Білім

Білім ордасының бүгіні

Ақтөбе қаласындағы Дінмұхамед Қонаев атындағы №60 мектеп-гимназияның ұстаздары білім беру үрдісінде тиімді әдіс-тәсілдерді қолданып,  оқушылардың жан-жақты дамуына барынша жағдай жасап келеді. Білім ордасында Абайтану, Ахметтану кабинеттерінен бөлек, робототехника, телестудия жұмыс істейді. Мектеп мұражайы мен кітапханасы және бар.  Биылғы оқу жылын «білім беру округі» негізінде тірек мектеп болып бастаған білім нысаны 182 елде тіркелген ЮНЕСКО қауымдастырылған мектептерінің мүшелігіне,  еліміз бойынша «Олимпиадалық 100 үздік мектеп» қатарына енген. Жуырда аталған мектептің педагогикалық ұжымымен кездесіп, 3 қабатты білім нысанын аралаған едік. Сонымен…

Білім ордасындағы цифрландыру бағыты

Білім беру нысандарындағы басты міндеттердің бірі — қолайлы және қауіпсіз орта қалыптастыру. Есет батыр шағын ауданында орналасқан білім ордасынының сыйымдылығы — 1200 орын. Алайда оқушылардың көптігінен орын жетіспеушілігі туындап, мектеп үш ауысымды оқуға көшкен. Қазір мұнда 3841 оқушы білім алады. Сондай-ақ 250-ден аса ұстаз қызмет ететін нысанның өзіндік тәртібі мен ішкі ережелері қатаң сақталған. Мектеп директоры Абзал Тәжімішевтіңайтуынша, 3 қабатты мектептің  бақылау жүйесі үшін 200-ден аса ішкі, 100-ге жуық сыртқы бейнекамера орнатылған.

—  Оқушылардың қауіпсіздігі басты орында. Бұл бағытта мектепте турникеттер орнатылып, «Alaqan Mektep» жүйесі іске қосылды. Бұл жүйеде оқушылар алақанын сенсорға қою арқылы мектепке кіріп-шыға алады. Сканерлеу 0,3 секундта жүргізіледі.Сонымен қатар осы жүйе арқылы балалар кітапханадан кітаптар ала алады. Ал ата-аналар баланың мектепке қашан келіп-кеткенін біліп, мобильді қосымшасы арқылы бақылай алады. Сондай-ақ барлығы 300-ге жуық ішкі-сыртқы камера бақылауын мектептің әкімшілік кабинетінде орналасқан мониторлардан кезекшілер бақылап отырады, — дейді А.Амантайұлы.

Мектептің тәптібіне тоқталған басшы «Тәртіп бар жерде — білім бар» деген қағиданы берік ұстанады.

Арнайы кабинеттермен жабдықталған мектептің дәлізінде құрмет тақтасы, дарынды оқушылар қабырғасы және жас маман бұрышы бар. Ұжымның ботаник мамандары мектеп ауласына егілген канна гүлін мектеп ішіне үш түрлі әдіспен егіп өсірген. Жазда гүл ашып, сән беретін гүл түрін қыс айында сақтаудың тәсілін үйренген мамандар биыл екінші жыл тәжірибелерін сынап, оқушыларын да үйретіп жүр. Мектеп өмірімен таныстырған директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары Мирамгүл Ербозымова биылғы оқу жылында әрқайсысы 30 оқушыға жасақталған 4 кабинеттің ашылғанын айтты.

Жаңа оқу жылын Абайтану, Ахметтану, қазақ тілі және қазақ әдебиетіне арналған кабинеттердің ашылуымен бастадық. Бұл кабинеттер заманауи оқу техникаларымен жабдықталып, көрнекіліктермен безендірілді. Арнайы кабинет болғандықтан мемлекеттік сатып алу жүйесі бойынша суретшілерге конкурс жарияланды, — дейді М.Нұрланқызы.

Аталған кабинеттерде QR кодтар да орнатылған. Сол арқылы оқушылар өзіне қажетті барлық ақпаратты таба алады.

Ал сыйымдылығы 60 адамды қамтитын мектеп кітапханасының қорында 15 мыңнан аса кітап бар. Оның 2000-нан астамы «Alaqan Mektep» жүйесіне тіркелген.

