Жұбановтардың баспасөздегі жолы
Құдайберген Жұбановтың туғанына — 125 жыл
Облыстық «Ақтөбе» газетінің ғасырлық жолындағы бай шежіреде Жұбановтар әулетінің өзіндік орны бар екенін ерекше атап өткен жөн. Қазақтан шыққан тұңғыш профессор Құдайберген Жұбанов пен Ақтөбеде ғылыми мектептің негізін қалаған профессор Есет Құдайбергенұлы Жұбанов облыстық басылым бетінде өздерінің өшпес іздерін қалдырды.
Энциклопедиялық білімі мен жан-жақты талантын туған халқына арнауға асыққан ізденімпаз ғалым Құдайберген Жұбанов қысқа ғұмырында зор шығармашылық мұра жасап үлгерді. Оның көптеген зерттеу еңбектері «солақай саясаттың» салдарынан жоғалса да, бүгінге жеткен санаулы, бірақ сапалы дүниелері кез келген зерттеушіні таңғалдырады.
Құдайберген Жұбановтыңқазақ баспасөзінде де өзіндік қолтаңбасын қалдырған жан-жақты тұлға екені бүгінгі оқырманға мәлім. Осы бағыттағы ізденістер барысында Алматыдағы Ұлттық кітапхананың мұрағатында отырып,1924 жылдан бастап жарық көрген «Кедей» («Ақтөбе») газетінің сарғайған парақтарын ақтарудың сәті түскен еді. Мұрағаттық құнды деректерді сараптай отырып, 1925-1926 жылдардағы газет бетінде «Құдайберген», «Жұбанұлы Құдайберген» немесе «Қ.Ж.» аттарымен берілген, төте жазумен жазылған 14 мақаласы барын анықтадық. Көлемді жазылған 3 мақаласын төте жазудан транслитерациялап, ғылыми айналымға енгіздік.
Құдайберген Жұбанов басылым бетінде түрлі мақала, хабарлама, саяси шолу және басқа да жарияланымдарды үздіксіз ұсынып отырған. 1926 жылғы 31 тамызда «Кедей» газетінде жарияланған бір мақаласы «Оқу-білім майданында. Мұғалімдер курстері тарады» деп аталады. Автордың: «Ақтөбеде мұғалім-өшетілдердің білімін толықтыратын курстер ашылғаны бұрын «Кедейде» жазылып еді» деген пікірі оның газеттің тұрақты авторларының бірі болғанын аңғартады.
Мақаладан, бір жағынан, ақпараттық сипат байқалса, екінші жағынан, ағартушының ұлт болашағына деген патриоттық көзқарасы көрінеді. Онда мұғалімдердің біліктілігін арттыру және олардың жұмыс сапасын жақсарту мәселелері жан-жақты талқыланған.
Құдайберген Жұбановтың ағартушылық қызметі туралы Хайрулла Меңдібаев: «Қазақ АССР Орталық Атқару комитетінің халықты жаппай сауатты ету жорығын өткізу туралы қаулысы жарияланып, бұл шара аса маңызды деп саналған еді. Құдайберген аға осы жорыққа ерекше белсене араласты», — деп еске алады өзінің «Асыл азамат еді» атты мақаласында.Оныңайтуынша, Құдайберген Жұбанов Жем-Байсары, Темір-Орқаш болыстарын аралап, ауыл мектептерінің жағдайымен танысқан. Ол мұғалімдердің іс-тәжірибесін тыңдап, білім беру сапасын жақсарту туралы ақыл-кеңестерін ұсынған.
Санкт-Петербургте оқып, аспирантураны тәмамдап, қазақ ғалымдарының араcында тұңғыш рет профессор атағын алған ұлы зерттеуші үшін еш уақытта да «жазудың» ұлысы-кішісі болмаған.
Ел арасында жүргенде өзі де білімін жетілдіріп, өзгелерге үйретуден жалықпаған ұстаздың ағартушылық көзқарасы анық танылған бұл мақала былай деп қорытындыланған:«Курстың қай-қайсысы да жылдағыға қарағанда өте маңызды болып өтті. Жылда оқу болмай, ұзақ күнді бос өткізсе, биыл сабақтарын үлгере алмай, уақыт жеткізе алмай кетті. Курсанттар курстың сабағына ырза болып тарқасты. Курске кіре алмай қалған елдегі, қаладағы оқытушылар үшін қыркүйек басынан бастап, болыс-болыста өзара білім толықтыру курстары ашылмақ. Бұл курстар гүбірнелік курстан шыққандардың басшылығымен өткізілмек. Өзара білім толықтыру курстары мен қыстай өткізілетін болыстық конференцияларға гүбірнелік әдіс бұйрасы бағдарлама жасап жіберді».
