Банк қызметінің білгірі
Көпшілік Жақсыбай Талаевты білікті де тәжірибелі банкир ретінде біледі. Оның себебі, ол кешегі нарық заңы өмірімізге дендеп еніп, қаржы-несие саласының қызметі қызу өрістеген тұста өзінің ілгері бағыттағы ұйымдастырушы, жаңашылдықты тез меңгерген мүлтіксіз маман екенін көрсете білді.
Бүгінде өзінің жетпіс бес жылдық белесіне көтеріліп отырған «Құрмет» орденінің иегері, Ақтөбе қаласының құрметті азаматы Жақсыбай Өтемісұлы әлі де белсенді қимыл үстінде. Басқаны айтпағанда, банк саласының әлемдік деңгейдегі ахуалын назарында ұстап, өзінше саралап, ой түйіп отырады. Бұл мамандығына берілгендіктің, оны өмірлік серігіне айналдырғандықтың бір белгісі болса керек.
Жақсыбай әкелген жаңалықтар
1996 жылы Жақсыбай Талаев Қазақстан Халықтық банкі Ақтөбе филиалының директоры болып тағайындалды.
Бұған дейін банк басқармасы көп қабатты үйдің төменгі қабатының аядай бөлмелері бар бір бөлігін жалдап отыратын еді. Ол Әбілқайыр хан даңғылы бойындағы «Электрон» деп аталатын дүкенге қарама-қарсы еңселі ғимаратқа қоныс жаңартуға қол жеткізді. Жаңа мекеннің еуропалық үлгіде ішкі бөлінуі, қызметшілердің жайлы жұмыс орындары, жаңа үлгідегі компьютерлік жабдықтар мен әсем жиһаз-мүліктер мұнда келушілердің көңілін жайландырып, өзіне тартып тұратын болды.
Аз ғана уақыт ішінде банк клиенттері көбейіп, қаржылық мекеменің тартымдылығы арта түсті. Жақсыбайдың қолымен атқарылған жақсы жаңалықтар көпшілік назарына ілінбей қалған жоқ. Оған облыс әкімінің шешімімен «Жыл адамы-97» атағы берілді. Аталған шешімде банк басшысының зейнетақы мен әлеуметтік жәрдемақыларды уақытында және үзіліссіз төлеуді қамтамасыз етудегі және банк қызметіне жаңа технологияларды белсенді енгізудегі еңбектері айрықша ескерілгені нақтылап көрсетілген.
Бүгінде айтса адам сенгісіз, сол тұста зейнетақы тарату өте күрделі мәселе еді. Жұртшылық арасында бұл мәселеге қатысты наразылық көп болатын. Зейнетақы қаржысы кідірмей түскеннің өзінде облыстағы 110 мың зейнеткерге таратып үлгеру көп уақыт алатын. Сол аралықта үлкендер арасынан шыдамсыздық білдіріп, айқай-шу тудыратын адамдар да кездесіп қалушы еді.
Жақсыбай Талаевтың бастамасымен мыңдаған зейнеткердің тізімі қайта қаралды, тексеріліп, сұрыптаудан өткізілген соң компьютерге көшірілді. Аудандардағы, қаладағы филиал бөлімшесінің компьютерлері бірімен-бірі берік байланыстырылды. Бұл банк ісін бір орталықтан бақылауға мүмкіндік туғызды.
Жақсыбай Өтемісұлы енгізген тағы бір жаңалық — зейнетақыны алфавит бойынша жазылған тізіммен үлестіру. Ең алдымен бұл жаңа тәртіп жұртшылыққа баспасөз арқылы кеңінен хабарланып, түсіндірілді. Мұның тиімділігі — әркім өз кезегімен, белгіленген күні келеді.
Ақиқатын айтқанда, бұл жеңілдік банк директорының өзі тікелей шұғылданып, өзі бақылауымен енгізген тың технологияның нәтижесі еді.
Ендігі бір өзгеріс банкомат құралын іске қосуға байланысты болатын. Бастапқыда жатырқай қарағанымен, жұртшылық бұған да тез үйреніп кетті. Осы әлемдік озық жаңалықтың Қазақстанда Алматы мен Ақмоладан кейін үшінші болып Ақтөбеде енгізілгенін көпшілік білмеуі де мүмкін. Бұл білікті банкир Жақсыбай Талаевтың іскерлігінің бір көрініс болатын.
Одан кейінгі маңызды бір шаруа несиеге қатысты өрбіді. Бастапқыда тілек білдірушілерге үш айдан алты айға дейінгі мерзімге 300-350 мың теңгеден несие беріп жүрді. Банк басқарушысы ретінде несиенің жұмсалуына да өзінше талдау жасап көрген. Сөйтсе, біздің ағайындардың көпшілігі ол қаржыны шаруа жүргізуге, кәсіпшілікті дамытуға емес, той жасауға, садақа беруге алады екен.
Қалай болғанда да сол бір өтпелі кезеңнің өзінде Жақсыбай Өтемісұлы басқаратын банк қызметкерлері қарыз-несие, салым мөлшерін табысты жүзеге асырып жүрді. Түсіндірме жұмыстарының нәтижесінде республика бойынша өткен Халықтық банктің акциясын сатып алуға филиал салымшылары да белсене қатысты.
