«Ақтөбе — құтты мекен»

«Ақтөбе» бекінісінің салынуы 

Ақтөбе -155

ХІХ ғасырдың 40-жылдары Ресей империясы үкіметі қазақ жерін отарлау саясатын күшейте түсті. Әсіресе империяға жақын орналасқан Кіші жүз жерін отарлауға күш салды —  жерлерді қоршап, әскери бекіністер сала бастады. Алғаш салынған бекіністер қатарында Орал (Ырғыз, 1845 жылы), Қарабұтақ (1848) бекіністері де болды.

ХІХ ғасырдың 60-жылдары тұрақты әскерұстау мақсатында салына бастаған жаңа әскери бекіністердің бірі — «Ақтөбе» болатын. 1869 жылдың көктемінде Орынбор казак-орыс әскери бөлімдері Ақтөбе әскери бекінісінің негізін қалады. Оны салудағы мақсат —  1867-1868 жылдардағы қабылданған уақытша Ережелерге қарсы Торғай даласындағы наразылықтарды басу болатын.

Патшалық Ресей Орынбор өлкесін саяси-экономикалық қажеттіліктері үшін игермек еді жәнеқазақтар қоныстанған өлкенің барлық табиғи ресурстары орыс мемлекетінің мүддесіне қызмет етуге тиіс деген міндет қойды. Осы міндеттердің ішінде қазіргі Ақтөбе облысының аумағында Ресей өнеркәсібінің шикізат көзі ретінде мал шаруашылығын өркендету, өңірдің әртүрлі мекендерінде жәрмеңкелер ашу, Ақтөбе өңірінің аумағын транзиттік сауда жолы ретінде пайдаланып, Ресейдің орталық қалаларын Бұхара, Хиуа, Ташкент, Қоқан, Қашғариямен байланыстыру мәселелерін тез арада шешу қажеттігіне баса назар аударды.

Орынбор өлкесін басқару ісін қолға алған барон О.Игельстром хандық басқару жүйесін жоюға күш салып, қазақ жерін отарлау ісін жүзеге асыруға қатты кірісті.

1810 жылы Елек пен Бердянка аралығындағы кең-байтақ жер қазақтардан тартып алынды да, 1817 жылдан бастап осы өңірде бекіністер мен форпосттар салынып, аймаққа сырттан көшіп келгендерді қоныстандыру процесі басталды.

1834 жылы граф В.Перовский Орынбор бекінісі мен Сібір шекарасының аралығында бекіністер салу жобасын жасап, қазақ жерлерінің Орынбор әскери казактарының иелігіне берілуіне негіз жасады.

Сөйтіп, қазіргі Ақтөбе облысының аумағына Орынбор әскери казактары қоныс аудара бастады. Алғаш 1845 жылы Ырғыз (Орал) бекінісі, 1848 жылы Қарабұтақ форпосты салынды. Бұл бекіністер 1863 жылы генерал М.Черняевтің Орынбор территориясын Сібірмен байланыстыру мақсатында жасалған Шығыс жорығын бастап, Түркістан өлкесін — Оңтүстік Қазақстанда отарлау ісін жүзеге асыруға мүмкіндік жасады.

1869 жылы жаңа Ереженің жариялануына байланысты Орынбор өлкесіндегі Орал, Торғай облыстарында толқулар басталды. Толқулардан қауіптенген Ресей үкіметі 1869 жылдың көктемі мен күзі аралығында Кіші жүз аумағына жазалаушы әскер отрядтарын аттандырды. Жазалаушы отрядты өлкеде тұрақты ұстау үшін бекініс салу қажеттігі туындады.

Осылайша Ақтөбе қаласының іргетасы алғаш әскери бекініс ретінде 1869 жылы қаланды. Атауы сол кездегі транскрипция ережесіне сәйкес «Ақ-төбе» деп жазылған. 1869 жылы 14 мамыр күні «Ақтөбе» шатқалына полковник Ю.Борх бастаған әскери отряд келіп, 5 күннен соң артиллериядан бірнеше дүркін оқ атып, Торғай облысының әскери губернаторы Л.Баллюзектің рұқсатымен бекіністің негізі қаланғанын жариялады. Бұл тарихи оқиға туралы Петербургтен шығатын «Биржевые новости» газеті жазған.

