Жеңіс

Ерлігі ерекше Ешбаев еді…

Жауынгерлік «Даңқ» орденінің толық иегері Сәрсенғали Ешбаев Байғанин ауданының Қызылбұлақ өңірінде 1924 жылы дүниеге келген. Ол 1942 жылы әскер қатарына алынып, Калинин, Ленинград және 1-Беларусь майданында 17-ші инженерлік-саперлік Гатчина бригадасының саперлік батальонының құрамында соғысқан. Әдетте от пен оқ ортасында жүргендер арасында «Сапер — бір-ақ рет қателеседі» дейтін қағида бар. Осындай өлшеммен ғұмыр кешетін мамандық иелерінің әр қадамында алдан қауіп күтіп тұратыны анық.

Сәрсенғали жауынгер де талай сыннан қаймықпастан өтті. 1944 жылы ол Ленинград блокадасын бұзу кезінде ерекше көзге түсіп, үшінші дәрежелі «Даңқ» орденін кеудесіне тақты. Бұдан кейін Нарва мен Тарту қалаларын азат ету кезінде тәжірибелі майдангер бір топ жауынгермен жау шебіне басып кіріп, әскери бөлімшенің қалаға кідіріссіз енуіне жол ашады. Осы жерде оған екі қабатты үйдің төменгі қабатына мықтап бекінген жаудың атыс нүктесін жою тапсырылады. Ержүрек ефрейтор осы тапсырманы мүлтіксіз орындағаны үшін екінші дәрежелі «Даңқ» орденімен марапатталды.

Ал бірінші дәрежелі «Даңқ» орденімен марапатталуы оның тікелей саперлік ептілігіне, жаужүрек батырлығына қатысты болды. 1945 жылы 14 қаңтарда 1-Беларусь майданы жауынгерлері Польшаның Пилица өзені бойында болған сұрапыл шайқаста саперлер борап тұрған жау оғының астында минадан залалсыздандыру жұмыстарын жүргізеді. Осы жан беріп, жан алған шайқаста Сәрсенғали Ешбаев тобы танкіге және жаяу әскерге қарсы құрылған 16 минаны залалсыздандырады, сөйтіп, алға қарай шығуға жол ашады.

Сұрапыл соғыста жасқануды білмеген жауынгер өзінің қайтпас қайсар мінезімен жауынгер жолдастарын жігерлендіре біледі, талай ерліктер жасайды.

Осылайша Байғанин топырағында туып, кең далада еркін өскен азамат ел басына күн туғанда майданға аттанып, жаудың бетін қайтарғаны үшін Кеңес Одағының Батыры атағына  теңестірілетін «Даңқ» орденінің үш дәрежесін алып, қаһарман батыр атанады.

Соғыс аяқталған соң ол Орынбор облысының Бузулук және Подольск қалаларындағы әскери архивте екі жыл қызмет жасайды. Осылайша өзі оқ пен от ортасында жүрген қанды жылдардың хаттамасын түгендеуге қатысады.

Әскер қатарынан елге 1947 жылы оралған батыр өзінің туған ауданында халық шаруашылығының әртүрлі саласында жемісті еңбек етеді. Бастапқыда ауылдық кеңестің төрағалығына  сайланып, кейін сауда саласына ауысып, бірнеше ауылдардағы жұмысшылар кооперацияларын басқарған. Осы саладан 1975 жылы зейнеткерлікке шыққан.

1990 жылы Сәрсенғали Ешбаев Мәскеуде өткен Жеңіс шеруіне қатысады.

Ол 1996 жылы Ақтөбе қаласында өмірден өтті.

Батырдың зайыбы Шынкүміс Байғанин өңірінде танымал болған Құрманалы Наурызалин деген әйгілі зергер, ұстаның жалғыз қызы болған. Ел қорғаған ердің киелі шаңырағында ұл-қыз өсіп, немере-шөберелер өрбіді.

Бүгінде жүз жылдығы аталып өтіп жатқан батырдың есімі Ақтөбе қаласының бір көшесіне берілген, сондай-ақ ол туған ауылдағы Жаңатаң орта мектебі — Сәрсенғали Ешбаев атында.

Жақсылық АЙЖАНҰЛЫ,

Қазақстанның құрметті журналисі.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button