Мереке

Тілі бірдің — тілегі бір

Мәртөк ауданы Аққұдық ауылындағы Вознесеновка орта мектебінің директоры

Артем Райзихті ақтөбеліктер жақсытаниды. Ұлты басқа болса да, қазақшаға судай, көп жылдан бері білім саласында абыройлы еңбек етіп келе жатқан жігіт — қазір Мәртөк аудандық мәслихатының депутаты. Жан-жақты, жұмысына адал, пысық әрі елгезек Артемді Аққұдық ауылының жұрты ерекше сыйлайды.

Артемнің туған жері — Темір ауданының Кеңқияқ ауылы. Ол орта мектепті аяқтаған соң Орал қаласындағы М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетіне оқуға түсіп, 2015 жылы оқу орнын тарих пәнінің мұғалімі мамандығы бойынша бітіріп шықты.

Еңбек жолын алғаш рет Мәртөк ауданындағы Шаңды негізгі мектебінде тарих және география пәнінің мұғалімі болып бастады. Содан бергі он жыл ішінде ол осы аудандағы бірнеше білім ордасында мұғалім, директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары болып қызмет етті. 2022 жылдан бастап Вознесеновка орта мектебінің директоры болып еңбек етіп келеді.

Қазір шағын жинақталған мектепте 77 бала оқиды.

— Білім саласындағы жалпы еңбек өтілім — 11 жыл. Осы уақыт аралығында жас буынға сапалы білім мен тәрбие беруде бар күш-жігерімді салып келемін. Мен үшін мектебімнің жетістіктері, көрсеткіштері басты орында тұрады. Шағын ауыл болса да, Аққұдық — көп ұлт шоғырланған, табиғаты әсем мекен. Бірлігі жарасқан елді мекенде барлық ұлттың өкілі қойы қоралас, үйі аралас болып тату-тәтті ғұмыр кешуде. Ауылымызда тұрғындардың жайлы өмір сүруі үшін барлық жағдай жасалған. Орта мектеп, клуб, кітапхана, дәрігерлік амбулатория, мектеп жанынан ашылған шағын орталық жұмыс істейді. Негізінен, ауыл халқы мал, егін шаруашылығымен айналысады. Кейбір шаруалар мал азығын дайындап, содан табыс табады, — дейді ол.

Артеммектепте оқып жүрген кезінде-ақ қазақ тілін үйреніпті. Оның отбасы бүгінде қазақтың салт-дәстүр, әдеп-ғұрпын ұстанады екен. Қашанда қазақ десе бүйрегі бұрып тұратын неміс ұлтының өкілі қазақ қызына үйленіп, қазір жары Әсел екеуі отбасында екі қыз тәрбиелеп отыр. Келіншегі ағылшын тілінен сабақ береді.

— Осындай көпұлтты мемлекетте тату-тәтті өмір сүріп жатқан біз бақыттымыз. Қашанда бірлік пен татулықтың туын биік ұстап, өзгелерге жанашырлықпен қараған қазақ халқы — талай қиындық көрсе де, шүкіршілігі таусылмаған халық. Тарих беттерінен оқып-білгеніміздей, қазақта жаужүрек батырлар көп болған. Қазір де қазақ жігіттерінің арасында өз білімімен, өнерімен танылып жүргендер көп. Бір Димаштың өзі он адамға татиды. Меніңше, қазір ақыл-біліммен озатын заман. Сондықтан білім саласында еңбек етіп жүргендіктен, жас буынға білгенімізді үйретіп, олардың білімді, ақылды, болашағы жарқын болуына атсалысуымыз керек. 

Қазір біздің мектебімізде балаларды мемлекеттік және орыс тілдерінде білім алады. Ұстаздарымыз сапалы білім беру жолында аянбай еңбек етіп келеді. Мен осындай бірлігі жарасқан, ұйымшыл халқы бар ауылда тұрып жатқаныма қуанамын, — дейді Артем.

Аққұдық ауылы Ресеймен шекаралас орналасқан. Алайда мұндағы өзге ұлт өкілдерінің көбі қазақ тілінде еркін сөйлейді. Артемнің айтуынша, Қазақстанда тұрған әрбір адам мемлекеттік тілді білуі керек, сондай-ақ қазақ халқының ұлттық құндылықтарын құрметтеуге тиіс.

Біз отбасымызда қазақтың ұлттық салт-дәстүрін ұстанамыз және барлық мерекелерді отбасымызбен атап өтуге тырысамыз.Мен үшін Қазақстан — осында тұрып жатқан барша азаматтың ортақ үйі, Отаны. Сондықтан ұлтқа, ұлысқа бөлінбеуіміз керек, — дейді ол.

Алға қойған мақсаты айқын, еңбекқор, қазақпен тілі де, тілегі де бір Артем Райзих сияқты көпке үлгі болатын жігіттеріміз көп болсын!

 Данагүл ҚАЗИХАН.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button