Мерей

Мәдениет пен өнер жанашыры

Кез келген ұлттың болмысы мәдениет-өнерімен, дәстүрлі дүниетанымымен бағалы. Ұлттық рухани мұрасымен құнды. Ал ол құндылықты түрлі қоғамдық құбылыстарға, елдің мәдени әлеуеті қаланар тұста түрлі кедергілерге қарамай қалпын бұзбай сақтау, батылдықпен жаңа кезеңдерге қадам жасау — рухани өресі биік, жақсылыққа жанашыр адамның қолынан келер іс.

Біздің бүгінгі әңгімеміздің басты кейіпкерін мәдениет пен өнердің мөлдір бұлағынан сусындаған, өңірдің рухани келбетінің тарихи кезеңдеріне куә болған әр ақтөбелік жақсы біледі. Менің мәдениет саласындағы алғашқы ұстазым, көрікті ой, көркем мінез-құлқымен мәдениет саласына баулыған Еркін аға Құрманбеков туралы жазу көптен бергі көкейдегі ойым еді.

Еркін ағаның өмірбаянына көз салғанда ең алдымен көзге түсетіні — оның майдангердің баласы екендігі. Әкесі Жолмырза Құрманбеков — Ұлы Отан соғысының қатысушысы, кешегі қиын кезеңде қолына қару алып, ел қорғаған жауынгер. Ал майданнан елге оралғаннан кейін кеңес қызметкері, ауыл шаруашылығы өндірісінің шебер ұйымдастырушысы ретінде танылады. Байғанин аудандық атқару комитеті төрағасының орынбасары, сондай-ақ шаруашылық мекемелерінде басшы қызметтерде болады. Ол өзі басқарған «Қызыләскер» колхозын «миллионер» етіп, ауыл шаруасы өндірісін нығайту ісіне қосқан үлесі үшін «Еңбектегі ерлігі үшін» медалімен, Қазақ КСР Жоғары Кеңесінің Құрмет Грамоталарымен марапатталады. Анасы Ақмоншақ Аймаққызы азаматын күткен, еліне сыйлы болған, сөзі өтімді, өзі өнегелі жан болған. Өмірден ертерек кеткен Жолмырза атаның шаңырағын биік ұстап, күні кешеге дейін балалары мен немерелерінің ақылшысы болған ақ жаулықты абзал әже еді.

Еркін ағаның өзі Байғанин ауданының Жарқамыс ауылында 1944 жылдың қараша айында дүниеге келген. 1961 жылы Қарауылкелдідегі Комсомолдың ХХХ жылдығы атындағы орта мектебін үздік бітірді. Сол жылы Гурьев педагогикалық институтының тарих-филология факультетіне түсіп, аталған оқу орнын қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі мамандығы бойынша ойдағыдай бітіріп шығады.

Институттан соң ұстаздық еңбек жолын өзі қанаттанып шыққан Комсомолдың ХХХ жылдығы атындағы мектепте мұғалім болып бастайды.

Сол уақыттың талабына сай 1966-1967 жылдары Түрікменстанда КСРО Қарулы күштері қатарында қызмет етіп, танк әскерінің офицері курсында оқып, Түркістан әскери округінде Отан алдындағы борышын өтейді.

Жауынгерлік саяси шыңдалудан өткен ол енді жастар ұйымы жұмысына шақырылады. Бастапқыда облыстық комсомол комитетінің лекторлар тобының меңгерушісі болып қызмет етеді. 1971-1973 жылдары Қазақстан комсомолы орталық комитетінің лекторы, нұсқаушысы болып қызмет істеп, жастар арасында үгіт-насихат, құқықтық білім беру, жастар баспасөзін тарату, дамыту мәселелерімен айналысады.

Содан соң Ақтөбе облыстық комсомол комитетінің идеология саласы бойынша хатшысы болып сайланады. Жастар арасындағы саяси оқу, мәдени-көпшілік жұмыс, патриоттық тәрбие, спорт, жастар баспасөзін, туризмді ұйымдастыруға басшылық етеді.

Жастардың жалынды мектебінен тәжірибе жинаған ол СОКП Орталық Комитетінің жоғары партия мектебінің сырттай оқу бөлімінің Ақтөбедегі оқу-консультациялық филиалының меңгерушісі болып, партия, кеңес қызметкерлерін дайындаумен айналысады. Одан кейін облыстық партия комитетінің нұсқаушысы, консультанты, партия архивінің меңгерушісі болып, социалистік жарыс, саяси-көпшілік жұмыс, мәдениет, спорт жұмыстарын бақылап, ұйымдастырады.

