Әлеумет

Көлігіңізді байқаудан өткізіп көрдіңіз бе?

Арайлым НҰРБАЕВА,

«Ақтөбе»

Елімізде осы жылдың сәуір айына дейін көліктерді техникалық тексерістен өткізу бойынша call-орталығын ашу жоспарлануда. Бұл туралы Қазақстан Республикасы Көлік және коммуникация министрі Асқар Жұмағалиев Үкіметтің кеңейтілген мәжілісінде мәлімдеді.  «Сәуір айының алғашқы онкүндігінде автокөлік иелеріне техникалық байқауға қатысты ақпарат беретін және оның бағасына қатысты сіздердің өтініштеріңізді қабылдайтын call-орталығын ашуды жоспарлап отырмыз», — деді ол.

Министр қазіргі күні жеке меншік жеңіл автокөлік иелері үшін көлікті техникалық байқаудан өткізу уақытына жартыжылдық мораторий енгізу мүмкіндігі қарастырылып жатқанын еске салды. http://kaztag.kz/kk/top-news/84855

 

Қаражат пен уақытты сарп етеміз…

 

Елімізде техникалық байқаудан өткізетін бекеттер желісі қалыптаспайынша, көліктерді техникалық байқаудан өткізуге және ондай байқаудан өтпеген автокөлік иелеріне айыппұл салуға мораторий жариялана тұруы тиіс деген пікірді мәжілістің алқа отырысында депутат Виктор Рогалев айтқан еді. «Автокөлік иелері техникалық байқаудан өтуде көптеген  проблемаларға тап болып отыр. Соның өзінде олар автокөліктерді техникалық байқаудан өткізуге міндетті. Сондай-ақ көлік иелеріне айыппұл түріндегі санкция қолдануға бір жылға дейін мораторий жариялай тұру туралы мәселені қарастыруды ведомстволарға тапсыруыңызды сұраймын», — деді В.Рогалев.

Сонымен қатар ол жаңа автокөлік иелеріне көліктің жасалып шыққан күнінен үш жылға дейін техникалық байқаудан өтуге міндеттеуді алып тастау туралы заңнамаға түзетулер енгізу жөніндегі мәселені қарастыруды сұрады. Оған арнайы автокөліктер мен жолаушылар немесе қауіпті жүк тасымалдайтын көліктер жатпайды. В.Рогалевтің пікірінше, болашақта техникалық байқаудан өту екі жылда бір рет болуы тиіс. Депутат осы жылдың 1 қаңтарынан бастап техникалық байқаудан өткізу функциясы Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінен тиісті сертификатталған жабдықтары бар жеке меншік техникалық байқау орталықтарына берілгенін еске салды. «Қазір автокөлік иелерінің бәрі бірдей дер кезінде техникалық байқаудан өте алмай жатыр. Себебі, елімізде мамандандырылған бекеттер жетіспейді. Ол үшін арнайы техникалық байқаудан өткізетін бекеттері бар қалаларға шапқылап, ұзақ уақыт кезекте тұрып, қаражат пен уақытты сарп етуге тура келеді», — деді В.Рогалев.

Депутат өзінің жолдаған сауалында Көлік және коммуникация министрлігіне қалалар мен аудандарда техникалық байқаудан өткізетін бекеттерді қажет мөлшерде қамтамасыз ету бойынша жұмысты жандандыру жөнінде тапсырма беруді ұсынды. Сондай-ақ ол бекеттерде жемқорлық көріністерді болдырмау үшін әрі бекет иесімен алдын ала ақауы жоқ көліктерді техникалық байқаудан бірнеше рет өткізу сияқты әрекеттерді болдырмау мақсатында бақылауды қатайтуды ұсынды.

Алқа отырысында В.Рогалевтің сауалын мәжіліс депутаты Николай Логутов та қолдаған еді. Оның пікірінше, қазір Қазақстанда техникалық байқаудан көліктерді өткізе алатын 70 орталықта 163 желінің бары мәлім болды. «Егер сол орталықтарға біздегі бар 3,5 миллион көлікті бөлсек, онда іс жүзінде техникалық байқаудан өтуге 1,5 жыл керек. Оның үстіне кейбір көліктер техникалық байқаудан қайталап өтуі тиіс. Біз іс жүзінде наурыз, сәуір, мамыр айларында республикадағы бүкіл техникалық байқау орталықтарын байлап тастаймыз», — деген болатын  Н.Логутов.

Н.Логутов өзінің сауалында Көлік және коммуникация министрлігіне техникалық байқаудан өткізетін жаңа орталықтардың мерзімін жариялап тұруларын және  автокөліктері техникалық байқаудан өтіп үлгермеген көлік иелеріне айыппұл салуды алып тастауды талап етті.

 

Жүргізушілер кезек күтпейді…

 

Көліктерді техникалық байқаудан өткізуге қатысты мәжіліс депутаттары Виктор Рогалев пен Николай Логутовтың жолдаған депутаттық сауалдары өз нәтижесін бергенге ұқсайды. Өйткені жуырда Үкіметтің кеңейтілген мәжілісінде Қазақстан Республикасы Көлік және коммуникация министрі Асқар Жұмағалиев қазіргі күні жеке меншік жеңіл автокөлік иелері үшін көлікті техникалық байқаудан өткізу уақытына жартыжылдық мораторий енгізу мүмкіндігі қарастырылып жатқанын еске салды. «Айта кететін жайт, бұл мораторий меншік түріне қарамастан коммерциялық негізде жолаушылар тасымалындағы жеңіл көліктерге, автобустарға, жүк көліктері мен олардың тіркемелеріне, сонымен қатар заңды тұлғалардың көліктеріне қолданылмайды. Оның себебі, бұл жерде жүргізушінің ғана  қауіпсіздігі емес, тасымалдайтын жолаушылар қауіпсіздігін қамтамасыз ету қажет. Біздің есебіміз бойынша, қолданыстағы орталықтар саны осы санаттағы автокөліктер паркін қамтуға жеткілікті», — деп атап көрсетті Асқар Жұмағалиев.

