Тағзым

Ғалымжан аға ғибраты

Ол соғысты көрген жоқ, қолына қару ұстап, майдан өтінде кеудесін оққа төсемеді.

Бірақ бүкіл өнегелі өмірін ерлікті ұлықтауға арнады.

Елімізге неміс фашистері тұтқиылдан лап қойған кезде ол бес-алты жасар бала болатын. Ақиқатын айтқанда, оның бал дәурен балалық шағы соғыс отына шарпылды.

Біздің бүгінгі әңгімеміздің кейіпкері —«Құрмет» орденінің иегері, Ақтөбе облысының құрметті азаматы, ҚР білім беру ісінің үздігі, Ақтөбе педагогикалық институтының құрметті профессоры, «Қос шынар» Әлия-Мәншүк қоғамдық қорының төрағасы болған Ғалымжан Байдербес.

Оның азаматтық биік тұлғасы, өмірлік берік ұстанымы, адами болмыс-бітімі өзі сол балаң кезінен сезініп өскен ерлік рухын насихаттау ісімен сабақтас, тіпті біте қайнасып кеткендей еді.

Ғалымжан Байдербес есімі — ақтөбеліктер үшін ерлік пен елдіктің, патриоттық тәрбиенің, ұлтты ұлықтаудың, жас буынға жақсы бағыт берудің үлгілі өлшемі.

Ұзақ жылдар бойы қазақтың батыр қызы Әлия Молдағұлова өмірін, ерлік жолын зерттеп, кеңінен насихаттап, оның мұраларын көздің қарашығындай сақтап келе жатқан ізгілікті істердің шырақшысы атанған ардагер ағаның ғибратты ғұмыр жолдары белестері — өрісі мол өнеге, таусылмас тағылым-тәрбие.

Оның арамыздан мәңгілік сапарына жол тартқалы да жылдың жүзі болыпты. 

Ұлағат пен ұлықтау

Ол еңбек жолын мұғалім болып бастады, кейін мектеп директорлығы қызметіне тағайындалды, сол кезде идеология саласында білімділігімен, саяси ұстанымының байыптылығымен көзге түскен оны үлкен бір шаруашылықтың партия ұйымының хатшысы етіп сайлайды.

Бұл — қазақтың батыр қызы Әлия Молдағұлованың туған жері еді…

Мұндағы шаруашылық басшысы, іскер азамат Сабыр Қаналиев екеуінің ерлікті насихаттап, жас буынды патриотизмге баулу үшін шаралар ұйымдастырайық деген ниеті бір арнадан өріс табады. Бұндай қадамға ұмтылыстың себебінің өзі Әлияға деген ел құрметінен туындаған еді.

Сол кезде мамандандырылған шаруашылық бірлестігі аталатын үлкен ұжым негізінен мал бордақылаумен шұғылданатын. Сондықтан да мұндағы қарбалас жұмыстар мойын бұруға тіпті де мұрша бермейтін. Алайда ауыл басшылары үшін елдік рухты көтеру міндеті алдарында тұрған қасиетті парыз іспетті еді.

Бастапқыда ауылда мұражай ашу жоспарланады. Негізінде бұл қиын іс болмайды. Өйткені алғашқыда жиналған жәдігерлердің өзі бес жүзден асып жығылады. Өткен ғасырдың сексенінші жылы жұмыс жасай бастаған мұражай жұртшылық назарын бірден аударады.

Осы кезден бастап Ғалымжан аға үлкен міндетті мойнына алғанын ұғынады.

Шаруашылық директоры мен партия комитетінің хатшысы ең бастысы, алға қойылған мемлекеттік тапсырмаларды орындауға ел-халықты жұмылдыра біледі. Соның нәтижесінде мамандандырылған шаруашылық мәртебесіне ие болған кеңшардың мал бордақылаудағы озық әдісі жан-жаққа үлгі болып, тәжірибесі таратыла бастайды. Бірлестік жылына мемлекетке 25 мың центнерге дейін сапалы ет тапсырады. Осындай ілгерілеу арқылы ауылдың ажары да ашыла түседі. Орталықта Мәдениет үйі, басқа да әлеуметтік нысандар бірінен кейін бірі бой көтере бастайды.

1984 жылы Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Дінмұхамед Қонаев осында болып, Әлия мұражайын көреді. Ел басшысының батыр қыз рухына тағзым етуі, бұл игілікті іске ерекше назар аударуы Ғалымжан ағаға қанат бітіргендей болған-ды сол кезде. Сондықтан да бұл бағыттағы жұмыс арнасын кеңейте түсуге бел буды.

Енді оны алда ұзақ жылдарға созылған тынымсыз ізденістер мен ұйқысыз түндер күтіп тұр еді…

Батыр рухын сезіну

Ғалымжан аға журналистерге Әлия жөнінде сұхбат беруден еш уақытта жалыққан емес. Және бір ерекшелігі, бәрін де нақты деректермен, ресми құжаттармен дәлелдеп отырып айтады. Ешуақытта болжам жасауға барған емес.

