Әлеумет

Бұқара

Үлгі

Майраның мақсаты

Бұл Майраны біршама уақыттан бері танитынбыз. Ілгеріректе Тәуіптегі «Ақсақал-Тәуіп» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің есепшісі болып, ірі шаруашылық құрылымының кіріс-шығысын, есеп-қисабын жүргізген еді. Сол шаруашылықтың жұмысының жандануына Майраның да үлесінің мол болғанын ауылдастары да жақсы біледі.

Бүгінде Майра Қияқбаева — Тәуіп селолық округіндегі «Аманбек» шаруа қожалығының жетекшісі. Шалғай өңірдегі шаруасын дөңгелеткен Майраның құрылымына ауылдастары қызыға қарайды. Жолдасы Арман Ұзақбаев екеуі өз істеріне деген ынтасымен көпке үлгі болуда.

— Шаруа қожалығымызда төрт жүздей қой, жүзге жуық ірі қара, 14 жылқы, 7 түйе бар, — дейді Майра әңгімесінде. — Өткен жылдың соңғы айында «Сыбаға» бағдарламасы бойынша жеті жыл мерзімге 8,5 миллион теңге несие алдым. Ол қаржыға екі бұқа, 48 қашар сатып алдық. Мал шаруашылығымызға қарасты екі базда бағылады. Жайсаңбай бағытындағы «Қойсан» базында қой бағылса, Қаракөл жағындағы «Құрманбай» базына ірі қара малдары топтастырылған.

«Аманбек» шаруа қожалығы қыстан қысылмай шықты. Қожалықта екі отбасы жұмыс жасайды. Малшы, шопан, тракторшы, автокөлік жүргізушісі бар. Селолық округ орталығы – Құйылыста тұрғындарға осы шаруашылыққа қарасты «Алтынбек» дүкені қызмет көрсетіп тұр.

Сөз арасында Майра Қияқбаева көкейінде жүрген мақсатты ойларын да іркіп қалмады. «Қойсан» базының қасынан Жайсаңбайға қарай жүргізілген жоғарғы кернеулі электр желісі өтеді екен. Тиісті бизнестік бағдарлама бойынша базға электр тогын келтіріп, сүт өнімдерін өндірумен айналысу — Майраның көкейінде жүрген мәселе. Сондай-ақ, су келсе, бақша шаруашылығын қолға алуды көздейді. Әрине, бұл жоспардың шешімінің табылуы — алдағы күндердің еншісінде.

Отбасында төрт баласы бар Арман мен Майра ұрпақ тәрбиесімен қатар, ауылдың ортақ шаруасына да осылайша белсене араласып жүр. Мақсаты биік жанның қашанда мұратына жетері — өмірлік тәжірибеден белгілі жайт.

Марат МЫРЗАЛЫ,

Ырғыз ауданы.

О, несі-ай!

«Әннің де естісі бар, есері бар…»

«Ән — көңілдің ажары». Расында солай. Әдемі ән тыңдасаң жан дүниең керемет сезімге бөленеді. Халқымыздың әнді таңдап, талғап тыңдайтын асыл қасиетін қазір жастардың бойынан көре алмай жүрмін. Бұлай деуімнің себебі — мынада.

Жастар халқымыздың дәстүрлі әндерінен гөрі, шетелдің мән-мағынасы аз даңғырлаған әуенін тыңдауға құмар. Ұрпақтың бұл қылығын көбіне заманына қарай дей саламыз. Бұл дұрыс емес. Жастардың балалығы дегеннен гөрі, үлкендер, өз тәрбиеміздің шалалығын түзейік әуелі.