Адамдармен жұмыс істеу, мемлекеттік саясатты жұртшылық арасына жеткізуде мол тәжірибе жинақтаған ол мәдениет саласына келгенде елге танылған, көпшілікке сыйлы, айналасына құрметті ел ағасы деңгейінде болатын. Бастапқыда облыстық мәдениет басқармасы бастығының орынбасары болып, 1995-2003 жылдары осы басқарма тізгінін қолға ұстады.

Осы қызметінде облыс мәдениеті мен өнер саласына абыройлы басшылық жасады. Бұл жылдар Тәуелсіздік алған кезең еді. Мәдени-ұйымдастыру шаралары да осы бағытта өрбіді. Еркін Жолмырзаұлы облыстық мәдениет басқармасында жетекшілік қызметте жүрген кездерінде қазақ халқының рухани байлығын, тарихи сана-сезімін арттыратын, оның тарихын, мәдениеті мен әдебиетін үгіттеуге, республика мен облысқа танымал тарихи тұлғалардың өмірі мен қызметтерін танытуға бағытталған қоғамдық маңызды мәдени-көпшілік жұмыстар мақсатты және кең көлемде жүргізілді.

Еркін аға іс басында жүргенде көптеген елдік шаруалардың жүйелі атқарылуына үлес қосты, елімізді қорғаған батырларымыз бен аузы дуалы билеріміздің, мемлекет, қоғам қайраткерлерінің, көрнекті ақын-жазушылардың, танымал өнер иелерінің, басқа да тұлғаларымыздың мәртебесін биіктетер, кейінгі ұрпаққа үлгі етер шараларды жүзеге асыруға бастамашы болды.

Еліміз үшін күрделі, өтпелі кезеңде мәдениетті қолдау, мәдениет жөніндегі мемлекеттік саясатты қайта құру мақсатында Еркін Құрманбектің бастамасымен мәдениет және өнер мекемелері тәжірибесіне біраз жақсы жаңалықтар енгізілді.

«Кітапханаларға – кітап» шарасы, мәдениет және өнер мекемелерінің он күндігі, «Руханият айлығы», мәдениет эстафетасы, «Үздік кітапхана», «Үздік Мәдениет үйі», «Жылдың үздік мәдениет қызметкері», театр өнерінің, «Балдәурен», «Жас дәурен» фестивальдары, Ақтөбе қаласында аудандардың мәдениет күндері, би ұжымдарының Нұрсұлу Тапалова атындағы байқауы өтті. «Аққу» фольклорлық би ансамблі секілді кәсіпқой ұжымдар құрылды. Қазақ драма театры ашылып, қуыршақ театры, облыстық филармония, С.Бәйішев атындағы облыстық кітапханасы бөлек ғимараттарға ие болды, «Әлия гүлі» би ансамблі қайта өмірге келді.

Еркін аға туралы айтқанда, мәдениет пен өнер саласының, ішкі саясат пен қоғамдық жұмыстардағы әріптестері, қатарластары мен қызметтестері оның жайдары жібек мінезін, кішіпейілділігін, мәмілегершілігін, ізденгіштігін, орнықты мінезі мен талапшылдығын тілге тиек етеді.

Еркін Жолмырзаұлы облыстық мәдениет басқармасын басқарған кезеңдері тәуелсіздіктің алғашқы жылдарымемлекеттік құрылым жүйесі қалыптасып жатқан уақытболатын. Бұл тұста мәдениет саласын дамыту, өнер мекемелері үшін ғимарат алып беру, штаттар ашу, жоба-бастамаларды көтеру, жаңа идеяларды ойға алып, іске асырудың өзі екіталай еді. Соның өзінде ғимаратсыз отырған қазіргі облыстық Ғ.Жұбанова атындағы филармонияға, «Алақай» қуыршақ театрына, Т.Ахтанов атындағы драма театрына, С.Жиенбаев атындағы кітапханаға баспана тауып, қызметкерлерді орналастыру үлкен жеңістің тұғыры іспетті еді.

Нарық заңдары дендеп енген алғашқы жылдары 16 мың жұмысшысы бар құрылыс зауыты, 8 мың жұмысшысы бар трикотаж фабрикасы, 3 мың адамдық кондитерлік мекеме жабылып жатқан тұста отыз ғана қызметкері баркітапхананың есігі оқырмандар үшін ашық тұруына жан салған Еркін ағаның саясатшыл көрегенділігі мен батылдығы бізді таң қалдырған еді.

