Мерей

Өлеңмен өрілген өмір

Туғанда дүние есігін ашады өлең… Бүгінгі күні елу деп аталатын ер жасына жеткен Еркін Жиеналиннің осы кезге дейін жүріп өткен жолы, шынында да, шыр етіп дүние есігін ашқаннан өлең ұйқастарымен үйлесім тауып, өзгеше өріліп келе жатқан секілді. Табиғатынан сыпайы, ішкі дүниесінің әдемі иірімдері сыртқа сынын бұзбай шығатын, сол әсем қалпымен айналасына жылы шуақ шашып тұратын елге сыйлы жігіттің сегіз қырлы, бір сырлы келбетін кез келген танысы тереңдеп біле бермеуі де мүмкін. Ал осы құпияларды ашып айтатын болсақ…

Бала кездің бір сыры

Ол үйдің үлкені болғандықтан ба екен, қазақ салтымен Зайыр атасы мен Тойған әжесінің баласы болып өсті. Ал қалыптасқан дәстүр бойынша, мұндай баланың мүмкіндігі мол. Өзін өмірге әкелген әке-шешесінің алдында да батыл сөйлейді, айтқанын істетеді, аспандағы айды алып бер деуге де құқылы. Ең бастысы, еркін жүреді. Ол да өзінің атына сай кішкентайынан осылай өсті. Ол кішкентай кезінен үлкендерге сұрақты көп қояды екен. Ондағы ойы — әр нәрсенің себебін білгісі келіп тұратыны. Жаратылыс неден туындаған? Ай мен күн неге алмасып шығады? Жаз бен қыс, көктем мен күз қалай ретімен келіп тұрады? Жақсылық пен жамандық деген не? Оның қиялына ерік берген алғашқы қозғаушы күш Тойған әжесінің немересін құшағына алып, түнімен айтатын ертегілері екен. Содан қанаттанып, небір батыр тұлғалы, алып кейіпкерлерді көз алдына елестетіп, өзі де сондай болуға ұмтылады. Осындай қиялы қилы ғажайыптар әсерінен өлең жаза бастайды. Төртінші сыныпта оқып жүргенде алғашқы туындысы мектептің қабырға газетінде жарық көреді. Ақкемер ауылының әлі қанаты қатпаған балапаны сол кездің өзінде болашағынан үлкен үміт күттіреді. Қасқыр шапты қойларға, Қарамады тойғанға. Қасқырлардың қақы бар Жаңа жылды тойлауға. Баланың қулық-сұмдықты білмейтін нәзік жүрегі қатыгез аң саналатын қорқауға да кеңшілікпен қарайды. Осылайша ол қойын дәптеріне жасырып, өзгелерге көрсетпестен өлең жаза бастайды. Жетінші сыныпта «Ойыл» газеті алғашқы өлеңдерін жариялады. Ондағы ағалары «жас ақын өсіп келеді ортамызда» деп ақ жол сілтейді алғы күндерге. Еркін енді бір уақыт әңгіме де жазады. Анау-мынау емес, фантастикалық жанрда өзінің мүмкіндігін сынап көреді. Бұл тұратын ауылдан алыстан мұнартып көрініп тұратын Бүкіртау балаң арманға қанат бітіріп, небір биіктерге жетелейтін. Соның