Профессор Адайбаевтың анатомиясы
Басты байлық денсаулық екенін бәріміз іштей білгенімізбен, соның өзіне салғырт қарайтынымыз бар. Соның салдарынан сырқаттың небір түрі адам баласын иектеп, айналшықтап жүріп алады. Мұндайда амалсыздан дәрігердің көмегіне жүгінесіз. Ақ халатты абзал жандардан араша сұрауға мәжбүр боласыз.
Дәрігер — кез келген қоғамдағы ең бір абзал мамандық. Сол саладағы мамандарды ұзақ жыл бойы даярлауға лайықты үлес қосып келе жатқан Төлеуғали Адайбаев бүгінде 75 жасқа толып отыр.
Осыдан бірер жыл бұрын Ақтөбе медицина университетінің 65 жылдығына арналған «Медициналық білім берудегі инновациялар» ғылыми-практикалық конференциясын өткізу кезеңінде оқу орнының құрметті қонақтарының қатарына 1974 жылғы институт түлегі, медицина ғылымдарының докторы, профессор Төлеуғали Адайбайұлы да Астанадан арнайы шақырылды.
Ол Ақтөбе мемлекеттік медицина институтын бітіргеннен кейін қалыпты анатомия кафедрасының ассистенті лауазымына қабылданды, қалыптасу жылдарында өсу мен тәжірибе жинақтаудың барлық кезеңінен өтті деуге болады. «Адам анатомиясы» мамандығы бойынша аспиранттық жолдан өткен ол аға оқытушы, доцент, профессордың міндетін атқарушы болды. Одан кейін Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университетінің қалыпты анатомия және жедел хирургиясы бар топографиялық анатомия кафедрасының профессоры атанды.
Оның оқытушылық жолдары ғылыми ізденістермен берік ұштасып жатты. 1990 жылы кандидаттық диссертациясын, ал 2004 жылы докторлық диссертациясын ойдағыдай қорғады.
Шалғайдағы ауылдан шыққан ұяң бозбаланы өмір шынықтырды, білімнің биік жолына жетеледі, ғылымның қиясына шақырды.
«Адам анатомиясы» мамандығы бойынша «Бихромат натрийдың әсері кезіндегі ашішектің лимфатикалық арнасындағы және шажырқайлық лимфатикалық түйіндердегі өзгерістер» тақырыбына арналған кандидаттық диссертациясын Новосибирск мемлекеттік медицина институтында қорғауы сол ұмтылыстарының нәтижесі іспетті еді.
Ал 2004 жылы С.Асфендияров атындағы Қазақ Ұлттың медицина университетінде «Адам анатомиясы» мамандығы бойынша «Перинатальдық кезеңдегі созылмалы құрсақішілік гипоксия жағдайындағы нәрестелер мен жаңа туған балалардың лимфоидтық ағзаларының морфологиясы» атты тақырыпта докторлық диссертация қорғаған тұсында ол ұлттық медицина ғылымында есімі танымал, тәжірибелі ғалым болатын.
2007 жылы табысты мемлекеттік аттестаттаудан өткен соң сол уақыттағы факультет деканы Төлеуғали Адайбаевқа «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» сыйлығы берілді.
Адам ғұмырының әр белесінің өзіндік орны бар. Мәселен, бүгінгі биігіне көтеріліп отырған Төлеуғали аға үшін қанша атақ-дәрежесі, мансап-марапаты болғанымен, ол үшін жасы ұлғайған сайын көңілінің терең бір түкпірінде туған жерге деген сағыныш, балалық шақтың ойда сағымданып тұратын көріністері жанын жылытып, жүрегін тебірентетінін сырт көз, бәлкім, біле де қоймас.
Ол құрағы жайқалған, талай ақындар жырына арқау болған Жем бойында өсті. Бұл — қазақтың көптеген қадірлі адамдары түлеп-ұшқан қасиетті мекен.
Жылы жырларымен есімі ел есінде сақталып қалған ақын Есенбай Дүйсенбаевтың:
«Барады көшіп ауылың Келме көлге,
Келме көл алыс дейді көрмегенге…»
Ол дағы тоқтап жатқан көлмек шығар,
Ойыма Жем түседі шөлдегенде…—
деп келетін шумақтары Төкеңнің жадына сонау алыста қалған бір кезеңдерді оралтады.
Туған ауылы Кемершиде сегізжылдықты бітіріп, Жарқамыстан орта білім алып шыққан оның сол кездің өзінде алға ұстап, үлгі тұтқан адамдарының бірі қазақтың көрнекті ғалымы Сақтаған Бәйішев еді.
Жем бойы сол кездері Бәкір Тәжібаев, Өтежан Нұрғалиев, Сағи Жиенбаев, Есенбай Дүйсенбаев, Сәбит Баймолдин сынды тума таланттардың жауқазын жырларынан жайқалып тұратын. Тобық Жармағамбетов, Қажығали Мұқанбетқалиев сынды қаламгерлер өз алдына. Осындай сөз қаймағын сапырған өңірде білім алған қай жастың да көкірегінде қалам ұстасам, сол ағалардай өлең шығарып, әңгіме жазсам деген арман болмай қалмағаны айқын.
