Жаңалықтар

Оқырман

  • Құрмет

ШАХМАТ ШЕБЕРІ АТЫНДАҒЫ КАБИНЕТ

Шахмат — ақыл-ойдың спорты. 22 жасында өмірден өткен шалқарлық шахматшы Мәди Қайратұлын ауылдастары үнемі еске алып, іс-шаралар өткізіп тұрады.

Мәди Қайратұлы жеті жасында аудандық жасөспірімдер арасында чемпион атанып, үлкен спортқа жолы ашылған еді. Ауданаралық мектеп жарыстарында өзі оқыған білім ошағына 4 рет кубок жеңіп әкелген. Шахматтан Шалқар ауданының 6 дүркін чемпионы және аудандық спартакиаданың 4 дүркін жеңімпазы, кубок иегері атанып, облыстың 3 дүркін чемпионы және облыс әкімі кубогының бас жүлдесін жеңіп алған. Атырау облысының шахматтан ересектер арасындағы ашық турнирінің 2 дүркін, 14 жасында ҚР біріншілігінің жеңімпазы, 2018 жылы Ақтөбе қаласында республиканың жоғары оқу орындарының қатысуымен өткен командалық универсиаданың жеңімпазы атанған.

Міне, осындай ойлылар ойынында өзіндік қолтаңбасын қалдырып, алғырлығымен талай тартысты сайыстарда бақ сынап, аудан мерейін үстем еткен Мәди Мақсатовты еске алуға арналған іс-шараларды өткізу соңғы кезде дәстүрге айналып келеді. Бұндағы мақсат — өмірден ерте өткен жас өреннің  жеңіске деген ынтызарлықпен өрілген жолдарын кейінгі ұрпаққа үлгі ету.

Жақында Мәди Қайратұлының түлеп ұшқан Шалқар қаласындағы алтын ұя мектебі оның атына класс-музейін жасақтады.Жаңа сыныптың ашылуында жас шахматшының өмірбаяны, жеңіс жолына деген ұмтылысы сөз болды.

Мәди оқыған №5 мектеп-лицейінің директоры Әлия Әбдіғапароважәне сынып жетекшісі Галина Тещенко, т.б. ұстаздар шәкірттерінің озық қырларын сағынышпен айтып, еске алды. Осы шараның естелігі ретінде аталған мектеп-лицейдің 2 «в» сынып  оқушысы, кішкентай шахматшы Мәди Айтуғановқа қаржылай сыйлық берілді. Класс-музейде жас шахматшының сайыстарда иеленген сыйлықтары мен түрлі алқалары, естелік суреттері қойылған. Мектеп басшылығының сөзінше, бұл музей алда құнды заттармен толығып, жастардың зейінін арттыратын бірегей жәдігерлер бөлмесіне айналмақ.

Осы шараға арнайы келіп, қатысқан аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, денешынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Қамбар Бұхарбаев, еңбек ардагерлері Аманкелді Қалыбаев, Аманғали Төлебаев, Равиль Туюшев, т.б. сөз сөйлеп, мектеп ұжымының игі бастамасына оң бағаларын берді.

Шара барысында Мәдиді жастайынан шахмат спортына баулыған атасы Мақсат Қосымов пен әжесі Зада Қазыбаева мектеп ұжымына шексіз алғысын білдірді. Директор Ә.Әбдіғапарова шахматшының ата-әжесіне қазақы дәстүрмен сый-сияпат жасап, немерелерінің атындағы класс-музейінің есігі оларға әрқашан ашық болатындығын жеткізді.

М.БОҚАН,

Шалқар қаласы.

  • Үлгі

АТАЛАР МЕН ӘЖЕЛЕРДІҢ СЫЙЫ  

Сәуірдің мамыражай күндерінің бірінде ақтөбелік өнерлі аталар мен әжелер қамкөңіл жандарға ән-күйімен қолдау көрсетті. Ақтөбе қалалық Мәдениет үйінің «Атамекен-Асылым» аталар мен аналардың халықтық ансамбліоблыстық Неврология аурулары ауруханасында емделіп жатқан науқастар мен медицина қызметкерлерінің алдында өнерін көрсетті.

Бірнеше халықаралық және республикалық байқаулардың бас жүлдесіне ие болған ансамбль мүшелерінің сахналық көрінісі мен әуезді әндерін медицина мамандарының, ауруханада жатқан емделушілердің ыстық ықыласпен қабылдап,қошеметтеп отырғанына тәнті болдық.