Кітапхана қорындағы пәндік оқулықтар оқушылардың барлығына жеткілікті. Тіпті кейбір қала мектептері оқулықтың жетіспеушілігінен бізден келіп, кітап алады. Кітаптарды толықтай  «Alaqan Mektep» жүйесіне көшіру жоспарда бар. Бұл жерде бір меңгеруші, екі кітапханашы жұмыс істейді, — деді М.Ербозымова. Оның айтуынша, аталған жүйенің көмегімен автоматтандыру арқылы кітапхана жұмысын жаңа деңгейге шығаруға, мектептер арасында кітаптарды алу-берудің процестерін цифрландыра отырып, қаладағы барлық мектептің бірыңғай кітап қорын құруға мүмкіндік береді. Ақпараттық жүйе алақан тамырларының үлгісін цифрлық кодқа айналдыру арқылы жүзеге асады.

Телестудия табысы

 Осыдан 4 жыл бұрын «Қонаев тв» телестудиясын ашқан мектеп ұжымының YouTube арнасында 19 мыңнан аса оқырманы бар. Қазақ тілі мен әдебиеті пәнін қызығушылықпен оқитын оқушылар бос уақыттарын тиімді өткізу мақсатында студияда сұхбат жазып, түрлі тақырыпта роликтер түсіріп, монтаждайды. Дайын болған соң көрерменге мектептің әлеуметтік желідегі парақшасы арқылы таратады екен.
Мектеп директорының бастамасымен жүзеге асқан жобаның бірі — телестудия ашу. Бұл — оқушыларды шығармашылыққа, мамандыққа баулуға бағытталған игі іс. Бүгінде арнамыздың қорына 200-ден аса видео жүктелген. Әсіресе ковид індеті кезінде, қашықтан оқыту жүйесі барысында ұстаздардың сабақ өткізу процесі, жиынтық сабақ түрлері жүктелді. Одан бөлек мектепте өтетін түрлі іс-шаралар, ашық сабақтар да қорға сақталады. Телестудия заманауи жабдықтармен жабдықталған. Техникалық базасында студиялық жарық шамдары, Iphone телефоны, екі камера, екі фотоаппарат және бір дрон бар. Видеоларды монтаждап, жүктейтін жоғары интернет те, компьютер де қолжетімді, — деді телестудия меңгерушісі Төребек Шамшадин.

Сонымен қатар телестудия мұғалімдердің сабақ өткізуіне қажетті көрнекіліктерді шығаратын үлкен принтермен жабдықталыпты.

Мектеп мақтаныштары

Биыл Оқу-ағарту министрлігінің ұйымдастыруымен «Үздік сынып жетекші» байқауы өткізілген болатын. Аталған байқаудың қалалық және облыстық кезеңінен осы мектептің тарих пәнінің ұстазы Аркен Мұқамбетәзиев І орын, республикалық кезеңнен ІІІ орын алған.

Биылғы оқу жылында мектеп директоры үздік көрсеткішке ие 10 маманға шетелге жолдама сыйлауды жоспарлап отыр. Соның алғашқысын республикалық «Үздік сынып жетекші» байқауында жүлде алған Аркен Мұқамбетәзиевке табыстады.

Одан бөлек мектепте оқушылардың оқу үлгерімін, тәртібін қадағалау мақсатында қабырғаға мониторинг тақтасы орнатылды. Ол жерде оқушылардың сабаққа қатысымы, тазалығы, тәртібі бойынша балдық жүйемен баға қойылады. Ең үздік нәтиже көрсеткен сынып мониторинг нәтижесінде анықталып, кинотеатрға тегін жолдама алады. Бұл айына бір мәрте өткізіледі, — деді М.Ербозымова.

Білім ордасы өткен жылы облыстық білім басқармасының «Үздік білім беретін ұйым» номинациясымен марапатталып, 8,5 млн теңге көлемінде сыйақыға ие болған. Сонымен қатар еліміздің «Олимпиадалық 100 үздік мектеп» қатарына еніп, республика деңгейінде үздік жетістікке қол жеткізген. Сондай-ақ мектепішілік кәсіподақ ұйымының жүргізген мотиторингінің нәтижесінде мектепке жыл сайын 500 мың теңге сыйақы тағайындалып келеді.

2022 жылдан бастап Д.Қонаев атындағы жалпы білім беретін орта мектеп-гимназиясы  182 елде тіркелген ЮНЕСКО-ныңқауымдастырылған мектептерінің мүшелігіне еніп, гимназияға «ЮНЕСКО клубы» мәртебесі берілген. Осы оқу жылынан бастап ЮНЕСКОөткізген республикалық, халықаралық деңгейдегі іс-шараларына қатысып келе жатқан ұстаздар мен оқушылар жақсы нәтиже көрсетіп келеді.

