Басты жаңалықтарЭкономика

Хромтауда индустриялық аймақ құрылады

Жақында Премьер-Министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында еліміздегі моноқалаларды дамыту перспективалары қаралған болатын. Бүгінде 1,3 миллионнан астам тұрғыны бар 20 моноқала еліміздің өнеркәсіптік өндірісіне айтарлықтай үлес қосып отыр. Өңірімізде осындай қалалардың қатарындағы Хромтауда жыл соңына дейін индустриялық аймақ құру тапсырылды.  

Қолайлы жағдайдар, әлеуметтік бастамалар

Бүгінде еліміздегі моноқалаларда мұнай-газ, көмір, боксит, темір кендерін өндіру және тағы да басқа бағыттарда 23 қала құраушы кәсіпорын жұмыс істейді. Өткен жылды өнеркәсіптік өндірістің көлемі 18,5 трлн теңгеге жетті. Моноқалаларда жұмыс істеп тұрған шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны өткен жылмен салыстырғанда 92,3 мыңнан 100,2 мыңға өскен.

Біз моноқалаларды дамытып, жастар үшін тартымды еткіміз келеді. Ол үшін табысты арттырып, жұмыс орындарын көбейту қажет. Аталған міндет өндірістерді кеңейту, жаңа жобаларды іске асыру, бизнеске қолайлы жағдайлар жасау арқылы жүзеге асырылуға тиіс. Әкімдіктер жас мамандарға жағдай жасап, әлеуметтік пакеттер ұсынуы керек. Моноқалаларда өндіріс орындары бар компаниялар да корпоративтік әлеуметтік жауапкершіліктері туралы ұмытпауға тиіс. Оның ішінде жұмыскерлердің құқықтарын қорғауға, өндірісті кеңейтуге, халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталған әлеуметтік бастамаларға бірінші кезекте назар аудару қажет, — деді Үкімет басшысы Олжас Бектенов.

Өндіріс көлемі және моноқалалар үлесі

Биыл моноқалалар инфрақұрылымын дамытуға 62,8 миллиард теңге жоспарланған. Оның ішінде 31,2 млрд теңгесі республикалық бюджеттен алынады. Экономикасын әртараптандыру және экономиканың шикізаттық емес секторларында баламалы өндірістер құру шеңберінде 10 мыңға жуық жұмыс орнын аша отырып, жалпы құны 1,4 триллион теңге болатын 41 жоба іске асырылып отыр.

Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаровтың айтуынша, 2023 жылдың қорытындысы бойынша елдің өнеркәсіптік өндіріс көлемінің 40 пайызы осы қалаларға тиесілі.

Моноқалаларды қаржыландыруға тоқтала кетсек, мүдделі орталық мемлекеттік органдар мен облыстардың әкімдіктері тарапынан инфрақұрылымды дамытуға жыл сайын тұрақты түрде қаражат бөлінеді. Осылайша 2019-2023 жылдар аралығында 348,4 миллиард теңге бөлінді, оның ішінде республикалық бюджеттен қарастырылғаны — 184 миллиард теңге, — деді министр.

Олжас Бектенов моноқалалардағы инфрақұрылым объектілерінің тұрақты жұмысына ерекше назар аудару керектігін айтады. Сонымен қатар ол халықты негізгі қызметтермен — инфрақұрылым, тұрғын үй құрылысы мен оларды жөндеу, білім беру, медициналық қызметтердің қолжетімділігі мәселелеріне айрықша көңіл бөлді.  Сондай-ақ ол моноқалалар әкімдіктеріне кәсіпкерліктің дамуы үшін жағдай жасауды тапсырды. Бұл орайда Қарағанды облысындағы Саран қаласы үлгі ретінде көрсетілді. Ұлттық экономика министрлігінің мәліметінше, бұл қалада 2021 жылы индустриялық аймақ құрылғаннан кейін оң динамика байқалыпты. Яғни қала бюджетіне түскен салық аударымдары 4,5 есеге артып, 2 мыңнан астам жаңа жұмыс орны құрылған және көлік құралдарын, автомобиль дөңгелектерін, полиэтилен құбырларын, тұрмыстық техника шығаратын бірқатар өндіріс орындары ашылған. Енді осы бағыттағы жұмысты әрі қарай жалғастыру үшін еліміздің бірнеше моноқаласында өңірлік маңызы бар индустриялық аймақтарды құру көзделіп отыр. Олардың қатарында Хромтау қаласы да бар.