Естуімізше, шетелде ән жазудың дамығандығы сондай, жаңа жазған музыканы ғаламтор арқылы әлемге жариялайды екен. Ғаламторға үңілген қазақ жастары пайда болған жаңа әндерді өздеріне көшіріп, бір-біріне таратып мәз болады. Үйде де, көшеде де, тіпті қоғамдық көліктерде де жастар шетелдің әндерін ұялы телефондарына көшіріп, тыңдап әлек. Ән мәтінінің бұлыңғырлығынан ешкімнің хабары жоқ. Мәтін арасындағы дөрекі сөздерді айтудың өзі тіпті де ұят.

«Құлақтан кіріп, бойды алатын» халық әндерін тыңдамайды бүгінгі жастар. Егер Қазақ радиосының алтын қорынан берілетін дәстүрлі әндерді тыңдай қалсаң, диуана көргендей бетіңе күле қарайды және. Мені жастардың мәдениетке жүрдім-бардым қарайтыны қатты алаңдатады.

Жасынан бесік жыры мен аңыз-ертегілерді, жыр-дастандарды тыңдап, зиялылар қауымының әңгімесіне қанығып өскен Абай данамыз «Әннің де естісі бар, есері бар!» деп тегін айтпаса керек. Абай атамыз айтарын айтып кетті-ау, ал мына бүгінгі жастар, әннің естісін емес, есерін тыңдауға неге құмар осы?!

Бақыт ИМАШЕВ,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

Қарғалы ауданы.

Ұстаз

Бағыт пен бағдар

Мен Л.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетіндегі  филология факультетінің I курс студентімін. Елордада осындай жоғарғы оқу орнында оқып жүргенім, білім жолына бағыт-бағдар берген Бестамақ орта мектебіндегі ұстаздарымның еңбегінің жемісі деп білемін.

«Ана баланың тәнін шынықтырса, ұстаз баланың жанын шынықтырады» демекші, білім нәрімен сусындатып, үлкен өмірге тәрбиелеген ұстаздарымыздың еңбегі біз үшін зор. Осындай ардақ тұтар асыл ұстаздарымыздың бірі —  Гүлзира Бердембаева 5-сыныптан бастап бізге жетекшілік етті. Апайымызды оқушылар тұрмақ, ата-аналарымыз да ерекше сыйлайды. Себебі Гүлзира апай біздің ұстазымыз ғана емес, ақылшымыз, сырласымыз, анамыздай қамқоршымыз бола білді. Қуанышымызды да, қайғымызды да бөлісе білген ұстазымның орны мен үшін ерекше.

Гүлзира апай мені аудандық, облыстық, республикалық  олимпиадаларға қатыстырып, жүлделі орындарды иеленіп, биіктен көрінуіме үлесін қосты. Жыл санап түлектерін үлкен өмірге аттандырып, мектеп табалдырығын жаңа аттаған жас буынды тәрбиелеуден еш танбайтын, оқушыларын отбасындай көретін Гүлзира апайға және басқа ұстаздарыма айтар алғысым шексіз.

Мен де болашақ қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің оқытушысымын. Келешекте Гүлзира апай тәрізді өз мамандығымның білгір маманы болып шығуыма бар күшімді саламын. Ұстаз үмітін ақтау осындай асыл ұстаздардан тәлім алған әрбір адамның парызы деп білемін.

Гүлстан АЛПЫСБАЙ,

I курс студенті.

Ұлттық спорт

Атшабар көңілімізді алаңдатады

Қазақ халқының ұлттық спорт түрлерінің бірі және бірегейі — ат спорты.

Өйткені халқымыздың болмысын, мінезін, тағдырын осы жылқымен қатысты спорт түрлері танытады.

Жылқымен байланысты 40-та астам ұлттық спорт түрі бар екендігі де бұл біздің төл спортымыз екенін дәлелдейді. Оның ішінде халыққа ең танымалдары — қыз қуу, теңге алу, көкпар, аламан, тоқ, құнан, жорға, тай жарыстары.

