Мереке

Қазаққа келін болған чех қызы

1 мамыр — Қазақстан халықтарының бірлігі күні қарсаңында Алға ауданындағы көпұлтты Болгарка ауылында тұратын чех қызы — қазақтың келіні Ольга Гроссманмен сөйлескен едік…

Ольга Владимирқызы 1969 жылы Темір ауданындағы бұрынғы Дружба кеңшарындадүниеге келген. Әкесі Владимир — чех, анасы Галинаның ұлты — орыс. Ауылдағы мектепті бітірген соң,Ольга облыс орталығынакеліп, кондитер-аспаз мамандығы бойынша оқуға түседі. Кейін Болгарка ауылының Сәбит есімді  жігітімен танысып, сөз байласады. Осылайша чех қызы қазақтың келіні атанады.

Сәбитпен 1996 жылы таныстым. Сол таныстық менің өмірімді түбегейлі өзгертті. Өйткені дәл сол уақытта әкем мен туыстарым Чехияға кету үшін құжаттарын дайындап жатқан. Сөйтіп, олар тарихи отанына кетті. Бірақ анам осы жақта қалды. Ал мен екі жыл кездескен сүйікті жігітіме тұрмысқа шықтым.  Көпбалалы қазақ отбасына келін болып түстім. Бақытыма орай, түскен жерім мені өз баласындай қабылдады. Енемнің арқасында қазақтың барлық салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпын үйрендім. Екінші анам жақында 85 жасқа толды. Ол — мен үшін үлкен құрметке лайық жан. Ата-енемнен бөлек тұрамыз деген тек аты ғана. Көрші тұрамыз. Біздің қазіргі тұрып жатқан үйіміз — Сәбиттің атасының шаңырағы. Сол үйдің түтінін түтетіп, ошағын сөндірмей келемін, — дейді ол.

Сәбит екеуі Диана есімді қыз өсіріп, құтты орнына қондырған. Орыс ұлтының жігітіне тұрмысқа шыққанымен Диана қазақтың тілі мен салт-дәстүрін жақсы біледі. Өйткені жүрегі қазаққа айналған Ольга отбасында қазақтың барлық әдет-ғұрпын сақтауға тырысатындығын айтады.

— Мереке сайын үйде қазан көтеріп, ет асамын. Міндетті түрде бауырсақ пісіремін. Соңғы жылдары Наурыз мейрамында наурызкөже дайындауды дәстүрге айналдырдым. Мен бұл ұлттық тағамды енемнің әдісі бойынша әзірлеймін. Қонақ шақырғанда дастарқаныма чех асханасынан да түрлі тәттілер қоюға тырысамын, — дейді 13 жылдан бері ауылдағы мектеп асханасында аспаз болып жұмыс істейтін Ольга.

Кейіпкеріміз1 мамырдың балалық шағын есіне түсіретін естелікке толы мерекелердің бірі екенін айтады.

— Мен туып-өскен ауыл көпұлтты ауыл болатын. Бұл ауылда сондай.Болгаркада қазақ, болгар, орыс, украин, башқұрт, татар, чех, молдаван, удмурд  ұлтының өкілдері бар.Ауыл тұрғындарының түрі басқа болғанымен, тілегі — бір, діні басқа болғанымен, жүрегі — бір.Ауызбіршілігіміз өте жоғары.Тілегі мен жүрегі бір адамды ешқандай кедергілер ажырата алмайды, — деген кейіпкеріміз Қазақстан халқының бірлігі күні қарсаңында елімізге тыныштық, ал әрбір қазақстандыққа амандық тілейтінін айтты.

Ақерке САТЫБАЛДЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button