Білім

Абыройлы белес

Әйтеке би көпсалалы колледжіне — 50 жыл!

Еңбек нарығына қажетті жұмысшы мамандықтарды сұранысқа сай әрі сапалы даярлау —  ел экономикасының күре тамырына қан жүгіртетін жауапты іс. Әйтеке би көпсалалы колледжі —  облысымыздағы кәсіптік білім беру саласында өзіндік орны бар оқу ордасы. Білім ордасында аудандағы ауылшаруашылық салалары үшін бәсекеге қабілетті маман даярлайды.

М.ЖИЕНҚОЖАЕВ,                                             

Әйтеке би көпсалалы колледжінің директоры. 

Жарты ғасырлық жол

Колледж 1974 жылы Комсомол және Қарабұтақ аудандарына қажетті жұмысшы мамандар даярлау мақсатында Комсомол селосы орталығында кәсіптік-техникалық училищесі болып ашылды. Яғни биыл колледждің іргесінің қаланғанына 50 жыл толды.

Алғашқы жылдардан бастап талай қиындықтар мен кедергілерден өткен оқу орны  бірнеше түлек ұшырды: 50 жылда ауыл шаруашылығы, газ, теміржол және басқа да  салалар бойынша 2500-ге жуық маман даярлады. Бүгінде түлектер еліміздің түкпір-түкпірінде қызмет атқарып жүр.

Оқу орнының жетістіктері —  колледж оқытушыларының терең білімі, теориялық, тәжірибелік шығармашылық істерінің нәтижесі. Қазіргі кезде жаңа ақпараттық технологиялар мен бағдарламаларды оқу үрдісіне енгізбей сапалы маман даярлау мүмкін емес. Колледж осы бағытта үнемі қарқынды жұмыс жүргізіп келеді.

Колледждің  материалдық-техникалық базасы кеңейтілген. Екі қабатты оқу корпусы, 80 орындық жатақхана, асхана жұмыс жасайды. Студенттердің инновациялық технологияларды қолдану арқылы кәсіби бағытта білім алуына, оқытудың жаңа технологияларын үйренуге лайықталған заманауи жаңа қондырғылармен жабдықталған  9 теориялық кабинет бар. Оның 6-ы жалпы білім беруге арналса, 3-і — арнаулы пәндер кабинеттері. Ауылшаруашылық машиналары, слесарьлық, аспаз шеберханалары жұмыс істейді және 2 компьютерлік кабинет, 1 оқу-әдістемелік кабинеті, оқу полигоны, спортзал, 80 орындық мәжіліс залы, медициналық бөлме бар. Барлық компьютерлік кабинет интернет жүйесіне және локальды байланысқа қосылған. Колледжде барлық кабинеттер мен шеберханалар қажетті заманауи құрал-жабдықтармен жабдықталған. Қосымша қаражат табу мақсатында техникалық қызмет көрсету, іштен жану қозғалтқышының май жүйесін тексеру, жылу қазандықтарына қызмет көрсету шеберханасы бар.

Студенттер оқу шеберханаларында жону, жөндеу, электрлі дәнекерлеу, электр құрастырушы тәжірибелік жұмыстарын атқарады.

Әр жылдардағы колледж басшылары:

1974-1975 жж. А.Докучаев

1975-1979 жж. Ғ.Мұхамбетов

1979-1984 жж. В.Балманов

1984-1985 жж. С.Ботағарин

1985-1990 жж. Р.Арнольд

1990-1991 жж. Р.Беріков

1991-2000 жж. М.Қарабаев

2000-2004 жж. А.Кадебаев

2004-2008 жж. Н.Балманова

2008-2010 жж. Р.Смағұлова

2010-2020 жж. А.Қанымбаев

2022 жылдан бастап т.ғ.к. М.Жиенқожаев басшылық жасайды.

 

Өтпелі уақыт кезінде…

Еліміз тәуелсіздік алған жылдары басқа оқу орындары секілді училище де қиын кездерді өткерді. Соған қарамастан, оқу орны ұжымы жан-жаққа тарап кетпей, қиындықты бірге еңсерді. Жұмысшылардың еңбекақысы 3-4 айлап кешігетін. Көмірді үнемдеп жағатын. Аудан орталығының халқы түнге қарай училищеден  көмір таситын. Осылардың бәріне қызмет көрсететін 1 сантехник, 3-4 от жағушы мен өзіміздің он шақты оқу-өндіріс шеберлері болды. Сол атқарылған  жұмыстардың арқасында ауылдағы мекемелерді тұрақты сақтап қалуға мүмкіндіктер туды.