Ұлттық спортымызды ұмыттырмай, жастар тәрбиесінің негізі ретінде қолданып, оны дамыту әр қазақтың парызы деп есептейміз. Ақтөбе қаласының іргесінен кезінде облыс әкімі А.Мусиннің қолдауымен атшабар алаңы ашылған болатын. Сол алаң қазір орындықтары қойылмаған, жөндеуден өтпеген күйде әбден жүдеп тұр. Мұның бір зардабы, өткен 2011 жылы болған республикалық ұлттық спартакиадада 16 облыстың ішінен 12-орын алдық. Осыны ойлағанда атшабар алаңының өзіміз де біліп жарытпайтын иелері неге бұл іске немқұрайды қарайтынына түсінбейміз.

Біз, ел ақсақалдары мен ұлтжанды жастар, облыстағы жалғыз атшабар алаңының  ұзақ уақыт бойы халық игілігіне жарамай тұрғандығына қатты қынжыламыз. Әлде бұл атшабардың жеке меншіктен алынып, мемлекет қарамағына берілгені дұрыс болатын шығар. Қалай болғанда да жергілікті басшылық атшабар алаңының жұмысын жандандыруға қамқорлық жасауын сұраймыз.

Ж.Әнішев, Р.Дүйсенқұлов, Б.Ғұбайдуллин, А.Байжанов, Д.Қабыкенов, Г.Назғалиев, т.б.

Ақтөбе қаласы.

 

Қызмет

Мамандығым — мақтанышым

Әдетте, адам өміріне араша түсетін мамандық иесі дегенде, көз алдымызға ақ халатты дәрігерлердің елестейтіні анық. Алайда күнделікті өмірде өз басын қатерге тігіп,  адам өмірі үшін арпалысатын тағы бір кәсіп иесі бар. Бұл — өрт сөндіруші.

Біз сөз еткелі отырған кейіпкеріміз Талғат Бекмурзин он жеті жыл осы — салада еңбек еткен. Алғаш қатардағы маман ретінде қызметке қабылданған ол бүгінде «Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі» ММ-ның №2 өрт сөндіру бөлімінің бөлімше командирі. Талғат қиындығы мен қызығы мол өз мамандығын мақтан тұтады. «Еңбегіңнің еленуі елдің алғысынан көрінеді», — дейді өзі.

Өрт сөндіруші мамандығының да зор талабы бар. Бұл саланың маманы үшін мығым денсаулық, шыдамды жүйке жүйесі және төзімділік қажет. Өйткені қызыл жалын мен тыныс тарылтар түтіннің арасында жүріп, адамдарды құтқару үшін маман иесі шыдамды әрі шапшаң болуы шарт.

Әңгіме барысында Талғат бізге көп жайларды сөз етті. Бірде қаладағы Промзона аумағында ол әріптестерімен бірге керуеттің астына жасырынған екі баланы құтқарыпты. «Өрт болған жерде сезімге ерік берудің қажеті жоқ. Жалын астында қалған іштегі адамдарды құтқарудың қамына кірісу керек. Біз бұл жолғы өртте үйді алып кеткен қою түтінге қарамастан, терезені сындырып балаларды аман алып шықтық», — дейді кейіпкеріміз.

Өрт сөндірушінің айтуынша, бұл салада жұмыс жасаған адамдар қорқынышты білмеуі керек. Қауіп-қатер қай жерде де бар. Алдымен  қауіпсіздік ережесін сақтай білу қажет. Өз ісіне ұқыпты өрт сөндіруші қай уақытта та тілсіз жаумен күресіп, адамдардың тыныштығын сақтай алады.

Ж. ЕСМАҒАНБЕТОВА,

облыстық төтенше жағдайлар департаменті

өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметінің

бас маманы.

 

Білім

Мектептің қуанышы

Мен Ғ.Ақтаев атындағы №6 орта мектептің оқушысы екенімді мақтанышпен айтамын. Сексен бес жылдық тарихы бар бұл білім ордасында есімі елге танымал бірнеше тұлғалар дәріс алған.

