200 оқушы бақ сынайды
Олимпиада
Ақтөбеде 2024-2025 оқу жылындағы жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиаданың үшінші (облыстық) кезеңі өтіп жатыр. Кеше басталған білім сыны қаңтарға дейін болады.
Олимпиаданың басты мақсаты — оқушылардың шығармашылық қабілеттерін дамыту, теориялық білімі мен практикалық дағдыларын пысықтау, дарынды балаларды анықтау үшін жағдай жасау, білім алушыларды халықаралық олимпиадаларға қатысуға іріктеу және даярлау.
Үш күнге созылған пәндік олимпиаданың облыстық кезеңіне 1200 оқушы қатысып отыр, оның 394-і — аудан мектептерінен,635-і — қала мектептерінен, сонымен қатар 171-і — облыстық білім беру ұйымдарынан.
— Аудандардан шыққан балаларжол полициясы қызметкерлерінің сүйемелдеуімен келді. Аудан мектептеріненкелген 574 оқушы Мақсот Құсайынов атындағы облыстық дарынды балаларға арналған мамандандырылған лицей-интернаты, «Білім инновация» лицейі, физика-математикалық лицей-интернатының жатақханаларына орналастырылды. Оларға жатақханаларда арнайы бағдарламалар ұйымдастырылып, олимпиада алдындағы күйзелісті сейілту үшін психологиялық, ойын түрінде тренингтер өткізілді, — деді «Ақтөбе-Дарын» өңірлік ғылыми-тәжірибелік қосымша білім беру орталығы директорының орынбасарыАйталан Қабден.
Пәндік олимпиада екі бағытта, яғни жаратылыстану-математикалық бағыт — математика, физика, химия, биология, география, информатика бойынша, қоғамдық-гуманитарлық бағыт — қазақ тілі мен әдебиеті, орыс тілінде оқытатын мектептердегі қазақ тілі, орыс тілі мен әдебиеті, қазақ тілінде оқытатын мектептердегі орыс тілі, Қазақстан тарихы, құқық негіздері, ағылшын тілі, неміс тілі пәндері бойынша өткізілді.
Кеше таңғы сағат 8.30-9.00-ден бастап, олимпиаданың облыстық кезеңіне қатысушы 9-11 (12) сынып оқушылары жаратылыстану бағыты бойынша — №56 орта мектепке, ал қоғамдық-гуманитарлық бағытты таңдағандар №51 гимназияға бөлініп, кіре бастады. Олардың барлығының ұялы телефондары кіреберісте жетекшілері арқылы, мектептердегі кезекшілер арқылы жинастырылды.
— Тәртіп ережелері — бәріне ортақ. Олимпиаданы өткізудің ашықтығы мен академиялық адалдығын бақылау үшін ата-аналар комитеті, облыстық мәслихат депутаттары мен Amanat партиясының мүшелері, cыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі мен білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментінің өкілдері шақырылды. Олимпиада тапсырмалары республикалық «Дарын» орталығынан электронды поштаға таңғы сағат 8.00-де келді. Арнайы штрих-кодтары бар. Тапсырмалар арнайы парольмен алынды. Тапсырмалардың электронды поштадан алынғанына, принтерден басып шығарылғанына, конверттерге салынып, мөр қойылғанына шақырылған тарап куә болды. Осы процестің бәрі фото-бейне жазбаға түсірілді.Бұрын қатысушылар тапсырмаларды дәптерге орындайтын еді. Қазіргі уақытта республикалық «Дарын» орталығы әр оқушыға жауап парағын өздері дайындады. Жауап парақтарында білінбейтін белгі болады, егер оқушы жауап парағынфотоға түсіріп, жан-жақтан көмек сұрап, таратылып кетсе, ұйымдастырушылар жаңағы көзге көрінбейтін белгі арқылы қай облыс, қай мектептен таралғанын бірден біліп қояды, — деді Айталан Қуандыққызы.
№51 гимназияның кіреберісінде Қобда аудандық білім бөлімінің әдіскері Аманжол Келденұлына жолықтық. Ол республикалық пәндік олимпиаданың облыстық кезеңіне Қобда ауданынан 32 оқушы әкелгенін, олардың барлығы да аудандық кезеңде бірінші орын алғанын, енді 13 пән бойынша бақтарын сынайтынын айтты.
Олимпиада басталмай тұрып кабинеттерді аралап, қатысушылардың кейбірін әңгімеге тарттық. Білім додасына бағын сынауға келгендердің бірі — Әйтеке би ауданы Аралтөбе ауылынан келген Ж.Сәрсенов атындағы орта мектебінің 9-сынып оқушысы Жанель Әділбекқызы.
— Таңдаған пәнім — биология. Ботагөз Сабыржанованың жетекшілігімен мектеп кітапханасындағы және интернеттегі материалдармен тыңғылықты дайындалдым. Әр жылдары биология пәні бойынша пәндік олимпиаданың облыстық кезеңдерінің бірнеше мәрте жүлдегерімін. Қазір Мақсот Құсайынов атындағы облыстық дарынды балаларға арналған мамандандырылған лицей-интернатының жатақханасына орналастық. Республикалық кезеңде жеңімпаз болу — мақсатым, — дейді Жанель Әділбекқызы.
Ал Ақтөбе «Білім-инновация» лицейінің 8-сынып оқушысы Ильфат Михальченко 9-сыныпта оқитындармен бірге бағын сынағалы тұр.
— Лицейдегі бірнеше кезеңнен тұратын іріктеуден өтіп, сегізінші сыныпта оқысам да, биология пәні бойынша тоғызыншы сыныпта оқитындармен сайысатын боламын. Себебі біздің лицейде іріктеу 5-6 емтиханнан тұрады. Мәселен, бізде жетінші сыныптың оқушысы болса да, егер білім деңгейі жетіп тұрса, 10-сыныптың бағдарламасын орындауға мүмкіндік алады. Негізі, мен 7-сыныптан бері пәндік олимпиаданың облыстық кезеңіне қатыстым. Былтыр күміс жүлдегер атандым. Биыл республикалық кезеңге өтіп, алтын медаль алғым келеді, — дейді Ильфат Михальченко.
М.Құсайынов атындағы Ақтөбе облыстық дарынды балаларға арналған мамандандырылған лицей-интернатының 10-сынып оқушысы Айдын Қабидолла да білім бәйгелеріне 7-сыныптан бері қатысып жүргенін айтты.
— Әдетте оқушылар пәндік олимпиадаға 7-сыныптан бастап қатысады. Мен де солай 7-сыныптан бері бағымды сынап жүрмін.
Пәндердің ең қиыны — физика мен математика ғой. Таңдаған пәнім — физика.
Мағжан Жұмабаевтың тамаша сөзі бар: «Алты алаштың басы біріксе, төр — ұстаздікі» деген. Мен де өскенде жетекшім Сабыржан Жексенғали секілді физикадан оқушыларға дәріс беріп, шәкірттерімді халықаралық олимпиадаға даярлағым келеді. Арманым — ұстаз болу, — деді.
Білім додасына түскендердің бәрі шетінен болайын деп тұрған балалар. Олардың арасынан пәндік олимпиаданың облыстық кезеңінен топ жарғандары республикалық кезеңге жолдама алатын болады.
Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.