1925-1928 жылдары Ақтөбе қаласында Құдайберген Жұбанов екі қызметті қатар атқарды: губерниялық ағарту органының әдістемелік инспекторы және педтехникум мұғалімі. Ол өзінің ағартушылық және ұйымдастырушылық қызметімен білімнің, жаңалықтың жаршысы, айналасына нұр шашқан жарық жұлдыздай болды. Бұл кезеңде ол қазақ мектептерінің ғана емес, сонымен қатар орыс мектептерінің де әдіскер-нұсқаушысы қызметін қоса атқарған. Бұл кезеңде Ақтөбе губерниялық халық ағарту бөлімі төрағасының орынбасары болған В.Решетняк өзінің «Ұмытылмас дос» атты естелігінде Құдайберген Жұбанов туралы былай деп жазған: «Орыс мектептерінің методисі тәртіпсіз әрі тұрпайы Прокофий Кобоймен ажырасқаным әлі есімде. Ол кезде, шын мәнісінде, орыс мұғалімдері арасынан оған тең келер методист табу өте қиын еді. Осындай ауыр кезде қажымас Құдайберген келді. Оның өз тілімен айтқанда, «сынақпен» орыс мектептеріне методистік қызметке уақытша мені алыңыз деп ұсыныс жасады. Бірақ оны сынға алудың қажеті болмады. Себебі ол осындай жауапты екі қызметті ешбір қиындықсыз абыроймен орындай білді».
Құдайберген Жұбановтың осы қызметтердегі абыройлы еңбегі оның мақалаларында да көрініс табады. Әрбір жазбасында халықтың білімін арттыру жолындағы жанқиярлық еңбегі мен ағартушылық ұстанымы айқын байқалады.
Автордың «Кедей» газетінің 1925 жылғы 20 қазандағы №64 санында жарияланған мақалаларының бірі «Сауатсыздық жоятын нұсқаушы мектеп» деп аталады. Бұл мақалада автор сол уақыттағы жаңа бастама — нұсқаушы мектептердің құрылу мақсаты мен міндеттерін егжей-тегжейлі сипаттайды.
«Биыл біздің гүбірнеде үезд басынан бір-бірден сауатсыздық жоятын нұсқаушы мектеп ашылды. Нұсқаушы мектеп деген біздің төңіректе бұрын болмаған жаңа — жат нәрсе» деп басталған мақалада Қ.Жұбанов жаңашыл мектептердің маңызын ашып көрсетеді. Ол алдымен нұсқаушы мектептердің негізгі міндеттеріне тоқталады: «Өзінің тұрған ауданында сауатсыздық жою жөніндегі оқыту әдістеріне жолбасшы болу, барлық жаңа әдістердің жаюшысы, жүзеге асырушысы, түсіндірушісі болу. Сауатсыздық жою қызметкерлерінің жарақтылығын бақылау, жарақсыз қызметкерді орнынан босату туралы ұсыныс беру. Сонымен қатар сауатсыздық жою қызметін ұйымдастырып, жоспарлау және тапсырмаларды орындауды бақылап отыру».
Қ.Жұбанов бұл мектептердің орналасу орны, оқу құралдары, әдістемелік жабдықтары, көрнекі құралдары секілді ұсақ-түйек мәселелерге дейін назар аударады. Мектептің жалпы білім беру сапасы мен мұғалімдердің жұмыс нәтижелерін қадағалап отыру қажеттігін ерекше атап өтеді.
Құдайберген Жұбанов өзінің мақаласында ерекше назар аударатын бір ұғым — «сиянаттау» сөзі. Бұл термин «бақылау, қадағалау» деген мағынаны береді. Бұл сөзді қолдану арқылы автор істің үздіксіз бақылауда болғанда ғана табысқа жетуге болатынын аңғартады.
Автор нұсқаушы мектептердегі сабақ ұзақтығын аптасына 12 сағат деп белгілеп, бос уақытында мұғалімдерге әдебиеттерді зерттеуді ұсынады. Сонымен қатар түрлі конференцияларда білім беру әдістері жайлы баяндамалар жасап, тәжірибе алмасу қажеттігін атап көрсетеді.
«Нұсқаушы мектеп барлық сауатсыздық жою мектептерімен және губерниялық нұсқаушы мектептермен тығыз байланыста болып, күнделікті есеп жүргізіп отыруы керек. Олардың жұмысында туындаған қиындықтар мен табыстарды жазып алып, тәжірибе жинақтау — негізгі міндеттердің бірі», — дейді Қ.Жұбанов. Бұл мақаладан сол кездегі қазақ қоғамының сауаттылыққа деген зор қажеттілігі мен ағартушылық қызметтің маңыздылығы айқын көрінеді. Нұсқаушы мектептерді ұйымдастыру арқылы ұлттың сауатсыздықты жою ісінде айтарлықтай табыстарға жетуге ұмтылғаны аңғарылады.
