Жеңіс

Майдангер

9 мамыр жақындағанда марқұм майдангер атамыз Қами Қаналиннің ерлігі туралы жазуды жөн көрдік.

Қами Қаналин1914 жылы Ақтөбе облысына қарасты қазіргі Әйтеке би ауданы (бұрынғы Қарабұтақ ауданының) Қайрақты ауылында шаруа отбасында дүниеге келген. Есімі құжаты бойынша — Хамит болғанымен, туыстары Қами деп атаған.Ол еңбек жолын Қайрақты, Қарлау ауылдарында бастаған.

1941 жылы 2 желтоқсанда Қами Үлесбайұлы 27 жасында Кеңестік Қызыл Әскер қатарына  алынады. Бузулук қаласындағы зенит артиллериясында дайындық курсынан өткен соң, ІІІ Украин майданының шебінде фашистерге қарсы соғысады.

Қами атамыз қанды қырғынның ішінде жүріп, Молдавия, Австрия, Чехословакия, Болгария елдерін жаудан азат етуге қатысып, соғысты 1945 жылы 9 мамыр күні Болгарияда аяқтайды. Ол — «Ерлігі үшін», «Қызыл жұлдыз» ордендерінің, «Варшаваны азат еткені үшін», «Әскери еңбегі үшін» медальдарының иегері. 1944 жылдан  бастап  Кеңес Одағының коммунистік партиясы мүшелігіне өтеді.

Ауылымыздың ақсақалы марқұм Сәкен Зенгиннің естелігіне сүйенсек, Қами Үлесбайұлы соғыс кезінде түнгі күзетте тұрғанда шекарадан өтіп бара жатқан ұшақты құлатқан. Осы ұшақтың ішінде 25 неміс офицері болған. Алғашында Қами атамызды «советтік ұшақты құлатты» деп, қамауға алады, бірақ  парашютпен секірген неміс офицерін тұтқындағасын, атамызды тұтқыннан босатады. Осыны естіген әскери журналистер «Красная Звезда» әскери газетіне Қами атамыздың қолына автомат ұстатып, «Герой Актюбинец» деген мақала жариялайды. Бөлім командирі «Қызыл жұлдыз» орденімен марапаттап, Кеңес Одағының Батыры атағына ұсынады. Осы ерлігі үшін Қами атамызға 10 күн демалыс беріліп, атамыз Қарлау ауылына келген соң, оның отбасына ұжымшар атынан бір сиыр сыйлық ретінде берілген.Сол күндері Қами атамыздың ауылдастары «Красная Звезда» газетіндегі «Герой Актюбинец» деп басылған мақаласын бірге оқып, қуанғандарын айтады. Бұл шамамен 1942-1943 жылдар болу керек.

Қами атам демалып жатқан күндері оның әскери құрамы мен штабы фашистердің соққысынан талқандалып, әскери құрамнан 7-8 адам қалады. Демалыстан келген атамыздытірі қалған майдандастарымен бірге басқа әскери құрамға жіберген.

Бөлім командирі атамызға «әділдікті орнатамын, Батыр атағыңды алып беремін» деген. Бірақ тірі жүргеніне шүкір еткен атамыз оған мән бермеген.

Қанды майданда Қами атамыз ішінен қатты жараланады. Оны өлдіге санап, қаза тапқан бірнеше жауынгермен бірге жерлеуге апара жатқанда ыңырсып тірі екенін білдіреді. Осылайша сол жерде медициналық-санитарлық бөлімшеге шұғыл жеткізіліп, аман қалған.

От пен оқтың арасынан аман шыққан Қами атамыз 1945 жылы елге оралып, ұжымшарда еңбекке араласады. 1946 жылы Қайрақты ауылында «Алтын ақпан» зауытында жұмыс істейді. Ұзақ жылдар бойы автокөлік жүргізуші болып еңбек етеді. Қами атамыз әжеміз Алтынмен отбасын құрып, алты қыз,төрт ұл тәрбиелеп, өсіреді. Балаларын оқытып, ұлын ұяға, қызын қияға қондырады. Он бала туған Алтын әжеміз батыр анаатанады. Қами Үлесбайұлы 1996 жылы 82 жасында өмірден озды.

Қами атамыздың майдандағы орден мен медальдарыныңқұжаттары жоғалып кеткен.  Осыған байланысты жүргізілген іздестіру жұмыстары жүргізіліп, Ресейдің Подольск қаласындағы орталық мұрағаттан және Санкт-Петербург қаласындағы әскери-медициналық мұражайдан сұраныстарға жауап хаттар алынды.

Ізденістің тағы бір нәтижесі — 1943 жылы20 тамызда майданнан жеткен №48 бұйрық, бұл құжат Қами Қаналинге «За боевые заслуги» медалінің берілгенін дәлелдейді. Жергілікті басылымдарда Қами Үлесбайұлы туралы бірнеше естелік мақала жарияланды. Өткен — тарих. Алайда майдангерлер туралы естеліктер жас ұрпақтың бойына мақтаныш сезімімен қатар, патриоттық рух сыйлайтыны белгілі.

Сырым БАЙДРАХМАНОВ,

№13 орта мектебінің тарих пәнінің мұғалімі.

Ақтөбе қаласы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button