Мемлекеттік қолдаудың арқасы
Бақытгүл БОРАНБАЕВА,
Қарауылкелдідегі «Алтын балық» дәмханасының иесі.
Былтыр Байғанин ауданы орталығынан «Алтын балық» дәмханасын аштым.
Бес бала тәрбиелеп отырған анамын. Үйде мені әркез қолдап отырған енем бар. Жұмысымнан тыс уақытта қосымша табыс болсын деген ниетпен, екі жыл бойы байғаниндіктерге үйден балық қуырып, саттым. Мен жұмыста жүргенде тапсырыс түссе, балық тазартуға, қуыруға, оны жеткізуге енем көмектесті. Әлеуметтік желілер арқылы клиенттік базамды жинақтадым.
Бір күні іс бастап, жеке кәсібімді дамытып көрейін деп шештім. Содан аудандық «Мансап» орталығына хабарластым. Ондағы мамандар маған түрлі мемлекеттік бағдарламалар туралы айтып, қажетті құжаттарды жинақтауға кеңес берді. Сондай-ақ бизнес-жоспар жазуды үйренуге мүмкіндік беретін онлайн курстар мен сілтемелерді ұсынды. Сөйтіп, «Мансап» орталығы ұйымдастырған кәсіп негіздері курсына қатысып, сертификатқа ие болдым. Осы курста бизнес-жоба жазуды үйрендік. Грант иегері атану үшін мемлекеттік бағдарламаның шарттарын орындауға тура келді, әрі айлығым төмен болғандықтан, жұмыстан шықтым.
Мемлекеттік бағдарламаға көпбалалы ана ретінде қатысып, комиссия алдында бизнес-жобамды қорғадым. Бизнес-жобамда балық және балық өнімдерін пісіріп-қуырып ұсынатын дәмхана ашу туралы айттым. Балықтың денсаулыққа пайдасы зор.
Осылайша мемлекеттік бағдарламаның грантын жеңіп, 400 айлық есептік көрсеткіш, яғни, 1 миллион 400 мың теңгеге ие болдым. Берілген қаражатқа қажетті құрал-жабдықтарды сатып алдым. Аудан тұрғындарына ыңғайлы болу үшін, әрі адамдарға отырып тамақтануға мүмкіндік беру мақсатында Қарауылкелдіде орталық көшенің бойынан шағын ғимаратты жалға алып, дәмхана аштым.
Қазіргі таңда бізде балық сорпасы, қуырылған балық және балықтан жасалған фарш өнімдері бар. Алдағы уақытта мәзірімізді кеңейтіп, балықтан донер мен бургер сияқты өнімдерді де дайындау ойда бар.
Өз тәжірибемнен түсінгенім, мемлекеттік бағдарламаларға қатысу көпбалалы аналарға зор мүмкіндік береді. Мәселен, күніңді жоспарлауды, кәсіп негіздерін, бизнес-жоба жазуға үйренесің. Егер адам мақсатына қол жеткізгісі келсе, онда шешім қабылдап, тәуекел ету керек. Ал көпбалалы отбасыларға арналған мемлекеттік жеңілдіктер мен қолдау, гранттар — кәсіп бастау үшін тамаша мүмкіндік. Менің де кәсіп ашып, кәсіпкер атанып отырғаным — мемлекеттік қолдаудың арқасы.
Байғанин ауданы.