Мерей

Теміржолдың тарланы

Шалқар сервис орталығы аталатын локомотив жөндеу депосының директоры Нұржан Жұбатов ұзақ жыл бойы осы салада жемісті қызмет етіп, бүгінде құрметті еңбек демалысқа шықты. Оның өнегелі өмір жолы, ғибратты істері кейінгі жастар үшін үлгі.   

Атағы жер жарған бұрынғы локомотив депосы — Шалқар халқын 120 жыл бұрын паровоздың ащы дауысымен оятып, еңбекке баулыған, талай теміржолшыларды шыңдап шығарған кәсіпорын.

Осы локомотив депосында жарты ғасырға жуық жұмыс істеп, алғашқы еңбек жолын  дайындау цехында жөндеуші болып бастап, бастығына дейінгі жолдан өткен Нұржан үшін бұл — үлкен абырой және мақтаныш.

— Менің әкем Убайдулла Жұбатов өмір бойы теміржол саласында жұмыс істеген. №3 азаматтық құрылыс дистанциясында, кейін локомотив депосында қаңылтыршы болып еңбек еткен. Халыққа «Убән қаңылтыршы» атымен танымал болған. Ал анам Мәрзия Сағымбайқызы аудандық пошта торабында жұмыс істеді. Осы қарапайым отбасында сегіз бала болып өстік. Мен қаламыздағы І.Үргенішбаев атындағы мектепті 1978 жылы бітірдім. Ол кезде депода еңбек ету мақтаныш болатын.

Нағашым Жаулыбай Қаласов машинист еді. Сол кісі мені алға жетеледі, жол көрсетті. 1978 жылдың қараша айында Шалқар локомотив депосының дайындау цехында жөндеушінің шәкірті болып алғашқы еңбек жолымды бастадым. Бір жылдың ішінде І,  ІІ санаттағы жөндеуші дәрежесін алдым. Осы істің қыр-сырына үйреткен алғашқы ұстаздарым Зиуаддин Ембергенов, Нұрахметулла Молдашев деген ағаларымды ұмытпаймын.

Ол кезде машинист, оның көмекшісі болу арман болатын. 1979 жылы машинист көмекшісінің дублері болдым. Ал 1980 жылы машинист көмекшісі болдым. Яғни ойлаған мақсатым біртіндеп орындалып келе жатты, — деп еске алады өзінің өткен жолын әңгімелеген  Нұржан.

Ол 1980-1982 жылдары Молдавия жерінде әскер қатарында болады. Машинист көмекшісі болғанының арқасында радиотелеграфист болып жұмыс істейді. Оның да қыр-сырын меңгеріп, елге І дәрежелі радиотелеграфист болып оралады. Келгесін Қазалыда алты ай оқып, машинист мамандығын алып, 1984 жылы тепловоз машинисі болады.

— Алғаш машинист болғанда Оразмағамбет Балқыбаев ағамыздың колоннасында болдым. Ол кісі бізге нұсқаушы, жетекші болды, көп нәрсені үйретті. Машинист болуға баулыған тағы да бір ағайым Мейірхан Маханов еді, — дейді кейіпкеріміз.

1985 жылдан бастап зауыттан 2194 сериялы жаңа тепловоз келеді. Соған Орал Ниязалин, Сергей Корабейников және Нұржан үшеуі бір команда болып бекітіледі. «Ол кезде талап басқаша болатын, машинист не жәрдемші бол, тепловоздың жөндеуіне қатысып, оның құрылысына зер салатынбыз, білмегенімізді аға слесарьдан сұрайтын едік», — дейді Нұржан. Міне, ол машинист бола жүріп, тепловоз жөндеу ісіне араласып, оны да әжептәуір меңгеріп алады.

1996 жылы локомотив депосы директорының пайдалану жөніндегі орынбасары Тоқбас Төлебаев Нұржанға пайдалану цехының машинист-нұсқаушысы болуға ұсыныс жасайды. Ұсынысты қабылдаған ол бұл жерде де еселі еңбек етеді. Оның бұл жұмысты игеруіне нұсқаушы-машинист болған Сейілхан Боранбаевтың еңбегі зор болады.