Облыстық филармонияға Ғазиза Жұбанованың атын беріп, одан кейін филармонияны жабу туралы бұйрық келіп түскенде «сондай заңғар тұлғаның атын алған мекемені жаба алмаймын» — деп қарағайға қарсы біткен бұтақтай қасқайып тұрғаны және бар. Басқарманы  басқарған он екі жылдың әр кезеңіндегі жетістіктер мен жаңа бастамаларды теріп жазсақ, бір кітаптың көлемі болар.

Еркін аға жүріп өткен жол ең соқпақты қиын кезеңнің басы еді. Сара жол салып, мәдениет басқармасының жұмысын жүйелеп кеткен білікті басшының соқпағыменжүріп, бүгінде осы басқарманың басшысы ретінде ұлағатты ұстазға қарап марқаямын, қашан да ақыл-кеңесін сұрап, алдағы шаруаларға тон пішемін.

Мәдениет саласына қадам басқан сәтімнен ол кісінің теңіздей терең танымы мені ылғи да жігерлендіріп отырушы еді. Көп тірлігі көзге көріне бермейтін осы саланың қиындығымен қатар қызығын да ағамен бірге кешіргеніміз есімде. «Ұстазы жақсының ұстамы мықты» дейді қазақ. Ұстамдылық пен мақсатқа беріктікті ағадан үйренген шәкірттері аз емес, ал бұлар басшылық қызметте бағдарыңды дұрыстап, бағытыңнан жаңылмауға да керек мінез.

Еркін ағаның мәдениет пен өңірдің болмыс-бейнесін, әлеуетін көтерудегі ауқымды жобаларын, басшылық қызметтегі тың бастамаларын кезең-кезеңге бөліп қарастыруға болады. Қамқорлығымен қанатының астына алып, талай өнерлінің жолын ашты. Еңбегі еленбей кеткен тарихи тұлғалардың еңбегін саралап, баспасөз беттерінде ауық-ауық көлемді мақалалар жариялап тұрды. Қай қызметте жүрсе де ұмыт бола бастаған қайраткер тұлғалардың мұрасын іздеп тауып, көне жауһарлардың қайта жандануына септігін тигізді.

Алғаш рет қазақтың айтулы қоғам қайраткері Темірбек Жүргеновтің Мәскеуде өткізген қазақ мәдениеті күндерінің үлгісінде Ақтөбеде мәдениет күндерін өткізді. Бүкіл республика бойынша мәдениет нысандары жабылып, ғимараттар қаңырап бос қалғанда Ақтөбе өңірі мәдениет декадасын өткізіп, қайта жаңғырып, жанданып жатты.

Қазіргі қуыршақ театрына «Алақай» атауын, драма театрына дарабоз жазушы  Тахауи Ахтановтың есімін, қазіргі креативті бағыттағы кітапханаға айналған орталыққалирик ақын Сағи Жиенбаевтың атын берілуін қолға алып, мақсатына жетіп отырды. Әйгілі Жұбановтар әулетінің мол мұрасын насихаттайтын ұсыныстарымен жаңа өнер ұжымдарын құрды.

Қазіргі таңда «Алақай» қуыршақ театры республикадағы ғана емес, халықаралық деңгейдегі үздік өнер орталықтарының біріне айналып отыр. Ақтөбенің брендіне айналған «Ассалаумағалейкум» қуыршақ театрлары арасында өтетін фестиваль аясында әлемнің үздік театрлары өнер көрсетіп, екі жылда бір рет бас қосып, мерекелеп келеді.

Тахауи Ахтанов театрының да жеткен жетістіктері, мәртебесі бір бөлек. Өткен жылы алғаш рет республикалық театр форумын өткізіп, жазушының 100 жылдығын кең көлемде атап өтті. Сондай-ақ «Балауса» эксперименталды театрлар фестивалінің де қазіргі халықаралық деңгейдегі әлеуеті зор.

Ал қазақ музыкасы тарихында елеулі орны бар Жұбановтар әулетінің мол мұрасын насихаттау бағытында өткен жылы Астана қаласының төрінде Ғазиза Жұбанова атындағы облыстық филармония ұжымы өнер көрсетті. Осы бағытта әлі де атқаратын келелі жоба-жоспарлап көп. Әрине, мұндай мәдени өзгерістердің бастауында Еркін ағаның жанкешті еңбегі, зор үлесі бар екенін біз әрдайым айтып келеміз.

