Әлеумет

Бағдарлама кәсіпкердің әлеуетін күшейтеді

Баспасөз мәслихаты

Облыс әкімдігінде облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының ұйымдастыруымен баспасөз мәслихаты өтті. Басқарма бастығының орынбасары Айтжан Нұржановтың төрағалық етуімен өткен жиынға «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ облыстық филиалының директоры Жеделбек Мырзағалиев, «Ақтөбе ауыл микрокредит» шағын несиелік ұйымының директоры Альфия Шарыгина және бірқатар банк өкілдері қатысты.

Жиында кәсіпкерлерге көрсетіліп жатқан мемлекеттік қолдау жайы сөз болды.

Яғни, «Бизнестің жол картасы — 2020» мемлекеттік бағдарламасының негізгі бағыттары, субсидиялаудың пайыздық мөлшерлемелері және  банк несиелері бойынша кепілдендіруді ұсыну шарттары мен тетіктері түсіндірілді, кәсіпкерлерді инфрақұрылымдық қолдау, мемлекеттік көтермелеу шаралары туралы ақпарат берілді.

«Бизнестің жол картасы — 2020» бағдарламасы жеке кәсіпкерлік субъектілеріне қаржылай және қаржылай емес қолдау көрсету шаралары кешенін қарастырады. Яғни, бағдарлама шеңберінде кәсіпкерлер үшін қаржылай қолдауға сыйақы мөлшерлемесінің бір бөлігін субсидиялау, несиелер бойынша ішінара кепілдік беру және өндірістік инфрақұрылымды дамытуға мүмкіндік бар. Ал бағдарламаның қаржылай емес қолдауы ісін жаңа бастаған кәсіпкерлерді «Бизнес-Кеңесші» жобасы бойынша қысқа мерзімді оқытуды, жұмыс жасап тұрған бизнеске сервистік қолдау көрсетуді, сондай-ақ шетелдік әріптестермен іскерлік байланыстар орнату жолымен өндірістерді кеңейтуді көздейді.

Облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы бастығының орынбасары Айтжан Нұржановтың айтуынша, бүгінгі күні осы бағдарламаның іске асырылуы уақыты ішінде облыстың Өңірлік үйлестіру кеңесімен сыйақы мөлшерлемесін субсидиялау бойынша кәсіпкерлердің жалпы құны 17 965,9 млн. теңгені құрайтын 80 жобасы мақұлданыпты. Ал «Даму» қоры, осы бағдарламаға қатысушы банктер мен кәсіпкерлер арасында жалпы сомасы 12 725,4 млн. теңгеге бағаланған 69 үшжақты субсидиялау шартына қол қойылған.

Мемлекет тарапынан ауыл кәсіпкерлерін қолдау бағытында түрлі шаралар жүзеге асырылып жатыр. «Бизнестің жол картасы — 2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында бүгінгі күні облыста 33 жеке кәсіпкерлік субъектіге жалпы сомасы 1 525,65 миллион теңгені құрайтын инфрақұрылымды тарату бойынша мемлекеттік қолдау көрсетілді. Яғни, бұл жобалардың ішіндегі жолдарды жөндеу, су, жылу құбырларын жүргізу, сондай-ақ коммуникациялық желілерді орнату секілді жобалар басты назарға алынды, — деді Айтжан Рамазанұлы.

Биыл «Даму» қорының облыстық филиалы арқылы «Бизнес-Кеңесші» жобасы шеңберінде Ақтөбе қаласы мен аудандардан барлығы  728 адам кәсіпкерліктің негіздері бойынша оқыту курстарынан өтіпті. «Шағын және орта бизнестің топ-менеджментін оқыту» жобасы негізінде «Назарбаев университеті» АҚ бизнес-мектебі базасында осы жылы 18 ақтөбелік кәсіпкер дәріс алған.  Мұнда олар шетелдік оқыту орталықтарының тәжірибесі арқылы кәсіпкерлердің кәсіпорынды тиімді басқару дағдыларын дамыту бағытында білім алды.

Бағдарлама шеңберінде жүзеге асырылып жатқан тағы бір ауқымды іс — жұмыс жасап тұрған бизнесті жүргізуді сервистік қолдау. Бұл бағытта аймақта тендерді ұтқан 7 сервистік компания мен 66 шағын кәсіпорынға қызмет көрсетілуде. Баспасөз мәслихатын ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл орайда кәсіпкерлер үшін мамандандырылған қызметтер тегін ұсынылады.

Аймақта «Даму — Аймақтар ІІ» бағдарламасы жүзеге асырылуда. «Даму» қоры мен облыс әкімдігінің бірлесе ұйымдастырған бағдарламасы шеңберінде Өңірлік үйлестіру кеңесі жалпы сомасы 1 511,80 млн.теңгені құрайтын шағын және орта бизнес нысандарының 18 жобасын мақұлдапты. Қазіргі күні бұл жобалардың 17-сі қаржыландырылған.

Өткен жылы облыста «Даму» қоры арқылы шағын және орта бизнес нысандарына бухгалтерлік қызмет көрсету және кеңес беру бойынша пилоттық жоба іске қосылды. Осы жоба негізінде Әйтеке би және Мәртөк аудандарында кәсіпкерлерге бухгалтерлік қызмет көрсету үшін 2 кәсіпкерлікті қолдау орталығы құрылған болатын. Бүгінгі таңда осы бағдарлама шеңберінде 581 шағын және орта бизнес нысандары тегін бухгалтерлік қызметтерді пайдаланып отыр, — деді «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ облыстық филиалының директоры Жеделбек Мырзағалиев.

Жеке ісін ауылдық жерде жүзеге асыруды қалайтындар үшін «Жұмыспен қамту — 2020» бағдарламасының екінші бағыты бойынша да облыста атқарылып жатқан шаралар аз емес. Бүгінгі күні аймақта жеке ісін ашуға ниет білдірген 120 адамға шағын несие беріліпті. «Ақтөбе ауыл микрокредит» шағын несиелік ұйымының директоры Альфия Шарыгинаның айтуынша, ауыл кәсіпкерлері үшін несие алуда кездесетін кедергілер де жоқ емес. Өйткені олардың кепілге қойған мүлкі несие беруші мекемелердің талабына сай келмей жатады.

 

Арайлым НҰРБАЕВА.

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button