Бұдан соң 1998 жылы Батыс бойынша локомотив қызметінің бастығы Сұлтан Ерекешұлы Нұржанның іскерлігін байқап, оны депоның жөндеу цехының аға шебері қызметіне шақырады. Ол бұл жұмысты да абыроймен атқарады. «Аға шебер болып жүргенімде жөндеуші шеберлер Бекболат Тоқтасов, Жұмабай Әленов, Нұрлан Серімбетов, Рас Махамбетов, Қуандық Асылов тепловоз жөндеудің қыр-сырын үйретті, ақыл-кеңестерін айтты», — дейді Нұржан Убайдуллаұлы.

Заман ағымына қарай локомотив депосының құрылымында өзгерістер болып, одан Шалқар айналым пайдалану депосы мекемесі бөлініп шығады. Нұржан Жұбатов 2004 жылы инженер-технолог болып осы депоға ауысады. Ол жерде де оның іскерлігін, тәжірибесін ескерген басшылық 2010 жылы Нұржанды қайтадан локомотив жөндеу депосына директордың өндіріс жөніндегі орынбасары қызметіне шақырады. Ал 2019 жылдан бастап «Қамқор локомотив» ЖШС Ақтөбе локомотив депосы Шалқар сервис орталығының директоры болып тағайындалады.

Нұржан Жұбатов басшылық қызметте жүріп те өзінің іскерлігін көрсетеді. Бұрын да теміржолдың жоғарғы басшылығынан «Алтын каска — 2018» атағына ие болған кәсіпорын Нұрекеңнің жетекшілігімен 2023 жылы «Сапалы жөндеу бойынша үздік кәсіпорын» атағын иеленеді. Кейіпкеріміздің өзі «Қамқор менеджмент» бас директорының «Даңқты еңбегі үшін» төсбелгісімен, «ҚР Тәуелсіздігіне 30 жыл» төсбелгісімен, 2023 жылы Көлік министрлігінің «Еңбек ардагері» медалімен марапатталады және осы жылы «Құрметті теміржолшы» атағын алады.

Жалпы, Шалқар сервис орталығы, негізінен, тепловоздарға техникалық және сервистік қызмет түрлерінен жөндеулер мен қызметтер жасайтын кәсіпорын. Соның ішінде түрлі сериялы локомотив түрлеріне кешенді техникалық қызметтер көрсетеді. Яғни бұл депо кіріс көзін тепловоздарды жөндеуден табады.

Ұжым үлкен ауызбіршілікпен еңбек етеді, жоспардың орындалуын 100 пайыздан төмен түсіріп көрген емес. Шалқар сервис орталығы жұмысшы-қызметкерлерінің ерен еңбектері үшін алған марапаттары да аз емес. 2019 жылдан бергісін айтсақ, бас механик Талғат Байсанов Премьер-Министрдің Алғыс хатымен, темір ұстасы Байғали Матағұлов үшінші дәрежелі «Еңбек Даңқы» орденімен, темір жонушы Жеңіс Көптілеу ЖШС бас директорының «Үздік кәсіп иесі» дипломымен, еңбек технигі Райымбек Шаштыбаев «Өндірістің үздік жас маманы» дипломымен, жөндеуші Бақытқали Кәдірбергенов «Үздік жөндеуші» төсбелгісімен марапатталады.

Соңғы жылдары еліміздің теміржол басшылығы Шалқар сервис орталығына үлкен сенім артып, өткен жылдан бастап Ресейдің Брянск машина құрылыс зауытынан шыққан жаңа 2ТЭ25КМ сериялы тепловоздарын жөндеуге береді. Және осы жылы теміржол рельсін майлаушы тепловозын сеніп тапсырады. Демек, аталған кәсіпорынның жұмыс көлемі жылдан-жылға ұлғайып, абыройы асқақтап барады деген сөз.

Енді аз-кем айтулы депоның тарихына тоқтала кеткен орынды шығар. Себебі ғасырдан астам тарихы бар Шалқардың бір мақтанышы — локомотив депосы. 1902-1903 жылдары қазақтың Ұлы Борсық құмында Шалқар бекеті және теміржол шеберханасы пайда болды. 1904 жылы Ресейден Орта Азияға Шалқар бекеті арқылы алғаш рет пойыз жүрді. 1905 жылы шеберхана Шалқар паровоз депосы болып пайдалануға берілді. Депода ОВ, Ш, ЭМ сериялы паровоздар пайдаланылып, оларға техникалық қызметтер көрсетілді.