Бір сағатқа созылған концерттің рухани жылылық сыйлағанына риза болған мекеме басшылығы өнер ұжымын Алғыс хатпен марапаттады.

«Атамекен-Асылым» халықтықансамблі құрылған уақыттан бері қаладағы  қарияларға арналған интернат тұрғындары алдында да жыл сайын осындай қайырымдылық концерттерін өткізіп келеді.Бұл іс-шараларды өткізу барысында қалалық Мәдениет үйінің басшылығы ұдайы қолдау көрсетіп отырады.

Осындай іс-шаралар алдағы уақытта да жалғасын таба береді.Су тасқынынан үйінен, мал-мүлкінен айырылған жерлестерімізге қолдау көрсетуге әрдайым дайынбыз. Ол үшін мәдениет саласының майталманы,ұстаз Қаракөз Сағынова бастаған ұжым бар мүмкіндіктерін қарастырады деп ойлаймын.

Бірнеше күннен кейін, 16-18 мамыр аралығында Өзбекстан РеспубликасыНауаи облысыНұрата ауданында  Әйтеке би бабамыздың туғанына 380 жыл толуына орай өтетін Халықаралық дәрежедегі мерейтойда да өз өнерімізді көрсеткелі отырмыз. Қазір соған қызу дайындық жүргізіліп жатыр.  Белсенді аталар мен аналарға денсаулық,шығармашылық табыс тілейміз.

Бекболат ШАЙМАНОВ

Ақтөбе облыстық «Алшын Әйтеке би» қоғамдық қорының төрағасы,ансамбль мүшесі.

  • Замандас

 ГҮЛМИРАМНЫҢ ӘЛЕМІ 

«Ақтөбе қаласының сал ауруына шалдыққан азаматтар одағы» қоғамдық бірлестігінің атқарушы директоры Гүлмирам Сражованы облыс тұрғындарының көпшілігі білетін болар. Өмірде қанша қиындық көрсе де рухы сынбаған, құласа да, сүрінсе де, қайта тұрып жүгіруге күш тапқан қайсар қыздың жігерлілігі, табандылығы, төзімділігі кім- кімге де үлгі болғандай. Тағдырдың жазуымен арбаға таңылған Гүлмирам бүгінде қоғамда өз орны бар тәжірибелі маман, спортта да жетістікке жеткен жеңімпаз, анасына, бауырларына қамқор бола алатын қайратты перзент, сүйкімді балапанның анасы. Ол — «Ақтөбе облысының дене мүмкіндігі шектеулі адамдардың спорттық клубы» жеңіл атлетика жаттықшырушысы, үшсайыстан ҚР спорт шебері, жеңіл атлетикадан ел чемпионы, ҚР Паралимпиада ойындарының бес дүркін чемпионы.

Байғанин ауданы орталығындағы «Фитнес» спорт-сауықтыру орталығында өткен  Гүлмираммен кездесуге, онымен пікірлесуге ауылдастары — тұрғындар көп келді. Бұл кездесу «Шексіз әлем, шектеусіз мүмкіндік» деп аталды.

Байғанин ауданы әкімдігі мен Amanat партиясының аудандық филиалының ұйымдастыруымен өткізілген іс-шарада ауылдастары Гүлмирамға өлең арнады. Олар  үлгілі отбасынан шыққан Гүлмирамның өзі де бүгіндекейінгі іні-сіңлілеріне қамқор болып жүргенін, жігерлі қызды жақсы көретінін, әрдайым туған жердің оған тілекші екенін айтты.

Іс-шараға қатысқан аудан әкімі Айбек Көпенов ауданға арнайы келген Гүлмирам Сражоваға алғысын білдірді. Гүлмирамның тағдыры өмірдің қиындықтарымен күресе жүріп, талай жетістікке жетуге, қоғамдық іс-шараларға белсене араласуға болатынын көрсетеді. Міне, іс-шараға келгендер осындай пікірін білдірді. «Байғаниннің топырағы киелі,  Талай-талай текті ұл-қызды түлектен», — деген ақсақалдар ауыл баласына батасын берді.

А.БАТЫР,

Байғанин ауданы.