әсерімен ол «Елдос және оның достары немесе Бүкіртау құпиясы» деген туындысын бір отырғанда жазып тастайды. Бір қызығы, бұл әңгімесі «Ойыл» газетінің үш санында жарияланады. Сөйтіп, елде жазушы бала атағы жайылады. Мектепте мерекелік кештерге арнап ән жаза бастауы да осы кез. Сыныптастары Еркіннің жазған әндерін хормен орындап жүреді. Студенттік шақта оның өнердегі ізденістері молынан ілгерілей түсті. Осы жылдары көптеген әндері жастар арасында шырқалып жүрді. Әсіресе бала махаббат, өмір, достық туралы туындылары жиі айтылатын. «Студент көктемі-93» республикалық фестивалінде «Дүниежалған» әнімен лауреат атанғаны да сол тұс. «Жігіт сұлтаны» байқауы басталғанда облыстан бірінші орын алып, республикада бағын сынағаны бар. Ақындар айтысына да қатысты. Көрнекті ғалым, біртуар дана адам Есет Жұбанов сабақ берді студент кезінде. Сол кезде түрлі шараларға, басқа да қоғамдық жұмыстармен көп қатысып, кейде ұстазының лекциясынан қалып қояды екен. Бір күні Есет аға дәлізде көріп қалып, ұстап алып: «Сабаққа неге келмей жүрсің?» — дейді студентіне. Сол кезде үшінші курста оқиды. «Ағай, қолым тимей жүр» деп қалыпты сасқанынан. Есақаң да көпті көрген кең адам ғой, осы әңгімені басқа жерлерде айтып жүреді екен күліп… Еркін сол қазақ тілі мен әдебиеті факультетінде оқып жүргенінде факультет жанынан «Үмітсіз — шайтан» деген театр ашып, өнерлі студенттердің басын қосады. Жатақханада дайындалып, аудандарға әзірлеген спектакльдерін апарады. Бірде «Махаббат неге оянбады?» деген спектаклін қойғанда көрермендердің көзін жасқа шылап отырғанын байқап, үлкен әсерге бөленгенін әлі күнге дейін ұмытпайды. Институт ректоры марқұм Мұхтар Арынов оның бұл талпынысын қолдап, жеке бөлме де беріпті. Есет батыр кешені ашылғанда Еркіннің өнерлі командасы батырлар туралы қойылымды алғашқы болып жұртшылық назарына ұсынған екен. ….Әкесі Жұмағазы Зайырұлы мен анасы Роза Нұрбергенқызы ата-әжесінің баласына өмірде қамқорлықтарын аяған емес. Екеуі де ұстаз болғандықтан олар Еркіннің білімді болуына көбірек бағыт берген сияқты. Осы жолдағы көптеген жетістіктерін ол ата-анасының үлгісіне сабақтастыратыны да содан болса керек. Еркін Жұмағазыұлы өзінің өмірлік серігі Гүлмира Сабырқызымен бірге бір ұл, бір қыз өсірді. Еркебұланы — бүгінде мұнай саласының маманы. Ал Еркеназ болса — Smart Bilim мектебінің 10 сынып оқушысы.

