Әскерге шақыру пункті ашылды
Қуаныш
Жаңа жыл қарсаңында аудан орталығында әскерге шақыру пунктінің жаңа ғимараты пайдалануға берілді. Ғимараттың ашылу салтанатына аудан әкімі Жанболат Жидеханов, Ақтөбе облысының қорғаныс істері жөніндегі департаментінің бастығы Әділет Отарбаев, аудандық мәслихат төрағасы Жарылғасын Шамбалаев, еңбек ардагерлері, бөлім, мекеме басшылары және аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлімінің қызметкерлері қатысты.
Аудан әкімі Ж.Жидеханов әскерге шақыру жұмысының маңызы мен қажеттілігін атап өтті.Жастарды әскерге шақыру ісіне жауапкершілікпен қарап, Отан алдындағы борыштарын адал орындауға шақырды.
Ақтөбе облысының қорғаныс істері жөніндегі департаментінің бастығы Ә.Отарбаев аудан әкіміне ҚазақстанРеспубликасы Қарулы күштері бас штабы бастығының орынбасары С.Жүсіповтің Алғыс хатын табыстап, өңірдегі қорғаныс істері жөніндегі бөлімнің жұмысын жандандыруға қосқан үлесін жоғары бағалады. Сондай-ақ ол Шалқар аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөліміне 500 мың теңге сертификат пен бағалы сыйлық тапсырды.
Екі қабатты жалпы алаңы 648 шаршы метр болатын ғимараттың құрылысын алматылық «Қолғанат құрылыс» ЖШС жүргізген. Тапсырыс беруші— Шалқар аудандық сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімі, келісімшарт құны —174, 869 миллион теңге.
Азаматтарды әскерге шақыру— үздіксіз жүргізілетін үрдіс. Учаскелерге тіркелген сәттен жергілікті әскери пункттер әскерге шақыруға жататын азаматтарды жүйелі зерделей бастайды. Ол үшін оның құжаттарын оқып қана қоймай, жас жігіттермен тәрбие жұмыстарын жүргізеді.Бұндай жұмыстар енді Шалқарда жаңадан бой көтерген ғимаратта жүйелі түрде жүргізілетін болады.
М.БОҚАН,
Шалқар қаласы.