  • Қайырымдылық

 ӘЛЕМДІ МЕЙІРІМ ҚҰТҚАРАДЫ…

Ақтөбелік кішкентай Айым жанашыр жандардың қолдауымен сырқатынан айығып келеді. 2 жасар Айым былтыр қараша айында ауырып қалған еді. Бастапқыда ата-анасы оған суық тиді деп ойлады. Алайда қан сараптамасы лейкоциттердің күрт өскенін көрсетті. Дәрігерлер баланың өзін нашар сезінуіне «жедел лимфобластикалық лейкоз себеп» деген анықтама берді. Айым — Тальменовтер отбасындағы үш баланың кенжесі. Ата-анасымұндай диагнозға сенгісі келмеді, бірақ сенбеске амал болмады…

Астанадағы онкологиялық орталықта алған химиотерапия курсы нәтиже бермеген соң отбасы шұғыл түрде Түркияның Ыстанбұл қаласындағы клиникаға жүгінеді. Ол жердегілер көмектесе алатындарын, сүйек кемігін ауыстырып салу операциясын жасауға болатынын айтқан. Айымның ата-анасы дереу қор ашып, ақша жинау қамына кірісіп кетті. Оларға жүздеген жанашыр жандар, әріптестері мен достары қосылды. Қорды жабуға Айымның әкесі жұмыс жасайтын Ақтөбе мыс компаниясы көмектесті. 2024 жылдың ақпан айында кішкентай қызға өмірлік маңызды ота жасалды.

Қазір Айымның жағдайы жақсы, ол анасымен бірге түрік клиникасында дәрігерлердің бақылауында. Дәрігерлер донорлық жасушалардың қалай тамыр алатынын бақылап көрмек. Туыстары Айымның үйге оралуын тағатсыздана күтіп отыр. Мейірімді болайық. Әлемді мейірім құтқарады…

Айман БОЛАТҚЫЗЫ,

Ақтөбе қаласы.

Қоғам

ЕНДІ ЗОРЛЫҚ-ЗОМБЫЛЫҚ АЗАЯР…

Сәуір айында  «Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексіне әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңы қабылданды. Бұл — көптен бері ел күткен заң.

Енді тұрмыстық зорлық-зомбылыққа заң жүзінде қатаң тосқауыл қойылмақ! Әйелдің құқы мен баланың қауіпсіздігіне қатысты заң қатайды. БҰҰ дерегінше, елде жылына 400 әйел тұрмыстық зорлық-зомбылықтан қаза табады екен. Бұл — тек ресми дерек. Ал «бас сынса, бөрік ішінде, қол сынса, жең ішінде» дейтін қазақ отбасында жалпақ жұртқа жайылмаған жайт қаншама!..

Соңғы жылдары әйел мен балаға, әсіресе балаға қатысты сұмдық оқиғалар туралы жиі естиміз. Сол кезде «бұрын бұндай жағдайлар болмады ма, тек қазір көбейді ме?..» деген ой да келеді. Әлде әлеуметтік желінің құдіреті (әлде қасіреті) ме бұл туралы жиі естілетіні…

Не десек те, қоғам қорыққан, ел шошыған оқиғалар көбейіп кетті. Әйелді өлімші етіп сабау әдетке айналып кеткендей, құдды. Балаға зәбір көрсету құлақ үйренген қасірет болғандай… Қорқыныштысы да осы. Әрбір оқиғаны естіген сайын жанымыз түршігеді. Бірақ қолдан келер қайран жоқ. «Мемлекет неге қатаң заң шығармайды, жазаны неге қатайтпайды?» деуден әрі аса алмай келдік. Ал енді, міне, заң қабылданды, жаза қатайды. Енді балаға зәбір көрсеткеннің жеңіл жазамен құтыламын немесе сол баланың отбасымен татуласамын дегеннен дәмесін үзе берсе болғаны. Ал өзінің туған баласы мен біреудің бауыр еті баласының өмірін жалмаған қаніпезер мен зорлық көрсеткен айуандар темір тордың түбінде шіритін болды. Жасөспірімдерге қатысты бүгінде күн тәртібінен түспей тұрған буллинг мәселесі де назардан тыс қалмапты. Өміріміздің жалғасы, бүгініміздің шүкірі, ертеңіміздің үміті — балаларымызға қолының ұшын тигізген жанды жазалау әділ шешім деп білемін. Ал жан жарына қол жұмсауды әдетке айналғандар бүгіннен жинала берсе болғаны. Оларға да енді заң қатал. Әйеліне шапалақ бергендер қомақты айыппұл төлеп, әзер құтылуы мүмкін. Әйтпесе жұмысқа жегіліп, аз да болса темір тордың дәмін татуы бек мүмкін. Ал енді әйелді әбден сабап «тәрбиелеуді» жөн санайтындардың күні қараң болатын болды. Себебі таяқ жеген әйелдің көзі көгеріп, жарақат алса, денсаулығына немесе өміріне қауіп төнсе, ол «батырдың» 3 жылдан 8 жылға дейін сотталуы мүмкін екенін білгені абзал. Тіпті бұрынғыдай байғұс әйелі таяқ жеп, күйеуін ұстатып жібергеннен кейін ертеңінен қорқып, ерінің үстінен жазған арызын да қайтып алу мәселесі қиындап кетіпті. Арыз қайтып алынған жағдайда да, жаза тағайындалады екен.

