Мереке

«Қазақтарға мәңгілік қарыздармыз»

Геннадий Югай — ислам дінін қабылдаған кәріс. Ол бұдан екі жыл бұрын 82 жастағы анасын Меккеге апарып келген. Жүрегі қазақ деп соққан кейіпкеріміз өзінің кәріс екенін 10 жасында біліпті.

Геннадийдің ата-әжесінің тағдыры да Қазақстанға Қиыр Шығыстан күштеп қоныс аударылған өзге кәрістердікіне ұқсас: 1937 жылдың қытымыр қысында өздері көріп, білмек түгіл, естімеген қазақ топырағына көшіріледі.Бір-ақ күнде мыңдаған кәріс жүк пойызына мініп, туған жермен мәңгілікке қош айтысып кете барған. Ұзақ жолда аштықтан өлгендер де көп болыпты. Арада біршама күн өткенде Геннадийдің ата-әжесі мінген пойыз бір топ кәрісті қазіргі Мұғалжар ауданының территориясына түсіріп кетіпті. Содан олар жаяу-жалпы 100 шақырым қашықтықтағы Бөгетсайға жол тартқан. Ашқұрсақ әрі үстерінде жібі түзу, жөнді киімі де жоқ біраз кәріс Бөгетсайға жете алмай, жолдашейіт болған. Аман-есен жеткендері қазіргі Әйтеке би мен Хромтау аудандарының ауылдарына қоныстандырылған. Бұларды әскерилер ауыл тұрғындарына «адамжегіштер» деп таныстырыпты. «Адамның етін жейді. Сол себепті де бұл құбыжықтар елдерінен қуғынға ұшырап келген. Олардан аулақ жүріңдер, көмектеспеңдер» деп нықтап айтқан. Дегенмен кеңпейіл, дархан көңіл, бауырмал қазақтар олардың сөздерін елемепті де. Кәрістерді құшақ жая қарсы алып, қолдарындағы барымен бөліскен.

«Біз Қазақстанға аштықтан кейінгі ауыр жылдары көшіп келдік. Ауыртпалықтан өздері әлі еңсе көтере алмай жатқан қазақтардың жүрегінің кеңдігі ғой, бізге барынша қолдау білдіріп, қамқорлық көрсетті», — дейтін ата-әжеміз.

Геннадийдіңәкесі — Николай Югай, анасы — Надежда Ким. Тағдырлас жандар бір ауылда, бір мектепте, бір сыныпта оқыған. Олар Бөгетсайда бас қосқан. Геннадий — шаңырақтың кенжесі. Әкесі қазіргі Хромтауға қарасты Амангелді ауылында (сол кездегі№4 фермасы) ферманың меңгерушісі болған. Кәріс азаматы қазақ ауылында алғаш ұлық мереке — Наурызды тойлауға ұйытқы болыпты.

«Бұл — 1991 жыл, ел Тәуелсіздігін алған кезеді. Жоғарыдан Наурызды тойлау туралы тапсырма келіпті. Әкем — ферма меңгерушісі. Ел арасында ұмытыла бастаған ұлттық мерекені қалай тойлайтынын әкем досы әрі ферманың малдәрігері Ахметжан аға екеуі ауыл ақсақалдарынан сұрап біліпті. Сөйтіп,алтыбақан құрылып, ат жарыс, қазақша күрес, гір көтеру ұйымдастырылды. Ірі қара сойылып, қазан асылып, наурыз көже пісірілді. Әлі есімде ұлттық киімді тұрғындар қолдан жасады. Яғни көйлекке қағаздан ою ойып, жабыстырып киді, — дейді Геннадий.

Шағын ауылдағы бір ғана кәріс отбасы— осы Николай Югайдың отбасы еді. Кішкентай Гена қазақ ортасына әбден сіңісіп кеткен. Ата-анасы күнұзақ ферма жұмысында болғанда ол жатсынбай ауылдың кез келген үйіне еркін кіріп, тамақтанып, балалармен бірге ойнайтын. Амангелдідегі 30-40 үйдің баласы бір үйдің балаларындай тату өсті. Бастауышты бітірген соң кеңшар орталығы Бөгетсайдағы мектепте орта білім алды. Екі ауылдың арасы жақын. Бірде бір топ бала мектептен шығып, ауылға келе жатқанда жолда әбден ескірген, есік,терезесіде жоқ «Нива» көлігін кездестіреді. Көлікті үсті-басы алау-далау, шашы қопыраған, ұсқынсыз адам жүргізіп барады екен.