Қасиетті қара шаңырақтың іргесі 1927 жылы қаланған. Өзінің ұзақ жылғы тарихында талай түлектерді ұшырған мектебіміздің атауы әр жылда өзгеріп отырған. Мектептің алғашқы түлектерінің бірі Рауза Зейноллақызы бір кездері мектеп Т.Жүргенов есімімен аталғандығы жөнінде өзінің мақтау қағазын негізге ала отырып айтқан болатын. 1936 жылдардағы қазақ зиялыларының қуғын-сүргінге ұшырауына байланысты Т.Жүргенов есімі алып тасталып, мектеп К.Ворошилов есімімен аталған. Ал 1995 жылғы 23 қарашадағы Ақтөбе қалалық мәслихатының 8-сессиясының шешіміне сәйкес мектепке Ғұбайдолла Ақтаев есімі берілді. Ғ.Ақтаев 1936 жылдан бастап осы мектепте математика пәнінің мұғалімі болса, ал 1948 жылдан мектеп директоры болған.

Сексен бес жылдық тарихы бар қара шаңырақта мектебімізден елге таныс белгілі азаматтар шықты. Олар — Жансен Кереев, Ізтай Мәмбетов, Бәкір Тәжібаев, Ким Серікбаев, Рабиға Сыздық, т.б.

Бүгінде мектебімізде жыл сайын жақсы жаңалықтар болып тұрады. Облыстық, республикалық, халықаралық байқауларда мектеп оқушылары жүлделі орындарды бағындырып жүр. Биыл оқу ордасынан 98 түлек бітіргелі отыр. Олардың арасында да республикалық, халықаралық олимпиадалар мен ғылыми зерттеу жұмыстарында жеңіске жеткен жүлдегерлеріміз де бар. Олар — А.Ағысбек, Ж.Нағымбетов, Б.Еңсепов, А.Байдрахмановалар. Мен де үш жылдан бері ғылым негіздері бойынша қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен облыс бойынша жүлдегер атанып, Кіші Ғылым Академиясының облыстық, республикалық ғылыми жобалар қорғау байқауының жеңімпазы атандым.

Биыл мектебімізден бес оқушы «Алтын белгіге» үміткер. Осы оқушылардың ҰБТ сынағынан жақсы өтуіне тілекшіміз. Мектептің қуанышы — баршамызға ортақ қуаныш.

Әсел ҚҰДАЙБЕРГЕНОВА,

 Ғ.Ақтаев атындағы №6 орта мектептің 11-сынып оқушысы.

Ақтөбе қаласы.

 

Ауыл

Жол жөнделсе екен…

Жақында Наурыз мерекесі қарсаңында берілген демалыста Ойыл ауданының Берсиев ауылында тұратын апама барып, көрісіп келмекші болып жолға шықтым. Қыдыру деген аты болмаса, жолдан көп азап тарттым.

Бұл мәселе бұған дейін де жазылған болар. Бірақ «қонақтың аз отырып, көп сынайтын» әдеті емес пе?! Мен де осы жолы көкелеріме назымды айтып, Ойыл территориясындағы жолдарды жөндесе деп ұсыныс айтқалы отырмын.

Мереке күні қаладағы «Сапар» автовокзалынан аудандарға билет сатылмады, көлік те жүрмеді. Амалсыз Орталық базар қасындағы «Жақсылық» кафесі қасынан Ойылға жүретін жеке таксиге келдік. Бұл жерде де Ойылға, Жекендіге, Қызылтуға, Саралжынға жол жүретін адам көп екен. Жеке таксистер адам басына 2-3 мың теңгеден ақша алды. Аудан орталығына жеткен соң одан ары ауылға жүретін көлік таба алмай тағы әбігерге түстік. Ойылда ауылдарға тұрақты көлік қатынамайды екен.

