Ақтөбенің тәжірибесі — елге үлгі
ауыл мектептері Үкіметтің назарында
Үкімет басшысы желтоқсан айында өткен Үкімет отырысында Ақтөбе облысының ауыл мектептерін дамыту бағдарламасын өзге өңірлерге үлгі етуді ұсынды.
Премьер-министр Олжас Бектенов әуелі ауыл мектебі, оның болашағына қатысты туындап отырған проблемаларға тоқталды. Шалғай аудандарда орналасқан ауыл мектептерінде мамандар жетіспеуі, қажетті құрал-жабдықтардың ескіруі немесе істен шығуы секілді проблемалар бар екені рас.
Былтыр өңірдегі шағын жинақты ауыл мектептерін дамытуға арналған бірегей жоба іске қосылған болатын. Ауыл мектебіндегі мәселелерді жүйелі шешу үшін Олжас Бектенов Оқу-ағарту министрлігіне өңір әкімдерімен бірге, 2025 жылдың соңына дейін Ақтөбе облысының тәжірибесі аясында кемінде 200 тірек мектеп желісін құруды және шағын мектептердің әлеуетін арттыру бойынша шаралар қабылдауды міндеттеді.
Үкімет отырысы барысында білім беру саласында жеке сектордың және қоғамдық қорлардың қатысуымен сәтті іске асырылып жатқан жобаларға ерекше назар аударылды. Мәселен «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры біздің өңірдегі тірек және шағын жинақты мектептерді жарақтандыруға
1 млрд 800 млн теңге бөлді. Премьер-министр мұндай игі істер оқушылардың білім сапасын жақсартуға ықпал ететінін атап өтті.
Осыған орай өңірдегі жағдайды білмек мақсатта облыстық білім басқармасына хабарластық.
Облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Нұргүл Бертілеуованың айтуынша, білім саласындағы өзекті мәселелердің бірі — тұрғылықты жеріне қарамастан, сапалы білім алу үшін балаларға тең мүмкіндіктер жасау.
— Облыстағы 434 мектептің 280-і — ауыл мектебі болса, оның 201 —шағын жинақты. Ауыл мектептерінде 45 мыңнан астам оқушы білім алады және 9 мыңға жуық педагог жұмыс істейді. Шағын жинақты мектептерде 4 мыңнан астам педагог қызмет атқарады. Биылғы оқу жылында 366 жас маман ауыл мектебіне жұмысқа қабылданды.
Ауыл мектебінің толымдылығы қалаға қарағанда 10 есеге төмен. Қаладағы бір мектепте орта есеппен 973 оқушыдан болса, ал ауылдағы білім ұясында орташа есеппен 163 оқушы оқып жүр.
Ауыл мектептерін дамыту бағытында бірқатар жұмыс жүргізіліп жатыр.
Соңғы үш жылда 1030 орынға арналған 8 ауыл мектебі қолданысқа берілді.
Қазіргі таңда 10 ауылда 2350 орындық жаңа мектептің құрылысы басталды, оның үшеуі «Жайлы мектеп» Ұлттық жобасы аясында салынып жатыр. Мемлекет басшысының «Шағын қалалар мен ауылдардағы 1000 мектепті жаңғырту» тапсырмасына сәйкес өңірде 226 ауыл мектебіне күрделі жөндеу жүргізіліп, пәндік кабинеттер жабдықталды, мектеп жиһазы, компьютерлік жабдықтар, асхана, кітапхана және қауіпсіздік жүйесі жаңартылды. Осы мақсатқа 8,2 миллиард теңге бөлінді. Қалғаны осы 2025 жылдың соңына дейін толықтай қамтылады, — дейді Нұргүл Бертілеуова.
Басқарма ауыл мектептерінің білім сапасын арттыруға да назар аударады. Бұл бағытта 2023-2024 оқу жылында өңірде «Цифрлық технологияларды пайдалана отырып, Ақтөбе облысының шағын жинақты ауыл мектептерінің әлеуетін дамыту» пилоттық жобасы іске асырылды.
— Жобаны табысты іске асыру үшін тірек және шағын жинақты мектептердегі педагогтердің қашықтан сабақ өткізуін ынталандыру мақсатында еңбекақысына қосымша үстемақы қаражатын жергілікті бюджеттен қарастыру, жобаға кірген тірек және шағын жинақты мектептерді жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз ету, тірек және шағын жинақты мектептерді жөндеуден өткізу қажет болды. Жобаға өңірдегі 12 тірек және 134 шағын жинақты мектеп тартылды. Жергілікті бюджеттен жоба аясындағы жөндеу жұмыстарына 1,8 миллиард теңге жұмсалды.Мектептердегі интернет жылдамдығын арттыруға 157,7 миллион теңге бөлінді. 2021 жылы 121 ауыл мектебі жылдамдығы төмен, яғни секундына 1-2 мегабит спутниктік интернетпен жұмыс істеген болатын. Қазіргі кезде олардың ішіндегі 75 мектептің интернет жылдамдығы секундына 20-50 мегабиткедейін жететін радиорелілік байланысқа ауыстырылды. Сонымен қатар бұған дейін интернет жылдамдығын арттырудың техникалық мүмкіндігі болмаған46 мектеп Starlink жүйесіне қосылды.Жергілікті бюджеттен жобаға қатысқан 165 педагогтің қосалқы жұмысын ынталандыруға 54,4 миллион теңге үстемеақы төленді, — дейді Нұргүл Бертілеуова.
Сонымен қатар «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының қаржылай қолдауымен пилоттық жобаға енген шағын жинақты мектептердің материалдық-техникалық базасынығайтылды.Мұнда интерактивті панель, педагогтерге арналған компьютер, МФУ принтер, ноутбук,автоматика және робототехника салаларындағы әртүрлі электронды құрылғылар жасауға арналған Arduino жиынтығы, тағы басқа жиынтықтармен жабдықталды.
Білім басқармасы басшысының орынбасары Нұргүл Бертілеуованың айтуынша, жобаға тартылған мектептердің басшылары мен педагогтеріне арналған біліктілікті арттыру курстары ұйымдастырылды. 1068 педагог және 204 мектеп директоры офлайн форматта курстан өткен. Республика көлемінде курстан кейінгі оқу-әдістемелік сүйемелдеу мақсатында республикалық және облыстық оқыту семинарлары мен вебинарлары жүргізіліп, әдістемелік ұсынымдамалар әзірленген.
— Жоба қорытындысына сүйенсек, 6, 8 және 10-сыныптарда білім сапасы көтерілді. Шағын жинақты мектептердегі білім сапасы едәуір жақсарды. Биылғы оқу жылында жобаға қосымша 50 шағын жинақты мектеп тартылды. Жалпы жоба өңірдегі ауыл мектептері проблемаларын анықтауға және оның оңтайлы шешілуіне ықпал етті,— дейді Нұргүл Бертілеуова.
Сондай-ақ олжоба аясында оқытудың төрт моделі арқылы шағын жинақты мектептердегі кадр тапшылығы мәселесі шешілгенін,шағын жинақты мектептері бар ауылдар сапалы интернетке қол жеткізгенін, өңірдегі тірек мектептер саны артып, 12-ге жеткенін, бұл жұмыс өңірде әрі қарай жүйелі жалғасатынын айтты.
Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.