Әлеумет

Еңбек инспекторларының игі ісі

Былтыр еңбек инспекторлары 307 миллион теңге жалақының төленбегендігін анықтады. Олардың тиісті шара қолдануларының арқасында бережақ мекемелер жұмысшыларына қарыздарын толық өтеп болды.

Жалпы біздің облыс еңбек бережағы бойынша республикада ең соңғы орындардың бірінде тұр. Соған қарамастан, жалақына уақытында төлеу мәселесін атқарушы билік жіті бақылап отыр. 

Еңбек заңын бұзған 28 жауапты қызметкер өз қызметтерінен босатылыпты. Жұмысшылардың өмірі мен денсаулығына қауіп келтірмеу үшін 8 кәсіпорындағы құрал-жабдықтардың жұмысы тоқтатылған. 

Еңбек қорғалып жатыр ма? Еңбек инспекторлары ел мұңын ойлап жүр ме? Бұл жөнінде нақтырақ білмек ниетпен облыстық бақылау және әлеуметтік қорғау департаментінің директоры Саламат Аманбаевпен әңгімелескен едік.

 

Меморандумдардың пайдасы

 

2010 жылы ақпан айында жеке кәсіпкерлік субъектілерін тексерудің жиілілігін анықтауда тәуекелділікті бағалау жүйесі (система оценки рисков) қолданылып келеді. Бұл еңбек инспекторларының себепсіз тексерулерін азайтты. Оның орнына еңбек заңдылықтарын үнемі бұзатын мекемелерді есепке алып, олардағы еңбек талаптарының сақталуын қатаң бақылауға алу жолға қойылуда, — дейді Саламат Ермұханұлы.

Департамент жұмысының негізгі бағыттарының бастысы — дағдарысқа қарсы жұмыстарды жүзеге асыру. Яғни, әлеуметтік-экономикалық жағдайларды тұрақтандыру, әлеуметтік зардаптарды жұмсарту. Сонымен қатар азаматтардың құқықтарын қорғау механизмдерін іске асыруға бағытталып отыр.

Азаматтардың еңбек құқықтарын қорғау мақсатында облыс әкімдігімен бірлесе жасалған өзара ынтымақтастық жөніндегі меморандумдар өз жемісін берді. Облыстағы ірі-ірі мекемелердегі тұтастай қысқартуларды қалыпқа келтіру жұмыстары жасалды. Сөйтіп,  қоғамдық толқуларға тосқауыл болды. Жалпы 2010 жылы 870 кәсіпорынмен меморандумдарға қол қойылды.

Шетелдік қатысымы бар мекемелердегі қазақстандық жұмысшылардың құқықтарын қорғау мәселелері әлеуметтік әріптестік жөніндегі үшжақты комиссияның отырысында 3 рет қаралды.

Мемлекеттік еңбек инспекциясы прокуратура органдарымен, жергілікті атқарушы билікпен және жеке кәсіпорындармен бірлесіп, еңбек ұжымдарындағы жағдайларды ушықтырмау мақсатында тұрақты жұмыс жүргізіп келеді. Құзырлы органдармен бірлесіп тындырған шаралардың нәтижесінде,  облысымызда қолайсыз әлеуметтік оқиға болған жоқ, — дейді департамент директоры Саламат Аманбаев. Оның айтуынша, облыстық Кәсіподақ кеңесімен де тығыз байланыс орнатылып, еңбек  заңдылықтарының орындалуына бақылауды күшейту бағытында бірқатар жұмыстар жасалып жатыр. Соның бір парасы —  «Ұжымдық шарт жасаңыздар» акциясы. Аталған шара аясында 2011 жылдың басында облыс бойынша 2574 ұжымдық шарттар жасалыныпты.

 

Басты мәселе — жалақы

 

Біздің облыс еңбекақы  бережағы бойынша республикада соңғы орындардың бірінде тұр. Дегенмен, жалақыны уақытында төлеу мәселесін жергілікті билік қатты қадағалап отыр. Бұл мәселе экономиканы тұрақтандыру және әлеуметтік жанжалдардың алдын алу бойынша өткізілетін штаб жиындарында жан-жақты талқыланады.

