Мәдениет

Елордалық өнерпаздардың қолдауы 

Театр

Өңірімізге гастрольдік сапармен келген Астана қаласы әкімдігінің Музыкалық жас көрермен театры әртүрлі жанрдағы 5 қойылымын ұсынды. Ал ертең, 1 мамыр күні өнер ұжымы су тасқынына ұшыраған Ойыл ауданында ақысыз негізде «Шәмші» мюзиклін сахналамақ.

Елордалық труппа 26 сәуір-1 мамыр күндері аралығында М.Әуезовтің

«Абай-Тоғжан», Д.Исабековтің «Гауһартас», М.Омарованың «Шәмші», Қ.Мұраттың «Махаббат бар ма?» және А.Володиннің «Қоштасқымкелмейді» қойылымдарын ақтөбеліктерге паш етті. Көрерменнің ықыласы ерекше, билеттер күні бұрын сатылып кеткен. Көпшіліктің сұранысы бойынша бүгін, яғни 30 сәуірге қосымша тағы бір сеанс ашылыпты.

Музыкалық жас көрермен театрында 70 артист бар. Соның 60-ы Ақтөбеге келді. 4 жыл бұрын құрылған театрдың репертуарында 23 қойылым болса, соның ішінен 5-еуін ақтөбелік жұртшылықтың назарына ұсынуды жөн көрдік. Өнер адамы үшін халықтың қошеметінен артық ештеңе жоқ, соны кәдімгідей сезініп жатырмыз. Әрі ұжымда оннан астам ақтөбелік актер бар: Асылхан Төлепов, Саламат Мұқашев, Сұлтан және Нұрдәулет Кеңшіліктер, Талғат Кеңес, Аққанат Қуандықов, Айдос Амандық, Бейбарыс Жүзбай, Ілиясхан Әлімов, Еламан Иманбаев, Айдана Жетешова. Бір жағынан, олар да туған-туыстарының алдында өнер көрсетіп, қуанышты күйде жүр.

Бұны гастрольден бұрын өнер сапары десек дұрыс болар. «Ақтөбе, біз біргеміз» деген ұранмен Ақтөбе қаласында және Ойыл ауданының Мәдениет үйінде су тасқынынан зардап шеккендерге арнап тегін спектакль қоюды ұйғардық. Қалған сеанстар ақылы. Билет құны 3 мың теңгеден болды. Билеттен түскен қаржының бір бөлігі — 1 миллион теңгені қиын жағдайға тап болғандарға көмектесейік деген ниетпен «Қамқор-Ақтөбе 2024» қоғамдық қорына аударуды жоспарлап отырмыз.

Осы орайда сапарымызға демеушілік көрсеткен «Altyn qyran» компаниясының басшысы, өздеріңіздің жерлестеріңіз Исламбек Салжановқа алғысымызды білдіргіміз келеді.

Театрдың аты айтып тұрғандай, әр қойылымға әндерді қосуды, оны көрерменнің жансарайын ашу үшін жанды дауыста орындауға басымдық береміз. Әсіресе былтыр Ұлттық «Ұмай» сыйлығын жеңіл алған «Гауһартас» музыкалық драмасын басқалардан гөрі көбірек ұсындық. Өйткені бұл — қазірдің өзінде классикаға айналған әрі бүкіл отбасына арналған спектакль, — дейді театрдың директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Асхат Маемиров.

Актерлердің арасында көпшілікке «Жаужүрек мың бала» фильміндегі басты рөл — Сартай батыр ретінде танылған жерлесіміз, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының иегері Асылхан Төлепов бар. Актер гастрольмен Ақтөбеге алғаш рет келіп тұрғанын айтты. «Әрине, туған жерде ерекше көңіл күйде жүрмін. Су тасқынынан зардап шеккендердің көңілін серпілтейік деп бірнеше сеансты тегін ұйымдастырдық, қорға қосымша ақша аударамыз. Өзімнің кіндік қаным тамған жер — Ойыл ауданындағы тұрғындармен де қауышатыныма қуаныштымын. Бұл — алғашқы сапарымыз, алда әлі талай келеміз деп үміттенемін», — дейді өнер иесі.

Жерлестерінің алдында өнер көрсеткен Музыкалық жас көрермен театрының актерлері Нұрдәулет Кеңшілік пен Аққанат Қуандықовты да әңгімеге тарттық. Екеуі де «Гауһартас» спектаклінде басты рөл — Тастанды екі құрамда сомдайтын жігіттер ағайын-туыс, мұғалімдерінің алдында ойнау үлкен жауапкершілік екенін атап өтті.

— Емтихан тапсырғандай болдық. Өйткені көзтаныс адамдар бәрібін сын көзбен қарайтыны анық. Бір жағынан, төтенше жағдай кезінде ақтөбеліктерге қолдау көрсету үшін келдік. Бір оқпен екі қоянды атайын деп, осы сапарымыздың барысында үйлену тойым да болады. Сөйтіп, әріптестерімнің бәрі қуанышымда бас қосайын деп тұр, — дейді Аққанат.

Айта кетейік, бұдан соң труппа Маңғыстау, Батыс Қазақстан облыстарындағы көрермен қауымға аттанғалы отыр.

Айбек СЕРІКҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button