Тағзым

Ел азаматына — елеулі құрмет

Белгілі қоғам қайраткері, мемлекеттік қызмет ардагері, «Құрмет» орденінің иегері, Ақтөбе облысының құрметті азаматы, Ақтөбе облысына еңбегі сіңген төсбелгісінің иегері, ҚР Ауыл шаруашылығы саласының құрметті ардагері, академик Келдібай Еспағамбетұлының өмірден өткеніне жыл толуына байланысты еске алу шарасы өткізілді. Оған жергілікті әкімдік өкілдері, ғалымдар, депутаттар және қала тұрғындары, еңбек ардагерлері мен бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері қатысты.  

Ең алдымен Келдібай Еспағамбетұлының өзі тұрған Әбілқайыр хан даңғылы, 58- үйдің қабырғасына орнатылған ескерткіш тақтаның ашылуы салтанаты болды.

Салтанатты жиынды облыс әкімінің орынбасары Ғалымжан Елеуов ашты.

— Облысымыздың экономикалық-әлеуметтік дамуында, өңірдегі өркенді өзгерістерде өз үлесін қосып жүрген бастамашыл, жанашыр адамдар қатарында біз Келдібай Еспағамбетұлы есімін ерекше айта аламыз. Ол әсіресе еліміздің тәуелсіздік жылдарында мемлекетіміздің егемендігін нығайтуға, туған тіліміздің мәртебесін көтеруге аянбай қызмет етті. Сондай-ақ ауыл тұрғындарының мал өсіріп, егін салуы, өз шаруаларын дамытуы бағытында үнемі қолдау-көмегін жасап отырды. Ол шын мәніндегі мемлекетшіл тұлға, парасат-пайымы жоғары, руханият істерінің қолдаушысы еді. Сондықтан да оның жақсы істерін біз кейінгі ұрпаққа өнеге ретінде тарата беретін боламыз, — деп атап көрсетті ол.

Тарих ғылымдарының докторы, профессор Нұртаза Абдоллаев өз сөзінде кез-келген адамның елге сыйлы, көпке құрметті азамат атануы ең алдымен өзіне байланысты екенін айта келіп: «Келдібай Еспағамбетұлы алыстағы Баршақұм ауылда дүниеге келіп, жас кезінен биіктерге ұмтылды. Ол Ресейдің Кострома қаласындағы институтта білім алып, облыстың ауыл шаруашылығы саласында ұзақ жыл жемісті еңбек етті, сонымен бірге елдік, ұлттық мәселелерді ұдайы назарында ұстайтын, жақсылықтың жанашыры, игілікті істердің ұйытқысы бола білді», — деді.

Ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты, ұзақ жыл шаруашылық басқарған еңбек ардагері Халиолла Сағындықов бүгінгі жасалып жатқан құрметтің орны ерекше екеніне тоқталды. «Бұл белгі өскелең ұрпаққа аға буын өкілі Келдібай Еспағамбетұлының өнегелі істерін еске түсіріп тұратын ескерткіш болмақ-

шы», — деді ол.

Облыстық тарихи-өлкетану музейінде Келдібай Еспағамбетұлының еңбек жолын, қызмет сатыларын көрсететін «Ел сенімін еңбегімен ақтаған» атты арнайы көрменің ашылуы болды. Мұнда музей қызметкерлері келушілерді мұрағаттық қойылымдармен, оның ішінде қоғамдық қайраткердің мемлекеттік марапаттарымен, басқа да құнды құжаттармен таныстырды.

Еске алу шаралары кезінде философия ғылымдарының докторы, академик, Ақтөбе облысының құрметті азаматы Алтай Тайжанов, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Шаңғұтов, мемлекеттік қызметшілердің ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Ботағарин, Байғанин ауданының әкімі Айбек Көпенов сөз сөйлеп, бұл жиынның тәрбиелік-тағылымдық мәнімен қатар, елге қызмет еткен азаматқа құрмет жасаудың жақсы көрінісі екеніне де ерекше мән берді.

Жиналғандар алдында Қайыржан Келдібайұлымен Гүлмира Келдібайқызы облыс басшылығына осы шараны ұйымдастырушыларға қол-

дау көрсеткені үшін алғыс сезімдерін білдірді.

Өз тілшіміз.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button