Жалақының уақытында төленбеуі басты мәселе болып отырғандығы жөнінде Саламат Ермұханұлы былай дейді:

Еңбекақының дер кезінде төленбеуіне байланысты шағымданушылар әлі көп. Әсіресе, құрылыс саласында еңбек ететіндер көбірек наразылық білдіреді. Олардың кейбірі жұмыс тобымен келіп, болған жайды баяндайды. Әрине, жұмысшылардың талаптары дұрыс. Олардың көпшілігі өз отбасыларының барлық салмағын мойнына алып отыр. Азық-түлік, коммуналдық төлемдерден бөлек, баласын оқыту, киіндіру, әлдебір себеппен алған банк несиесін төлеу үшін де еңбекақысын уақытында алғаны керек. Заң бойынша басшысынан көп ақша талап етуге құқылы болса да, олар жалақыдан басқа ешнәрсе қажет етпейді. Жалақысын алса, соған шүкір айтады.  Еңбекақыны кешіктірген жағдайда сот арқылы тек қана жалақы емес, сонымен бірге әрбір мерзімі өткен күн үшін өсім сұрап, моральдық шығынды төлеуді талап етуге жұмысшының құқығы бар.

Біздің өңірде 4-5 ай бойы жалақы ала алмаған еңбек ұжымы жоқ. Ағымдағы бережақ деген бар. Бұл — бір айдың ақшасының кешеуілдеп берілуі. Соңғы мәлімет бойынша, ағымдағы бережақ —  48 миллион теңгеге жуық.  

Айта кету керек, былтыр біздің мамандар жалпы 307 миллион теңге еңбекақы берілмегендігін анықтады. Тиісті шараларды тиімді қолданудың арқасында жұмысшылардың қарызы толық қайтарылды. 

Еңбекақылардың кешіктірілуінің негізгі себептері мынау: тапсырыстардың болмауы, өнімдерді өндірудегі қиындықтар, орындалған жұмыстарға қаржы тапшылығына байланысты тиісті төлемдердің аударылмауы.

 

Еңбек қорғалып жатыр ма?

 

Мемлекеттік инспекцияның бақылауында жалпы 9 мыңнан астам кәсіпорын мен мекеме бар. Олардың тыныс-тірлігін небары 18 еңбек инспекторы қадағалайды. Жұмыстың көптігіне қарамастан мемлекеттік инспекторлар өздеріне жүктелген міндетті мінсіз атқарып жатыр. Сондықтан біздің облыстағы бақылау және әлеуметтік қорғау департаментінің жұмысы жоғары бағаланып, үздіктер қатарында тұр. Республика бойынша алдыңғы бестікке ендік, — дейді облыстық бақылау және әлеуметтік қорғау департаментінің директоры Саламат Аманбаев.

Еңбек департаменті тұрғындармен, еңбек ұжымдарымен еңбек заңдылықтары туралы көптеген түсіндіру жұмыстарын жүргізіпті. Мысалы, былтыр 298 рет ұйымдастырылған семинар, сабақтардың басты мақсаты — еңбек заңдылығын түсіндіру. Сонымен қатар бұқаралық ақпарат құралдары арқылы 127 әңгіме, сұхбаттар ұйымдастырылған.

Мемлекеттік еңбек инспекторлары жыл басынан бері 1184 тұрғынның арыз-шағымдарын қабылдап, оның 1139-ы еңбек қатынастары мәселесі  бойынша қаралып, тиісті жауаптар берілген.

Анықталған құқықбұзушылықтар бойынша ҚР «Әкімшілік-құқықтық бұзушылықтар туралы» Кодексіне сәйкес қозғалған әкімшік істердің саны — 504. Еңбек заңын бұзушылықтарға байланысты 15 644,6  мың теңге айыппұл салынды. Сонымен қатар кәсіпорындарда болған жазатайым оқиғаларды тергеп-тексеру қорытындысымен облыстық ішкі істер департаментіне 101  арнайы тексеру материалдары жіберілді. Сол материалдар негізінде облыстық ішкі істер департаменті 16 қылмыстық іс қозғады.

Азаматтардың бұзылған құқығын қалпына келтіру мақсатында 1109 мекеме тексеріліп, заң бұзушылықтарды жою үшін 851 нұсқамалар берілді.  Еңбек департаментінің еңбек заңын бұзушылықтар туралы жасаған актілері негізінде 28 жауапты қызметкер өз жұмыстарынан босатылды. Жұмысшылардың өмірі мен денсаулығына қауіп болдырмау мақсатында мемлекеттік инспекторлар қауіпсіздік және еңбек қорғау талаптарына сай келмейтін 8 кәсіпорындағы құрал-жабдықтарды пайдалануға тыйым салды, — дейді Саламат Ермұханұлы.