1906 жылы депода 159 адам жұмыс істесе, 1911 жылы жұмысшылар саны 600-ге жетті. Депода сауат ашу мектебі ашылып, жұмысшыларға кәсіби мамандық алуға мүмкіндік жасалды. Жұмысшылар арасында паровоздарды қайта жарақтандыру техникасы бойынша жұмыстар жүргізіле бастады…

Арғы тарих осылай тасқа басылып қалды.

Нұржанның еңбек жолына қарап отырсақ, қай жұмысты да қолмен ұстап, көзбен көріп, яғни тәжірибе жүзінде үйренгенін аңғарамыз. Жұмыс істей жүріп Ақтөбе теміржол колледжін және Алматы теміржол көлігі инженерлер институтын сырттай оқып бітіреді. Сөйтіп, білім мен тәжірибені қатар ұштастырады.

Әңгіме барысында локомотив жөндеу депосының бергі тарихын Нұржанның өзі жалғастырды.

— 2006 жылдан бастап «Достар-А» ЖШС күшімен тепловоздарды жөндеумен қатар, 2ТЭ10М сериялы тепловоздарға ресейлік дизель генераторлары қондырғыларының орнына америкалық «Дженерал электрик» компаниясының дизель генераторлары қондырғысы қойылып, жаңартылды. Яғни 2ТЭ10МК сериялы тепловоздары құрастырылды. 2010 жылдың 1 қаңтарынан бастап «Достар-А» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі «Қамқор локомотив» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі «Шалқар локомотив жөндеу депосы» филиалы болып қайта құрылды. Қазір депода 2ТЭ10М сериялы тепловоздарға СҚК-1,2,3,4, СҚК-5,6 көлемінде қызметтер көрсетіледі. Сервистік қызмет көрсету барысында доғалақ жұптарын шығармай айналдыра жону, тепловоз арбашығының рамасы мен жоғары және төменгі жүктемеге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Сондай-ақ резинка өнімдерін құю мен тісті берілістің қаптамасын қалпына келтіру меңгерілді. Тепловоздың сумен, маймен жабдықтауы автоматтандырылды. ИСО 9000-2011 менеджмент жүйесі енгізілді. Тепловоздың доңғалақтар жұбын шығармай жону үшін А-41 станогы, қуат күші жетілдірілген КЖ-20 станогы қойылды. Тепловоз рамасын тексеру үшін лазерлік сызғыш орнатылды. Тепловоздарға жасалған сервистік қызмет көрсетудің сапасы «Прогноз» жедел диагностика және «Доктор-300М» бақылау жүйесі құрылғыларымен қатар, «Пелиг УД-102» ультрадыбыс ақаутапқышымен зерттелетін болды, — дейді Нұржан Убайдуллаұлы.

Уақыт бір орында тұрмайды, жоғарыда айтылған америкалық дизель қойылған тепловоздарға төрт-бес жыл өткен соң күтім керек болады. Сөйтіп, локомотив жөндеу депосы 2010 жылдан бастап 2ТЭ10МК-ға (америкалық дизель қойылған тепловоз) сервистік қызмет көрсетуге көшеді. Олардың Қазақстан бойынша жалпы саны 204 екен. Бұл жұмыс өте күрделі болып шығады. Өйткені аталған 204 тепловоздың жолда жүк тартып жүруі 90 пайыздан төмен болмауы керек екен. Егер одан түссе, келісімшарт бұзылып, депоға айыппұл салынатын көрінеді.

Біз әңгіме барысында бұл өте жауапкершілікпен атқарылатын жұмыс екенін аңғардық. Тағы бір ерекшелік — жоғарыдай айтқан 2ТЭ10МК тепловоздарына тек еліміздің батыс өңірінде төрт жерде ғана: Сексеуіл, Шалқар, Ақтөбе, Мақат локомотив жөндеу деполары сервистік  қызметін жүргізеді екен.

