Мереке

«Татулығымызға сызат түспесін!»

Біздің елде түрлі этнос өкілдері бір үйдің баласындай тату-тәтті өмір сүріп жатыр. Түрі басқа, тілегі бір ұлт өкілдері арасында ауызбіршілік пен татулықтың болуы — Қазақстан халқы Ассамблеясы ұйымының жемісі. 1995 жылы негізі қаланған Ассамблеяның аясында шешендер мен ингуштардың «Вайнах» атты қоғамдық бірлестігі алғашқылардың бірі боп құрылған.

— Бірлестікте қазір 300-дей ғана мүше бар. Олардың бос жүргені жоқ. Бірі кәсібін жүргізіп отырса, тағы бірі шаруашылықта еңбек етеді. «Қоғамдық келісім» мекемесі ұйымдастыратын барлық іс-шараға белсене атсалысамыз. Қоғамдағы болып жатқан жағдайларға да бейжай қарай алмаймыз, қолымыздан келгенше көмектесеміз. Жақында топан суға байланысты болған төтенше жағдай кезінде алғы шепте жүрген сала қызметкерлеріне ыстық тамақ, эвакуациялық пунттерде орналасқан тұрғындарға қажетті тұрмыстық заттар мен азық-түлік  апарып бердік. Көктем басталғалы республикалық «Таза Қазақстан» акциясы аясында сенбі сайын тұрып жатқан қаламыздың тазалығына атсалысамыз, — дейді облыстық «Вайнах» шешен-ингушэтномәдени бірлестігінің төрағасы Насруди Саламов.

Шешенстанда туып, 25 жасында Қазақстанға келіп, осы жерде тұрақтап қалған ол орысша сөйлейді, қазақ тілін түсінеді. Жасы алпысты алқымдаған құқық қорғау саласының ардагері достарының 98 пайызы қазақтар екенін айтады.

— Біз де қазақтар секілді үлкендермен ақылдасамыз, бірлестік жанында Ақсақалдар кеңесі бар. Сосын шешен халқы дақазақтар сияқты қыздардың ашық-шашық жүруіне қарсы. Егер сондай жағдай болса, тәртіп бұзуға жол берген ата-анасы сынға алынады. Шешен жігіттері әйелді ешуақытта төмен санамайды, керісінше, ерекше құрметтейді. Шариғатта да әйелдердің рөлі ер- азаматтармен тең болмаса, олардан төмен емес, — дейді Насруди Саламов.

Кейіпкерім «Вайнах» бірлестігінің ақсақалдары өскелең ұрпаққа «Қазақтардың жақсылығын ешуақытта ұмытпаңдар» деп отыратынын айтты. Тарихтан білетініміздей, Екінші дүниежүзілік соғысы жылдарында тағдырдың айдауымен Қазақстанға депортацияланған шешендерқазақтардың қайырымының арқасында аман қалыпты.

— Қиын-қыстау кезеңде аталарымызға кеңпейілділік танытып, бауырына тартқан қазақтарға алғысымыз шексіз. Ассамблеяның кешегі отырысында ел Президенті атап айтқандай, бірлік пен ынтымақ  — басты құндылығымыз. Ендеше, татулығымызға сызат түспесін, еліміз тыныш болсын! Аман болайық! — дейді «Вайнах» қоғамдық бірлестігінің төрағасы.

Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button