Ең ызғарлы желтоқсан…
1986 жылдың 16 желтоқсаны болатын. Осы күні Қазақ КСР компартиясы орталық комитетінің тарихындағы ең қысқа пленум өтті. 18 минутқа ғана созылған жиында республика басшысы Дінмұхамед Қонаев орнынан алынып, бұрын Ресейдің Ульянов облысын басқарған Геннадий Колбин жаңа басшы болып сайланды.
Колбинді бұл орынға СОКП ОК-нің сол кездегі бас хатшысы Михаил Горбачев ұсынған еді. Бас хатшының ақ дегенін — алғыс, қара дегенін — қарғыс санайтынпартократтар оның ұсынысына оңай келіскенімен, республиканың байырғы халқы бұл жаңалықты өте ауыр қабылдады. Соның ішінде Алматыдағы студент және жұмысшы қазақ жастары өз қарсылықтарын білдіріп, бейбіт шеруге шықты.
Бүгінгі кейіпкеріміз Жанар Омар — Алматыдағы ҚазПИ-дің сол кездегістуденті, «Желтоқсан алауы» қоғамдық бірлестігінің төрайымы. Біз Жанардан Желтоқсан оқиғасына қатысты естелік айтуды сұраған едік:
— 1986 жылдың 16 желтоқсаны өте бір мазасыз күн болды. Мен ол кезде ҚазПИ-дің физика-математика факультетінің ІІ курс студенті едім. Күндіз: «Қонаевты басшылықтан түсіріп, оның орнына Ресейден басқа ұлт адамын әкеліпті» — деген хабардан жастар жағы дүрлігіп, кейбірі үрпиіп, кейбірі ашынып, қобалжумен болдық. Күнделікті алаңсыз тірліктің шырқы бұзылды. Кесте бойынша өтіп жатқан сабақтардың үстінде оқытушылардан: «Қонаев қайда? Оның орнына жат жердің адамы келгені рас па?» — деп сұраймыз… Олар мардымды жауап бермейді. «Сендерге ондай мәселеге араласуға әлі ерте. Сабақтарыңды оқып, тыныш жүріңдер» — деп тоқтау айтып, сабырға шақырады, — деп бастады ол.
Айта кетейік, ҚазПИ — қазіргі Абай атындағы педагогикалық университет, республикада ең бірінші болып ашылған жоғары оқу орны. Жанар бала күнінен мұғалім болуды армандаса да, сол заманның талабына сай, екі жылдай комсомол бригадасында жұмыс істеген. Сөйтіп, оқуға 1985 жылы түсіпті.
Ол кезде жаңалықтарды жұрт газет пен теледидардан ғана біле алады, қазіргідей болған оқиғаны болған уақытында әлемнің бар түкпіріне жеткізетін интернет жоқ. Сондықтан жастар бұл күнді бір-бірінен хабар сұраумен, «Не болып жатыр екен?» — деп алаңдаумен өткізген.
— Кеш түсті. Біз бір бөлмеде 5 қыз жататын едік. Ұйықтауға дайындала бастадық. Кенет сырттан: «Қазақ емессіңдер ме?» — деп қатты айғайлаған дауыс естілді. Дереу құлақ тіге қалдық. Бәрімізді Колбиннің республикаға басшы болуына қарсылық көрсетуге алаңға шақырған үн екен. Үш қыз бірден киініп, алаңға баратын болдық. Ал екі қызымыз іште қалды. Біздің бөлмеміз — үшінші қабатта. Төменге түссек, есік алдында деканымыз тұр. Бізден басқа да жігіттер мен қыздар жиналып қалыпты. Декан: «Қане, тез бөлмелеріңе қайтыңдар. Ешқайда бармайсыңдар», — деп бұйырды. Амалсыз кері қайтқанбыз. Бірақ баспалдақпен екінші қабатқа көтеріле бергенде, бізді өзіне ымдап шақырған студенттердің бірі: «Жатақхананың арт жағынан шығып кетеміз» — деді. Сонымен екінші қабаттан түсіп, топ-топ болыпсол кездегі Леонид Брежнев атындағы алаңды бетке алдық. Былай шыға бере «Атамекен», «Менің Қазақстаным» әндерін қосыла айтып, алаңға ән шырқап жеттік. Ол жақ та біресе ән айтып, біресе «Қазақстан жасасын!», «Әр халыққа — өз көсемі» деп ұрандатқан өзіміздей жастарға толы екен. Алматыда желтоқсан айы әдетте жылы өтеді ғой. Бірақ сол түн өте ызғарлы болды. Дірдек қағып, тоңып барамыз. Жігіттер жағы от жағып, қыздарды сол отты айналдыра отырғызып, қолғабы жоққа қолғаптарын шешіп беріп, барынша қамқорлап жүрді. Республика басшылығы отыратын партияның зәулім ғимаратын әскерилер қоршап тұрды. Басшылар, белгілі адамдар келіп, сөз сөйлеп, бізге «тараңдар» деп үгіт айта бастады. Бірақ жастар жағы: «Біздің халықтың қазіргі басшысы — Қонаев. Сол кісі келіп, «тараңдар» десе, бір ауыз сөзге келместен тараймыз. Басшымыздан басқа ешкімді тыңдамаймыз», — деп тұрып алды. Біреу шығып, орысша сөйлей бастаса, ұйымдасқан түрде: «Қазақша сөйле, сөйлей алмасаң, қайта ғой», — деп талап қояды. Сонымен таңды атырдық. 17 желтоқсан күні таңғы 6-7-лер шамасында жатақханамызға қайттық. Осының бәрінің соңы қақтығыспен, қантөгіспен аяқталады деген ой түсімізге де кірген жоқ, — дейді Жанар.