Бекініс құрылысына Елек өзенінің сол жағалауындағы Орынбор-Қазалы керуен жолына жақын биіктеу төбе жер белгіленді. Себебі көктем кезінде Елек өзені арнасынан тасып, жағалауын түгелімен шайып кетіп отырған. Ол Илецкая Защита бекінісінен 180 шақырым, Ильинка станицасынан 170 шақырым жердегі Қарғалы өзенінің құйылысындағы жер болатын. Бекіністің жер көлемі алғашында 8 900 десятина, ал кейін 27 101 десятина жерге дейін жеткен.

Бекініс орны қазақтар үшін өте киелі жер болған. Бұл туралы полковник Ю.Борхтың отрядына жол көрсетуші қазақ толық айтып берген: «Ертеректе бұл өңірде Қарасай атты халық батыры өмір сүрген. Жауларының қолынан қапыда мерт болған оның денесін халық арулап осы төбеге жерлеген. Содан бері батыр жерленген төбе киелі де қасиетті болып саналған». Тағы да бірнеше аңызда төбенің киелі жер екендігі айтылады.

Халық ақыны Нұрпейіс Байғанин Ақтөбе атауының шығуына байланысты мынадай дерек келтіреді: «Бұл өңір ер Мамайдың жайлауы болған. Бір жазда оның Қырым ханзадасына ұзатылғалы отырған сүйікті қызы қайтыс болып, Мамай қатты қайғырады. Қызын биік төбенің басына жерлеп, аппақ болып көрінуі үшін бор тастармен қоршатады. Заман өте келе бор тастар үгітіліп, ол жер ақ төбеге айналады. Содан бұл төбе Ақтөбе атанған», — дейді.

1878 жылы Ақтөбеге алғашқы қоныс аударушылар — орыс шаруалары келген кезден бастап әскери бекініс сипатын жоғалтып, қалалық қонысқа айнала бастады. 1878 жылы көктемде Ақтөбеге шаруалар И.Мощенский, Я.Каюдин, т.б. көптеген отбасылар қоныстанады. Күзде солтүстік төбенің солтүстік-батыс жағынан, болашақ қаланың тұңғыш көшесінің негізін салған 9 үйден тұратын Александровск көшесі (қазіргі Шернияз ақын атындағы көше) пайда болды. Ақтөбе бекініс пунктіне Воронеж, Курск, Харьков, Тамбов губернияларынан келген қоныс аударушылар саны 1878-1879 жылдары 133 отбасына жетті. Әскери қызметтерін өтегеннен соң Ақтөбеге тұрақты қоныстанған әскерилер оңтүстік төбенің шығысынан Крепостной және Гарнизон көшелерінің негізін салды.

1881 жылы Ы.Алтынсариннің бастамасымен қазан айында Бөрте болысында уақытша мектеп ашылды. 1884 жылы бұл мектеп 2-класты орыс-қазақ училищесі болып Ақтөбеге ауыстырылды.

1886 жылы Ақтөбенің халқы Астрахань губерниясынан жаңадан көшіп келгендермен, Дон әскерлері есебінен тағы да толықты да «Отарвановка» слабодкасының негізін салды.

1885 жылы Ақтөбе бекінісінде 177 үй болған. 1897 жылғы санақ бойынша тұрғындар саны 28 400 адамға жеткен. Ал 1906 жылы Ақтөбе уезіне — 907 отбасы, 1907 жылы 1248 отбасы көшіп келген.

Әскери бекініс 1891 жылы уездік қала статусын алды. Және Торғай облысының құрамына уез ретінде кірді.

Айбек ЕРТЕМІРОВ,

Ақтөбе облыстық тарихи-өлкетану музейінің «Қазіргі заман тарихы» ғылыми-зерттеуді қамтамасыз ету бөлімінің меңгерушісі.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button