«Түрі сондай қорқынышты адамға қорқа әрі таңырқай көп қараған болуым керек, қасымдағыбалалар: «Бұл кәріс қой. Бөгетсайдың маңында қарбыз өсіреді», —деді. Арамыздағы бір бала: «Түнде, ел-жұрт ұйқтауға жатқанда әлгі кәрістің бақшасынан барып, қарбыз ұрлайық», —деп ой тастады. Бәріміз оны бірауыздан қолдай кеттік. Кәріскісінің күзеттері мықтыекен. Таңға жақын 5-6 қарбызды әзер ұрладық. Үйге келген соң әкем мен анама: «Кәріс деген бір ұсқынсыздау халық екен» деп бастап,кеше жолда көргенімді баяндап бердім. Әкем мен анам бір-біріне қарап, үнсіз жымиды. Содан кейін әкем: «Балам, біз де кәріспіз. Сенің ұлтың — кәріс» дегенде қатты таңғалдым. Бұл кезде мен 10 жаста едім», — дейді кейіпкеріміз.

Геннадий — ислам дінін қабылдаған кәріс. Ол бес мезгіл намаз оқиды. Екі жылбұрын Геннадий анасын Меккеге апарып, кіші қажылық жасап келіпті. Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың киелі жерге сапары кейіпкерімізге ерекше әсер етіпті. Мемлекет басшысы Қасым-ЖомартТоқаевтың қасиетті Қағбаға баруы Геннадийдің  «Меккеге барсам» деген ойына қанат бітірген.

«Осыдан екі жыл бұрын туыстар болып, анамның 82 жасын атап өткенбіз. Дастарқан батасын берген анам сөзінің соңында: «Геннадий балам мені Меккег еапарып келсін» деп дұға етті. Анамның бұл сөзіне оған білдірмей үй ішіндегілер болып, күліп алдық. «Жасы болса біразға келді. Қасиетті жерге барғысы келген көңілі ғой» дедік. Оның үстіне қолымызда артық қаражат та болмаған-ды. Содан арада екі-үш ай өткенде Алланың қалауымен Меккеге барудыңс әті түсті. Кәсібім берекелі болып, қомақты ақша таптым. Іле-шала анам екеумізге билет алдым. «Ақшаны мен таптым» деп айтудың өзі артық, мұның бәрі — Алланың сыйы еді, анамның дұғасықабыл болды. Расында, мен анамды емес, анам мені Меккеге апарып келді», — дейді кейіпкеріміз.

Геннадий біраз жыл мамандығы бойынша кеден саласында қызмет еткен. Қазір жеке кәсіпкер.

Ол — көпбалалы әке. Зайыбы Светлана екеуі 4 бала тәрбиелеп, өсіріп отыр.

«Жарым Светлана (кәріс қызы) екеуміз қазақтың атастыру ғұрпы бойынша отау тіктік. Мен қаңтарда, ол сәуір айында дүниеге келдік. Досының үйіне құтты болсын айтуға барған әкем әзілдеп: «Екі бала бір-біріне өмірлік серік болсын. Қызыңды бересің бе, менің ұлыма атастырайын», — депті. Атамыз келіскен. Светлана екеуміз бірге ойнадық, балабақшаға да, мектепке де бірге бардық. Содан бір-бірімізге бауыр басып кеттік. Сөйтіп, шаңырақ көтердік.

Балаларымыз қазақшаға шорқақ. Олардың қазақ тілін үйренуіне күш салып жатырмын.Кіші қызымды домбыра үйірмесіне бердім. Ол күні кеше өнер сайысында бас жүлде алды.

Қазақ тілін шексіз құрметтеймін. Менің тілім қазақ тілінде шықты. Сол себепті де мен үшін қазақ тілі — ерекше қуатты тіл. Расында, қазақ тілінің болашағы жарқын, әлемдегі ең бай тіл», — дейді Геннадий.

Ол әңгімесін: «Қазақтарға мәңгілік қарыздармыз. Ата-бабаларымыздың Қазақстанға келуі бізді шексіз нығметке бөледі, исламдінін, хақ дінін қабылдадық», — деп аяқтады.

Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button