы барысында облыс әкімдігі мен облыс прокуратурасы арасында инвесторларға арналған «Жасыл дәлізді» жүзеге асыру бойынша ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.

Меморандум инвесторлар үшін тіркеуден бастап нысандарды іске қосуға дейінгі барлық қажетті рәсімдерден өтуді жеделдету және жеңілдету мақсатында жасалған.

«Жасыл дәліз» инвесторларға рұқсат қағазын алу, жер телімдерін беру, инфрақұрылымды орнату және тұтастай алғанда бюрократиялық кедергілерді еңсеруге қатысты мәселелерді орталықтандырылған түрде шешуге мүмкіндік береді, — деп атап өтті облыс әкімі.

Шара соңында Асхат Шахаров инвестициялық штабқа жүктелген міндеттердің уақтылы орындалуын қамтамасыз етуді тапсырды.

Н.ДӘНЕКЕРОВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button