Жаңалықтар

Жасыл желек жайқалған жәрмеңке

Көшеттер жәрмеңкесі

27-28 сәуір күндері Ақтөбе қаласындағы «Нұр Ғасыр» орталық мешітінің көлік тұрағында қалалық кәсіпкерлік бөлімінің ұйымдастыруымен көшеттер жәрмеңкесі өтті.

Аталған жәрмеңкеге Ақтөбе қаласындағы, Темір, Қобда аудандарындағы орман шаруашылықтары, сондай-ақ көшеттерді өсірумен және сатумен айналысатын жеке кәсіпкерлер қатысты. Олар келушілерге жергілікті климаттық жағдайларға бейімделген көшеттердің, жеміс-жидек және сәндік ағаштардың,бұталардың, көпжылдық гүлдер мен экзотикалық өсімдіктердің кең ассортиментін ұсынды. Сондай-ақ жәрмеңкеде тыңайтқыштар мен бақша құралдарын сатып алуға да мүмкіндік туды.

Ақтөбе қалалық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Асқар Көкеевтің айтуынша, биылғы жәрмеңке ағаш, гүл егу мезгіліне сәйкес ұйымдастырылып отыр. Жалпы, бұл бағыттағы шаралар мамыр айының аяғына дейін өткізіледі.

— Бүгін көшеттер жәрмеңкесіне 15-ке жуық шаруашылық, жеке кәсіпкерлік өкілі қатысып отыр. Мұндай шара біздің қаламызда жыл сайын ұйымдастырылып келеді. Биылғы жәрмеңке «Нұр Ғасыр» мешітінің орталық алаңында ерекше сән-салтанатпен өтіп жатыр. Қала тұрғындары келіп, өздеріне қажет гүл, ағаш көшеттерін сатып алуда. Мұнда баға қол жетімді. Жалпы, жәрмеңкедегі бағаны шаруашылықтар мен бағбандар өздері қояды, біз оларға шектеу қоймаймыз,— дейді А.Көкеев.

Жәрмеңкеге өз өнімдерін әкелген тәлімбақтардың бірі — «Эльмира» эко тәлімбағы. Бұл мекеме жәрмеңкеге түрлі жеміс, сәндік, қылқан ағаштарын, сәндік гүлдердің 50-ге жуық түрін әкелген. Бағалары қолжетімді. Әсіресе тәлімбақтың құлпынайларын алғандар көп.

— Біздің тәлімбағымыз Украинка ауылында орналасқан. Ол жерде біз ағаш көшеттерін далалыққа да, жылыжайға да өсіреміз. Бүгінгі жәрмеңкеде барлық өнімдерімізді 10-15 пайызға төмен бағаға сатып жатырмыз. Құлпынайларымызды халық көп алады, жақсы өседі, көп өнім береді. Бір данасы 500 теңге тұрады. Ал таңқурайдың бағасы — 1000 теңге. Сондай-ақ сәндік гүлдеріміздің құны 150 теңгеден басталады, — дейді тәлімбақ иесі Динара Лайықова.

Сенбі күні көшеттер жәрмеңкесіне келушілердің қарасы көп болды. Кәсіпкерлердің айтуынша, бұл күні сәндік ағаштар мен гүлдерге сұраныс жоғары болған.

— Жыл сайын аулама егетін гүлдерді Орталық базардан сатып алушы едім. Биыл бірінші рет жәрмеңкеге келіп тұрмын. Бүгін көпшілік мақтайтын мультифлора мен лалагүл сатып алдым. Бағалары қол жетімді, — дейді Ақтөбе қаласының тұрғыны Сая.

Д.АЙДАР.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button