1992 жылдың көктемінде қазіргі Әйтеке би станциясындағы мешіт орналасқан жерде қосымша оқу-тәжірибелік жұмыстарға арналған училищеге тиесілі 300 гектар жер болды. Сол кездері «Ярослав» кеңшарынан 20 тонна тұқым алып, ұжым өз күшімен егін екті. Сол жылы ауа райы қолайлы болып, ұжым гектарына 18 центнерден өнім алыпты. Өндіріс шеберлері күні-түні егінді ауылдың малынан қорғады.  Алған егінді «Комсомол» кеңшарына өткізіп, сол жылы училище  мол пайда көрді. Түскен қаржыға екі «Газ -53», бір «Зиль -130», «Беларусь МТЗ -80» секілді көліктер сатып алынды. Техникаларды жөндеуге, оқу құралдарын алуға да біраз қаражат жұмсалды. Көрші Домбар ауылына  бидай тапсырып, ұжым ұнмен қамтамасыз етілді. Сол жылы колледжге жиналып қалған қарыздар да толық төленіп шықты. 1994 жылы жылу жүйесінің қазандығынан шыққан күлді де пайдаланып, шлакаблок та шығарылды.

Облыс бойынша сол жылдары 2-3 училище жабылды. Бірақ оқу орнының ұжымы қиындықтарға қарамай, жұмыс істей білді. 1994 жылдың желтоқсан айында жылу қазандығы істемей, көмір болмай, училищені жауып, ұжым кешкі ауысымға жұмысқа шықты. Сабақ 10-да аяқталып, балаларды үйлеріне өндіріс шеберлері тарататын еді. Оқытушылар уақытпен санаспай, жатақханада жататын балаларды кешкісін тексеріп, түнгі кезекшілерге тапсырып қайтатын. Ол кезде 300-ге жуық бала жатақханада жатты.

Тоқсаныншы жылдардың аяғында қызметкерлер тұрғын үймен қамтамасыз етілді. 1998 жылы жазда  9 қызметкер баспаналы болды. 1974 жылдан 1998 жылға дейін оқытушылардың үйлері және аудандық өрт сөндіру бекеті, Комсомол бастауыш орта мектебі мен Алтынсарин көшесінің бойындағы тұрғын үйлер училищенің ортақ қазандығы арқылы жылытылды. Қыс айларында сақырлаған сары аязға қарамай мекемелерді жылумен қамтамасыз еткен училище қызметкерлерінің атқарған жұмысы орасан зор.  Осындай жұмыстардың басында денешынықтыру пәнінің оқытушысы Сыдық Беспаев жүретін.

Түлектер — колледж мақтаныштары

Колледжден білім алушы жастардың қатары жыл сайын артып келеді. Ауыл шаруашылығы саласы,  теміржол мамандықтарына сұраныс мол. 2024-2025  оқу жылында барлығы  206 студент мемлекеттік тапсырыс негізінде білім алып жатыр. Бітірген түлектердің басым бөлігі жұмысқа орналасады. Колледжде Ы.Алтынсарин төсбелгісінің иегері, техника ғылымдарының кандидаты, өндіріс шеберлері қызмет атқарады. Оқытушылар кәсіпорындардан, біліктілікті арттыру және қайта даярлау институттарынан білімін жетілдіріп отырады. Мамандықтар бойынша техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарының педагогтері арасында өткізілетін республикалық шеберлік конкурсында жүлделерге ие болып жүрген оқытушылар да баршылық. Колледждің кәсіптік білім саласында 12 білім бағдарламасы бойынша мамандар даярлауға лицензиясы бар.

Колледжде мамандарды даярлау әлеуметтік серіктес кәсіпорындарының белсене араласуымен жүргізіліп келеді. Бүгінде колледж оқушылардың теориялық білімін тәжірибемен ұштастыру мақсатында 13 мекемемен келісімшарт жасаған. Олар — «Булак-Агро» ЖШС, «Комсомол» ЖШС, «Кумкудук» ЖШС, «Горнорудная компания Сары Арқа» ЖШС, «Ұлттық компания Қазақстан темір жолы Ақтөбе магистралды желі бөлімшесі» АҚ, «Qaz Service Group» АҚ, «Энергосистема» ЖШС аудандық жастар ресурстық орталығы. Колледждің өндірістік тәжірибе кезінде жақсы жұмыстарымен көзге түскен оқушыларын мекеме басшылары жыл сайын қаржылай сыйлықпен марапаттап отырады.

Дуальды оқыту жүйесі 2015-2016 оқу жылынан бастап 1504000-«Фермер шаруашылығы»  мамандықтары бойынша оқу процесіне енгізілді.

Тағы бір айта кететін нәрсе,  Әйтеке би көпсалалы колледжінде ата-анасының қамқорлығынсыз қалған оқушыларға әлеуметтік қолдаудың тұтас пакеті бар.

Барлық колледж ұжымын, ардагер ұстаздарды, оқушыларды, түлектерді осы Әйтеке би көпсалалы колледжінің 50 жылдық мерейтойымен құттықтаймын! Жас ұрпаққа сапалы білім мен тәрбие беруде сіздердің қажырлы еңбектеріңіз болашақ мамандар даярлауда  алтын көпір болатыны сөзсіз. Алдағы уақытта да шығармашылық табыс, толағай жетістіктер тілеймін!

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button