Дегенмен таңдаған мамандығы осы салаға бәрібір басқа қырынан жақындап тұрғандай сезілетін. Сырқатты емдеу үшін, ең алдымен, сол адамның жан дүниесіне үңіле білу керек. Ол үшін сезімтал жүрек, салқын ақыл, пайымды парасат кәсіби біліктілікпен астасып жатқаны жөн.
Осы қасиеттерді бала кезінен бойына сіңіріп өскен бозбала студент кезінде де әдебиет ауылына елеңдеп, сөз құдіретіне табынып өскенін кейінгі жас буынның алдында айтып жүретін болды.
2012 жылдың қыркүйегінен ол ұстаздық еңбек жолын Астана медицина университетінде жалғастырды. Сол кезден бастап ол медицина ғылымдарының докторы, профессор Әшім Әубәкіров атындағы адам анатомиясы кафедрасының профессоры қызметін атқарады. Сөз реті келгенде айта кетейік, Әшім Болатұлы атақты академик, Сеченов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің профессоры болған Михаил Романович Сапиннің шәкірті еді. Өзінің медицина саласындағы толымды ізденістері мен іргелі еңбектері осы оқу орны қабырғасында өмірге келді. Халықаралық мофологиялық орталық пен Қытайда тәлімдемеден өткен ол Қазақстанда, тіпті Орта Азия аймағында бірінші болып анатомиялық препараттарды полимерлік бальзамдаудың инновациялық технологиясын бірінші болып игерді. Осындай білікті ғалымның артына қалдырған ізгі дәстүрлерін жалғастыру, жас буынға сабақтастыру міндетін мойнына алған Төлеуғали Адайбаев бүгін де қажырлы еңбек етуде.
Денсаулық сақтау ісінің үздігі, «Денсаулық сақтау ісінің дамуына қосқан үлесі үшін» төсбелгісінің иегері, ҚР Денсаулық сақтау Министрлігінің Құрмет грамотасымен бірнеше мәрте марапатталған Төлеуғали Адайбаевқа 2019 жылы «Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан Мемлекеттік Медицина университетінің құрметті профессоры» атағы берілді.
Ол — «Морфологтардың Евразиялық ұйымы» қоғамдық бірлестігінің мүшесі.
Биылғы оқу жылында профессор Т.Адайбаевтың оқыту сапасын бағалау мақсатында «Оқытушы — студент көзімен» сауалнамасы 1-4 курс студенттері арасында жасырын түрде жүргізіліп, қорытындысы 1-10 балдық көрсеткіш шкаласы бойынша ең жоғарғы 9,76 балға бағаланады. Ұлағатты ұстаз үшін шәкірттерінің бұл бағалауы оның көңіліне ерекше ықылас сезімін тудырғанын айтпай кетуге болмайды.
Әрине, ол мұндай биіктерге оңайшылықпен жеткен жоқ. Әр жылдарда Новосибирск мемлекеттік медицина институтында, Мәскеу медицина институтында, Витебск халықтар достығы мемлекеттік медицина университетінде, тағы да басқа оқу орталықтарында болып, тәжірибе алмасуы, үздіксіз ізденіп отыруы өз нәтижесін бергені анық.
Шетел ғалымдарын шақыру бағдарламасына сәйкес Израильде Тель-Авивс университетінің визитинг-профессоры Г.Лифшицтың «Дәрістер, консультация және практикалық сабақтар» курсы бойынша білім жетілдіру сабақтарын өткені де бір олжасы іспетті.
Модульді интеграцияланған бағдарлама бойынша адам анатомиясына қатысты төрт оқулығы, Білім және ғылым министрлігі бекіткен «Нерв жүйесі» оқу құралы, модульдік интеграцияланған оқыту бағдарламасы бойынша 19 оқу құралы, «Хром интоксикациясы кезіндегі лимфа жүйесі» монографиясы және «Адам анатомиясы» электронды оқулығы жарық көрді. Отандық және шетелдік басылымдарда төрт жүздей ғылыми жұмыстары жарияланған.
Қазақстан Республикасының 2 өнертабысының авторы, 8 медицина ғылымдарының кандидаты, 1 медицина ғылымдарының докторы және 1 магистрантты даярлады.
Төлеуғали Адайбайұлының педагогикалық және ғылыми қызметі көптеген жарияланымдардан басқа, анатомдар, гистологтар мен эмбриологтардың Бүкілодақтық съездерінде баяндалған, сондай-ақ жаңа стандарттар бойынша жоғары медициналық оқу орындарында педагогиканың жалпы және жеке мәселелеріне арналған хабарламаларда көрсетілген.
Төлеуғали ағаның зайыбы Ғалия Өмірзаққызы — денсаулық сақтау ісінің үздігі, жоғарғы дәрежелі дәрігер-педиатр, бүгінде құрметті еңбек демалысында. Олардың балалары Асхат, Қайрат, Назымгүл өз мамандықтары бойынша еңбек етуде, әке-шешесіне сүйкімді немерелер сыйлап, бүгінде олардың өзінің алды атқа міне бастады.
Жарты ғасыр бойы медицина саласында тынбай еңбек етіп, халық денсаулығын қорғау жолында аянбай еңбек етіп келе жатқан көрнекті ғалым, білікті дәрігер, профессор Төлеуғали Адайбаевтың тәлім-тағылымы әлі талай жас буынның алдына жақсы жол салып беретіні ақиқат.
Нұрмұханбет ДИЯРОВ.