БілімБасты жаңалықтар

Ізгілік пен қамқорлық

Ақтөбе педагогтері су тасқынынан зардап шеккен жандарға алғашқылардың бірі болып қол ұшын созды 

Облыста су тасқыны қаупі әлі де бар. Қазір өңірдегі 9 мектептің оқушылары қашықтан оқытылып жатыр. Оның 8-і — Ырғыз ауданындағы білім шаңырақтарының балалары. Сондай-ақ Ойылдағы Ш.Берсиев мектебінің 271 оқушысы өзге мектептерде білім алуға мәжбүр болып отыр. Дәл бүгінгі мәлімет бойынша  облыстағы 5 білім беру ұйымын әлі де су басып тұр. Олар: И.Тайманов атындағы Қобда гимназиясы (Қобда), Екпетал, Ш.Берсиев атындағы мектептер және «Балбөбек» бөбекжай-балабақша (Ойыл), Т.Жүргенов атындағы мектеп (Ырғыз). Су басу қауіпті аймағындағы Жайсаңбай мектебінің оқушылары Ырғызға көшіріліп жатыр.

Жалпы педагогтер қауымы қоғамдағы қандай науқан, қандай жағдай болсын, іс-шараларды іске асыруда білек сыбанып, алдыңғы шептен табылады. Бұл ретте білім беру ұйымдары сол жағдайға байланысты орталықтардың қызметін атқарады. Бұл жолы да педагогтер ел игілігі үшін мінсіз қызмет  атқаруда. Өңірде төтенше жағдай жарияланған кезде Ақтөбеде 43 эвапункт жұмыс жасап, 4  мыңға жуық тұрғын қабылданды. Қазір өңірдегі 12 білім беру мекемесінде эвакуациялық пункт жұмыс істейді.

Су тасқынына байланысты облыс мектептерінде оқу процесін ұйымдастыру туралы облыстық білім басқармасы мектепке дейінгі және жалпы орта білім бөлімінің басшысы Гүлжан Құлыбековамен сөйлескен едік. Сонымен…

Дарынның педагогтерінің қамқорлығы

Табиғи апат облыстағы біраз білім беру ұйымына залал келтірді. Ойылдағы үш білім беру ұйымын су басты. Соның салдарынан Ш.Берсиев селолық округіндегі мектеп пен бөбекжай-балабақша балалары басқа білім шаңырақтарына ауысты. Сондай-ақ бұл аудандағы Екпетал мектебінің ғимараты апатты жағдайда тұр. Арнайы комиссия аталған нысанды жөндеуге мүлде келмейді, орнына жаңа құрылыс салыну керек деп шешті.Су тасқыны кезінде облыстағы жалпы 12 білім беру ұйымын (7 мектеп, 5 балабақша) су басты.

Бүгінде 7 нысанның мәселесі шешіліп, жертөлелері судан тазартылды. Сондықтан бұл нысандарда балалардың білім алуына еш кедергі жоқ.

Ал 4 мектеп пен 1 балабақшада оқу процесін ұйымдастыруға мүмкіндік жоқ, өйткені аталған білім беру ұйымдары суға кеткен және су тасу аймағында  орналасқан. Мысалы, Ойыл ауданындағы Екпетал мектеп-балабақшасының балалары аудан орталығындағы Шәрбану Бекмұхамбетова атындағы мектеп-гимназияның интернатына орналастырылды. Бала  саны —  78 адам.  Тұрғындар эвакуацияланды. Аталған аудандағы Қаратал ауылының халқы тікұшақпен эвакуацияланды. Бұл елді мекендегі Шығанақ Берсиев атындағы орта мектептің балалары Ойыл ауылындағы спорт мектебінің базасында жабдықталған эвакуациялық пунктке орналастырылды. Мұндағытұрғындардың бір бөлігі басқа ауылдардағы және Ақтөбе қаласындағы туыстарына кетті. Ауылдағы бала саны — 307 адам.

Айта кету керек, осы жылы мектеп бітіретін оқушыларды мемлекеттік емтиханға, ұлттық бірыңғай тестілеуге сапалы дайындау үшін облыс орталығындағы 3 мамандандырылған лицей-интернаты мен 1 мектеп-гимназияда оқушыларды қабылдау жұмысы ұйымдастырылды. Мысалы,7 сәуірден бастап Шығанақ Берсиев атындағы мектептің 17 оқушысы Мақсот Құсайынов атындағы облыстық дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-лицейге  орналастырылды. Жалпы, бұл білім шаңырағында 21 бала мектеп бітіреді. Дегенмен олардың 17-сі ұлттық бірыңғай тестілеу тапсыруға ниет білдіргендіктен, оларды облыстағы үздік мектептің базасына орналастырдық. Мақсот Құсайынов атындағы мектеп-лицейде оларға арнайы сынып ашылды. Аталған білім шаңырағының мұғалімдері балаларға көмек ретінде тегін сабақ беріп, тестілеуге дайындап жатыр. Бұл балаларға психологиялық жағынан да қолдау көрсетілуде. Сондай-ақ оларды тамақтандыру, киім-кешекпен және оқуға қажетті құрал-жабдықпен қамту мәселесі шешілді, — дейді Гүлжан Құлыбекқызы.

