Мереке

Еленаның әлемі

Елена Игнатованың есімі ақтөбеліктерге жақсы таныс. Ол — суретші, дизайнер, шебер, флорист, сондай-ақ өз қолымен түрлі бұйымдар жасап шығаратын украин қызының туындылары түрлі жәрмеңкелерде көпшілік назарына ұсынылып, көрме залдарынан орын табады.

Граттаж әдісіндегі туындылар

Жыл басында облыстық өнер музейінде Еленаның жеке көрмесі ұйымдастырылды. Ақтөбе қаласының 155 жылдығына арналған көрме «Қаңтардағы жаз» тақырыбында өтті. Белгілі суретші, Қазақстан Дизайнерлер одағының мүшесі Елена Игнатованың қыл қаламынан шыққан туындыларды көруге келушілер қатары көп болған.  Суретшінің жеке көрмесіне 60-тан астам жұмысы қойылды. Бір ерекшелігі — «Күз», «Қыс», «Жаз» және «Көктем» жыл мезгілдері сериясымен көпшілікке ұсынылған туындылары — граттаж техникасымен салынған. Бұл туралы суретшінің өзі: «Граттаж — француз тілінен аударғанда «grater» — «тырнау» деген мағынаны білдіреді. Мұндай техникамен сурет салу үшін арнайы құралдар қажет болады. Ең бастысы — қалың қағазға балауыз немесе сабын жағылады. Содан соң оның үстінен жалпақ қылқаламмен қою бояу жағып, қиялымыздағы суретті саламыз», — деді Елена.

Суретші натюрморт, пейзаж жанрында сурет салғанды жаны сүйеді. Себебі оның туындыларының қатарындағы «Ата-анамның үйі», «Табиғат»тәрізді картиналарын ол сәтті шыққан жұмыстарының бірі санайды.

Елена алғашқы көрмесін 2012 жылы ұйымдастырған. Бұл — оның осымен төртінші рет өткізген жеке көрмесі.

Бүгінде оның майлы бояумен туған өлкенің табиғатын бейнелеген «Таң» атты картинасы Қазақстан Республикасының Ұлттық музейінде тұр.

Дизайнердің дәрісі

Елена Игнатова 1972 жылы Ақтөбе қаласында дүниеге келген. 1979 жылы мектеп табалдырығын аттаған ол бастауыш сыныпта оқып жүрген шағында-ақ түрлі іс-шаралар мен байқауларға белсенді қатысады. Себебі ол жастайынан сурет салуға құштар болып өседі. Он жасында қаладағы көркемсурет мектебіне түсіп, оны үздік бітіреді. Бала күнінен түрлі көрмелерге қатысқан суретші қыз кейін Ақтөбе мәдени-ағарту училищесін ойдағыдай аяқтап, мектепке дейінгі балалар мекемесіне бейнелеу ісінен тәрбиеші ретінде қызметке тұрады. Еңбек еткен жылдарында ол сан мәрте біліктілікті арттыру курстарынан да өтті. Кейіпкеріміз кейін бірқатар баспаханада дизайнер болды. Айтпақшы, Мәскеу қаласындағы «Print-Klass» баспаханасында тағылымдамадан өтуі Еленаның кейін бірқатар баспа үйлерімен көпжылдық ынтымақтастықта бірлесе жұмыс жасауына өз пайдасын тигізіпті. Осындай баспа үйлерінің бірі — туристік карталар мен кәдесый өнімдерін, сондай-ақ Ақтөбе кондитерлік фабрикасы үшін кәмпитқаптамасының дизайнын ойлап табуда Еленаның еткен еңбегі зор.

Елена 1998 жылдан бастап Ақтөбе қаласында «CorelDraw», «Adobe Photoschop», «3D max», «Дизайн негіздері» сияқты графикалық редакторларды зерделей отырып, жоғары сынып оқушыларына, студенттерге және ересек тұрғындардың білім деңгейін арттыру, дизайн саласында жаңа дағдылар алу мақсатында компьютерлік графикадан сабақ береді. Нәтижесінде 2000-нан астам оқушы жеке оқытудан өткен.

