Жеңіс

Жадымыздан өшпейді

Адамзат тарихындағы ең ауырсоғыстың аяқталғанына биыл 79 жыл толады. Бұл соғысқа жүз мыңдаған қазақстандық жауынгерлерқатысты. «Өшпес ерлікке — мәңгі тағзым» дегендей, сұрапыл соғыста от пен оқ кешіп, ел қорғау үшін жан аямай арпалысқан ардагерлер рухына қанша бас исек те, оларды қалай ұлықтасақ та жарасымды.

Осы ретте мен Ұлы Отан соғысының ардагері,өзімніңатамРахметулла Ыбырайымұлы туралы айтсам деймін. Ол 1922 жылы Мұғалжар ауданының Қожасай елді мекенінде дүниеге келген. Отбасында Мәулияр, Маржан есімді бауырлары болған. 11 жасында ата-анасынан жетім қалып, Қонжардағы балалар үйінде тәрбиеленіпті. Қарындасы Маржан балалар үйінде қайтыс болған.

Атам Темір педагогикалық училищесін тарих, география мамандығы бойынша бітірген. 1941жылдың қараша айында Одессадан Астрахан арқылы жау қолына түсірмей алып қалған малды әкелуге жастары 70-ке таяп қалған төрт қария мен сол кезде жасы 19-дан асқанменің атамды жібереді. Осы тапсырманы орындап келгеннен кейін әскерге шақырылған атамды Ақтөбе қаласында жасақталып жатқан 101-дербес атқыштар бригадасыныңбайланысшылар тобына қосқан. Бригада жауынгерлерінің 90 пайызы қазақтар екен.Бригада командирі полковник С.Яковленко, оның орынбасары майор Нұри Әлиев болған. Жаңа жылдың басында  Ақтөбеге жазушы А.Толстой келіп, теміржол клубында облыс басшылары қатысқан кездесу өтеді. Оған атақты ақын Н.Байғанин да қатысыпты. Жазушы неміс басқыншыларының Балтық бойын,Украина мен Белоруссияны басып алып,Ленинградты қоршағанын,Мәскеуге де қауіп төндіргенін айтып, майданға аттанғалы отырған жауынгерлерге жауды талқандауға тілек білдірген.Нұрпейіс бабамыз жауынгерлерге бабалар аруағы қолдасын деп бата берген. Майор Н.Әлиев пен капитан Х.Бекішовке ат мінгізген.Сабына «Байғанин» деп жазылған қамшыны Бекішовке тапсырған екен.

Атам маусым айының соңында туған жерімен қоштасып майданға аттаныпты.Мәскеуден өтіп,Нагинск қаласына келеді.Қаладан 10-15шақырым жердегі орманға бекіпті.Орманға таяу Горский-Мәскеу тасжолы өтеді екен. 1942 жылдың 3 қазанында генерал-майор Рябов келіп, 101-ұлттық дербес атқыштар бригадасына ту тапсырған. Бригада Калинин майданына жіберіледі. Атамның естелігі бойынша, Тверь облысыныңСтарица қаласына жеткенде,қалада жүрген адам,үрген ит кезікпеген. Бойларын ыза-кек буған жауынгерлер бар дауыстарымен «Катюша» әнін шырқауға көшіпті. Олар қараша айының 18-інде ұрысқа кірген. Алғашында қолға түскен неміс офицерлерінің мәліметінен жаудың Ржевке баратын жолдарды Мәскеу мен Ленинград аралығынан қиып өтіп, Астрахан-Баку бағытында шабуыл жасауға дайындалғанын біліпті. Калинин майданында жүрген 39-армияның құрамында бірнеше елді мекенді жаудан босатуға қатысқан.Әсіресе Мишуково деревнясы үшін болған шайқас ауыр өтіп, өздерінен бұрын барып, жау қоршауында қалған бөлімшелерді босатып алған. Осы шайқаста жауынгерлер — И.Баратов, А.Құлниязов, Қ.Ақшолақов, мерген Аманжол Тоғайбаевкөзге түскен. Жауды ығыстыра отырып, Витебскіге келгенде, жерлестері, кейіннен Кеңес Одағының Батыры атанған Ф.Озмителькездесіп, елге жеңіспен оралуларына тілектестігін білдіріп, «Дударай» әнінің бір шумағын орындап берген екен.

