Білім

Шағын жинақты мектеп және сапалы білім

Ақтөбеде Назарбаев зияткерлік мектебінде шағын жинақты мектептердің мұғалімдеріне арналған республикалық семинар өтті.

Биыл Оқу-ағарту министрлігі, «Қазақстан халқына» қоры, Білім беру саласын тұрақты дамыту қоры және облыс әкімдігі «Цифрлық технологияларды пайдалана отырып, Ақтөбе облысының шағын жинақты ауылдық мектептерінің әлеуетін дамыту» қанатқақты жобасын іске асыра бастады.

Екі күнге арналған семинар шағын жинақты мектептерде цифрлық шешімдерді енгізу, материалдық-техникалық базаны нығайту, мұғалімдердің біліктілігін арттыру арқылы білім сапасы мен оқытудың тиімділігін арттыруды көздеген жоба аясында ұйымдастырылып отыр.

— Жобаның басты міндеттері —  ауыл балаларын  сапалы  біліммен қамтамасыз ету, математика, физика, химия, биология,  ағылшын тілі пәндері бойынша білім сапасын арттыруға жағдай жасау, шағын жинақты мектептерді кеңес беру-ақпараттық, әдістемелік және ресурстық  қолдау. «Цифрлық технологияларды пайдалана отырып, Ақтөбе облысының шағын жинақты ауылдық мектептерінің әлеуетін дамыту» қанатқақты жобасына қатысатын 134 шағын жинақты мектеп және 12 тірек мектептің математика, физика, химия, биология, ағылшын тілі пәнінен сабақ беретін 732 мұғалім екі күн бойы жаңаша оқытудың әдіс-тәсілдері бойынша дайындықтан өтеді, — дейді Білім беру саласын тұрақты дамыту қорының өкілі Рустам Әбілов.

Өңірдегі шағын жинақты мектептерден жиналған 700-ден астам мұғалімді Назарбаев зияткерлік мектебінің ұстаздары оқытты.

Қазақстанның еңбек сіңірген мұғалімі Күләш Шәмшидинова бастап келген бір топ тәлімгер, облыстық білім басқармасының басшысы Жайық Сұлтан оқу кабинеттерін аралап, мұғалімдермен әңгімелесіп, семинар барысын қадағалады.

Одан соң Ы.Алтынсарин атындағы ҰБА Ауыл мектептерін және ШЖМ дамыту зертханасының меңгерушісі А.Мукушева, «Талдау»  Ұлттық  білім беруді  зерттеу және бағалау орталығының басқарушы директоры М.Атанаева, «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» АҚ  филиалы директоры Н.Әбішева семинарға қатысушылармен кездесіп, әдістемелік, ақпараттық талдау материалдарына қатысты әңгімеледі. Сондай-ақ «Daryn.online» жоба менеджері Е.Сейтқұл, «Аmаn Sultan»  сандық платформаның бағдарламалық директоры Н.Қиясов, «Kundelik.kz» ЖШС бас директоры М.Ильясов пен «Kundelik.kz» ЖШС жобалық менеджері А.Жүнісова, «Kundelik.kz» ЖШС техникалық қолдау және әдістемелік бөлімінің бас маманы С.Игисинова, «ROQED» ЖШС директоры М.Қыстаубаев, BilimLand ЖШС қызметкері С.Кенжеханұлы шағын жинақты мектептердің мұғалімдеріне білім беру платформаларын қалай қолдану керектігін түсіндірді.

Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button