Содан кеш қарая жездемнің көлігімен Берсиев ауылына әрең жеттім. Ауылдың қонақжайлығы, бауырымның жайлы тұрмысы жолда көрген азапты ұмыт қалдырды. Қайтатын күн болғанда тағы да көлік таба алмай, жаным мұрнымның ұшына тірелді. Әзер тапқан жеке таксиді қыруар қаржыға жалдап, орталыққа әрең жеттім.

Жалпы, Берсиев ауылы аудан орталығынан тым алыс емес екен. Бірақ жолдары тым нашар. Кеңес үкіметі тұсынан бері жолға жөндеу жұмыстары жүргізілмеген. Тұрғындар жол азабын, әсіресе, көктемнің су тасқыны мен қыстың қарлы боранында тартады. Жолшыбай және бір байқағаным, Саралжын, Бегалы, Қызылту ауылдарының тұрғындары қысы-жазы жол торуылдап, көлік тоқтатады екен. Бос көлік болса аудан орталығына жетеді, әрине, егер көлік болмаса күтуден басқа амал жоқ. Мұндайда ауыл тұрғындары ауыра көрмесін деп тілейік…

Қобда ауданына дейінгі жол тақтайдай теп-тегіс. Әрі көліктер де үздіксіз қатынап жатыр. Егер Ойылда ауылдарға қатынайтын автокөлік шығарса халық дәл мұндай қиналмас еді. Ең болмағанда аудан орталығына еркін қатынай алады емес пе?

Ойылға қонақ боп барған Ақдана АХАЕВА,

Тасқопа ауылы,

Темір ауданы.

Қоғам

Ертегі айтып беріңізші…

«…Соңғы кезде қорқынышым көбейіп барады. Немерелеріне ертегі айтып беретін әжелер, сәбиіне бесік жырын айтып беретін келіндер азайып барады; нан сыйламайтын, ана сыйламайтын балалар көбейіп барады». Бұл — Бауыржан Момышұлының сөзі. Мұндай қорқыныш менде де бар…

Мен бүгінгі қоғамнан қорқамын. Шүкір, қазір материалдық жағдайымыз тәуір. Бірақ рухани жан дүниеміз жұпыны.

Асылы, адамды қоршаған орта тәрбиелейтінін ескерсек, біздің ортамыз қоғамдық көліктен басталады. Адам сыйламаушылық, дөрекілік, жағымсыз жат қылықты осы қоғамдық көліктерден кезіктіресіз. Бұл қоғамдағы келеңсіздіктің алғашқы парағы деп біліңіз.

Мені ертегі тыңдамайтын, жыр-дастан оқып өспейтін сәбилердің келешегі алаңдатады. Сол сәбилерге кітап оқып бермейтін аналардың тағдыры қинайды. Есін жаңа біліп келе жатқан бүлдіршінге ертегі айту — тәрбиелеудің бір түрі. Біле білсек, бала жасынан жақсы мен жаманды, адал мен арамды, дос пен қасты ертегіден ажыратып, қоғамға бейімделеді. Әрі ертегі тыңдап өскен жеткіншектің білері де көп болады.

Мен ертегі тыңдап өскен баламын. Отбасымызда бала көп болғандықтан, кешкілік ошақ жанына көрпе салып, бәріміз анамның ертегісін тыңдайтын едік. Анам мұғалім болғандықтан ертегіні әсерлі етіп жеткізетін. Ертегі басталғаннан үйде тыныштық орнайтын еді. Анам шаршадым десе де жылап отырып қайта ертегі айтқызатынбыз. Егер анам ұйқы құшағына енсе, біз жан-жақтан шулап: «Олар бақытты болыпты деген жеріне жетпедік қой» деп оятып алатынбыз…

Біз есейдік. Анамыз бізге енді ертегі емес, ертеңгі күн туралы әңгіме айтатын болды. Кітапханадан алар кітаптарымыздың жанры да, атауы да өзгерді. Тіпті, ортам өзгерді. Айналамдағы адамдардың әрекетіне, пиғылына орай менің де мінезім өзгерді. Бәрі де өзгерді… Тек сәби санамда жатталған ертегі кейіпкерлері әлі сол қалпында.