Біздің мақсат — бизнес белдеуін құру

Нұрхан Тілеумұратов, Хромтау ауданының әкімі: 

—  Хромтау қаласында индустриялық аймақ құру турасында тапсырма берілді. Қазіргі таңда жер учаскесін таңдау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ең бастысы, инфрақұрылымы бар, ыңғайлы жер қарастыруымыз керек. Экологиялық мәселе басты назарға алынады. Себебі өндіріс шоғырланатын аймақтың қалаға экологиялық әсері болмауы керек. Бұл орайда жер қатынастары саласының мамандары аталған тапсырма негізінде жұмыс жүргізіп жатыр. Мұндағы басты мәселе — ірі кәсіпорын айналасында шағын және орта бизнес белдеуін құру. Сол белдеу индустриялық аймақта шоғырланады. Ал біздің міндетіміз — индустриялық аймақта бизнестің дамуына ықпал ету. Осы мәселе бойынша жұмыс басталып кетті.

Өздеріңіз білетіндей, бүгінде ауданымызда «Өркен» өңірлік бағдарламасы іске асырылып жатыр. Бұл үш тарап — жергілікті атқарушы орган мен ERG компаниялар тобы, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры арқылы жүзеге асырылып жатқан жоба. Бұл бағдарламаға 2 миллиард теңге қарастырылған. Нақтырақ айтсақ, Ақтөбе облысы әкімдігі — 500 миллион теңге, ERG компаниялар тобы — 500 миллион теңге және «Даму» қоры — 1 миллиард теңге бөліп отыр. Жобаның басты мақсаты — Хромтау қаласы тұрғындарының экономикалық белсенділігін арттырып, жаңа жұмыс орындарын ашуға, шағын қаланың экономикасын әртараптандыруға септігін тигізу. Несиенің жылдық үстемеақы мөлшері — 3 пайыз. Бұл жобаны кез келген салада іске асыруға болады.

Үкімет басшысы еліміздегі бірқатар моноқалалардың қатарында Хромтауда да индустриялық аймақ құруды тапсырды. Ол үшін Саран қаласы үлгі ретінде айтылды. Себебі аталған қалада бірқатар өндірістер индустриялық аймаққа шоғырланған. Хромтау — әлеуеті жоғары қалалардың бірі. Сондықтан бізде де бұл жоба іске асырылуға тиіс.

Қазір ауданда 3,5 мың шағын және орта бизнес субъектісі тіркелген.

Қазіргі күні қаламызда үш ірі кәсіпорын бар. Олар — Дөң тау-кен байыту комбинаты, «Восход-Oriel» және Ақтөбе мыс компаниялары. Олар жұмыста пайдаланатын түрлі бұйымдарды Ақтөбе қаласынан, болмаса өзге елдерден алдыртып жатады. Бұл жерде импортты алмастыру мәселесі басты назарға алынып отыр. Яғни индустриялық аймақта отандық өндірісті дамытуымыз қажет.

Геологиялық зерттеулер, инвестициялық жобалар

Елімізде моноқалалар экономикасына инвестиция тарту мәселелеріне ерекше көңіл бөлініп отыр. Ресми мәліметке жүгінсек, биыл 100 млрд теңгеге 4 инвестициялық жобаны жүзеге асыру көзделген. Бұл мыңға жуық тұрақты жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді.

Үкімет отырысында белгілі болғандай, моноқалаларды дамытуға қосымша инвестиция тарту мақсатында геология саласында бірқатар жұмыстар жүргізіліп жатыр. 2020-2022 жылдар аралығында жүргізілген мемлекеттік геологиялық зерттеу нәтижелері бойынша моноқалалар маңында болжамды құны 1,1 трлн теңге болатын ресурстар табылған. Сонымен қатар моноқалалар төңірегін барлауға 28,7 млрд теңге көлемінде жеке инвестиция тартылыпты.

Моноқалалардың әлеуметтік ахуалы көп жағдайда ондағы ірі кәсіпорындардың жұмысына тікелей байланысты. Өндіріс көлемінің төмендеуі әлеуметтік және демографиялық мәселелердің әлеуетті көзіне айналуы мүмкін. Мәліметтерде соңғы 20 жылда ондағы тұрғындардың саны екі еседен астам азайғаны айтылады. Мұның басты себептері — жұмыс орындарының тапшылығы, жалақының аздығы және тұрмыс сапасының төмендігі.

P.S. Облыстық индустриялық-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары Нұртуған Оралбаевтың айтуынша, Хромтау ауданының аумағында индустриялық аймақты Хромтау қаласынан солтүстік бағытта орналастыру жоспарлануда. «Индустриялық аймақтың ауданы — 60 гектар, инфрақұрылымның болжамды құны — 4,7 миллиард теңге, ұзындығы — 54,8 шақырым. Индустриялық аймақта сумен, газбен, электрмен жабдықтау, су бұру, автожолдар салу көзделуде. Бұл бағыттағы жұмыстар енді ғана басталды», — деді ол.

 Арайлым НҰРБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button