Кейін Ақтөбеде бейнелеу өнері және сызу мамандығы бойынша жоғары білім алған кейіпкеріміз бір жылдары ерікті ретінде қаламыздың мәдени іс-шараларына да белсенді қатысқан.

Шығармашылық ізденістер

Еленаның шығармашылығының нағыз шарықтау кезеңі оның облыстық халық шығармашылығы үйінде қызметке тұрған уақыттан басталғандай. Сол тұста ол қалалық, облыстық іс-шараларға қатысып, аудандарға жиі барды. «Қазақстан Дизайнерлер одағы» республикалық қоғамдық бірлестігінің Ақтөбе облыстық филиалына қабылданған уақыты да осы кезбен сәйкес келеді. 2009 жылы «Қазақтардың зергерлік өнері. Дәстүрлі техникалар мен жаңашылдық» халықтық дәстүрлер мен қолөнерді жаңғырту бойынша өткен көрмеде кейіпкеріміздің туындылары көпке танылады.

2009 жылдан 2012 жылға дейін облыстық Достық үйінде суретші-дизайнер болып жұмыс істей жүріп, этномәдени бірлестіктермен ынтымақтасып, түрлі мәдени іс-шараларда сахнаны безендірумен айналысты. Ол колористика, композиция, декорға тән элементтерді пайдалана отырып, этникалық костюмдердің эскиздерін әзірледі, аксессуарлар, ою-өрнектерді түрлі бұйымдардан жасап шығарды. Ол мұндай бұйымды өзі жасап қана қоймай, Қазақстан халқы Ассамблеясының көркемөнер студиясында балаларды, сондай-ақ жастар мен талғампаз жастағы адамдарды этникалық стильде бұйымдар жасап үйретумен айналысты. Осылайша көптеген жанның кәсіби шеберлігін жетілдіруге ықпал етті. Шығармашылық қызметінің осы кезеңінде ол жастарға көркемдік талғамды, қызығушылықты ояту және этникалық костюмді сақтау үшін «Этномода» байқауын, олардың шығармашылық әлеуетін ашу үшін «Қазақстан — жастар көзімен» жаңадан бастаған фотографтарға арналған байқау сияқты бірнеше іс-шаралар да ұйымдастырады.

2012 жылдан бастап «Оксана» украин этномәдени орталығымен ынтымақтастық басталды. Менің атам Украинада дүниеге келген, бала күнімнен украин әндерін естіп өстім. Себебі тәтем мен әкемукраин әндерін жиі шырқайтын. Сондай-ақ украин асханасының тағамдарын көп әзірлейтінбіз. Ата-бабаларым өткен ғасырда Ақтөбе аймағына қоныс аударған. Мен олардың үшінші ұрпағымын, — дейді Елена.

Кейіпкеріміз облыстық өнер музейінде экскурсовод болып қызмет істеген жылдары Ақтөбе суретшілерінің шығармашылығын насихаттады, оқушыларға, қала тұрғындары мен қонақтарына түрлі экскурсиялар да жасады.

P.S. Кейіпкеріміздің ең сүйікті ісі — гүл өсіріп, ас әзірлеу. Бөлме гүлдерін өсірумен қатар, ол аула гүлдерін де күтіп-баптағанды жаны сүйеді. Ерте көктемнен осы іске қамданатын Елена қазір гүл тұқымдарын сорттап, егуге кіріскен.

 Айтпақшы, Еленаның бөлмесінде «Жүзжылдық» аталатын гүл гүлдеп тұр. Бұл — мұндай өсімдіктердің арасында сирек кездесетін құбылыс.

 Арайлым НҰРБАЕВА.  

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button