Жұмыс берушілердің қауіпсіздік және еңбек қорғау заңдылықтарын сақтау жөніндегі мәселелер департаменттің тұрақты бақылауында тұр. Соған қарамастан, облыстың жұмыс берушілерінің барлығы бірдей еңбек жағдайларын жақсартуға, қауіпсіз және еңбек қорғау жағдайларын жасауға жеткілікті көңіл бөлмейді екен. Өндірістегі оқыс оқиғалар туралы департамент директоры былай дейді:

Талдау көрсеткендей, негізінен қауіпсіздік еңбек жағдайларымен қамтамасыз ету жөніндегі талаптар бұзылады. Оқытулар мен қауіпсіздік және еңбек қорғау жөніндегі нұсқаулар жеткіліксіз ұйымдастырылады. Сонымен бірге салалық және техникалық нормативтер жиі бұзылады. Осы талаптардың, ережелердің қатаң сақталмауының салдарынан, өндірісте жазатайым оқиғалар болып, жұмысшылар зардап шегеді.  

Былтыр облыста 88 оқиға болып, соның кесірінен 100  адам жарақат алды. 16 адам қаза болды. 88 оқиғаның 66-сы ауыр жағдайға жатады. 

Осының барлығы жұмыс берушілердің еңбек заңының 317-бабының 2-тармағында көрсетілгендей, жұмысшыларды оқыту және олардың білімдерін тексеру мәселелеріне тиісті көңіл бөлмеуінен болып отыр. Аталған баптың негізінде жұмысшыларды оқыту және олардың білімдерін тексеру — жұмыс берушінің тікелей міндеті. 

Еңбек инспекторлары өндірістегі жарақат алудың көбейіп кетуіне жол бермеу бағытындағы  мақсатты алдын алу және әкімшілік шараларын жүргізуде. Оның ішінде еңбек қорғау жөніндегі халықаралық стандарттар енгізген кәсіпорындармен нәтижелі жұмыс жасап жатыр.

Еңбек заңдылықтарын сақтау жөніндегі жағайларды жақсарту үшін жұмыс берушілер өндіріс қауіпсіздігі мәселелерін тиімді шешуі тиіс. Жұмысшылардың жұмыс жағдайын жақсарту, кәсіби тәуекелділікпен басқару, сондай-ақ, өндірісті қауіпсіз жаңа технологиялар мен құрал-жабдықтармен қамту қажет. Бұл шараларды жүзеге асыру жұмыс берушілердің, әсіресе шетелдік қатысымы бар мекемелердің қауіпсіздікті және тұрақтылықты қамтамасыз етуіне, аумақтағы әлеуметтік-психологиялық жағдайларды жақсартуға септігін тигізеді.    

 

Саламат Ермұханұлы Аманбаев

 

  • 2008 жылдан бастап Ақтөбе облысы бойынша Бақылау және әлеуметтік қорғау Департаментін басқарады.
  • Мемлекеттік қызметте 20 жылдан астам уақыт қызмет жасайды.
  • 2 жоғарғы білімі бар (экономикалық және заңгерлік)

– Алматы Халық-шаруашылығы институты, экономист мамандығы бойынша, Алматы қаласы

– Мәскеу Мемлекеттік Заңгерлік Академиясы, Заңгер мамандығы бойынша, Мәскеу қаласы

  • 1990 жылдан бастап қаржы-салық жүйесінің әр түрлі басшылық қызметтерінде

Еңбек жолында аудандық дәрежедегі басшылық қызметінен (Алға ауданы бойынша салық инспекциясының басшысы) бастап Министрліктің басқару құрамына дейін (Қазақстан Республикасы Қаржы Министрлігінің Заң қызметтері Департаменті директорының орынбасары, Астана қаласы) жұмыс жасаған.

ҚР ҚМ Астана қаласы бойынша аймақаралық №1 Салық комитеті төрағасының орынбасары, Ақтөбе облысы бойынша Салық комитеті төрағасының орынбасары, Ақтөбе облысы бойынша Қазынашылық басқармасының бастығының орынбасары, Ақтөбе облысы бойынша Қаржылық бақылау басқармасының бастығының міндетін атқарушы қызметтерін атқарған.

1994 жылы Францияда тәжірибеден өткен.

Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button