Сондай-ақ өзі де жолжазбалар, басқа да мақалалар жазып, ойдағысын қағазға түсіріп отыруды дағдыға айналдырған-ды.

Сондай мақалаларының бірі 1919 жылы қағазға түскен, ол «Санкт-Петербургтегі Әлия ескерткіші — ерліктің өшпес рухы» деп аталыпты. Қайталап оқып отырғаныңызда көп жайлар көз алдыңызға келетіндей. Қарап көріңізші!

«Келесі жылы менің Әлияның ғұмыры мен ерлік жолдарын зерттеп жүргеніме — 45 жыл. Қай кезде де Әлияның атаулы күндері ескерусіз қалған емес.

Кешегі мамыр айында Санкт-Петербург қаласында мүсіні орнатылды. Соғысқа дейінгі жылдарда болашақ батыр қыз орыстың осы атақты шаһарында оқып, балалар үйінде тәрбиеленгені белгілі. Ескерткіш сол балалар үйінің орнындағы алаңға қойылған.

Әлия атындағы көше Большеохтинская көшесімен қиылысады. Қасында еңселі «Охтинская» қонақүйі орналасқан. Одан әрі Нева өзені ағып жатыр. Нева өзенінің жағалауы мен «Охтинская» қонақүйінің алдындағы үлкен алаңдағы ескерткіш рух шақырғандай жарасып тұр.

Менің Әлияның ерлік жолдарымен музей ұйымдастыру мақсатымен Ақтөбе-Мәскеу-Ленинград-Новосокольник бағыттарымен жүріп өткеніме биыл 40 жыл болған екен.

Мен осыдан қырық жыл бұрын Ленинградта Әлияның балалар үйінде тәрбиеленген кезіндегі аға пионер вожатыйы Лидия Костинамен, балалар үйінің түлектері Валенина Корчагина, Александра Ивановамен кездесіп, ауызба-ауыз сөйлескен адаммын. Бұл адамдар — соғысқа дейін қазақтың батыр қызымен қол ұстасып бірге жүрген адамдар. Олардың естеліктері музейлерде сақтаулы, кейін жазылған кітаптарға да кірді».

Осы жолдарды оқып отырғанда оның Әлия ғұмырымен өзінің тыныс-тіршілігі үйлесім тауып, бірігіп кеткендей күйді сезінесіз.

Ал бұл дегеніңіз кез келген адам басынан кеше беретін жайт емес.

Батыр рухын сезіну үшін өзіңіз де сондай деңгейге көтерілуіңіз қажет. Ал мұндай қасиет Ғалымжан Байдербестің бойында анық бар болатын.

Ерліктің қос қанаты…

Ғалымжан аға Әлия батырдың ізін қуып қана қойған жоқ, сонымен бірге оның қос сыңарындай қазақтың даңқты қызы Мәншүк Мәметованың да жоқтаушысына айналды. Ол үшін Әлия мен Мәншүк ерліктің қос қанаты іспетті болатын.

Әуелі тарихи деректерді зерттеп, архивті көтеріп қарап еді, Ақтөбе қаласында бір кездері Мәншүк Мәметованың атына көше беріліпті. Содан келе-келе әлдекімдердің жауапсыздығынан ба, әйтеуір, бұл мәселе ескерусіз қалған. Осы деректің түбін індеткен ол 11-шағын аудандағы Набережная көшесін Мәншүктің атына аударттырды.

Онымен де тынбай, енді қаладағы медициналық училищеге батыр қыздың есімін беру керек деген ұсыныс көтерді. Бұл шаруа да оңтайынан туғандай еді. Тіпті жергілікті баспасөз беттерінде Мәншүк Мәметова атындағы медицина училищесі деген атау да пайда бола бастаған. Бірақ кейін бір кедергілер болды ма, кешеуілдеп қалды.

Бірақ Ғалекең бұған да мойымады. Сол медициналық училищеге барып, Мәншүк туралы кештер ұйымдастырды, кездесулер өткізді. Қысқасы, батыр қыз рухын оятып, жастардың бойына сол арқылы жігер отын құя түсті.

Осы бағытта «Қос шынар» атты қайырымдылық қоры Әлия-Мәншүк атын бірдей иеленді. Бұл қазақтың екі батыр қызын бір-бірінен айырмай, қатар насихаттауға жол ашты.

Кейінгі бір сөзінде ол: «Әлия туралы көп жазылды, ал Мәншүк туралы дерек аз. Ол Әлиядан бір жыл бұрын батыр болған. Байқап қарасам, олардың арасында тағдыр ұқсастығы көп екен. Мәселен, екеуі де жастай жетім қалған. Бірі нағашысының, бірі ағасының қолында өскен. Екеуі де соғысқа сұранып барған. Екеуі де орыстың жерінде жатыр. Қос батыр қыз бір-бірінің ерлігін асырып, толықтырып тұрған сыңайлы», — деген болатын.

