Астана ауданы: игі жобалардың жемісі
2018 жылы облыстық және қалалық мәслихаттың шешімімен Ақтөбе қаласында екі аудан құрылды. Оның бірі Астана ауданы деп аталды.
Бүгінде Астана ауданында 321 мыңнан астам тұрғын бар. Қаланың батыс бөлігін қамтитын Астана ауданы солтүстігінде Мәртөк ауданымен шекаралас, ал оңтүстік-батыс, батыс және солтүстік-батыс аумағы Алға ауданымен шектеседі. Қаланың Сазды, Жаңақоныс, Құрашасай елді мекендерімен қоса 20 тұрғын үй алабы осы ауданға қарайды. Ауданның жалпы аумағы — 64 мың 126 шаршы метр.
Астана ауданы әкімі Алмас Жақсылықов өткен жылы тиісті аумақта 44 жоба жүзеге асырылып, балаларға арналған 34 ойын алаңы, 29 спорт алаңы салынып, 5 жаяу жүргінші жолы мен 21 көп қабатты үй аулалары жөндеуден өткендігін айтады:
— Өткен жылы 44 жоба іске асырылып, қаланы абаттандыру жұмыстары жүргізілді. Биыл «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы бойынша 44 жобаға бюджеттік өтінім әзірленіп, қалалық экономика және қаржы бөлімі тарапынан мақұлданды. Қазіргі уақытта жобалық-сметалық құжаттамалары дайындалып жатыр. Биыл 22 ойын алаңы, 19 спорт алаңы, 13 футбол алаңы пайдалануға беріледі. Аудан аумағында санитарлық тазалықты қамтамасыз ету бойынша өткен жылдың екінші жартыжылдығынан бастап 8 учаскеде 5 мердігер мекеме қызмет етті. Мердігер мекемелермен арадағы келісімшарт шілде айында аяқталып, жаңа келісімшарт жасау үшін конкурстық рәсімдер жүргізіліп жатыр. Дегенмен аудан әкімдігінің өтініші бойынша мердігер мекемелер санитарлық тазалық жұмыстарын күнделікті атқарып жатыр. Астана ауданы бойынша екі мердігер мекеме қатты-тұрмыстық қалдықтарды шығарады. Мұнда 391 қоқыс алаңы, 2929 контейнер бар. Биыл 1200-ге жуық еуроконтейнер сатып алынды. Қазір тұрғындардың кейбірі жеке тұрғын үйлерінің аулаларын уақтылы тазартпайды, соның салдарынан арықтар қоқыстармен бітеліп қалады. Тазалық бәрімізге керек. Сондықтан әрқайсысымыз тазалықты өзімізден бастауымыз керек, — деді аудан әкімі.
Оның айтуынша, аудан аумағында еріген қар және жаңбыр суын өткізетін жалпы ұзындығы 37 415 метр суағар бар. Кәріздер мен арықтарды тазалау және күтіп ұстау жұмыстарын «Damu Life» ЖШС мердігер мекемесі жүргізеді.
— Биыл ұзындығы 16 мың метр болатын суағар тазартылды. Бүгінде аквапарк аумағындағы суағарларды тазарту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Маресьев, Мәншүк Мәметова, Есет батыр көшелеріндегі суағарлар тазартылып, кәріз жүйелері жаңартылады. Барша қала тұрғындарын тазалық жұмыстарына белсенді қатысуға шақырамын. Осы мақсатта «Астана ауданының кәсіпорындары және ұйымдары арасында абаттандырылған аумақ» атты байқау жарияланғандығын хабарлаймыз. Байқауға қатысу үшін 4-25 шілде аралығында құжаттар тапсыру керек, 26 шілде-25 тамыз аралығында «Астана ауданы кәсіпорындары және ұйымдары арасындағы абаттандырылған аумақ» байқауының жеңімпаздары айқындалады.
Қатысушыларды ұсыну аудандық конкурстық комиссияға өтінім беру арқылы жүзеге асырылады. Конкурсқа материалдар мәтіндік және графикалық материалдар, фотосуреттер, бейнематериалдар түрінде ұсынылады. Қала тазалығына бейжай қарамайтын кәсіпорындарды байқауға қатысуға шақырамын, — дейді Алмас Жақсылықов.
Астана ауданында жол жөндеу жұмыстары да қарқынды жүргізіліп жатыр. Биыл аудан бойынша 18 жерде жаяу жүргінші жолдарына қиыршықтас төселіп, Әбілқайыр хан даңғылы — Ғ.Жұбанова көшесінің қиылысы, Триатлон саябағына кіреберіс, Өтеген Сейтов көшесі, Макаренко аялдамасы бойындағы бірқатар жолдар жөндеуден өтті.
— Биыл Жаңақоныс, Құрашасай, Сазды тұрғын үй алаптарындағы жаяу жүргінші жолдарының 15,3 шақырымына қиыршықтас төселіп, жөндеу жұмыстары жүргізілді. Жыл соңына дейін қаражаттың бөлінісіне сай Бауырластар-3, Бауырластар-5, Жаңақоныс-3 елді мекендеріндегі жаяу жүргіншілер жолдары жөнделіп, қиыршықтас төселеді. Жыл соңына дейін 29 мың 611 жаяу жүргінші жолдарын жаңартуды жоспарлап отырмыз, — дейді аудан әкімі.
Жаңа мектептер ашылады
Астана ауданында 44 жалпы білім беретін мектеп бар. Оның ішінде біреуі — арнаулы №168/2 түзету мекемесінің жанындағы кешкі ауысымдағы мектеп, сонымен бірге 108 балабақша, 12 спорт кешені, 2 полиция бөлімі, 8 кітапхана, 5 Мәдениет үйі жұмыс жасайды. Өткен жылы қыркүйек айында Smart Bilim мектеп-гимназиясы қолданысқа берілді.