Бір бөлмеден барған үш қыздың үшеуі де кейінірек алаңға қайтып келеміз деп ойлаған. Өйткені жастардың сол күндері бір-біріне берген серті — бірі кетсе, бірі келіп, қайткенде алаңды толтырып тұру болды. Осылай қарсылық көрсету арқылы өз мақсатымызға жетеміз деп сенді. Ал мақсат — басқа жақтан келген Колбиннің басшы болуына жол бермеу, қазақтың тағдырын сырттан шешетін озбырлыққа көнбеуеді.
— Бірақ 17 желтоқсанда жүріп-тұруымызға шектеу қойылып, жатақханадан шыға алмай қалдық. Жан-жақтан күзет қойылды. Сабаққа автобуспен апарып-әкеледі. Біздің есіл-дертіміз — алаң жақта. Не болып жатқанын білгіміз келеді. «Әскерилер келіп, бәрін қуыпты» — деген хабардан кейін, кейбіреулердің ұсталғаны, қамалғаны жөнінде естіп, кәдімгідей үрейлене бастадық. Менің жездем мал дәрігерлік институтта оқитын да, апам екеуі сол оқу орнының жатақханасында тұратын. Апа-жездемнің халін білейін деп, сол кездің қатаң тәртібі бойынша деканатқа арыз жазып, уақытын, баратын жерімізді көрсетіп сұрандық та, қасымдағы дос қызым екеуміз шығып кеттік. Көшедегі жағдайдың бұрынғыдан басқаша екенін бірден байқадық. Бір орыс әжей біздікөре сала ортамызға кіріп, екеумізді қолтықтай алды. «Жастарды мен кінәлай алмаймын. Миллиондаған адамы бар республикаға шеттен бастық әкелу дұрыс па?» — деп, сұрамасақ та өз пікірін айтып жатыр. Ал алдымыздан шыққан қазақ жігіт бізге жақтырмай қарап: «Кіммен қолтықтасып бара жатырсыңдар?» — деп, айбат шегіп қойды. Осылайша, әне-міне тұтанып кетуге дайын тұрғандай ширыққан жағдай біразға дейін сақталды, — деп еске алды Жанар.
Апа-жездесінің амандығын біліп, бір шай ішіп алған соң, екі қыз дереу өз жатақханаларына қарай жиналды. Бірақ жастыққа әрдайым албырттық тән. Шыға бере екеуі алаңды тағы бір көріп қайтуды ойлады.
— Сыртынан көрейік те қайтайық.
— Иә, алыстан қараймыз. Онда тұрған ештеңе жоқ қой?— десіп, бірін-бірі қостап қойды.
Алайда бұл жолы жастардың орнына алаң толы әскерилер жүр екен…
— Қаптап жүрген әскерилердің түрі өте сұсты. Алаңға жақындағанның бәрін ұстап, машинаға желкелеп әкетіп жатыр. Кері бұрылып үлгереміз дегенше бізді де біреуі байқап қалды. Қатты қорыққанда адамның күш-қуаты кетіп қалатынын сонда білдім. Әп-сәтте аяқ-қолымнан әл кетсін?! Бірақ сол маңды торуылдап жүрген қазақтар да бар екен. Екеумізге дереу екі қазақ жігіті көмекке жетіп келді. Қолымыздан тартып, жанұшыра сүйрелей жөнелді. Сөйтіп, қауіпсіз жерге жеткізіп, «енді ол жаққа бармаңдар» — деп ескертті. Ал өздері сол жаққа қайта кетті-ау деп топшыладық… Сол күндері қазақтардың бір-біріне өте қатты қолдау көрсеткеніне куә болдық, — дейді Жанар.