Гимназияның тынысы

Осыдан 8 жыл бұрын ашылған мектеп алғашқыда жұмысын 22 ұстазбен бастаған. Содан бері мектеп ұжымы толығып, бүгінде облыстық білім сапасын арттыруда аумақтық білім беру округтеріне әдістемелік, ғылыми-зерттеушілік, талдамалық және сараптамалық қолдау көрсететін тірек мектебіне айналды.

Мектептің бір бұрышы «Асыл мұра» мұражайына арналған. Бұл жерде бұрын қолданған тұрмыстық, техникалық заттар, бұйымдар, киімдер мен қол диірмендер де қойылған. Дәліздің келесі беті оқушылардың қолынан шыққан қолөнер бұйымдарымен толыққан. Қасында қыз балаларға арналған технология кабинеті бар. Жоғары сапалы тігін машиналары, ыдыс, киім жуғыш машиналар, асүй жиһазымен жабдықталған кабинетте ас пісіруден бастап, тігін тігуге қажетті құралдардың бәрі бар. Мұнда сахналық киімдер де тігіледі екен.

144 сынып оқитын 3 қабатты білім нысанның жертөлесі де кәдеге жарап тұр. Орын тапшылығының орнын толықтыру үшін спорттық үйірмелер мен домбыра, би, ер балалардың шеберханасы мектептің жертөлесінде орналасқан. Бастапқыда құлаққа түрпідей тигенмен, жертөле деген аты ғана болмаса, барлық жабдықпен қамтамасыз етілген кабинеттер екен. Жертөле арқылы өтіп жатқан жылыту батареясының үстінен жүруге, әрі ата-аналардың келіп, күтіп отыруына ыңғайлы болу үшін едені ағаш жабындысымен қапталған.

3800 оқушыға жасақталған спортзалда күрес, бокс тәрізді спорт үйірмелері өтеді. Спортпен айналысатын оқушылар үшін барлық жағдай жасалған. Күреске қажетті татами төсеніші, спорттық құралдар мен жаттығу құрылғыларының бәрі мектепке табысталған сыйақы, бөлінген қаржы есебінен жүзеге асып келеді. Спортзал жертөледе орналасқандықтан жуынатын бөлме, әжетхана да осы қабатта. 10-11 сынып оқушылары үшін алғашқы әскери даярлық сабағы да осы жерде өтеді. Автоматты жинап-шашудан қала бойынша ең үздік нәтиже көрсетіп жүрген оқушылар да осы жерде жаттығады, — деді директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Талғат Қаймолдин.

Біз аралап көрген әр кабинеттің өзіндік ерекшелігі бар. Мәселен, алғашқы әскери дайындық сабағы өтіп жатқан бөлмеде алыстан дәлдеп ату үшін қабырғаға нысана ілінген. Сақтық үшін алыстан бақылап отыратын камера бұл жерге де орнатылыпты. Атқан оғын жақыннан көру үшін мишеньге барудың қажеті жоқ, экраннан жақындатып қарай алады. Ал Калашников автоматын 36-37 секундта шашып-жинайтын оқушылардың жетістігі— қала бойынша ең үздік көрсеткіш.

Бұл жерде оқушыларға шахматты«әліппесінен» бастап үйрететін үйірме де бар. Жаттықтырушылар оқушылардың қалалық, облыстық жарыстардан топ жарып жүргенін жеткізді.Қазақстан бойынша шахматтан үздік 50 мектеп қатарына кіретін үйірмеге бүгінде 70-ке жуық оқушы қатысады. Кабинет «Самұрық-Қазына» қорының демеушілігімен жабдықталған.

Таланттар мекені

Мектеп білім, спортпен қатар, өнерге де ерекше көңіл бөледі. Мектепішілік іс-шараларда ән айтып, музыкамен сүйемелдейтін мектептің арнайы хор тобы, домбыра оркестрі, театры мен бишілер тобы бар. Өткен оқу жылында 7 млн теңге көлеміндегі қаражатқа музыкалық аспаптар сатып алынған. 400 орынға шақталған салтанат залы бар. Мектеп алдағы уақытта оқушылардың шығармашылығына арнап кеш өткізуді жоспарлап отыр.

Айдана НАҒАШЫБАЙҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button