Спорт

…Аяқталды!

Еуропа Лигасы

 Әрине, Еуропа Лигасының ойындары біздер, қазақстандық командалар («Астана», «Шахтер», «Қайрат» және «Ақтөбе») үшін ғана аяқталды. Әйтпесе күні кеше Ақтөбеге келіп кеткен «Стяуа» (Румыния)  да, «Легия» (Польша) да доданы одан әрі жалғастырып, топтық кезеңде күш сынаса береді.

Өз алаңымыздағы 21 тамызда өткен кездесудегі жеңілістен кейін «Ақтөбенің» Польшада «Легияны», айталық, 2:0 немесе 3:1 есебімен ұтатындығына сенгендер, сірә, азғантай-ақ болған шығар. Сол «сенім» алдаған жоқ. Біздің жігіттеріміз сол баяғыша қимылдады, допқа дұрыс ие бола алмау, пас берудегі қателіктер немесе берілген пасты қабылдай алмау, сасқалақтай жүгіру одан әрі жалғасты. «Легияның» қақпасына ақтөбеліктердің бірінші таймның ең соңғы минутында ғана бір ғана тіке соққы жасауға әзер мүмкіндігі жеткені осының бір дәлелі. Тіпті Валерий Коробкин қайта-қайта өрескел тәртіп бұзып, мұны тіпті ескерту қағазын алған соң да тоқтатпай қойған соң, бас бапкер үзілісті де күте алмай, оны 42-минутта Тимур Кападземен алмастыруға мәжбүр болғанына не дейсіз?!

Ал жинақы да ұтқыр қимылды «Легия» еш абыржыған жоқ. Әуелі Данило Неконың аяғындағы допты ту сыртынан келіп оңай қақшып түскен поляктар бірінші таймның 26-минутында есеп ашса, 66-минутта он бір метрлік айып доптың мүлтіксіз орындалуы қарсыластарымыздың келесі кезеңге еш қиындықсыз шығуын қамтамасыз етті. Жалпы варшавалық команданың әр футболшысы алаңда не істеу қажеттігін, ойын барысында ұжымдық қозғалыс-тәртіптің қалай сақталуы керектігін жатқа білетін тәрізді. Оған бұлардың жанкешті қимылдарын қоссаңыз, біздің тағы да жеңілмеске амалымыз қалмағаны көрініп-ақ тұрған жоқ па?!

Сол себептен де бас бапкеріміз Владимир Газзаев: «Біз әзірге Еуропа Лигасының топтық кезеңіне шығуымыз тым қиын деңгейде қалып тұрмыз. Өкінішке қарай, мұны мойындауымыз керек. Ойында көптеген қателіктер болды, біз ойын сапасы мен мазмұнын байыту үшін көп жұмыс істеуіміз қажет», — деді.

«Легия» (Варшава, Польша)-«Ақтөбе» (Қазақстан) — 2:0.

Гол авторлары: Михал Кухарчик, 26-минут (1:0); Ивица Врдоляк, пенальти, 66-минут (2:0).

«Ақтөбе» төмендегі құрамда ойнады: Андрей Сидельников, Алексей Мулдаров, Дмитрий Мирошниченко, Юрий Логвиненко, Андерсон Сантана, Тарас Царикаев (Абат Айымбетов, 71-минут), Марат Хайруллин, Асхат Тағыберген, Валерий Коробкин (Тимур Кападзе, 42-минут), Данило Неко, Алексей Антонов (Игорь Зенькович, 57-минут).

Бас төреші Маттиас Гестраниус (Финляндия).
28 шілде. Варшава. «Войска Польского».

Қазақстандық белгілі футбол маманы Юрий Коньков  «Vesti.kz» порталының тілшісіне берген сұхбатында мынадай пікірлер айтқанын да келтіре кеткеніміз жөн секілді: «… «Легияның» құрамында өз клубы үшін жан беруге дайын өз топырағынан шыққан футболшылары көп. Олар топтық кезеңге өте алмай қалулары мүмкін екендігі туралы тіпті ойлаған да жоқ. Ал «Ақтөбеден» ондай жанкештілікті күту қиын. Өз топырағыңнан шықпаған футболшы өйтіп жан қинамайды. Мен бұған сенімдімін. Мысалы, ойын ережесін бұзған шақта Логвиненконың қалайша күйзеліп қалғаны көрініп-ақ тұрды емес пе?! Басқа футболшылардан мен мұны байқай алмадым. Ешкімге кеңес бергім де келмейді, ақыл айтқанды да жөн санамаймын. Дегенмен, клубтың намысы үшін жан салатын өз ойыншыларымызды даярлауымыз қажет. Қалай болғанда да, мысалы, «Астана» бірнеше жергілікті футболшыларды шығарып отырды, ұтылып қалса да, олардың өз командасы үшін қалайша барынша тырысып ойнайтыны байқалып тұрды».

Сонымен, «Ақтөбенің» биылғы «науқанды» қалай өткізгенін қайта шолып шығайық.

