«Ақтөбе» — 100!

Ғасырлық басылымның белесі

«Ақтөбе» газетінің 100 жылдық мерейтойы қарсаңында облыстық басылымдарды біріктіретін «Ақтөбе Медиа» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі қызметкерлері педагогтердің біліктілігін арттыру институтында ұстаздармен кездесті. Кездесу барысында қос газеттің бірқатар тұрақты оқырманы марапатталды.

Алдымен сөз алған «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» акционерлік қоғамы Ақтөбе облысы бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтының директоры Нұргүл Әбішева бірнеше жылдан бері ғасырлық тарихы бар «Ақтөбе» және «Актюбинский вестник» газеттерімен өте тығыз байланыста жұмыс жасап келе жатқандарын айтты.

Институт қызметкерлері мен онда біліктілігін арттыру курстарынан өтіп жатқан мұғалімдер үшін «Ақтөбе Медиа» ЖШС-ның ескі газет тігінділері мен музей экспонаттарынан арнайы көрме жасалды.

Кездесу барысында«Ақтөбе Медиа» ЖШС директоры, Қазақстан Журналистер одағы облыстық филиалының төрағасы Раукен Отыншин қазіргі таңда өңірде баспасөзге жазылу науқаны жүріп жатқанын жеткізіп, облыстық қос басылымның жылдар бойы тұрақты оқырмандары болып келе жатқан білім саласы қызметкерлеріне зор алғысын білдірді.

1924 жылы алғаш рет «Кедей» деген атаумен шыққан «Ақтөбе» газеті бір ғасыр бойы оқырмандарымен бірге жасап келеді. Сан түрлі тосқауылдарға тап болса да, газет оқырмандары азайған жоқ. Бүгінде заманның, уақыттың талабы өзгергенмен басылымдар келелімәселелерді көтеріп, оқырман көңілінен шығып келеді.

Дәрігерлер, мұғалімдер, мәдениет саласының өкілдері және мемлекеттік қызметкерлер — облыстың шежіресін жасап келе жатқан қос газеттің негізгі оқырмандары. Бүгін сіздердің алдарыңызға келіп отырғандағы мақсатымыз — өңірдің әр ауданынан келген ұстаздар қауымымен кездесіп, жылдар бойы біздің басылымдарға жазылып келе жатқан оқырмандарымызға құрмет көрсету, — деді Раукен Отыншин.

Іс-шарада «Ақтөбе» газетінің бас редакторы Сәтжан Дәрібай, «Актюбинский вестник» газетінің бас редакторы Гүлсім Назарбаева және «Үш таған» журналының бас редакторы Ертай Ашықбаев сөз сөйлеп, оқырмандарға жылы лебізін білдірді.

Институттың тренері, тарихшы Гүлнар Әбілхайырова газет ұжымына алғысын білдіріп, мұғалімдерді мерзімді басылымдармен шығармашылық байланыста болуға шақырды.

Ақерке САТЫБАЛДЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button