Жеңіс

Екі соғыстың ері еді…

Ел қорғау ұғымы қашаннан әрбір азаматтың абыройлы міндеті іспетті саналары анық. Бұл ойымыздың нақты мысалын Тәкібай Әлдірзин өмір жолдарынан да нақты байқау қиын емес.

Ол 1938 жылдың қыркүйегінде әскер қатарына алынып, 1939 жылдың қазанына дейін Полоцк қаласындағы №45 «МА» әскери бөлімі жанындағы полк мектебінде оқиды. Аталған мектептен кіші командир деген әскери атақ алып шыққан жиырма екі жастағы жас офицер бірден сол кезде қызу жүріп жатқан фин-орыс соғысына аттанады. Оны аталған майданның алдыңғы шебіндегі №139 атқыштар дивизиясының 609-атқыштар полкіне бөлім командирі етіп тағайындайды. 1940 жылдың 13 қаңтарында финдермен кескілескен шайқас кезінде ол ауыр жарақат алып, Калинин қаласындағы әскери госпитальға түседі. Одан емделіп шыққан соңоны Орта Азия әскери округінің қарамағына, Түрікмен республикасындағы Чарджоу қаласы әскери құрамындағы 682-атқыштар дивизиясына жібереді. Соғыстан алған жарақаты мұнда да сыр беріп, қиындықтар тудырған соң оны Чарджоу облыстық әскери комиссариатына писарь қызметіне бекітеді.

1941 жылдың жазында тағы бір майдан оты лап ете қалады. Бұл жолы неміс фашистері тұтқиылдан соғыс бастайды. Тамыз айында Тәкібай Әлдірзинді Шыршықтағы 79-атқыштар полкіне командир етіп жібереді. Мұнда ол жауынгерлерді майданға әзірлеу жұмыстарына жетекшілік етеді. Ал келер жылдың сәуір айында оны Брянск әскери-саяси училищесіне бағыттайды.

Училищеде оқып шыққан тәжірибелі командир 190-шы бағыттағы 5-атқыштар дивизиясына жолдама алады. Тағы да қолына қару ұстап, қан майданның ортасынан бір шығады. Осында 1943 жылдың ақпанына дейін алдыңғы шепте болып, көптеген қанды шайқастарға қатысады, жауынгерлерді ілгері бастайды. Жаумен бетпе-бет осындай арпалыста ол екінші рет ауыр жарақат алады. Бұл жолы Тула қаласындағы әскери госпитальде емделеді. Госпитальден қайтадан майдан даласына аттанады. Жігерлі командир бірнеше рет ерлік үлгісін көрсетеді, өзінің әскерлерін сөзімен де, ісімен де алға жетелеп отырады.

1943 жылдың қазан айында оны 28-артиллерия полкінің офицерлерін қайта даярлайтын курсқа жібереді. Бұл курстан өткеннен кейін ол Брянск майданындағы артиллерия дивизионы командирінің саяси жұмыстар жөніндегі орынбасары болып тағайындалады.

Кезекті шабуылдардың бірінде ол үшінші рет жараланады. Бір айдан аса әскери госпитальда емделіп, үшінші рет майдан шебіне аттанады. Бұл жолы 129-ерекше атқыштар дивизионы командирінің саяси жұмыстар жөніндегі орынбасары ретінде соғысқа кіреді. Осылайша ол Жеңіс күніне дейін қолынан қаруын тастамайды.

Соғыс аяқталғанымен ол үшін үстінен жауынгерлік шинельді шешуге әлі ерте еді.

Тәкібай Әлдірзаұлы 1946 жылдың мамырына дейін Минск әскери округына қарасты 898-артиллерия дивизионында партиялық ұйымдастырушы қызметін атқарады. Содан кейін Түркістан әскери округі қарамағына жіберіліп, Қызылордада әскери комиссариатта саяси бөлімнің нұсқаушысы болады. 1947 жылдың мамырында ғана Қызыл армия қатарынан босатылады.

Тоғыз жыл бойы қолына қару ұстап, әскер қатарында алдыңғы шепте жүрген командир Тәкібай Әлдірзин бейбіт күнді жақындатуға осылайша үлес қосты. Оның майдандағы ерліктері «Қызыл жұлдыз» орденімен, сондай-ақ «1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысында Германияны жеңгені үшін», «Кенигсбергті алғаны үшін», «Берлинді алғаны үшін» медальдарымен атап өтілді. Сталиннің Алғыс хатымен марапатталды.

Ел қорғаған майдангердің өмірбаянына үңілетін болсақ, Тәкібай Әлдірзин 1917 жылы Шалқар ауданының Қорғантұз ауылдық кеңесі аумағында дүниеге келген. Ол өзінің өмірбаяндық анықтамасында: «Әлеуметтік тегім — жарлы-шаруа, 1942 жылдың желтоқсан айынан ВК(б)П мүшесімін. Соғысқа дейін Шалқардағы фабрика-зауыттық училищені бітіргенмін. 1934 жылдың желтоқсанынан 1938 жылдың тамызына дейінгі аралықта Шалқар депосында токарь болып еңбек еттім», — деп жазыпты.

Ал соғыстан елге оралған соң Жұрын аудандық партия комитетінің әскери істер бөлімін, одан кейін ауыл шаруашылығы бөлімін басқарады. Бірсыпыра уақыт Шалқар 9-шы жол дистанциясы бастығының орынбасары лауазымында еңбек етеді.

Тәкібай Әлдірзаұлы бейбіт жылдары Алматыдағы жоғары партия мектебінде оқып келгеннен кейін Қарабұтақ өңірінде еңбек етеді. Бастапқыда аудандық партия комитетінің Бөгетсай МТС аймағы бойынша хатшысы болып сайланады.

Тың игеру жылдарында ашылған «Шербаков» кеңшарында елуінші жылдардың соңына қарай партия ұйымын басқарған ол халық арасында адал еңбегімен, жігерлі іс-қимылымен зор беделге, ерекше құрметке ие болады.

Тәкібай Әлдірзин 1959 жылы 8 наурызда осы қызметте жүргенде кенеттен қайтыс болады. «Елім» деп соққан жалынды жүрек қырық екі жыл ғұмырмен тұйықталады…

Майдангер Тәкібай соғыста алғаш рет жараланып, госпитальдеемделген соң қысқа мерзімге демалысқа елге жіберіледі. Сол тұста ол өзінің өмірлік серігі Бибісарамен үйленіп, оны өзімен бірге майданға ала кетеді. Бибісара майданның санитарлық бөлімінде қызмет етеді. Елге де жеңіспен ерімен бірге оралады.

Олардың отбасында Нұрадин, Арыстан, Мұқамбетқали атты ұлдары, Орынша, Шара, Шамшырақ, Құралай, Қарлығаш есімді қыздары дүниеге келіп, барлығы да бір-бір мамандық иесі атанып, әке сенімін, ана үмітін ақтады, халыққа жақсы қызметтерімен танылды, Тәкібай ата ұрпақтарын жалғастырды.

Жылда Жеңіс күні жақындаған сайын майдангердің балалары мен немерелері ел қорғаған ер рухына тағзым етіп, еске алу шараларын өткізеді.

Алпыс бес жыл бойы әке рухы балаларымен бірге жасап келеді. Оның жауынгерлік ерлік жолдары мен өнегелі еңбек жылдары ешқашан ұмытылмайды.

Дулат АМАНЖОЛОВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button