Министрдің мәліметінше, қазір елімізде 181 техникалық байқаудан өткізу желісі іске қосылыпты. «Осылайша, біз жыл соңына қарай техникалық байқау желілерінің санын 400-ге жеткізіп, кезек күту жағдайын бірыңғайлаймыз деп отырмыз», — деді А.Жұмағалиев.

 

Олқылық және он күн

 

Көліктерді техникалық байқаудан өткізуді кәсіпкерлердің міндетіне бергенде, «бұл қалай болар екен» деп көпшіліктің әбігерге түскені рас. Тіпті, техникалық байқау орталықтары алғаш жұмысқа кіріскенде, жұртшылық «кезек көп, ақысы қымбат, ұсақ-түйек ақаулар үшін көлікті жарамсыз деп тауып жатыр» деп сынға алған болатын. Жұртшылықтың сөзіне көз жеткізу мақсатында біз Ақтөбе қаласындағы Смағұлов көшесі,7 мекенжайында орналасқан «Манар» техникалық байқау орталығына барып, жағдайды өз көзімізбен көріп қайтқан едік.

Біз барғанда орталық ауласында шамамен он шақты жеңіл автокөлік кезекте тұрды.

Техникалық байқау орталығының бас маманы Дамир Әлжановтың айтуынша, көлігін байқаудан өткізуге келетін жүргізушілердің көбісінің қолында қажетті құжаттар толық болмайды. Әсіресе, көлігі үшін салық төлегенін растайтын түбіртек болмай шығады.

Орталыққа күніне 20-30 көлік келеді. Көліктер компьютермен толық тексеріледі. Бір айта кететін жайт, көлігін техникалық байқаудан өткізуге келетін жүргізушілердің көбісі қажетті құжаттарын толық әкелмейді. Соның салдарынан көлікті техникалық байқаудан өткізбейміз. Егер техникалық байқауда көліктің бір жерінен ақау табылса, оны он күн ішінде жою керек. Ал он күннен асып кетсе, онда жүргізушінің қайтадан толықтай ақы төлеуіне тура келеді, — деді Д.Әлжанов.

Ырғыздықтар жылжымалы орталықты күтіп жүр

Сол күні көлігін техникалық байқаудан өткізген Аманғали Дүйсеновті сөзге тартқан едік.

Ақшасы сәл қымбаттау демесек, жалпы көңілге қонымды. Тек кезек күтіп тұрып қалдым. 15-20 минуттың ішінде көлікті толық диагностикадан өткізіп, қолыма байқаудан өтті деген талон берді. Қондырғылары да жақсы екен. Көлікті бастан-аяқ тексерді. Көлік жүргізгеніме жиырма жылдай уақыт болды. Бұрын қанша тексеруден өтіп жүрсем де, жарық беретін шамдарды тексергені есімде жоқ. Қызмет сапасы бағасына сай. Тек одан әрі қымбаттап кетпесе болғаны, — дейді Аманғали.

Ырғыздық Раджан Сейтанды да сол жерден кезіктірдік. Вахталық әдіспен жұмыс жасайтын Раджан демалысында 400 шақырымдық жерден көлігін арнайы техникалық байқаудан өткізуге облыс орталығына келгенін айтады.

Әзірге Ырғызда көліктерді техникалық байқаудан өткізетін орталық жоқ. Шалғай ауылдарға жылжымалы техникалық байқау орталықтары баратынын облыстық «Ақтөбе» газетінен оқығанмын. Дегенмен көлігімді техникалық байқаудан өткізетін мерзім таяғасын, облыс орталығына баруыма тура келді. Ұзақ жолды артқа тастап келген еңбегіме көлігім техникалық жағынан жарамды болды. Қобдалық досымның көлігін осы орталықта техникалық байқаудан өткізуіне кеңес бердім, — дейді ол.

 

Өскеменнің көліктері

 

«Манар» техникалық байқау орталығының бас маманы Әсет Сүлейменовтің айтуынша, техникалық байқаудан өту үшін жүргізушілерден көліктің мемлекеттік тіркеуден өту куәлігі мен көлік құралына салық төленгендігі туралы түбіртек, автокөлік иесінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін сақтандыру полисі талап етіледі.

Бүгінгі күні орталықта 1500-ден астам жеңіл және ауыр жүк көліктері техникалық байқаудан өтуге келді. Көліктердің 15 пайызы түрлі ақауларға байланысты техникалық байқаудан өткен жоқ.  Бүгінгі күнге дейін орталыққа қаладан өзге аудандардан, тіпті Өскемен қаласынан келген көліктер де техникалық байқаудан өтті. Қазір орталықтың жылжымалы кешені Алға ауданының Тамды елді мекенінде қызмет етіп жатыр. Жылжымалы техникалық байқау орталығының құрамында екі маман бар. Олар орталыққа екі күн сайын есеп береді. Шалғай ауылдың жүргізушілеріне жылжымалы техникалық байқау орталықтарының жұмысы жайында облыстық бұқаралық ақпарат құралдары арқылы алдын ала хабарландыру берілген болатын, — деді Ә.Сүлейменов.

 

P.S. Орталық мамандарының айтуынша, әзірге бұл істе бірыңғай ақпараттандырылған автоматты жүйе жұмыс жасамайды. Егер техникалық байқау орталықтарының жұмысы бір жерден басқарылса, онда бұл жұмыс әлдеқайда жылдам әрі тиімді  жүргізілетін болады.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button