Еленаның көрмесі
Облыстық өнер музейінде Ақтөбе қаласының 155 жылдығы қарсаңында өңірімізге белгілі суретші, Қазақстан Дизайнерлер одағының мүшесі, дизайнер Елена Игнатованың «Қаңтардағы жаз» атты жеке көрмесі өтті. Оған суретшілер, балалар мен жасөспірімдер шығармашылығы орталығының оқушылары, «Оксана» украин ұлттық-мәдени орталығы қоғамдық бірлестігінің мүшелері қатысты.
Көрмеге Елена Игнатованың 60-тан астам жұмысы қойылған. Граттаж техникасымен салынған «Күз», «Қыс», «Көктем», «Жаз» сияқты жыл мезгілдері сериясы, туған өлкенің әсем табиғатын бейнелеген кескіндеме жанрында салынған «Дала гүлдері», «Қызғалдақ», «Жұпаргүл», «Ақ қайың», сондай-ақ «Ақтөбенің саябағы», «Туған үйім», «Қысқы Құрмыш» сияқты шығармалары суретшінің өзі туып-өскен қаласына деген сүйіспеншілігін көрсетеді.
Көрмеге натюрморт, пейзаждар да көп қойылған. Әсіресе «Ата-анамның үйі», «Табиғат» тәрізді картиналар көңілге жылылық сыйлайды.
— Ең алғашқы көрмем 2012 жылы өтті. Араға 12 жыл салып төртінші авторлық көрмемді ұйымдастырғаныма қуаныштымын. Ақтөбе мәдени-ағарту училищесін бітіргеннен кейін Құдайберген Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінде білімімді шыңдап, суретшілердің кіші буынын даярлауда еңбек сіңіріп жүрмін. Одан бөлек түрлі әшекей, сырғалар, алқалар жасаймын. Жыл сайын қолөнер шеберлерінің көрмесін де ұйымдастырамын. Іс-шараның өтуіне қолдау көрсеткен қалалық мәслихат төрағасы Анар Даржановаға және және балалар мен жасөспірімдердің шығармашылығы орталығының ұжымына алғысым шексіз, — дейді Елена Игнатова.
Көрме суретшінің өзінің шеберханасына ұқсайды, оның жан-жақты, ізденімпаз, өмірге құштар жан екендігінен хабар беріп тұрғандай әсер етеді. Суретшінің туындыларын 24 қаңтар мен 11 ақпан аралығында облыстық өнер музейінің көрме залынан тамашалауға болады.
Сондай-ақ көрме аясында Елена Игнатованың шеберлік сағаттары да ұйымдастырылды. Оған балалар мен жасөспірімдер шығармашылығы орталығының 10-нан астам жас суретшісі қатысты. Солардың бірі — Шахризада Жалғазина.
— Мен оқушылар арасында ұйымдастырылатын шеберлік сағаттарына жыл сайын қатысамын. Болашақта дизайнер болғым келеді. Бала кезімнен сурет салғанды ұнатамын. Елена Игнатованың көрмесін асыға күттім. Ол шеберлік сағатында өлкеміздің сұлу табиғатына арналаған суреттерді салудың ерекшелігін үйретті. Суретшінің қылқаламынан шыққан пейзаждардан сүйікті Ақтөбенің, оған жақын орналасқан ауылдар мен шалғай аудандардың әсем жерлерін көруге болады, — дейді ол.
Ақмарал МҰҚАШЕВА.