«Ұлы Қобда — жыр-әнім!»

Оның жоғары оқу орнын бітіргеннен кейінгі алғашқы еңбек жолы Қобда өңірінде басталды. Аудан орталығындағы Новоалексей қазақ орта мектебінің директоры Бағила Көшкінбаева оны құшақ жая қарсы алды. Өйткені ұзақ жылдар басқа ұлт өкілдері басымдықта тұрып, орыстанып кеткен өңірде қазақ тілінің қадірін білетін, шәкірттерге қазақы тәрбие беретін жас мамандар аса қажет еді. Сөйтіп, әлі тәжірибесі аз болса да, Еркінге 11-сынып оқушыларына қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ беру ұсынылды. Бала кезінен ауыз әдебиетінің небір құнарлы мәйегінен ауызданған ол үшін бұл жағдай іздегенге сұрағандай әсер етті. Мектеп бітіргелі отырған жасөспірімдерді түрлі үйірмелерге тартып, пікірталас кештерін ұйымдастырды.

«Қозы Көрпеш-Баян сұлу» деп аталатын клуб ашып, талантты ұл-қыздарды өнер өрісіне тартты. Сөйтіп, үлкен өмірге қанат қаққалы тұрған балғындар оның маңына үйіріле бастады. Жас маманның жігерлі қызметі, ізденіс-ұмтылыстары көрінбей қалған жоқ. Арада екі-үш ай өтпестен ол мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары болып тағайындалды. Осылайша ол мектепте үзбестен он жылдай еңбек етті. Балаларды түрлі байқауларға алып барады, сайыстарға қатыстырады. Өзі де өнер жолындағы қадамын шыңдай түсті. Ол үшін аудандық Мәдениет үйі екінші мекеніне айналды. Осында өтетін қандай да бір іс-шаралардан қалыс қалмай, әдемі әнімен, өрнекті өлеңімен жұртшылық алдына шығып тұрды. Сол кездегі аудан әкімі Мұхтар Жұмағазиев бір күні шақырып алып, жаңадан ашылғалы отырған аудан әкімі аппаратының әлеуметтік сала және мәдени даму бөлімінің басшылығына шақырды. Осылайша ол 2003 жылы мемлекеттік қызметке келді. Бастапқыда бірыңғай бағыттағы жұмыс көрінгенімен, бұл саланың жауапкершілігі мол екен. Ең бастысы, уақытпен санаспай еңбек етесің. Жас жігітті аудан басшылығы небір түйінді мәселелерді жүзеге асыруға жіберетін. Қазақтың батыр қызы Әлияның мерейтойы қарсаңында Әлпайсай ауылында айлап жатқаны есінде. Президент сайлауы кезінде Ақырапта үй бетін көрмей біраз жүрді. Егіндібұлақ ауылын қайта түлету қолға алынғанда да сол шаруаның басы-қасында Еркін шапқылап жүрді. Сол жердегі жұмысының нәтижесі шығар, көп ұзамай Егіндібұлақ ауылы қарайтын Құрманов атындағы селолық округтің әкімі қызметіне тағайындалды. Осыдан кейін көп ұзамай Қобда ауданы әкімінің орынбасары қызметіне келеді. Өнері мен өлеңін өмірінің басты мағынасы деп сезінетін ол күні-түні шаруа маңында жүріп, өзінің әбден жұмысбасты болып кеткенін де сезінген жағдайы бар сол күндерде. Алайда осының бәрі елге қызмет ету екенін ұғынып, өзінің жігерін қамшылай түсетін. 2009 жылы Мәлік Жекеевтің бастамасымен «Қобда: Тарих пен тағылым мекені» кітабы шыққан болатын. Сол жинаққа Еркіннің өңірдің гимніне айналып кеткен «Ұлы Қобда» туындысы енді. Қазіргі уақытта үлкендерді айтпағанда, қобдалық жас өрендер осы асқақ әнді әуелете, мақтанышпен айтады.

Әсіресе оның қайырмасындағы:

Қобыланды, Абат-Байтақ, Исатай боп ұраным,

Асыл туған Әлиям — Шығыс қызы-шынарым.

Иманғали, Абдолла…

жеті батыр — ұланым,

Ұлы Қобдам қабыл ал,

арналады жыр-әнім! — деген жолдар өскелең ұрпаққа бір жағы өнеге өрісіндей әсер етеді.