6 кездесу: 2 ұтыс, 1 тең ойын, 3 жеңіліс. Бұл көрсеткіштерді төмендегіше тарқатуға болады.

УЕФА Чемпиондар Лигасы:

2-ші іріктеу кезеңі. «Ақтөбе»-«Динамо (Тбилиси, Грузия) — 1:0; 3:0.

3-ші іріктеу кезеңі. «Ақтөбе»-«Стяуа» (Бухарест, Румыния) — 2:2; 1:2.

Еуропа Лигасы:

Плей-офф кезеңі. «Ақтөбе»-«Легия» (Варшава, Польша) — 0:1; 0:2.

Яғни қарсыластар қақпасына 7 гол енгізіп, өз қақпамызға да дәл сондай 7 доп кіргізіп алдық. «Динамо» қақпасына Тбилисиде  Данило Неко гол енгізсе, Ақтөбеде Алексей Антонов, Игорь Зенькович, Абай Айымбетов мергендік танытты. «Стяуа» қақпасына өз алаңымызда доп соққандар — Валерий Коробкин, Роберт Арзуманян, Бухаресте қарымта кездесуде кіргізілген жалғыз доптың авторы — Тимур Кападзе.

Ал «Легия» қақпасына екі кездесуде де бірде-бір доп соға алмауы — «Ақтөбенің» Еуропа кубоктарына қатыса бастаған 2006 жылдан бергі алғашқы «антирекорды».

*   *   *

 

«АСТАНА» сырт алаңдағы қарымта кездесуде 0:4 есебімен ұтылды. Бұл — қазақстандық футбол деңгейінің бүгінгі нақты көрінісі. Испаниялық жұлмыр команданың жеңісі қаншалықты сенімді болғанымен «Астана» командасының бұл жеңілісіне (тіпті бірінші кездесуде 0:3 есебімен жеңілгеніне де) ешкім өкпе айта алмаса керек, қайта астаналықтардың Еуропа Лигасындағы биылғы ойындары жанкүйерлерді әжептәуір қанаттандырып тастады.

«Вильярреал» (Испания)-«Астана» (Қазақстан) — 4:0.

Гол авторлары: Виетто, 21-минут (1:0); Виетто, 54-минут (2:0); Сориано, пенальти, 60-минут (3:0); Лейва, 67-минут (4:0).

«Астана» төмендегі құрамда ойнады: Владимир Логиновский, Виктор Дмитренко, Абзал Бейсебеков, Евгений Постников, Фокси Кетевоама (Дамир Кояшевич, 77-минут), Таңат Нөсербаев (Эссаме, 62-минут), Георгий Жуков, Дмитрий Шомко, Рохер Каньяс, Патрик Твумаси (Атанас Курдов, 71-минут), Бауыржан Жолшиев.

Бас төреші Лиран Лиани (Израиль).
28 тамыз. Вильярреал. «Эль-Мадригал».

 

Премьер-Лига

 

…Жалғасты!

24-турда өткізілуге тиіс «Ақтөбе» мен» Астана» кездесуі кейінге қалдырылғаны белгілі. Сол себепті «Қайраттың» бірінші орынға шығып алғанына таңғалуға да болмас.

Ал жанкүйерлер бұл турда тіпті де жабырқаған жоқ. «Шахтердің» ойсырай жеңілуі бірінші сенсация болса, Премьер-Лигаға биыл қайтадан қосылған, солай бола тұра бірінші кезеңнен соң алғашқы алтылыққа іліккен «Қайсардың» Шымкентте «Ордабасы» командасын ұтып кетуі екінші бір елең етер жаңалыққа айналды.

Бұл жеңістер мен жеңілістер биылғы чемпионатта алғашқы үштіктегі жүлделі орындар үшін таласатындардың тартысы тіпті де алдын ала болжауға келмейтінін анық аңғартып-ақ тұр.

Сонымен, 30 тамыз, жұма күнгі кездесулер төмендегідей есептермен аяқталды.

«Қайрат»-«Шахтер» — 6:1.

Гол авторлары: Гедиминас Вичюс, 25-минут (0:1); Александр Кислицын, 44-минут (1:1); Исаэл, 49-минут (2:1); Жерар Гоу, 57-минут (3:1); Жерар Гоу, 61-минут (4:1); Аслан Дарабаев, 71-минут (5:1), Исаэл, 75-минут (6:1). 

«Ордабасы»-«Қайсар» — 0:1

Гол авторы: Валентин Фудуй, 45-минут (0:1).

 

*   *   *

Мергендер көшін 10 доппен қос шабуылшы — Константин Дудченко («Ертіс») және Милош Трифунович («Атырау») бастап тұр. Рас, М.Трифунович бес допты пенальтиден соқты. Бір қызығы, бұл екеуі де топтың екінші бөлігіне (7-12 орындар) табан тіреген командалардың өкілдері.