Алаңға қайта бармағанмен, қарсылық басып-жаншылғаннан кейінгі күндер тіпті де оңайғасоқпады. Студенттер арасында «Суреттен, киімнен танып, жатақхана-жатақхананы аралап, жастарды ұстап кетіп жатыр, ұстағандарды оңдырмай азаптайды екен» деген үрейлі хабар тарады.
Жанар әңгімесін:
— Алаңға киіп барған киімдерімізді тығып тастап, басқа киім киіп алдық. «Бізге қашан келер екен?» — деп уайымдап жүргенде, бір күні расымен де бөлмемізге қауіпсіздік комитетінің қызметкерлері келді. Біз алаңға барғанымызды айтпадық. «Бұлар барып еді» — деп, басқалар да бізді көрсете қоймады. Әрі-бері жауап алған соң, әлі де тергеу жүргізетіндерінескертіп, әлгі қызметкерлер кетіп қалды. Біз әсіресе әке-шешемізді уайымдаумен болдық. Өйткені біз қудалансақ, олар да қоса қудаланады ғой… Ал ауылдағылардың бізді уайымдағаны соншалық — ата-анамыз бір күні өздері Алматыға келіп тұр, — деп жалғады.
Жанардың туған жері — Мұғалжар ауданының Жаркемер ауылы. Алматыдағы жағдай аз күнде ауылдағылардың да құлағына жетеді. Анасы Зура өзін: «Қыз балалар ондай жерден не алсын? Бармайды ғой» — деп жұбатыпты. Ал әке жүрегі сезімтал болса керек. Әкесі Рысбай бірден: «Біздің қызымыз да сол жастардыңортасында жүр-ау?» — дейді. Ақыры екеуі тыншымай, қыздарын көріп қайту үшін, Алматыны бетке алыпты.
Ата-анасы бүгінде өмірде жоқ. Олар туралы айтқанда Жанар елжірей жымиып қойды. Ол кездің үрейі сейілгенімен, ата-ананың махаббаты, мейірімі ұмытылмай,көңілде мәңгі қалғаны анық…
Айғақ табылмаған болар, қауіпсіздік комитетінің тергеушілері олардың бөлмесіне қайта айналып соққан жоқ. Қыздар оқуын жалғастырып, институтты сәтті бітіріп шықты. Жанар еңбек жолын 1990 жылы Жаңажол орта мектебінде бастады. Ол — 34 жылдан бері білім саласында жемісті еңбек етіп келе жатқан ұстаз.
Жанардың жолдасы Мұрат та Желтоқсан оқиғасына қатысып, сол үшін жоғары оқу орнынан қуылған. Олар отбасында 4 ұл тәрбиелеп өсіріп, бүгінде келін түсіріп, немере сүйіп отыр.
… ІІ дүниежүзілік соғыста жеңіске жетіп, сол арқылы бұрынғы КСРО-дағы халықтардың бетін біржола бері қараттық деп сенген кеңес билігі орыстандыру саясатынаалаңсыз түрде құлшына кіріскен еді. Бұл басқа республикалардан гөрі Қазақстанға ерекше ауыр соқты. Өйткені Қазақстан байырғы халқы өз жерінде азшылықта қалған бірден-бір республика болатын. Мұнда қазақтар халықтың 30-40 пайызын ғана құрап, оның өзі ең шалғай аудандарда шоғырланды. Қаладағы ат төбеліндей аз қазақ баласын қазақ мектебіне де бере алмады. Балабақшадағы тәрбиешілер ата-аналарға: «Үйлеріңде балаға орысша сөйлеңдер! Әйтпесе мұнда келгенде бізді түсінбейді» — деп зіркілдеді. Сондықтан зерттеушілердің 1986 жылғы Желтоқсанның астарында халықтың санасында ондаған жылдар бойы жиналған наразылық жатты деп түсіндіруі әбден қисынды.
Желтоқсан оқиғасы — тарихымыздағы елеулі бетбұрыстың бірі. Ол күндерге қатысты әр есім, әр дерек қымбат деп білгендіктен де, бүгін қолымызға қалам алған едік. Желтоқсан оқиғасының шындығын іздеген оқырман біздің кейіпкеріміздің әңгімесінен дежаңа бір ой түйер деп сенеміз.
И.ЖАЙМАҒАМБЕТОВА.