Ойылға оралу

Ол өз өмір жолының өрнекті бір белесі — үш мүшелі жасында бір кездері балаң қиялына қанат бітірген, келешекке қадамына сенім бітірген туған мекеніне оралды. Бұл кезде қызметте де, тіршілікте де біраз тәжірибе жинақтаған, ел ағасына айнала бастаған абыройлы азамат болатын. Еркін Жиеналин 2010 жылы аудан орталығы Ойыл селосының әкімі болып тағайындалды. Қазақта «қолда өскен бала ғой» деген ұғым бар. Мұның ар жағында «Қолда өскен тайлақтың бота аты қалмайды» деген ұғым жатыр. Сондықтан сыртта жүргендегідей емес, мұнда өзіне сын көп болатынын ескермей қалған жоқ, бұрынғыдан да екі есе еңбек ету керектігін ұғынды. Бір жыл осы қызметте болғанында аудан орталығының тыныс-тіршілігін жақсы жолға қою жолында аз еңбек еткен жоқ. Қордаланып қалған бірқатар әлеуметтік мәселелер оңтайлы шешілді. Сол кезде халықпен тығыз жұмыс істеуге бейімділігін, ұйымдастырушылық қабілетін бағалаған басшылық оның «Нұр Отан» партиясы Ойыл аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары болуын қолай көрді. Осы қызметтегі сегіз жыл Еркінді саяси жағынан әбден шыңдады деуге болады. Өйткені жергілікті тұрғындар, ең алдымен, қандай да арыз-шағымдарымен осы партия ұйымына хабарласатын. Халықтың көз алдында болғандықтан, бұл жерде жауырды жаба тоқып қоя алмайды. Ал Еркін болса өзінің қашанғы сергек қалпымен ел мұқтажына батыл көңіл бөліп, оның оңды шешілуіне қолдан келген көмегін жасайтын. Сонысымен де ол көпшіліктің сеніміне ие болды. Ал 2019 жылы Ойыл аудандық мәслихатының хатшысы болып сайланғанда бұл міндеттің де жүгі жеңіл еместігін бірден ұғынды. Өйткені өңірдің әлеуметтік-экономикалық және мәдени жүйелі дамуының бір тетігі — депутаттардың қолында. Олардың жұмысын оңтайлы үйлестіру, маңызды мәселелерге назар аударып, оның нақты шешімін алуға қатысты сол жылдарда біраз жұмыстар атқарылды.

Тәжірибелі мемлекеттік қызметкер бүгінгі күні де іс басында. Ол — 2021 жылдан бері Аmanat партиясы Ойыл аудандық филиалының атқарушы хатшысы. Оның басты ұстанымы данышпан-ғұлама әл-Фараби жазып кеткендей, «мемлекеттің рухын қоғамдағы адамгершілік, қайырымдылық, әділеттілік, шынайылық, тұрақтылық, ізгілік көтереді, рухани құндылықтарын сол ғана сақтай алады». Бұл ретте Еркін Жұмағазыұлы қай уақытта да әл-Фарабидің «Қайырымды қала» еңбегін өзінің бағдаршысы етіп ұстанады.

* * *

Бұрынырақта Астанада болған үлкен жиында Еркіннің өнері сынға түскен жағдай көпшілік арасында бүгінде аңыз сынды айтылады. «Біздің облыстан делегацияны Келдібай, Раукен ағалармыз бастап барды. Салтанат залында Атырау облысының сол кездегі әкімі Нұрлан Ноғаев үлкен дастарқанға құрмет ретінде көрнекті картина тапсырды, сосын Астанада оқып жүрген атыраулық әншілерді шақырып, концерт қойды. Ақтөбе жағынан бұл жай ескерілмей қалған сияқты. Содан Келдібай ағай маған: «Мынау Атыраудан қаламыз ба, бізді сен ғана құтқарасың енді, ортаға шық!» — деді. Мен де намысқа тырысып, шаққа отырған едім, жұрт алдына шығып, Рамазан Стамғазиев шырқап жүрген «Дариға-дәурен» әнін айттым», — деп еске алады сол күндерді Еркіннің өзі. Әдемі әуенге, орындаушы шеберлігіне зал сілтідей тынып қалыпты. Ақтөбеліктер ерекше мәз болып, алғысын айтады Еркінге. Сол кезде Нұрлан Ноғаев «Ойпырмай-ай, мында бүкіл консерваторияда оқып жатқан студенттерімді алдырып едім, Еркін деген жігіт жалғыз әнімен бәріміздің алдымызды орап кетті ғой» депті таңданып. Астанада қалың елге қол соқтырған Еркін бүгінгі күні де ел ішінде жүріп, өнерін өрістетіп келеді. Өйткені оның өмірі әу бастан-ақ өлеңмен өрілген!

Нұрмұханбет ДИЯРОВ,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button