Біздің мергендеріміз:

Игорь Зенькович (шабуылшы) — 6 доп (2-еуі пенальтиден);

Маркос Пиззелли (жартылай қорғаушы) — 5 доп;

Марат Хайруллин (жартылай қорғаушы) — 5 доп (1-еуі пенальтиден соғылды);

Данило Неко (шабуылшы) — 3;

Александр Гейнрих (шабуылшы) — 3 (1);

Дмитрий Мирошниченко (қорғаушы), Юрий Логвиненко (қорғаушы), Алексей Антонов (шабуылшы) — 2;

Павел Шабалин (шабуылшы), Тимур Кападзе (жартылай қорғаушы), Валерий Коробкин (жартылай қорғаушы), Андерсон Сантана (қорғаушы), Роберт Арзуманян (қорғаушы) — 1;

1 допты Сигурни Банджар («Тараз») өз қақпасына соғып алды.

 

                                              ОЙЫН КЕСТЕСІ

 

Командалар           О         Ұ          Т         Ж        Д         Ұп   

 

1 Қайрат      23       14       3          6          47-21  24        

2 Ақтөбе      22       12       7          3          34-17  22     

3 Астана      22       10       9          3          34-17  20      

4 Қайсар       24       9          9          6          24-23  20

5 Шахтер       24       11       4          9          34-33  19

6 Ордабасы 23       10       5          8          24-23  18

 

*О — ойын, Ұ — ұтыс, Т — тең, Ж — жеңіліс, Д — доп айырмашылығы, Ұп — ұпай.

22-турдан соң екі топқа (1-6 орындар; 7-12 орындар) бөлінер сәтте әр команданың бірінші кезеңде жинаған ұпайы екіге бөлініп, жаңаша есептелгенін еске саламыз.

*   *   *

 

7-12 орындар бәсекесінде 24-турдың кездесулері толық өтті. Айта кетерлік жайт сол — көш соңындағы екі команда жеңіске жетті.

«Атырау»-«Ертіс» — 2:1.

Гол авторлары: Доминик Адийя, 45-минут (1:0); Милош Трифунович, 54-минут, пенальти (2:0); Игорь Бурзанович, 84-минут (2:1).

«Тараз»-«Жетісу» — 2:0.

Гол авторлары: Жақып Қожемберді, 40-минут (1:0); Олег Недашковский, 43-минут (2:0).

«Спартак»-«Тобыл» — 2:1.

Гол авторлары: Максим Азовский, 22-минут (1:0); Анатолий Богданов, 50-минут (1:1); Николай Дюлгеров, 53-минут, пенальти (2:1).

*   *   *

 

Бұл екінші топта 18 ұпаймен «Атырау» көш бастап, 7-орында тұр.

8-орында — 15 ұпайы бар «Жетісу».

9-орынға 14 ұпай жинаған «Тараз»  шықты.

10-11 орындардың иелері — бұл турда жеңіліске ұшыраған қостанайлық «Тобыл» мен павлодарлық «Ертіс». Бұлардың ұпайлары бірдей — 13.

Көш соңындағы, 12-орындағы семейлік «Спартактың» 11 ұпайы бар.

*   *   *

 

25-турдың ойындары 14 қыркүйекте, жексенбі күні өтеді.

1-6 орындар тобы:
«Астана» — «Ордабасы»
«Шахтер» — «Ақтөбе»
«Қайсар» — «Қайрат»

7-12 орындар тобы: 
«Тобыл» — «Тараз»
«Ертіс» — «Спартак»
«Жетісу» — «Атырау»


Еуро-2016

 

…Басталады!

 

Қыркүйек айында 2016 жылғы Еуропа чемпионатының іріктеу турнирі басталатыны белгілі.

«А» тобында ойнайтын Қазақстан ұлттық құрамасының бәсекелестері мына командалар:

Голландия, Түркия, Исландия, Чехия, Латвия.

Алғашқы ойынды біздің құрама 9 қыркүйек күні өз алаңымызда, «Астана-Аренада» өткізеді. Қарсыласымыз — Латвия. Ұлттық құраманың бас бапкері Юрий Красножан бұл ойынға шақырылған футболшылардың жалпы тізімін жария етті. «Ақтөбеден» 7 футболшы шақырылды:

Қақпашылар: Станислав Павлов, Андрей Сидельников.

Қорғаушылар: Дмитрий Мирошниченко, Юрий Логвиненко, Алексей Мулдаров.

Жартылай қорғаушылар: Валерий Коробкин, Марат Хайруллин.

Кездесулердің жалпы кестесі төмендегідей:

9 қыркүйек 2014 жыл

Қазақстан — Латвия

10 қазан 2014 жыл

Голландия — Қазақстан

13 қазан 2014 жыл

Қазақстан — Чехия

16 қараша 2014 жыл

Түркия — Қазақстан

28 наурыз 2015 жыл

Қазақстан — Исландия

12 маусым 2015 жыл

Қазақстан — Түркия

3 қыркүйек 2015 жыл

Чехия — Қазақстан

6 қыркүйек 2015 жыл

Исландия — Қазақстан

10 қазан 2015 жыл

Қазақстан — Голландия

13 қазан 2015 жыл

Латвия — Қазақстан

Бетті әзірлеген Ертай АШЫҚБАЕВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button