2002 жылы Ғалымжан аға Әлия мен Мәншүкке арнап Ақтөбе қаласындағы №27 мектептен музей ашуға ұйытқы болды. «Деректердің бәрі қазақша қойылды. Мен «Әлияның ерлігі», «Мәншүктің ерлігі» деп жеке-жеке дайындап бердім. Екеуінің өмірі мен ерлігін бірдей насихаттайтын ондай музей жоқ ешбір жерде.

Музейге құнды деректер мен жәдігерлерді жинақтау мақсатында  Әлия ауылынан Мәншүк ауылына экспедицияға баруға басшыларға ұсыныс білдірген кезде олар қолдап, автобус берді. Ауылдарға барған кезде олар керемет қарсы алды. Келген соң  жинақталған материалдар негізінде қос шынарға музей жасадық. Содан деректер бірте-бірте жинала берді», — дейді Ғалымжан аға.

Ғалымжан Байдербес қырық бес жыл ғұмырын Әлияның өмірін зерттеуге арнаса, Мәншүк Мәметованы зерттегеніне 20 жыл болды.

Жақсының жансерігі

Ғалымжан аға туралы сөз қозғағанда, оның өмірлік серігі болған Париза Шәріпқызы апамыз туралы да айтпай кете алмаймыз.

Париза апаның әкесі Шәріп Аушахметұлы Омбы облысының Павлоград ауданындағы кейін «Большевик» колхозы деп аталған шаруашылық аумағында, Қайдауыл ауылында дүниеге келген. Алған білімінің шамасы — латынша төрт кластық. Ол соғыстан келгеннен кейін қызы Паризаны қасына көбірек алып жүреді. Сол кезде кішкентай ғана әлжуаз қыз ат құлағында ойнайды.

Бойжеткен соң дәм жазып батыс өңірдің келіні атанады. Ғалымжан Ермағанбетұлымен тағдыр қосып, бірігіп түтін түтетеді.

Екеуінің отбасында төрт бала дүниеге келеді. Бауыржан мен Әмина жалындап, азамат болған шағында дүние салады. Олардан басқа Ақмарал, Ғалия есімді қыздары, олардан тараған ұрпақтары ата-әжесі өмірден өткенінше жандарынан табылып, бар жағдайларын жасады, олардың таянышы мен сүйеніші бола білді. Ғалекеңнің бірі ізі — Ізімғалиы жас та болса тарихты зерттеп, әулеттің қолға алған бір бағыты — батыр қызымыз Әлия ерлігін зерттеп-зерделеуге үлес қосуда.

Ал Париза апа арнайы білім алып, мәдениет қызметкері атанды. Қазақтың батыр қызы — Әлия мұражайын жасақтап, Ғалекеңмен бірге кітаптарын шығаруға да үлес қосты. Ол кісінің де өмір жолы әлиятану ісімен қатар өрбіп өтті.

Сонау жылдары облыстық тарихи-өлкетану мұражайының филиалы ретінде ашылған Әлия музейіне алғашқы күннен Париза Байдербесова басшылық етті.

Мәдени ағарту училищесінің түлегі, осы саланың маманы Париза Шәріпқызы Әлия Молдағұловаға қатысты жазылған бір парақ қағазға дейін ұқыптап жинап, мұражай сөрелерін толтыра берді. Онымен тоқтап қалған жоқ, батыр қыздың майдан жолдарын қайталап жүріп өтті, көзі тірі талай майдангерге хат жазып, ерлік суреттерін сабақтады.

Париза апа осы мұражайда ширек ғасыр еңбек етті. Бұрынғы филиал дербес  отауға айналды.

Ғалымжан аға Әлия рухын көтеруге қаншалықты қызмет етсе, Париза апа да оның жанынан қалған емес. Қиындығы мен қызығы мол осы шаруада азаматын жалғызсыратқан жоқ.

Ғалекеңе ғұмырының соңғы жылы қиындау соққанын білеміз. Париза апа өмірден баз кешкен соң үйге кіріп-шыққан сайын асыл жарының жоқтығы жанына қатты батқанын айналасына білдіріп алатын. Ондайда балалары қоса қиналады. Басқа ағайын-тума, жанашыр адамдар да оның көңілін аулауға тырысатын.

Бәрібір Ғалекең Париза апаны іздеумен болды.

Бір-бірінің қуаныш-күйінішін іштей сезініп отыратын олар бүгінде пейіште табысқан болар деп ойлаймыз.

Лайым, солай болғай…

* * *

…Ғалымжан аға облыстық газеттерді өзінің екінші үйіндей көретін. Қандай да бір жаңалық-жақсылығы болса, осында келіп, журналист інілерімен бөлісетін. Әдемі әзіл-қалжыңын айтып, жүрген ортасына бір жылылық шуағын сеуіп кететін.

Қазір де ол күлімсіреп есіктен еніп келе жатқандай көрінеді кейде…

Нұрмұханбет ДИЯРОВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button