Спорт

Динараның жеңісі

Астана қаласында панкратионнан әйелдер арасында өткен Қазақстан чемпионатында жерлесіміз Динара Аяпова жеңіспен оралды. Ел біріншілігіне еліміздің түкпір-түкпірінен 450-ге жуық спортшы қатысты.
Споршылар «традишн» бөлімінде іріктеліп, ақтық сындағы «элит» бөлімінде бас жүлдені сарапқа салды. Әйелдер арасында 57 келі салмақта ел намысын қорғаған Динара Аяпова панкратионнан үш дүркін Қазақстан чемпионы атанып, Азия және әлем чемпионаттарына жолдама алды.

Дүбірлі дода тартысты өтті. Алғашқы сайыста түркістандық Медина Әділді ойсырата ұтып, ақтық сында шымкенттік Жұлдызай Ибраеваны айқын басымдықпен жеңдім. Облыс намысын қорғап, жеңіске жеткеніме қуаныштымын. Мен бұл спорт түрімен 15 жасымнан бері айналысып келемін. Облыстық, республикалық, әлемдік турнирлерде жеңімпаз атандым. Ендігі мақсатым — осы жылы өтетін Азия және әлем чемпионаттарында жеңімпаз атану. Қазіргі уақытта мамыр айында Өзбекстан астанасы — Ташкент қаласында өтетін Азия чемпионатына дайындалып жатырмын. Маған қолдау көрсеткен ата-анама, бауырларыма және жаттықтырушыларым Айбек Шоқпытов, Азамат Мархабаевқа ерекше алғыс білдіремін, — дейді Динара Аяпова.

«Еркін күш» кәсіби жауынгерлік клубының аға жаттықтырушысы Айбек Шоқпытовтың айтуынша, спортшылар бұл сайысқа үлкен даярлықпен келген.

Бұл доданың аралас жекпе-жек түрлерін дамытуда маңызы зор.  Өйткені осы чемпионатта жеңіске жеткендер Азия және әлем чемпионаттарында ел намысын қорғайды. Мен Динараны оқушы кезінен бері жаттықтырып келемін. Ол табандылығының арқасында жеңіс тұғырынан көрінді. Әйелдер арасында нәтижелі ойын көрсетіп, жеңіске жеткен Динара Аяповадан мықты спортшы шығатынына сенімдімін, — дейді аға жаттықтырушы.

Ақмарал МҰҚАШЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button