3 мыңнан астам педагог ізгі іске жұмылдырылды

Су тасқынынан зардап шеккен тұрғындарға көмек беру мақсатында ұйымдастырылған игі іске облыстың білім беру ұйымдары да өз үлестерін қосты. Әсіресе үйсіз қалған тұрғындарды орын-жайлармен қамтамасыз ету мақсатында көптеген білім беру мекемесі босатылып, эвакуациялық пункт ретінде жұмыс жасады. Тұрғындар орын-жайлармен ғана қамтылып қоймай, олардың қажетті жабдықтары жеткізіліп беріліп, азық-түлік, ыстық тамақпен қамтамасыз етілді. Төтенше жағдай жариялануына байланысты біраз мектепте дәстүрлі оқу процесі уақытша тоқтатылып, қашықтан оқу ұйымдастырылды. Төтенше жағдай жарияланған кезде 43 эвапункт жұмыс істеп, оларға 4 мыңға жуық тұрғын қабылданды. (Оның 1625-і — балалар). Осыған байланысты 4-оқу тоқсанында эвапункт ретінде жабдықталған және су апаты салдарынан зардап шеккен білім беру ұйымдарының оқушыларын қашықтан оқыту форматына көшіру туралы шешім қабылданды. Су тасқыны басталған уақытта  20640 оқушы (28 мектеп) қашықтан оқытылды. Қазір жағдай қалыпты болуына байланысты 1570 оқушы қашықтан білім алуда. 16 сәуір күнгі дерек бойынша 9 мектепте оқу процесі қашықтан ұйымдастырылып жатыр (Ойыл — 1, Қобда — 1, Ырғыз — 7).

Ақтөбе қаласындағы мектептер жанынан ашылған барлық пункт кәсіптік техникалық колледж базаларына көшірілді. Жалпы, бүгінгі таңда облыстағы 12 білім беру ұйымында уақытша эвакуациялық пункт жұмыс жасайды. Оның 4-еуі — мектеп, 1-еуі — мектеп жанындағы интернат және 5 колледж, 2 жоғары оқу орнының жатақханасы. Соңғы мәлімет бойынша эвакуацияланған тұрғындардың саны — 1242, оның ішінде балалар — 528, мектеп жасындағы балалардың саны — 402.

Қазіргі уақытта эвапункттер саны азайғанмен, әлі де болса зардап шеккен тұрғындарға көмек көрсету, мектеп жасындағы балаларды оқуға қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар жүргізіліп жатыр. Жалпы облыстағы эвапункттерде 3 мыңнан астам педагог зардап шеккен тұрғындарға көмек көрсетті, — дейді Гүлжан Құлыбекова.

Оның айтуынша, оқушылар мен пән мұғалімдерінің интернетке қолжетімділігі, техникалық құрал-жабдықтармен (компьютер, ноутбуктер, планшеттер, смартфондар, т.б.) қамтамасыз етілуіне талдау жасалып, білім беру ұйымдарының балансындағы техникалық құралдар қажеттілік туындаған 717 оқушыға таратылып берілген.

Жалпы облыс бойынша 418 педагогтің үй-жайлары суға кетіп, олар эвапунктер мен туған-туыстарының үйіне орналасты.

Жиынтық бағалаулар өткізілмейді

Оқу-ағарту министрлігінің шешіміменсу тасқынынан зардап шеккен өңірлердегі оқушылар ағымдағы сынақтардан босатылды. Соған байланысты біздің өңірдегі барлық білім беру ұйымдарында БЖБ — бөлім/ортақ тақырып бойынша жиынтық бағалау, ТЖБ — тоқсандық жиынтық бағалау өткізу тоқтатылды. Сонымен қатар пилотты жобадағы шағын жинақты мектеп оқушылары үшін сәуір айында өткізілетін  мониторинг  мамыр айына ауыстырылды, — дейді Гүлжан Құлыбекқызы.

Айта кету керек, оқушылардың білім жетістіктерінің мониторингі — білім беру ұйымдарына тәуелсіз білім сапасын бақылау құралы. Бұл сынақты өткізу үшін министрлік тарапынан арнайы іріктеу өткізіліп, соған сәйкес мониторинг ұйымдастырылатынмектептер таңдалады.

Балалар лагерьлерде демалып жатыр

Су тасқынынан зардап шеккен 250 бала сауықтыру лагерьлеріне демалуға жіберілді

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өз Үндеуінде су тасқынынан зардап шеккен қазақстандықтардың бірде-бірі мемлекет назарынан тыс қалмайтынынайтқан болатын. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес барлық мұқтаж жандарға тек қаржылай ғана емес, сонымен қатар барлық қажетті қолдау көрсетілетін болады. Соның айқын дәлелі — ел Президентінің тапсырмасына байланысты біздің облыстағы су тасқынынан зардап шеккен балалардың алғашқы легі республикалық сауықтыру лагерьлеріне демалуға жіберілді.

Алматы, Ақмола, Түркістан, Жамбыл, Қарағанды өңірлерінде орналасқан сауықтыру орталықтары Ақтөбе облысынан 250 баланы қабылдауға ниет білдірді.

Қазіргі уақытта 200 бала аталған аймақтардағы ең жақсы деген лагерьлерде демалып жатыр. Олардың арасында су тасқынынан ең көп зардап шеккен Ойыл, Қобда, Әйтеке би, Темір аудандарының және Ақтөбе қаласының оқушылары бар.

Сауықтыру орталықтарында балаларға барлық жағдай жасалған, оқиды, толыққанды демалып, спортпен шұғылданады және шығармашылық қабілеттерін дамытады, — дейді Гүлжан Құлыбекова.

P.S. Гүлжан Құлыбекқызының айтуынша, тек өзіміздің өңірдің ғана емес, өзге облыстағы балалар да Ақтөбедегі үздік мектептердің базасына орналастырылып жатыр. Атырау облысы Құлсары қаласындағы Білім-инновация мектебін су басуына байланысты аталған білім шаңырағындағы 12 бала 11 сәуірден бастап Ақтөбедегі Білім-инновация мектебіне орналастырылды. Оларға да тиісті көмек көрсетілуде.

Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button