Мен заңгер емеспін. Қарапайым адам ретінде заңнан түсінгенім — осы. Бұл заң ертерек қолға алынғанда, қанша әйел мен баланың өмірі мен денсаулығын сақтап қалуға болар ма еді, бәлкім… Не десек те, заң қабылданды. Енді заңға бағынған қоғамда жан түршігерлік оқиғалар азаяр, сәби зәбір көріп, дәмін татып үлгермеген өмірден түңілмес, бала өмірінен баз кешпес, әйел таяқтан көз жұмбас деген үміттемін…

 Ж.БАЙСЕҢГІРОВА,

Мұғалжар ауданы.

  • Акция

«ЖЕР САҒАТЫ»: БАРЛЫҚ ЖАРЫҚ ӨШІРІЛДІ

Жер сағаты (ағыл. Earth Hour) — Дүниежүзілік жабайы табиғат қоры (WWF) ұйымдастырған наурыздың соңғы сенбісі күні жыл сайын өткізілетін акция. Аталған акция аясында ұйымдастырушылар дүниежүзі тұрғындарын бір сағатқа жарық пен электр жабдықтарын, соның ішінде үйлердің жарығын өшіріп, теледидарлар, компьютерлер мен басқа да тұрмыстық электр құралдарын сөндіруге үндейді.

Акцияны өткізудегі мақсат — жаһандық климаттың өзгеру проблемасына әлем жұртшылығының назарын аудару және энергия мен басқа да табиғи ресурстарды үнемдеуге шақыру.

Климаттың өзгеруіне қарсы бағытталған бұл акцияға әлемде 1,3 миллиардтан астам адам, 128 елдің 4616-дан аса қаласы қатысып, бір сағатқа электр қуатын өшіруге уәде берген. Бүгінде «Жер сағатына» қатысатын қалалар саны көбейіпкеледі. Адамдар кеңселер мен тұрғын үйлерде жарықты сөндіру арқылы жер бетіндегі энергияны үнемдеп, климаттың өзгерісіне төтеп беріп, табиғаттың, қоршаған ортаның сақталуына сәл де болса үлес қосу үшін бірер сағат жарықсыз, электр құралдарынсыз отырды.

Биыл «Жер сағаты» акциясы 23 наурыз күні атап өтілді. Қалалық жас туристер стансасының ұйымдастыруымен өткізілген акция барысында оқушылар Ақтөбе облыстық тарихи өлкетану музейіне, Қалалық жас натуралистер станциясына, «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ кешеніне, планетарийге экскурсия жасап, «Табиғатты аялайық!» экоквест ойынына қатысты. Экологиялық сурет көрмесін тамашалап, әртүрлі қалдық бұйымдарды іске асыруда шеберлік сабағына қатысты.  Сонымен қатар 1 сағаттық жарықсыз концерттік кеш ұйымдастырылды.

Іс-шара барысында Ақтөбе облысы экология департаментінің бас маманы Ақмарал Ақшабаева «Жарықты үнемдеу» тақырыбында қызықты баяндама оқыды. Концерттік бағдарламада оқушылар майшамдар мен фонариктердің көмегімен жарықтандырылған поэзия минутын өткізді. Домбырашылар күй тартты.

«Жер сағаты» акциясына Ақтөбе қаласынан жалпы саны 700-ге жуық ерікті атсалысты. Ал Ақтөбе облысының аудандарында экологиялық тәрбие сағаттары, «Табиғатым — аманатым!» атты концерттік іс-шаралар, байқаулар мен экокөрмелер ұйымдастырылды.

Айжан МЕРЕКЕЕВА,

«Қалалық жас туристер стансасы» МКҚКәдіскері.

Ақтөбе қаласы.

     

  • Еңбек адамы

 ЖАҚСЫ ҰСТАЗ

Ақын Абай Құнанбаев «Адамның адамшылдығы… жақсы ұстаздан болады» дейді.

