Жаңалықтар

Депутаттар жас спортшылармен кездесті

Кездесу

Кеше Мәжіліс депутаттары, Amanat фракциясының мүшелері Қазыбек Әлішев пенЖұлдыз Сүлейменова партияның сайлауалды бағдарламасы аясында салынған Ақтөбедегі балалар футбол академиясына барды. Ондағы жаттықтырушылармен және жас спортшылармен кездесті. 

Академия заманауи стандарттарға сай салынған. Мұнда футболшылар жыл бойы жаттығатын үлкен жабық манеж бар. Сонымен қатар ғимаратта жаттығу залы, оңалту және емдеу-сауықтыру кабинеттері қарастырылған. Қазіргі таңда академияда 6-18 жас аралығындағы мыңға жуық бала жаттығып жүр.

Кездесуде алдымен сөз сөйлеген Қазыбек Әлішев балаларды спортқа белсенді тартудың маңызына тоқталды. Оның айтуынша, бұл олардың денсаулығы мен ерік-жігерін нығайтып қана қоймай, оларды теріс әдеттерден сақтандырады.

Бүгінгі қоғамда, әсіресе жастар арасында нашақорлық, лудомания, интернетке тәуелділік сияқты жаман әдеттер көбейіп жатқаны жасырын емес. Осы орайда Мәжіліс депутаттары мемлекет, ата-аналар сенім арта алатын заңнамалық база құрады. Атап айтқанда, жақында Президент Amanat фракциясы әзірлеген есірткі қылмысына қарсы күрес туралы заңға қол қойды. Спортпен айналысу арқылы бала зиянды әдеттерден аулақ жүреді, сонымен қатар командалық қолдау мен мотивацияға ие болады. Сондықтан ақтөбелік жастарға спортта жаңа жетістіктер тілеймін, — деді ол.

Қазыбек Әлішев былтыр елімізде лудомания мен есірткіге қарсы, мемлекеттік сатып алу мен несиелеуге қатысты заң жобалары қаралғанын, алдағы уақытта бұл бағыттағы жұмыстар жалғасатынын жеткізді.

Бұдан кейін Мәжіліс депутаты Жұлдыз Сүлейменова Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында депутаттарға спорт саласындағы заңнаманы жаңартуды тапсырғанын, сондықтан заңдағы жаңа түзетулер жас чемпиондар буынын дайындауға негіз болатынын атап өтті. Оның айтуынша, былтыр қараша айында Мәжіліс депутаттары денешынықтыру және спорт мәселелері бойынша заң жобасын алғашқы оқылымда мақұлдаған.

— Бұл заң жобасы спорттың басым бағыттары мен спортшыларды даярлау стандарттарын жетілдіруге дейінгі өзекті бастамаларды қамтиды. Жаңа заң бұқаралық және балалар спортын дамытуға серпін береді. Балалар — біздің болашағымыз. Сондықтан жас ұрпақтың спортпен айналысып қана қоймай, еліміздің атын әлемге танытуы  үшін біз барлық жағдайды жасауымыз керек. Бұл орайда Ақтөбеде жүйелі жұмыс жүргізіп жатқан балалар футбол академиясының маңызы зор. Сондықтан жас спортшыларға сәттілік, ал жаттықтырушыларға қажымас қайрат  тілеймін, — деді ол.

Басқосудан соң депутаттар академияны аралап, жас спортшылармен тілдесті.

Айта кету керек, Мәжіліс депутаттарының облысқа сапары 10 қаңтарға дейін жалғасады. Бұған дейін халық қалаулыларыAmanat партиясы облыстық филиалы ғимаратында азаматтарға қабылдау өткізіп, бірқатар мәселенің шешілуіне атсалысты. Атап айтсақ, өңір тұрғындары депутаттарға мүмкіндігі шектеулі жандарға медициналық қолдау көрсету,  Қызылжар тұрғын алабының инфрақұрылымын жақсарту, көшелерге атау беру, сондай-ақ ауылшаруашылығы саласындағы мәселелер бойынша өз сауал-ұсыныстарын жеткізді.

Сондай-ақ Мәжіліс депутаттары Ақтөбе жылу энергия орталығының ұжымымен кездесіп, оларға былтыр елімізде қабылданған заңдар туралы кеңінен айтып берді.

Кездесу барысында жұмысшылардың мәртебесін көтеру, олардың кәсіби өсуі үшін қолайлы жағдай жасау мәселелері де талқыланды.

 Данагүл ҚАЗИХАН.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button