Экономика

Көз жұмғандардың отбасыларына көмек көрсетіледі

Жол апаты

6 наурыз күні таңда Ақтөбе-Астрахань тасжолында жол-көлік апаты болып, 8 адам көз жұмды. Мұғалжар ауданы Сағашилі ауылы маңында «Lada Largus» және «Toyota Hilux» маркалы көліктер бір-бірімен соқтығысқан. Нәтижесінде  «Lada Largus» көлігі жанып кеткен. 

Облыстық прокуратураның хабарлауынша, қаза болған жолаушылардың төртеуі — оқушы. Қазіргі кезде қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүріп жатыр. Сонымен бірге тергеу барысы облыс прокурорының жеке бақылауына алынды.

Нұрбол Тымпиев, облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін уақытша атқарушы:

Ағымдағы жылдың 6 наурызында облыс аумағынан өтетін Ақтөбе-Астрахань тасжолының 120-шақырымында көлік апаты болды. Зардап шеккендердің саны — 11 адам, оның ішінде 8 адам қайтыс болды. Үш адам Мұғалжар аудандық ауруханасына жеткізілді. Мамандар оларға қажетті көмекті көрсетіп, тексерді. Алайда олар Ақтөбе қаласында «тексеруден өтеміз» деп, ауруханаға жатудан бас тартқан.

Бұл жағдайға байланысты облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Нұргүл Бертілеуова былай деді: «Ақтөбе-Астрахань тасжолында сегіз адамның өмірін қиған қайғылы жағдай болды. Оның 4-і — кәмелет жасына толмаған балалар.  Олар —  Шұбарши орта мектебінің 4 және 6-сынып, Шұбарши мектеп-бөбекжай-бақшасының 6-сынып, Кеңқияқ орта мектебінің даярлық тобының оқушылары. Барлық бала да өз ата-аналарымен, туыстарымен болған. Балаларды заңды өкілдері отбасылық және денсаулық жағдайына байланысты сабақтан сұрап алған».

Облыс әкімі баспасөз қызметі таратқан ақпаратқа сүйенсек, кешегі жол-көлік апатынан зардап шеккен ерлі-зайыптылар көпсалалы облыстық ауруханаға жатқызылды. Диагнозы — жабық бас миының жарақаты, мидың шайқалуы. Жағдайы тұрақты, палатада. Ал 2009 жылы туған бала көпсалалы облыстық балалар ауруханасында жатыр. Баланың жағдайы тұрақты, қазіргі уақытта палатаға орналастырылған. Пациенттер толық ем алып жатыр.

Баланың бас миының жабық жарақаты, мидың шайқалуы, бетінің жаралары бар. Ол нейрохирургия бөлімінде, консервативті ем алады. Болжамдар жақсы, — деді облыстық денсаулық сақтау басқармасының өкілдері.

43 жастағы әйел мен 50 жастағы ер адам көпсалалы аурухананың травматология бөлімінде емделуде. Травматолог-дәрігер Жасұлан Үрімбаевтың айтуынша, екеуінің де алған жарақаты бірдей, ми шайқалуы, бас миының жабық жарақаты бар. Сондай-ақ ер адамның иық сүйегі сынса, оның зайыбының мойын сүйегі сынған. Олар отаға дайындалу үшін қосымша тексеруден өтеді. Пациенттерді оңалту шарасы бір-екі айға созылады.

Бұл орайда облыс әкімі Асхат Шахаров жол апатынан қайтыс болғандардың отбасына, зардап шеккендерге жан-жақты көмек көрсетуді және оқиғаның себебін анықтауды жауапты лауазымды тұлғаларға тапсырды. Сонымен қатар аймақ басшысы марқұмдардың отбасына көңіл айтты.

Қайтыс болған жандардың туған-туыстарына әкімдік атынан және өз атымнан қайғыра көңіл айтамын. Жол-көлік апаты салдарынан сегіз адам қайтыс болды. Үш адам түрлі жарақат алды, оларға алғашқы медициналық көмек көрсетілген. Ауруханада ем-домын жалғастырудан өздері бас тартқан. Жолға шығатын көлік жүргізушілері, жолаушылар жол ережесін сақтап жүруге тиіс. Құзырлы органдар ақпараттық-түсіндірме жұмыстарын күшейту керек, — деді Асхат Шахаров.

Осы орайда өңір басшысы жол апатынан қайтыс болғандардың отбасына, зардап шеккендерге жан-жақты көмек көрсетуді және оқиғаның себебін анықтауды жауапты лауазымды тұлғаларға тапсырды.

Қазіргі уақытта Ақтөбе облыстық полиция департаменті сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады. Тергеу аясында жол-көлік апатының себептерін және онда қаза тапқандардың жеке басын анықтау бойынша іс-шаралар жүргізіліп жатыр.

Арайлым НҰРБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button