Аудан аумағында 6627 мүмкіндігі шектеулі адам, 31843 зейнеткер, 4949 көпбалалы отбасы, 1041 аз қамтылған отбасы тұрады. Жыл басынан бері демеушілік есебінен аудан аумағында тұратын мұқтаж отбасыларға, жалғызбасты аналарға қаржылай көмек көрсетіліп келеді.
— Аудан аумағында үш ауысымды бір мектеп бар. Осы мәселені шешу мақсатында 2022 жылы қалалық білім бөлімі тарапынан Алтын Орда тұрғын алабында тағы бір жаңа мектеп салуға ұсыныс берілген болатын. Қазіргі таңда «Жайлы мектеп» пилоттық бағдарламасы аясында 2025 жылға дейін Астана ауданында жалпы саны 9 мектеп (жалпы қуаттылығы 9600 оқушы) салу жоспарланып отыр.
Биыл Астана ауданында бірқатар әлеуметтік нысандар пайдалануға беріледі. Атап айтсақ, Жаңақоныс тұрғын алабында 150 орындық Мәдениет үйі, Алтын Орда шағын ауданында, Сазды, Байқадам, Жаңақоңыс тұрғын үй алаптарында 300-1000 орындық мектеп ашылады. Сондай-ақ осы жылы Алтын Орда шағын ауданы Тәуелсіздік даңғылында мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған теннис орталығы және Әл-Фараби атындағы №21 мамандандырылған мектеп гимназиясы жанынан денешынықтыру-сауықтыру кешенін, Жаңақоныс тұрғын үй алабында денешынықтыру және сауықтыру кешенін ашу жоспарланып отыр. Қазір мердігер компаниялар Бауырластар тұрғын үй алабында жеке амбулаторияның құрылысын бастап кетті, — дейді Алмас Жақсылықов.
Ауыл шаруашылығы және кәсіпкерлік
Астана ауданында кәсіпкерлік субъектілері саны артып, жаңа нысандар бой көтеріп келеді. Аудан әкімі Алмас Жақсылықовтың айтуынша, халықты кәсіпкерлікке тарту, жеке қосалқы шаруашылықтарды дамытуға бағытталған жобалардың берері мол. Қазіргі таңда жаңа жұмыс орындарын құрып, азық-түлік қауіпсіздігі және азаматтардың өмір сүру сапасын жақсарту мақсатында көптеген жұмыстар атқарылып жатыр.
— Астана ауданында 34 мың кәсіпкер тіркелген. Кәсіпкерлік субьектілері көбейіп келеді, мейрамхана, дәмхана, шағын маркеттер саны анағұрлым артты. Өткен жылы құрылыс саласы мен кәсіпкерлік жобаларды дамытуға салынған инвестицияның көлемі 7 миллиард 847 миллион теңгеге жетіп, 14 жоба жүзеге асырылды. Биыл әлеуметтік жобалар саны 24-ке жетіп, 870 жұмыс орны ашылды. Баға тұрақтылығын қадағалау саясатын жүргізу мақсатында кәсіпкерлік бөліміне әлеуметтік маңызы бар тауарларға мониторинг жүргізу, бағалардың тұрақтылығын қадағалау жұмыстары жүктелді. Әкімдік тарапынан биыл 230 сауда орындары мен шағын кәсіпкерлік нысандарына мониторинг жүргізілді. Негізсіз баға өсірген 41 азық-түлік дүкен иелеріне қатысты тұтынушылардың құқығын қорғау департаментіне ақпарат жолданды, — дейді ол.
Астана ауданында өсімдік және мал шаруашылығын қолға алғандар баршылық. Ауданның ауыл шаруашылығы құрылымдарына бөлінген жердің жалпы көлемі — 33 531 шаршы метр. Мұнда 35 шаруа қожалығы, 7 жауапкершілігі шектеулі серіктестік, 6 өндірістік кооперативі тіркелген. 2022 жылдың 12 қыркүйегіндегі №4579 Ақтөбе қаласының әкімдігі Қаулысына сәйкес іргелес жатқан тұрғын үй алаптарға 3224 шаршы метр жайылымдық жер бөлінді. Биыл аудан аумағында 4860,5 гектар жерге дәнді дақыл, соның ішінде 900,0 гектар бидай, 1000,0 гектар арпа, 200,0 гектар құмай, 600,0 гектар және тағы да басқа бау-бақша өнімдері егілді. Ауа райы құбылып, кедергі келтірмесе, барлық егіс алқабында жиын-терім науқаны қыркүйек айының аяғында толығымен аяқталады.
— Қазіргі таңда жұртшылықты қараусыз қалған малдың көбеюі алаңдатып отыр. Осы мәселені шешу мақсатында Астана ауданы әкімдігі аумағына қарасты Құрашасай тұрғын үй алабы «Елім-ай» шаруа қожалығымен, Жаңақоныс тұрғын үй алабы «Қасымов» шаруа қожалығымен, Сазды тұрғын үй алабы «Алдияр» шаруа қожалықтарымен келісімшарттар жасалды. Осы келісімшарттарға сәйкес қараусыз жүрген малдарды тұраққа айдап апарушы бақташылар бөлініп, қараусыз бос жүрген малдарды айып тұрағына әкеліп жатыр. Қараусыз қалған малдар ветеринария мамандарының тексерісінен өтеді, иесі табылған жағдайда айыппұл мөлшерлемесін учаскелік полиция қызметкерлері белгілеп, тиісті іс-шараларды жүргізеді, — дейді ол.
Ақмарал МҰҚАШЕВА.