Осының барлығына Жақсыбай аға өзінің жеке шаруасындай мазасызданды, кейде проблемаларды шешу жолдарын ойластырып, ұйқысыз таңды атырған кездері де аз болған жоқ.
Облыстық «Ақтөбе» газеті бетінде осыдан ширек ғасырдан астам бұрын айтқан бір пікірі назарымызды аударды. Онда былай деген екен:
«… Аудан орталығындағы мекемелер мен кәсіпорындардан, халықтан түскен, жиналған ақша осында, қалаға жеткізіледі. Біз мұны дұрыс деп есептемейміз. Малдың, жердің, үйдің, басқа да салықтың түрлері, табыстар, мекемелер алған түрлі төлемдер — осының бәрі аудан орталығында қалып, сол аудандағы банкке тапсырылуы қажет. Ал оның есеп қағазы банктегі компьютерден желі арқылы осындағы компьютерге түседі. Біз сол бойда тиісті орталық мекемелеріне аударып жібереміз.
Әкімшілікте осы мәселені қозғадық. Егер шешілсе, бұл — жұмыстың жақсаруына ықпал етеді, ақша айналымына да сеп».
Жақсыбай Талаевтың осындай оңды ұсыныстары, тиянақты пікірлері өзі басқаратын банк жұмысының жетілуіне, өрістеуіне көп көмегін тигізді.
ӨНЕГЕЛІ ӨМІРБАЯН ДЕРЕКТЕРІНЕН:
Жақсыбай Өтемісұлы Талаев Ақтөбе қаласында туып-өскен. Осында 1966 жылы орта мектеп бітіріп, екі жыл қаладағы зауыттарда жұмысшы болып істеген. Әскер қатарынан оралғаннан кейін облыстық статистика басқармасында қызмет жасаған.
1976 жылы Алматы халық шаруашылығы институтын бітірген. Маңғыстау облысының статистика басқармасы машина-есептеу орталығының қатардағы инженерінен бастығына дейін өсіп, ұзақ жылдар еңбек еткен. Одан кейін Маңғыстау облыстық Мемлекеттік еңбек жинақ кассасы облыстық басқармасының бастығы болып тағайындалады.
1987 жылы банк қызметіне ауысып, сегіз жылдай Атырау облысының мемлекеттік жинақ кассалары басқармасының бастығы қызметінде болды. 1996 жылдан Қазақстан Халықтық банкі Ақтөбе филиалының директоры болды.
2005 жылы облыстық табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау басқармасының бастығы болып тағайындалды.
«Тәрбие-тәлім тозбайды»
Ол әкесінің өмірден өтер алдында балаларына қалдырған бір аманаты іспетті салиқалы сөзін жадынан еш уақытта шығарған емес. Көпті көрген ақсақал: «Ауызбіршіліктерің болсын, қарақтарым!» — деген еді.
Енді өзі де үлкендіктің ауылына қарай аяқ басқанда: «Жастау кезімізде оның мәніне терең бойлап, ескере де бермеген шығармыз. Ал жасымыз ұлғайып, аталық деңгейге жетіп, алды-артымызды көбірек шолып қарай бастаған тұста әкемнің осы тілегі көңілде көбірек тұратын болып алды» — деп тебіренеді.
Тәлімі мол әкенің берген тәрбиесінен де болар, одан өрбіген ағайынды үшеуі тіршілікте сол сыйластықтан, ауызбіршіліктен айныған емес. Одан жаман да болған жоқ. Ендігі алаңы — кейінгі ұрпағы осы жақсы жолды жалғастыра ала ма? Енді қазірде сол жайға алаңдай бастаған сыңайлы.
«Қазіргі кезде байқаймын, біз қатарлы адамдардың балалары бір-біріне туыстығын біледі, бір-бірін жақын тартады, бауыр екенін сезінеді. Ал олардың балалары арасында сондай сезім бар ма? Мені бүгінде осы жағы ойландырады. Ағайынды адамдардың немерелері, шөберелері бірін-бірі білмей кетсе не болады? Бұл қазақы қалпымызға, ұлттық үрдісімізге сын емес пе? Қазақ «Жеті атасын білмеген — жетесіз» деп неге айтқан?» — Жақсыбай ағаның осы ойлары бүгінгі күннің шынында да өзекті мәселесі емес пе?!
Қай әке де баласының жақсы болғанын қалайды, үлкен азамат болса екен дейді. Жақсыбай ағамыздың әкелері өз заманында оқи алған жоқ. Мысалы, Өтеміс қарияның шамасы төрт кластық деңгейде білімі болған сияқты. Онда да арабша оқыған. Бірақ сол кісілердің көкірек сарайы сыңғырлап тұратындай, білмейтін нәрсесі жоқ деуге болатын.
Әкесі үш баласының болашағына бағыт бергенде: «Қарақтарым, біз оқи алмай қалдық. Енді сендер оқыңдар! Оқығанда да не милицияның оқуына барыңдар, не ақшаның оқуын, ол болмаса байланыстың оқуын игеріңдер!» — дейді екен.
