Қаржыгер Қият
Белес
Ұзын жолдың бойынан шалғайлау орналасқан Тасөткел ауылының тірлігі кешегі кеңестік кезеңде де жаман болған жоқ. Осы ауыл атымен сабақтас кеңшарда мал шаруашылығы жақсы өркендеді.
Кішкентайынан әке-шешесінің жанында осы шаруаларды көріп-біліп өскен, өзі де әкесінің жанында жүріп, талай көмегін тигізген бала Қияттың қиялы сан тарапты шарлап кетеді екен. Кейде әкесі Елутай сияқты еңбек озаты болып, мал санын көбейтіп, кең далада ат үстінде жүргенді де бөтен көрмейтін. Ал жоғары білім алып, бір жақсы мамандықты игеріп, қызметкер болсам деген ой да мазалап қоятыны жасырын емес-ті.
Дегенмен үлкен арман мен биік мақсатқа жету тіпті де оңай еместігін ол бозбала кезінен сезіне бастады. Сондықтан да ең әуелі қара жұмыста шыңдалғанды жөн көреді. Сөйтіп, өзінің он жыл бірге оқыған сыныптастарымен бірге «Тасөткел» кеңшарында құрылған «Өркен» атты қой өсіруші комсомол-жастар бригадасы құрамына келеді. Кеңшар директоры Орынбасар Наурызбаев жастарға бар жағдайды жасап, оларды орта іске ынталандыра білді. Мектеп бітірген түлектер де мұндай қамқорлықты сезініп, өздерін жақсы жағынан көрсете бастайды.
Балаң кезінен мал соңында өскен оған бұл жұмыс қиынға соқпайды. Алдындағы малдың өрісі мен қонысын, жемі мен суын бір кісідей біледі. Бірақ бригадада көп уақыт еңбек ете алмайды. Жасының келуіне байланысты Кеңес армиясы қатарына шақырылады. Екі жыл жауынгерлік сапта тұрып, ел қорғау борышын абыроймен атқарып келеді.
Елге келген соң тағы да кеңшар шаруасына кірісіп кетеді. Әуелі машина-трактор шеберханасында темір ұстасы болады, содан кейін №1 фермада әртүрлі жұмыстар атқарады. Ол кезде ауылдық жерде науқандық жұмыстар бірінен кейін бірі кезектесіп келеді де тұрады. Қайратты жігіттер сол шаруалардан тыс қала алмайды. Қият та сөйтті. Қай тапсырмада да көптің ортасынан табылды, тіпті алдыңғы қатардан көрініп жүрді.
Енді болашақ мамандықты таңдау ойға келген кезде, оның жолы Целиноград қаржы-экономикалық техникумына түсті. Тыңгерлер қаласы саналатын бұл шаһар ол кезде облыс орталығы, бірақ аталған оқу орны білікті есеп қызметкерлерін даярлауда институттардан кем емес деп есептелетін.
— Техникумды 1987 жылы тәмамдап, өзімнің туған өңірім — Қарабұтақ аудандық қаржы бөліміне қызметке келдім. Бөлім меңгерушісі Жолдымұрат Аманбаев жылы қарсы алды. Әрине, теориялық білім алу бір басқа, оны тәжірибеде қолданудың да қиындығы бар. Ұжымдағы аға буын әріптестерім ылғи да өз тәжірибелерімен бөлісіп, қолдау жасап отырғанын ұмытпаймын. Сол кездегі аудан басшысы Кеңес Абдуллин, құқық қорғау саласында қызмет істеген Селбай Қожықов секілді ағалардың тәрбиесін көрдім. Ал кейін облысқа келіп, қызмет істеген жылдарымда тәжірибелі қаржыгерлер Кеңес Елібаев, Людмила Нарсеева, Нұртай Князов, Алмаз Дүйсенбаев, Аманкелді Нұғыманов, тағы да басқа ілгері сатыдағы әріптестеріммен бірге еңбек еткенімді әлі күнге дейін мақтан тұтамын, — дейді Қият Елутайұлы.
Бүгінде өзі де ұзақ еңбек жолын игерген тәжірибелі маман ізінен ерген жастарға өзінің тәлім-тәрбиесін береді, бағыт сілтейді.
Қарабұтақ аудандық қаржы бөлімінде халық шаруашылығын қаржыландыру жөніндегі аға экономист болып еңбек жолын бастаған ол аға салық тексерушісі-инспекторы, табыстардың түсуін болжау және талдау жөніндегі жетекші маман, бас маман болып, осындай сатылап өсу нәтижесінде біліктілігін арттыра түсті.
Кейін Ақтөбе қаласы бойынша салық комитетіне инспектор болып қызметке келгенде соның пайдасын көрді, салық төлеушілермен жұмыс істеу барысында көп жерлерде істің тиімді тетігін оңтайлы таба білді.
