Мерейлі сәттің шуағы
Ұстаз
Ұзақ жыл облыстың білім беру саласының дамуына елеулі үлес қосқан ардагер ұстаз Сапура Тасқалиева ертең мерейлі тоқсан жасқа толады. Облыстық кәсіподақтар орталығының төрағасы Алтынбек Әмірғалиев ұстазды құттықтап, үйіне барды.
Сапура Жәңгерейқызы1934 жылы Орынбор облысы Ақбұлақ ауданы Құлақсай ауылында дүниеге келген. Орал педагогикалық институтын бітіріп, еңбек жолын Браиловка мектебінде орыс тілі пәнінің мұғалімі болып бастаған. 1963 жылдан бастап Құмжарған орта мектебінде оқу ісінің меңгерушісі, Құмжарған негізгі мектебінің директоры болып еңбек етті. Жем қаласындағы №2 орта мектебінде оқу ісінің меңгерушісі болды. 1971-1980 жылдары Құмжарған ауылдық кеңесін басқарды. Жалпы педагогикалық еңбек өтілі — 40 жыл.
— Кіндіктен жалғызбын. Жолдасым Телағыс Дәулеталинмен бас қосып, сегіз құрсақ көтердім. Алайда балаларым тұрмағасын, бізге қоныс аударуға тура келді. Сөйтіп, Ақтөбе жеріне келдік. Төрт баламыздың бірін менің ата-анама бердік. Жалпы көпбейнет көргенім жоқ. Өмірлік серігім өте жақсы адам болды, маған ылғи қолдау көрсететін. Ол ауыл шаруашылығы саласында кішігірім бастық болды. Ал өзім өмір бойы бала оқыттым, шәкірт тәрбиелеумен айналыстым. Мұғалжар ауданының қазіргі Бірлік ауылында он жыл әкім болдым. Орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, кейін Құмжарған ауылында мектеп директоры қызметін атқардым. Жолдасымның қызмет бабына байланысты Ембі қаласына көштік. Ондағы №2 орыс-қазақ мектебінде жұмысымды жалғастырып, сол жерден зейнеткерлікке шықтым. Ол кезде балам үйленді. Қолымдағы келінім Нұржамалдың мамандығы — мұғалім. Екеуіміз бір мектепте қызмет еттік. Келінім математика пәнінен сабақ берді. Зейнеткерлік жасқа жеткеннен соң облыс орталығына қоныс аудардық. Ембінің №2 мектебінде директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары болдым. Сол кезде қарауымдағы кезекші мұғалімдерге тәртіпті қадағалап қана жүрмей, балаға «есікті қалай ашып-жабу керек екендігіне дейін үйретіңдер» деп талап қоятын едім, — дейді Сапура ұстаз.
Ол — «Білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгісінің иегері. Бертін келе «Еңбек ардагері» медалімен де марапатталды. Қазір ол — ұрпағынан тараған немере-шөберелерінің сүйікті әжесі.
Саналы ғұмырын білім саласына арнаған ұстазды мерейлі жасымен құттықтап, үйіне барған Алтынбек Әмірғалиев туған күн иесіне гүл шоғын ұсынып, себет толы сыйлықты табыстады.
Бүгінде ұлы мен келіні Сәкен мен Нұржамалдың қолында тұратын ардагагер ұстаз өзіне көрсетілген құрмет үшін орталық басшылығына ризашылығын білдіріп, дастарқан басында жиналғандарға ақ батасын берді.
Арайлым НҰРБАЕВА.