Бір таңқаларлығы, әкенің айтқаны қалай болғанда да дәл келді.
Үйдің үлкені Жақсығали аға байланысшы мамандығын таңдады. Ұзақ жыл «Қазақтелеком» жүйесінде жемісті еңбек етті. Ол облыста телекоммуникация жүйесінің материалдық базасын нығайту бағытында көптеген игі бастамалардың ұйытқысы болды, шалғай аудандарда ескі аппаратураларды жаңарту шараларын қолға алып, біраз проблемалардың түйінін шешуге ықпал жасады.
Ал Жақсыбайдың өзі болса, банкирлік жолды таңдады. Ол туралы осы мақалада өз алдына бөлек айтылды.
Ал інісі Еркінғали ішкі істер қызметкері болды. Ұзақ жыл теміржол бойы ішкі істер қызметінде еңбек етіп, қоғамдық тәртіпті сақтау жолында үлгілі қызметкер ретінде танылды.
Айтқанының бәрі айнымай келген Өтеміс ақсақалды бұдан кейін қалайша көреген демессіз?!
«Балаларым — бақытым!»
Әке-шешенің тағылым-тәлімін көріп өскен Жәкең өзінің өмірлік серігі Әлия апаймен бірге балаларының қызығын көріп келеді.
Әлия апа ұзақ жыл есеп-қисап қызметінде болды. Маңғыстауда «Саратов-Трансгаз» кәсіпорны жұмысшыларды жабдықтау бөлімінде, одан кейін Атырауда «Аяқ киім саудасы» мекемесінде бас есепші болды.
Жәкеңнің үлкен қызы Тәттігүл Талаева — қазір облыстағы қоғамдық кеңестің төрағасы.
2004 жылдан «Тандем» телерадиокешені» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас директоры болған, оның алдында салық инспекциясында, коммерциялық құрылымдарда еңбек еткен оның адамдармен араласудағы, елдің мұң-мұқтажын сезінудегі өмірлік мол тәжірибесі осындай жауапты міндетті атқаруда көп көмегін тигізуде.
Тәттігүлдің өзі Алматы халық шаруашылығы институтын қаржы және несие мамандығы бойынша бітірген.
ҚР Президенті жанындағы бұқаралық ақпарат құралдары істері бойынша қоғамдық кеңестің мүшесі, Ақтөбе облысы үкіметтік емес ұйымдар ассоциациясының президенті, облыс бойынша іскер әйелдер ассоциациясының төрағасы болуы да оған жүктелген мәртебелі міндет, жоғары сенім іспетті болды.
Тәттігүл Жақсыбайқызы — 2021 жылдың қаңтарынан Президент жанындағы Қоғамдық сенім ұлттық кеңесінің мүшесі, 2022 жылғы 14 маусымнан Президент жанындағы Ұлттық құрылтайдың мүшесі. Бұдан басқа облыстық мәслихаттың депутаты болып сайланды.
«Астанаға 10 жыл», «Қазақстан Республикасы Конституциясының 10 жылдығы», «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдығы» медальдарымен марапатталды.
Жәкеңнің екінші қызы Шынаргүл — пластикалық хирургия саласындағы үздік қазақстандық маман. Медицина ғылымдарының докторы, жоғары санаттағы дәрігер, білікті онколог-маммолог. Ол кезінде С.Асфендияров атындағы Алматы медицина институтын емдеу ісі мамандығы бойынша тәмамдаған. Сол уақыттан академик Сайым Балмұқановтың жетекшілігімен еңбек етіп, ғылым әлеміне ұмтылған.
Денсаулық сақтау ісінің үздігі, «Жыл дәрігері» номинациясында «Жылдың халықтың сүйіктісі» жобасының 2018 жылғы жеңімпазы.
Ол хирургияда еңбек еткен ширек ғасырдан астам уақыт ішінде 10 мыңдай ота жасаған. Көптеген жас маман жыл сайын Шынар Жақсыбайқызының ұстаздығымен тәжірибе жинақтап, халыққа абыройлы қызмет етіп келеді. Оның еңбегінің сырт жердегі жемісінің бір көрінісі — Қырғыз пластикалық хирургия қоғамының құрметті мүшесі атануы.
Әулеттің жалғастығын жасаушы Дархан Жақсыбайұлы әке жолын қуып, банк қызметі мамандығын таңдады. Ол Алматы халық шаруашылығы институтын бітіргеннен кейін Халық банкте, Цеснабанкте қызмет атқарды, өзінің экономикалық талдау-біліктілігімен іскер маман ретінде танылды. Бірсыпыра уақыт «Ақтөбе» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясына жетекшілік жасады. Қазіргі уақытта жеке кәсіпкерлік қызметпен шұғылдануда.
Қазіргі уақытта Дархан мен келіні Нұргүлден өрбіген немерелері, жан-жағынан қаумалап, ата-әжелеп келетін жиендері Жәкең мен Әлия апаның жанын шуаққа бөлейді. Бұдан артық қандай бақыт бар, шынында да!
Нұрмұханбет ДИЯРОВ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.