Спорт

«Ақтөбе» мен «Астана» ойынын су тасқынынан зардап шеккен 1000-ға жуық адам тамашалады

 Екі команда арасындағы спорттық доданы олар тегін көріп, ерекше әсер алған.

Бүгін Ақтөбедегі Қобыланды батыр атындағы Орталық стадионда ел Премьер-Лигасының жетінші ойыны өтті. Өз алаңында «Астана» командасын қабылдаған ақ-қызылдар арасындағы ойын 1:1, тең есеппен аяқталды.

95 минутқа созылған ойынды көктемгі су тасқынынан зардап шеккен тұрғындар 8 сектордан тамашалады.

1000-ға жуық адамның қатарында М.Оспанов атындағы медициналық университеті, Ақтөбе гуманитарлық колледжінің жатақханасында уақытша орналасқандар және су басқан үйлеріне қайтып оралғандар да бар. Олардың Орталық стадионға жетуі үшін автобустар ұйымдастырылды.

Ойын кезінде стадионға жиналған бүкіл жанкүйер жерлестеріне қолдау сөздерін жеткізді. Олармен әрқашан бірге екендіктерін айтып, «күшіміз –бірлікте» деп ұрандатты.

Футболды тамашалаған ақтөбеліктер ойын теңбе-тең аяқталса да, керемет әсер алдық дейді. Әсіресе, қала тұрғындарының қолдауы күш-жігер беріпті.

Айтып өту керек, Ақтөбе облысында Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, табиғи апаттан зардап шеккен тұрғындарды материалдық, психологиялық қолдау шаралары жалғасып жатыр.  Облыстық штаб өкілдері бұл жұмыстардан тыс қалған жоқ, олар азаматтарға жан-жақты көмек қолын созып, көтерген мәселелері бойынша кеңес беріп жүр.

А.МӘЛІКҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button