Шалқар локомотив жөндеу депосы жоғарыдағы айтылған жұмыстардан бөлек айына СҚК-ның 5,6 түрінен жоспарлы 5 бірлік тепловоз, 30-дың үстінде ТО-3 тепловозын, 5-6 ТО-6 тепловозын жөндеп шығарып отыратын көрінеді. Әрине, бұның бәрі жұмысшы-қызметкерлердің күндіз-түні істейтін маңдай тері, қажырлы еңбегі.

— Қазіргі күні 2ТЭ10МК тепловоздарының уақыты жетіп, тозып, олар да кетіп жатыр. 2023 жылдың күзінде Брянск машина құрылыс зауытынан шыққан жаңа 2ТЭ25КМ сериялы тепловоздары келді. Қазір Қазақстан бойынша сондай 50 тепловоз жүр. Енді оның бұл тепловоздарды жөндеу жұмыстарын да біздің депо істеп жатыр. Бұл ауыр салмақтағы жүктерді тартады. Мәселен, бұрынғы тепловоздар 4000 тонна жүк тартса, жаңа тепловоздар 5500 тоннаға дейін жүк сүйрейді. Осындай жаңа тепловоздардың келуінің арқасында локомотив жөндеу депосына жаңа құрылғылар, агрегаттар, станоктар қойылуда. Бұрын ТО-3, ТО-6 сериялы тепловоздарды жөндесек, енді ТО-7, ТО-8 жөндеу түрін игеру керек. Яғни тепловоздар жаңарған сайын депоның жұмысшы-қызметкерлері де олардың жөндеуін оқып, меңгерулері керек. Әрине, ол үшін оқу керек. Мәселен, он адамымыз Ресейдің Ершов қаласына барып оқыса, он екі адам Колонна қаласына барып дизель жөндейтін зауыттардан оқып келді. Жақында Сарепто депосында он үш адам оқып қайтты.

Міне, осылай білім, тәжірибемізді жетілдіріп отырамыз. Қазір депода барлығы 357 адам жұмыс істейді. Еңбекақылары жақсы, уақытында алады.

Бүгінде 102 зейнеткеріміз бар. Халықаралық қарттар күні оларға дастарқан жайып, сый-сияпат жасалады. Екі айлық есептік көрсеткіш көлемінде ақшалай қаражат беріледі.

Шүкір, өткен еңбек жолыма өкінбеймін, үлкен абыроймен зейнеткерлікке жетіп отырмын. Өзімнен кейін талай ізбасар шәкірт тәрбиеледім. Мәселен, соның бірі — қазір депода бас инженер болып жүрген Қайрат Махамбетов. Машинист болып жүрген кезімде қасыма алып көмекші қылдым. Аман Құрманғалиев, Берік Отарбаев, Ерлан Сәтбаев секілді шәкірттерім бар. Олар қазір машинист көмекшісі, аға шебер, директордың өндіріс жөніндегі орынбасары қызметтерінде жүр. Айта берсем осындай шәкірттерім көп, — дейді Нұржан Жұбатов.

Иә, Нұрекеңнің айтуы бойынша Шалқар сервис орталығының жағдайы жақсы. Мәселен, «Қамқор локомотив» ЖШС-на қарайтын 11 депо, 2 зауыт болса, барлық жағынан көрсеткіштері бойынша алғашқы бестікте жүреді екен. Кәсіпорын жастары да белсенді. Кіші футболдан депо командасы локомотивтер арасында, қала бойынша бірінші орынды бермейтін көрінеді. Депоның өткені мен бүгіні кәсіпорын музейінен орын алып, оған келушілерге мол мағлұмат береді.

Біз Нұржан Убайдуллаұлын құрметті еңбек демалысына шығуымен тағы да құттықтадық. Зайыбы Ағайша Биекенова да теміржол саласында ұзақ жыл еңбек етіп, Шалқар айналым пайдалану депосынан зейнеткерлікке шығыпты.

Балаларына жақсы тәлім-тәрбие беріп, оларды аяқтандырған. Өмірдің бір қызығы осы емес пе!?

Қыдыралы ӘЛИН,

Шалқар қаласы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button