Әлеумет

Ақтөбенің сәуірдегі жұлдызды аспаны

21 наурыз күні температура +1ºС болды және түс ауа Күн өзінің нұр-шуағын аямай төкті. Күн Балықтар шоқжұлдызында болып, түн мен күндіз теңелді, осы шоқжұлдызда сәуірдің 17-сіне дейін болып, 18 сәуірде Тоқты шоқжұлдызына енеді. Ал, 22 наурызда туған Ай толықсып, 6 сәуірде толған Ай болды, ол бір аптадан соң соңғы ширегіне көшіп, 21 сәуірде Жаңа Ай туады. Бірақ оны көру мүмкін болмайды, себебі Күн мен Ай Тоқты шоқжұлдызында болып, батыс (W) нүктесінің солтүстік жағында тұрады, ол нүктені астрономияда «азимуты 100º болды» дейді. Сағат 21.00-ден кейін жұлдызды аспаннан тастөбеге жақындап тұрған Жетіқарақшыны көруге болады, ол Темірқазықтан жоғары орналасады, бұдан төмен латынның «W» әрпіне ұқсайтын жұлдыздар тобы — қазақтар Қарақұрт (Кассиопея) деп атайтын шоқжұлдыз көрініп тұр, одан төмен көкжиектің шығыс жағында Лира шоқжұлдызының Вега жұлдызы жарқырайды. Ал Жетіқарақшының оң қол жағында оңтүстік-шығыста парашют тәріздес шоқжұлдыздың Арктур жұлдызы жарқырап тұр,  оны Сиыршының (Волопас) альфасы дейді. Егер оңтүстік бағытқа бұрылып, қарасақ, Арктурдан төменірек оңтүстік-шығыстан Бикеш (Дева) шоқжұлдызының ең жарық жұлдызы Спиканы көреміз. Тастөбеден төмен оңтүстікте батысқа қарай аузын ашып, ақырып тұрғандай Арыстан шоқжұлдызын көреміз, оның төменгі жағында, алдынғы аяғында орналасқан Регул жұлдызы жарқырайды. Одан жоғарырақ Жетіқарақшыдан батыс жақта қазақтар Босаға дейтін төрт жұлдыз (Егіздердің альфасы мен дельтасы және Жетекшінің альфасы мен дельтасы) көрініп тұр. Батыста Үшарқар шоқжұлдызы, өзінің қызыл түсті алып жұлдызы Бетельгейзе және солтүстік-батыста Үркер жұлдыздар шоғыры батқалы тұр. Сүмбіле жұлдызы да жарқырап оңтүстік-батыста көкжиектен көрінеді. Батыстан сәл солтүстік жақта Үркердің Сұлусары қызы (Торпақтың альфасы — Альдебаран) жарқырап көрінеді.

Енді бетімізді көкжиектің солтүстік тұсына бұрсақ, сонда, Жетіқарақшының Шөміш сабының төменгі жағында Ақбозат пен Көкбозат үстінде көзге елерліктей болып көрінген жалғыз жұлдыз тұр, бұл қазақтың Күзетші дейтін жұлдызы (ол Айдаһар шоқжұлдызының альфасы) аттарды таң атқанға дейін күзетеді.

Сөйтіп, сәуірдің әр түні жұлдызды аспандағы шырақтарды қызықтап қараумен қатар, сайрандарды да (планеталарды да) көруге болады. Жай көзбен қарағанда сайрандарды жұлдыздардан айыру мүмкін емес, бірақ  дүрбі  не телескоп пайдалансақ, онда сайрандар үлкейтіліп көрінеді (8 еседен 500 есеге дейін). Мысалы, Шолпанды Сұлусарының маңынан бинокльмен қарап тамашалауға болады.

Сәуір айының басында Шолпанды Үркер шоғырының маңында көріп қана қоймай, тіпті Үркердің кейбір жұлдыздарын бүркегенін де қызықтауға болады. Шолпан Торпақтың этасы — Альционның қасынан 3 сәуірде өтті. 17 сәуірде Торпақтың альфасы — Альдебараннан 10º-тай солтүстікте өтеді. Сәуірдің екінші жартысында сайрандардың көріну мерзімі қысқарады, себебі түн мезгілі жеткілікті түрде қысқарады (шамамен 3,5 сағаттай-ақ болады). 29 сәуірде Шолпанның жарқырауы максималды шамаға жетеді, яғни Шолпан мүмкін болатын аралыққа дейін жақындайды.

Сәуірде Марс планетасы кешкі мезгілден таң атқанға дейін Арыстанның Регул жұлдызының шамамен 5º-тай шығыс жағында көрініп тұрады. 15 сәуірде траекториясының қозғалмайтын нүктесіне жетіп, содан жыл аяғына дейін шегіну жүрісін алға жүруге алмастырады. Көріну мезгілі сәуірдің соңына таман 8,5 сағаттай болады.

Юпитер (Есекқырған) сайраны көкжиекке жақын батыс жақта шамамен 2 сағаттай уақыт көрініп тұрады, одан соң оның Күннен қашықтығы артып, көрінерлік жұлдыздық шамасы кемиді де, бір сағаттай көрінетін болады, айдың соңында кешкі күн шапағымен ғана байқай аламыз.

Сатурн Бикештің Спика жұлдызының маңында болып, Күнге қарсы тұруы 15 сәуірде болады да, кері жүрісімен Жерден алыстай бастайды. Оның сақинасы қырынан көрінетіндіктен оны көру қиын болады. Дегенмен, Сатурнды тек сәуір-мамыр айларында ғана бақылауға болады.

Басқа планеталардың көріну деңгейі өте төмен болғандықтан, оларды әңгіме етпейміз.

Сәуір айының 16-25 түндерінде ақпа жұлдыздарды тамашалауға болады. Оларды түн ортасынан ауа қарасаңыздар, радианты (шыққан нүктесі) Лира шоқжұлдызында сияқты болып көрінгендіктен, ақпа-жұлдыздар ағынын «Лиридтер» дейді, олар бір сағаттай уақыт мерзімде әртүрлі бағытта 90-ға жуық жарық сызық сызып көрінеді, микроннан бірнеше сантиметрдей болатын тасты түйіршіктерден тұратын олар үлкен жылдамдықпен ауа қабатына еніп, үйкеліп, жанып тұрғандай болып көрінеді.

 Сағынбай ӨТЕНИЯЗОВ,

Ақтөбе облыстық планетарийіндегі «Үркер» үйірмесінің жетекшісі.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button