Соңғы жылдары «Атамекен» ардагер аталар ансамблінің құрамында өнер көрсетіп, белсенділікпен республикалық, облыстық деңгейдегі түрлі фестиваль, шараларға ат салысты.

Еркін Жолмырзаұлы қолына қалам алып, өзін  толғандырған тақырыптар аумағында оқырманға ой салар зерттеу мақалаларын да жиі жазып отырады.

Кезінде Қобыланды батырды жырлаған, 42 жыр білген қобдалық ақын Айса Байтабыновтың шығармашылығын көптен бері жұртшылық арасында насихаттап келеді.

Қазақтың дәстүрлі ән өнері тарихында өзіндік орны бар тұлғалардың бірі — Тәңірберді Молдабайдың есімін танытуға да біраз күш жұмсағанын білеміз.

Халық ақыны Нұрпейіс Байғаниннің өмірі мен өнегесін таратуда да айтарлықтай жұмыстар атқарылды.

Еркін Құрманбеков облыстың қоғамдық-саяси өміріне де белсене қатысады. Оның ұзақ жыл Әйтеке би атындағы қайырымдылық қорын басқарып, дара тұлғаның ұлағатты сөздерін кеңінен насихаттап, ізгілікті шаруалардың ұйытқысы болғаны кейінгі жастарға өнеге.

Ақиқатын айтқанда, Еркін Жолмырзаұлының еңбектегі жарты ғасырдан астам ғұмыр жолы — Ақтөбенің құрылу, қалыптасу тарихымен егіз.

Ақтөбені айтқанда, ағаның басқан қадамы, жүрген ізі көңілде сайрап қоя береді. «Елге қызмет қылу — білімнен емес, мінезден» деген Әлихан Бөкейхановтың айтқан сөзін Еркін ағаның болмысына қарап жаңғыртуға болады.

Ел-халқын шексіз сүю дегеніңіз — мінез байлығы, көңіл кеңдігі, мәңгі ізденіс жолымен астасып жатыр деп білеміз. Білім көкжиегін талмай кеңейтіп, рухани мұрамызды бойтұмардай сақтап, насихаттап, заман көшінен ілгері жүріп, өнегесімен үлгіге айналған Еркін ағаның еркін жолы Ақтөбенің мәдениет саласының кеңінен құлаш жаюына зор септігін тигізді. Алғаш кірпішін өзі қалаған, бастама етіп көтерген өнер ұжымдарының қазіргі зор жетістіктеріне қарап баласына қуанған әкедей қуанып, жүрегі елжіреп тұрғанын талай байқадым. Өрісін кеңейткен үлкен мекемелердің жұмысына риза болып, мақтангершілікке салынған емес. «Мен жасадым» дегенінен гөрі, «біз жасадық» деп көпшіліктің еңбегін алға тартады. Асылық айтып, асқақтық көрсеткен емес. Таудай биік болмысы кішілігімен, кісілігімен баурап, айналасын жусандай дала жұпарына бөлеп діттегеніне жеткізетін қарапайым келбеті ағаның біз білетін болмысын бұрынғыдан да биіктете түседі.

Еркін ағаның әрбір бастамасына, игілікті істеріне қолдау білдіріп, оң жағынан табылыпжүретін аяулы жары, Қазақстан Республикасының халық ағарту ісінің үздігі Зоя Өтекешқызымен жарты ғасырдай отасып, бір шаңырақ астында тату-тәтті ғұмыр кешіп келеді. Шаңырақтың шаттығы мен ізбасар ұлы Дәуреннің жапырағы жайылып,үш немере сүйгізді. Зоя Өтекешқызы— ұзақ жыл оқу-ағарту саласында еңбек етіп, қоғам белсендісі ретінде зор құрметке бөленіп отырған жан.

ҚР Мәдениет қайраткері, «Құрмет» орденінің, бірқатар медальдардың иегеріЕркін аға Жолмырзаұлы биыл сексеннің сеңгіріне көтеріліп отыр. Ағаның ұлағатты жолын кейінгі буынға кеңінен айтып, игілікті істерінбөлісер сәт туған секілді.

Саналы ғұмырын сарабдал мәдениет пен руханият жолына бағыштаған тұлғаның айтулы мерейтойы бөлек той, ерекше мереке деп ойлаймын.

Алтынай ЮНИСОВА,

ҚР Мәдениет саласының үздігі.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button