Ол уақытта салық жүйесінде қалыптасу, бейімделу кезеңдері жүріп жатқандықтан, бұл салада еңбек етудің өзіндік қиындықтары да болатын. Соның ең бастысы — клиенттерге салық төлеудің міндеттілігін және маңыздылығын түсіндіру еді. Осы бағытта Қият Елутайұлы талай маңдай терін төкті.
Заман ағымына қарай кәсіпкерлікке қарай бейімделіп, Ақтөбе қаласындағы «Құрылыс» деп аталатын жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне экономист-есепші болған кезі де есінде.
Бірақ бір-екі жылдан соң өзінің үйренген кәсібіне қайта оралды. Қаржы министрлігі Қаржы бақылау комитетінің Ақтөбе облысы бойынша басқармасына мемлекеттік мекемелердегі бюджеттік қаражаттардың пайдаланылуын бақылау бөлімінің жетекші бақылаушы-тексерушісі міндетін атқарушы болып келді. Осы салада бас бақылаушы-тексеруші, ҚР Қаржылық бақылау және мемлекеттік сатып алу комитетінің Ақтөбе облысы бойынша қаржылық бақылау және сатып алу басқармасында бас бақылаушы-тексеруші қызметтерін атқарды.
2015 жылы Ақтөбе облысы бойынша қаржылық бақылау инспекциясы басшысының орынбасары болып тағайындалды. Ал 2016 жылдан ҚР ҚМ Ішкі мемлекеттік аудит комитетінің Ақтөбе облысы бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаменті басшысының орынбасары болып еңбек етуде.
— Бюджеттен бөлінген қаржы белгіленген мақсатқа сай жұмсалуға тиіс. Біздің қызметіміздің басты мәні — осында. Қазір кім-кімнің де қаржылық сауаттылығы бұрынғыдан жоғарылады, бірақ жауапкершілік жағын сезіне бермейтіндер де аз емес.
Қаржылық бақылау саласының қызметкері болу жан-жақтылықты, адалдықты, кәсібилікті, аса үлкен жауапкершілікті қажет етеді. Экономиканың сан түрлі саласында қаржының дұрыс жұмсалуына бақылау жүргізу үшін қызметкер қолданыстағы заңнаманы біліп, өз білімін, дағдысын, қабілетін, кәсібилігін тұрақты жетілдіру керек.
Сондықтан біздің қызметкерлеріміз үшін міндет жүгі ешқашан жеңілдемейді, — дейді ол.
Еңбек ете жүріп Алматы экономика және статистика институтын, Қазақ-орыс халықаралық университетінде оқып, экономист, құқық бакалавры мамандығын алып шықты.
…Қарапайым шаруа адамдары Елутай мен Лайықтың отбасында он бала дүниеге келді. Күні-түні дерлік жұмыс қамымен, үй тірлігімен жүретін әке-шешеге негізінде үйдегі балалардың үлкені көмекші болады ғой. Қалғандары соның соңынан жүреді. Қият ортаншы бала болғанымен, бірыңғай ойын баласы болып кете қойған жоқ. Қайта кішкентайынан томпаңдап, кез келген бітпей жатқан іс болса, кірісіп кететінін үлкендер мақтап отырады екен.
Балаларына жақсы жол сілтеп, алғы күнге анық бағыт-бағдар берген аяулы ата-ана бұл күнде бақилық ғұмыр кешті. Бірақ олардың «адал еңбек етіңдер, жан-жақтарыңа жақсылық жасаңдар» деген қарапайым қағидасы перзенттерінің жүрек түкпірінде сақталып қалған сыңайлы.
Кешегі күнгі жас маман Қият өсіп-жетілді, азамат атанды, бүгінде қаржы саласындағы білікті басшылар қатарында, шәкірт тәрбиелеген, кадарларды қалыптастыруға үлес қосқан тәжірибелі маман.
Жақсы жары Гүлсім екеуі бақыт кілті — еңбекте деп біліп, кәсіптерінен береке тапты. Олардың ұлы Мақсат қолдарына Нұрлыхан есімді нұрлы жүзді келін түсірді. Қазір Сағи, Ділда есімді немерелер — бұлардың шуақты шаңырағының көз қуанышы, жүрек мақтанышы.
Білікті маман Қият Жұмабаев «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне — 25 жыл» мерекелік медалімен марапатталды. «Қаржы қызметінің үздігі» төсбелгісін кеудесіне тақты.
Ол үшін ең басты марапат — қиын да күрделі қызметінің, тынымсыз еңбегінің жемісін көруі, абырой биігінде болуы.
Шын мәнінде, Қият Елутайұлы өзінің асқаралы алпыс жас белесіне сондай құрметпен көтеріліп отыр.
Нұрмұханбет ДИЯРОВ.