«Негізгі заңның үш жасы» — Құдайберген Жұбановтың кеңестік дәуірдегі өзгерістерді бағалаған мақалаларының бірі. Бұл мақала 1926 жылдың 6 шілдесінде «Кедей» газетінің №94 санында жарық көрді. Кеңестер Одағының негізгі заңы бекітілгеніне үш жыл толуына орай жазылған бұл еңбегінде автор сол кезеңдегі қоғам құбылыстарына талдау жасап, халықтың жағдайын сипаттайды.
«Кеңестер Одағының негізгі заңы дегенде, шеттің тепкісінде шіріп келе жатқан басқа күншығыс елдері ішкен асын жерге қойды. Жер жүзіне әділдік нұрын сепкелі тұрған бұл заңның 3 жасына шығып, буыны қатып, жүгіріп кеткен шағында… мұның маңызын ескеру қазақ шаруасының құлағы мен жүрегіне жағымсыз тие қоймас»,— деп жазады Қ.Жұбанов.
Бұл үзіндіден сол кездегі қарапайым халықтың кеңес үкіметінің жаңа заңы мен тәртібіне деген шынайы қуанышы аңғарылады. Алайда сол заманның зардаптарын толық түсіне алмаған қарапайым халықтың ұстанымы бізге беймәлім сезілуі мүмкін. Автор өз мақаласында жаңа заңның арқасында пайда болған әділдікке сеніммен қарап, өткен күндердің патша үкіметі тұсындағы озбыр саясатына да тоқталады.
Құдайберген Жұбанов мақаласында патшалық Ресейдің екі негізгі саяси жолын сынайды: оның біріншісі — орыстандыру: ұлттық ерекшеліктерді жойып, орыстың тілін, дінін және мәдениетін енгізу;
Екіншісі — отарлау: ұлттардың жерін тартып алып, орыс шаруаларын қоныстандыру.
«Орыс қаны төгілген жер» қазыналық жер деп танылып, жергілікті халықтардың шаруашылығы мен мәдениеті күйзеліске ұшырады. Қазақ халқы өз атынан айырылып, «жабайы киргиз» деп келеке етілді», — деп жазады ол.
«Кедей» газетінің саяси шолушысы ретінде де қалам тербеген автор Кеңес Одағын орыс патшалығының отарлық саясатына қарама-қарсы қоюға тырысады. Ол Кеңес үкіметінің азаттық, теңдік пен әділдік әкелгеніне сенім білдіргенімен, мақаланың мәтініненавтордың алдағы күнге «күмәнмен» қарайтынын да байқағандай боламыз.
«Кеңестер Одағына кірген әр республика қалаған күні шығып кетуге ықтиярлы. Үш жылдан бері жағымсыз болса, шығып кетер еді, бірақ әлі біреуі шыққан жоқ…»— дейді Құдайберген Жұбанов. Бұл сөйлемдегі «жағымсыз болса»деген шартты пайымның өзі сол кездегі кеңестік саясатқа жасырын сын көзқараспен қарағандығын аңғартады.«Кеңес елі еркін» деп аяқталған бұл мақала кеңестік идеологияға сенім білдіргенімен, кейінгі тарихта орын алған қайшылықтар мен зардаптар қазіргі оқырманды ойландырмай қоймайды. Кеңес үкіметінің саясаты қазақ халқының болашағына шын мәнінде қаншалықты оң ықпал етті? Автордың «орыстың қаны емес, туған топырағында туған ұлтының қаны төгілген» жерлер туралы айтқан ойлары да сол заманның қайшылықтарын тереңірек ұғынуға жетелейді.
Құдайберген Жұбановтың бұл мақаласы сол уақыттағы халықтың қуаныш пен сенімге толы көңіл күйін, сондай-ақ жаңа қоғамнан күткен үмітін сипаттай отырып, бүгінгі ұрпақ үшін маңызды ой қалдырады. Кеңес дәуірінің алғашқы жылдарындағы үміт пен күмәннің астарын зерттеуге жол ашады.Ағартушы ұстаз, халқына қызмет еткен тарихи тұлға өз заманында халықтың әрбір қадамына шын жүректен сүйсініп, сол қуанышын баспасөз арқылы бөлісті.
Шығармашылық қабілетін шыңдаған Құдайберген Жұбанов кейіннен сол қаламның күшін ғылымға арнады.Оның мұрағаттарда ұзақ жылдар бойы беймәлім қалып, жаңа ұрпағына жетпей жатқан мақалаларын қайта жарыққа шығару — біздің рухани борышымыз. Осы еңбектердің жариялануы ұрпақ жадындағы ғылыми және ағартушылық құндылықтарды жаңғыртары анық.