Анам айтқан ертегі кейіпкерлері мені өмір сүруге үйретті. Қиындыққа мойымау, өтірік айтпау, үлкеннің сөзін жерге тастамау сияқты адам бойындағы асыл қасиеттердің өз бойымнан табылуына ертегінің үлесі зор. Жинақылық пен ұқыптылықты, төзімділік пен еңбекқорлықты да мен сол ертегіден үйрендім. Мен ертегі айтып тәрбиелеген анама алғыс айтамын.

Айтайын дегенім, әрбір ата-ана бүлдіршіндеріне ертегі оқып беріп, үлкен өмірге тәрбиелесе екен. Ертегідей тәтті де сәтті «бай болып, барша мұратқа жету үшін» алдымен адамда сенім болуы керек қой.

Гүлнұр НҰРИМАНОВА,

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетінің

2-курс студенті.

 

Кәсіп

Ұялы телефон құпиясын ұғынған

Осыдан он жыл бұрын ырғыздықтар ұялы телефонның байланыс жүйесі ауданда орнатылады деп ойлаған жоқ-ты. Бірақ қиял ақиқатқа айналды. Бүгінде ұялы телефонның неше түрлі маркасын Ырғыздың баласынан қартына дейін ұстайды. 2005 жылы алғаш «K-Mobile» жүйесі іске қосылғанда қалтада жүретін осы бір шағын телефондарға тосырқай қарағанымыз есімізде. Дегенмен ол бұзылса, жөндетуді білмей, жаңасын сатып алатынбыз. Себебі Ырғызда ұялы телефон жөндейтін орталық болған жоқ.

Бұл мәселе енді шешімін таппақ. Ырғыздық жас жігіт Азамат Ранов: «Бұл қиындықтардан шығуға болады», — дейді. Себебі ол — ұялы телефон жөндеудің шебері. Телефонның қандай үлгісін болса да тартынбай жөндей береді.

— Ұялы телефон жөндеуді алғаш ағамнан үйрендім. Оңай деп айта алмаймын. Өз қиындығы жетерлік. Телефон жөндеу үшін де асқан шыдамдылық керек, — дейді Азамат.

Қолынан іс келетін бұл жігіттің ағасы өткен жылдың қазан айында жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, інісі Азаматты осы кәсіпке баулыған. Сөйтіп ағайынды жігіттер аудандық жұмыспен қамту орталығы арқылы «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы бойынша Ақтөбе ауыл шаруашылығы шағын несие ұйымынан бір миллион теңге алған.

— Ұялы телефонды қарапайым құралмен жөндей алмайсың. Сондықтан алған қаражатымызға қосалқы бөлшектермен қатар заманауи жөндеу құралдарды сатып алдық. Құралдар қымбат тұрады, — дейді кейіпкеріміз сөз арасында. Ағайынды жігіттердің алда әлі де атқарар істері көп.

— Болашақта осы ұялы телефон жөндеу жұмыстарын дамытып, әрі қарай жандандырғымыз келеді. Сонымен қатар теледидар, мұздатқыш, DVD сияқты тұрмыстық бұйымдарды да жөндеуді қолға алмақпыз. Үйіміздің бір бөлмесін жұмыс жасайтын орталық етіп қойдық. Алда ойға алған жұмыстарымыз жетерлік, — дейді Азамат.

Өзі ғана емес, барлық отбасын осы салаға бейімдеп, жұмыс көзін тауып беруді ойына алған жас жігіттердің бұл жоспарын біз қуана құптадық.

 Дархан МЕКТЕПБАЙ.

Ырғыз ауданы.

Оқырман хаттарын топтастырған Айгүл ЖҰБАНЫШ.

bukara@mail.ru

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button