Шәкірттерін білім нәрімен сусындатып, тәлім-тәрбие беріп, талантын шыңдап жүрген аудандық Өнер мектебінің ардагер ұстазы, білікті маман, саналы өмірін ұлттық өнерімізді насихаттауға арнаған Сәндібай Телемісов туралы айтқым келіп отыр.

Жақында Сәндібай Телемісов ағайды ұжымы зейнетке шығарып салды. Осы Өнер мектебінде ұзақ жылдар еңбек еткен ұстаз — талай баланың дарынын дамытып, талабын ұштаған ардақты адам. Өз ортасында сыйлы, досқа адал, туысқа қамқор Сәндібай ағайды құттықтауға көп адам келді. Өмірін өнермен ұштастырған ұстаздың өмірбаяны баяндалған слайд-шежіре көрсетілді.

Кеште аудандық білім бөлімінің басшысы А.Айжарықов зейнеткер ұстазды құттықтап, оның еңбек жолын келешекке үлгі екенін айта отырып, білім бөлімінің атынан сый-сияпатын ұсынды. Ұстаздыңбірге оқыған группаласы әрі әріптесі Жайнагүл Тұрарова оқып жүргенінде староста болған ағайдың студенттік кездері туралы қызықты естеліктерімен бөлісті. Бірге оқыған достары бейнебаян арқылы сәлем жолдап, құттықтады.Кешке арнайы келген ұлы Нұрсұлтан әкесінің әріптестеріне алғысын білдіріп, өз немерелерінің де ата тәлімін алғанын, олардың да өнерлі болып өскенін айтып, күй тартып берді. Өнер мектебінің директоры  М.Нұрмағамбет зейнеткерді құттықтап, әріптес арасында сыйлы, абыройлы ұстаз екенін тілге тиек етті.

Әсем әндер шырқалды, күмбірлеген күйлер тартылды, мың бұралған бишілеріміз де ортаға шықты. Саналы ғұмырын адал еңбекке арнаған, сол еңбектің зейнетін көретін жасқа жеткен ұстаз әріптестеріне алғысын айтып, ақ батасын берді.

А.ТАПАНОВА,

Қобда аудандық балалар өнер мектебінің мұғалімі.

  • Ауылдас

ЖУРНАЛИСТ АҒА

Мен Әйтеке би ауданы Аралтоғай елді мекенінің киелі топырағында дүниеге келдім. Балалық шағымның қызықты да қуанышты, көңілді кездері өтіп жатқан Аралтоғай ауылы маған өте ыстық.  Қойнауы қазынаға, тарихы шежіреге толы бұл жерден от ауызды, орақ тілді шешендер, акын-жазушылар шыққан.  Солардың бірі журналист Қонысбай Шалғынбайұлы аға туралы айтқым келеді.

Қонысбай Шалғынбайұлы 1955 жылы 22 тамызда Сырдария бойындағы Қазалы қаласы Бірлік ауылында дүниеге келген.1964 жылы отбасылық жағдайына байланысты біздің ауылға қоныс аударыпты.

1972 жылы Аралтоғай орта мектебін бітіріп, өндірісте жұмыс істеген ол осы кезден бастап қолына қалам алып, жазуға ден қоя бастағанын айтады. Әскерге барып келгеннен кейін С.М.Киров (қазіргі Әл-Фараби) атындағы университеттің журналистика бөлімінде оқиды.

Қарабұтақ аудан болып тұрған кезде «Жаңа өмір» аудандық газетінде еңбек еткен, облыстық «Ақтөбе» қоғамдық-саяси газетіне тұрақты түрде мақалалар жолдап тұрған.

Қонысбай Шалғынбайұлының «Түсінетін жүрегімді сен едің…» деген кітабы бар, 2000 данамен жарық көрген. Кітабын терең толғаныспен оқып шықтым. Өзінің өткен өмірін, жүрген жолын, дәуір өзгерістерін айтқан. Жері шұрайлы Ырғыз өзенінің бойындағы табиғаты әсем ауылымыз Аралтоғай туралы да жазғаны көп.

Қалам ұстауға құмар ағаның газет-журналдарда өлеңдері де жарияланды. Бүгінгі таңда Қонысбай Шалғынбайұлы— зейнет демалысында. Мен секілді ауыл балалары кейде ағаға сәлем беріп барып, тағылымды әңгімелерін тыңдап қайтамыз.

Назерке СҮНДЕТ,

С.Оразалин атындағы орта мектептің 7-сынып оқушысы.

Аралтоғай селосы,

Әйтеке би ауданы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button