95 АВТОБУС САТЫП АЛЫНАДЫ
Қазіргі таңда қалада жолаушылар тасымалымен 5 мекеме айналысады. Яғни 46 бағыт бойынша 278 автобус тұрғындарға қызмет көрсетеді.
— Жыл соңына дейін «Ютонг» маркалы 95 автобус сатып алынады. Оның ішінде «Автопарк» серіктестігі — 80, «Қала Транс» мекемесі 15 автобус алады. Сонымен қатар 1 сәуірден бастап қаладағы қоғамдық көліктерде зейнеткерлер мен мүмкіндігі шектеулі адамдар тегін жүреді. Бұл үшін 625 миллион теңге бөлінді, — деді қала әкімі Азамат Бекет қалалық мәслихаттың кезекті XVIII сессиясында. Сондай-ақ қала әкімі әлеуметтік нысандардың құрылысына да тоқталды.
— Биыл Жаңақоныста 150 орындық Мәдениет үйінің құрылысы жалғасады. Оны қыркүйек айында қолданысқа беру жоспарланып отыр. Сонымен қатар Есет батыр шағын ауданында кітапханамен біріктірілген 400 орындық Мәдениет үйінің құрылысы басталды. Қазіргі танда қаламыздың 4 тұрғын алабында, яғни Жарық, Қызылжар, Өрлеу, Пригородныйда мәдениет ошақтарын салу үшін құрылыстың жобалық-сметалық құжаттамалары әзірленіп, мемлекеттік сараптамадан өткізіліп жатыр, — деді қала әкімі.
Сонымен қатар Ақжар-2, Жарық, Заречный-3, К.Нокин, Қызылжар тұрғын алаптарында жыл соңына дейін 5 денешынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы аяқталады. Қурайлы тұрғын алабында да денешынықтыру-сауықтыру кешенінің жобалық-сметалық құжаттамалары әзірленіп, мемлекеттік сараптамадан өтуге жолданды.
Биыл 6 балалар ойын алаңы және 5 көпфункционалды футбол алаңы салынады. Қала тұрғындарының бастамасымен «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы аясында 11-шағын ауданда орналасқан футбол стадионын жаңғырту жүргізіледі. Осы бағдарлама бойынша биыл барлығы 79 жоба жүзеге асырылатын болады.
Кәмшат ҚОПАЕВА.