Расында, атам 1946 жылы қаңтар айында елге аман-есен оралған. «Отан соғысы» ордені мен бірнеше медальдармен наградталған. Соғыстан кейін де 1946 жылы —«Ерлігі үшін» медалімен, 1957 жылы «Тың жерлерді игергені үшін» медалімен марапатталыпты. Сан мәрте ажалаузынан аман қалған жан елге оралған соң бейбіт еңбекке құлшына кірісіпті. Темір ауданындағы Тасбұлақ ауылдық кеңесінің хатшысы, пошта бөлімшесінің бастығы қызметтерін атқарған. Одан соң«Қызылжарқұдық», Калинин атындағы ұжымшарлардаеңбек еткен.1963 жылы «Кеңесту»кеңшары құрылғанда атам осында пошта бөлімшесінің бастығы қызметін атқарған. Ол еңбекте де абыройлы болып, 1978, 1979 жылдары «Социалистік жарыстың жеңімпазы» белгісімен наградталып, үздік атанған. 1985 жылы облыстық халықтық депутаттарыкеңесінің шешімімен «Еңбек ардагері» медаліне ие болды. Зейнет демалысына1982 жылы шықса да, 1995 жылға дейін қызметін жалғастырды.

Біз, ұрпақтары, атамның тиянақтылығы, тазайындығы, бірсөзділігі мен сауаттылығы сынды қасиеттерін мақтан тұтып өстік. Айтқан ұлағатты сөздері де әлі күнге дейін жадымда тұр. Атамның жазуы тайға таңба басқандай анық, әдемі еді.Жоғарыда айтқанымдай, зейнеткерлікке шыққанға дейін Қопа елді мекенінде пошта бөлімінің басшысы қызметін атқарған. Ауыл тұрғындарының жыл сайын газет-журналға жазылуын қадағалап отыратын. Есеп-қисапқа өте мұқият болғандықтан, қариялардың зейнетақыларын тиын-тебеніне дейін түгел есептеп беретін. Өз қызметін адал атқаруды парыз санайтын.

Атамның қонақжайжылығы да ерекше еді. Үйге қонақ шақырғанды ұнататын. Келіндерінің атын атамай, «балам» деп шақыратын. Ал немерелерінің есімін өзі қойып, сонымен бірге «қара бала», «қиқарым», «патшам», «ақботам» деп еркелетіп отырушы еді. Атам он саусағынан өнер тамған шебер де болды. Ескірген, жыртылған аяқкиімдерді тігіп, майлап, су жаңа етіп қоятын. Үй тұрғызып, пеш те салған. Әжем Бакиза Қартжановамен екеуі 3 ұл, 1қыз  тәрбиелеп өсірген. Інісі Маулиярдан тараған 3ұл, 2 қызды да оқытып, тәрбиеледі. Ата-әжем бұл күнде дүниеден өткен. Алайда ұрпақтары оларды шексіз мақтан тұтады.

Бүгінгі бейбіт күндерді мен өзімнің атам секілді мыңдаған қазақ жауынгерлерінің қанымен, ерлігімен келген өмір деп білемін. Өкінішке қарай,қазір біздің ауылда соғыс ардагерлері жоқ. Соғысқа қатысып,тарихта жазылған оқиғаларды көзімен көрген аталарымыздың ортамызда жоқтығы көңілге қаяу түсіреді. Енді олардың ерлігін, өнегесін, тәлім-тәрбиесін ұмытпай, кейінгі ұрпаққа жеткізу — біздің борышымыз.

 

Гаухар МОЛДАҒҰЛОВА,

облыстық тарихи-өлкетану

музейінің кіші ғылыми қызметкері.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button