Филология ғылымдарының докторы, профессор Есет Жұбанов өзінің «Профессор Құдайберген Жұбановтың қоғамдық, саяси және әлеуметтік ой-толғамдары» атты мақаласында ҰҚК мұрағатында сақталған құжаттардан алынған тарихи деректерді келтіреді. Сол кезде ел болып «алақайлап» қарсы алған Кеңестер Одағының түптің түбінде ешкімнің де болашағын жарқын ете алмағанын Құдайберген Жұбанов сол заманның өзінде ашық айтып кеткендігін жазады. Профессордың тұтқынға алынған кездің өзінде айтқан сөздері шындықтың бетпердесін сылып, қоғамның ахуалын дәл ашып көрсеткендей.
«Қазіргі кеңестік жүйеде біздің мәдениетіміз ұлттық бола алмайды, ол сөзсіз орыстануға ұшырайды. Егер біз қазақ халқының дәуір құрбаны болуын қаламасақ, оны осы социализмнен азат етуіміз қажет. Қандай қымбатқа түссе де, бұл мақсатқа тек тәуелсіз буржуазиялық-демократиялық мемлекет құру арқылы ғана қол жеткізуге болады!»,— дейді ол.
Бұл сөздер Құдайберген Жұбановтың саяси батылдығын, ұлттық мүддені қорғаудағы өткір ойларын және қазақ халқының тағдырына деген терең алаңдаушылығын айқын көрсетеді.
Құдайбергеннің баласы Есет Жұбанов та қазақ филологиясы ғылымында елеулі із қалдырған көрнекті ғалым. Оның басты ұстанымы жауапкершілік пен ғылыми дәстүрге адалдықты, ұлттық тарихи сананы жаңғыртуға бағытталған зерттеулер жүргізуді, сондай-ақ педагогикалық және қоғамдық қызметті үйлестіре отырып, ұрпаққа үлгі көрсетуді қамтыды. Есет Құдайбергенұлы өмірінің соңғы күндеріне дейін әке аманатына адалдық танытып, жұбановтану ғылымының қалыптасуы ғана емес, оның түбегейлі орнығуы мен дамуына елеулі үлес қосты.
Профессор Есет Құдайбергенұлының мемлекеттік тілді дамыту, қазақ тілінің тарихы мен табиғатын зерттеу, ұлт мәдениетін насихаттау мәселелерін қамтыған зерттеулері мен ой-толғамдары «Ақтөбе», «Актюбинский вестник» газеттерінде тұрақты түрде жарияланып, оқырмандар арасында үлкен қызығушылық тудырды. Бұл оның қаламгерлік пен ғалымдық жолын тоғыстыра отырып, қазақ халқының мәдени және рухани мұрасына қосқан баға жетпес үлесі болып табылады.
Есет Жұбановтың қаламынан шыққан еңбектер қазақ халқының рухани және мәдени мұрасын зерттеудің кең ауқымын қамтыды. Олардың қатарында облыстық «Ақтөбе» газетінің 1991-1999 жылдары аралығында сандарында жарық көрген «Жаңа зардың көне күңіреністері», «Қостілдік табиғатына тереңірек үңілсек», «Бата» (көне қазақ баталарының үлгілері, өлең мәтіндері), «Із кесу» (Түркі әдебиеті тілінің танымы), «Қазақ» этнонимінің халық поэзиясы тіліндегі көріністері», «Түркі әдебиеттер тілінің танымы» (Құдайберген Жұбановтың мұрағаттағы хаттары) атты мақалалар бар.
Бұл мақалалар мен зерттеулердің мазмұны профессор Есет Жұбановтың ғылыми шеберлігін, қазақ мәдениеті мен әдебиетіне деген терең сүйіспеншілігін және тіл ғылымындағы сара жолын көрсетеді. Ол тек тіл мен мәдениет мәселелерін көтеріп қана қоймай, ұлттың рухани мұраларын насихаттауға ерекше үлес қосты.
Қорытындылай келе, ана тіліміздің абыройын асқақтатып, оны мемлекеттік тіл мәртебесінде биіктете түсуге айрықша үлес қосқан, тіл саясатын жүргізуде, жастарды отансүйгіштікке тәрбиелеуде, ұлттық құндылықтарымыз бен салт-дәстүрлерімізді қастерлеуге баулуда зор еңбек сіңірген Жұбановтар әулетінің есімі қазақ руханиятының тарихында мәңгілікке алтын әріптермен жазылып қалатынын атап айтқымыз келеді.
Әлия ҰЛЫҚПАНОВА,
Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің аға оқытушысы,
гуманитарлық ғылымдар магистрі.