Жас кәсіпкерлерге жәрдем ерекше
Ерзат ТЫНЫШҚАЛИ,
жас кәсіпкер.
Соңғы жылдары Үкіметтің бизнес саласына қолдауы күшейіп келеді. Соның ішінде кәсібін енді бастаймын дегендерге, әсіресе жас кәсіпкерлерге демеу айтарлықтай. Соның мысалы ретінде өзімнің оқиғамды айтсам болады.
Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған Жолдауында шағын және орта бизнес — қала мен ауылды дамытудың берік негізі екенін, әсіресе микробизнес еліміздің әлеуметтік-экономикалық өмірінде маңызды рөл атқаратынын ұдайы айтады. Бұл ең алдымен ауыл тұрғындарына тұрақты жұмыс беріп, жұмыссыздықты азайтатыны, сол арқылы әлеуметтік салаға оң әсер ететіні түсінікті. Сонымен қатар салық базасын құрап, жергілікті бюджетті нығайтуға да кәсіпкерліктің пайдасы мол. Тиісінше іскер азаматтарға арналған мемлекеттік бағдарламалар көптеп ашылып жатыр.
Өзім Ырғыз ауданының жігітімін. Бірер жылда 1,2 миллион теңге көлеміндегі мемлекеттік грантқа ие болып, соның арқасында шағын кәсібімді одан әрі дамытуға мүмкіндік алдым. Сабын шығаратын цехымның қысқаша тарихына тоқталсам, Өзбекстаннан сабын өндірісіне қажетті аппаратты сатып алып, жұмысты бастадым. Сұраныс бар. Жергілікті тауарды жерлестерім қолдап отыр.
Қазіргі таңда басқа да кәсіп түрлеріне ден қойып жатырмын. Мақсатым — бизнестің бірнеше саласын табысты жүргізу. Бұл істе, жалпы жастарды қолдауда аянып қалмайтын Үкіметке ризашылығым шексіз.